Қайырымды іс
Мемлекеттік саясаттың маңызды бір бағыты – аға буын өкілдеріне шынайы қамқорлық жасау. Елімізде қарттарды әлеуметтік қолдау шараларының тұтас кешені жүзеге асырылып келеді. Зейнетақы мен қамсыздандырудың тиімділігі арта түсті, аға буын өкілдерін қоғамдық өмірге араластыру туралы бағдарламалар жұмыс істейді. Мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетіледі.
Қарттар – өткеннің шежіресі, өмір тәжірибесінің, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің сақшылары, жанашырлары. Олардың сөзі – өсиет, ісі – өнеге.
Осыған орай өткен аптада әлеуметтік волонтерлік бағыты аясында бірқатар волонтерлер және «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері бірлесіп Жаңатас қаласы, Бүркітті елді мекенінің тұрғыны Бекимова Мария Таубайқызы қарт ананың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, басқада үй шаруасындағы жұмыстарына көмектесті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін қарт азаматтарға тұрмыстық көмек көрсету, олардың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ жастар арасында мейірімділік, жанашырлық және өзара жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
Ақ жаулықты ана қолдау көрсетіп, қол ұшын созған ерікті жастарға ақ батасын беріп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Сәулет ЕСҚАРА, «SARYSÝ»