Студенттік өмірдің мәні – ҚазҰУ-да

0

Студенттік шақ – адамның өміріндегі ең жарқын әрі есте қалатын кезеңдердің бірі. Бұл уақыт тек білім алумен шектелмейді, сонымен қатар жаңа ортаға бейімделу, достар табу, өзіңді табу кезеңі. Осындай мүмкіндіктердің барлығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде.
Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі ең ірі әрі беделді жоғарғы оқу орындарының бірі. Университет тек сапалы білім беріп қана қоймай, студентке жан-жақты дамуға жағдай жасайды. Мен экономика және бизнес жоғары мектебі, Экономика кафедрасының 4-курс студентімін. Экономика кафедрасы – теория мен тәжірибені ұштастыратын, заманауи бағытта дамып келе жатқан білім ордасы. Кафедрада микро және макроэкономика, қаржы, ұлттық экономика, деректерді талдау сияқты негізгі пәндер тереңдетіліп оқытылады. Сабақтарда тек теория емес, нақты статистикалық деректер мен практикалық кейстер кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, заманауи Rstudio, SmartPLS қолданбалары арқылы жұмыс жасауды да үйрендік. Кафедрада оқу үдерісінен бөлек түрлі ғылыми және танымдық іс-шаралар жиі өткізіледі. Студенттер ғылыми конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, пікірталас алаңдарына қатысып, өз зерттеулерін ұсына алады.
ҚазҰУ – үлкен достықтың мекені. Әр өңірден келген жастар бір ортада білім алып, тәжірибе алмасады. Университет халықаралық байланыстарға да ерекше көңіл бөледі. Студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелде білім алып, тәжірибе жинақтай алады. Бұл студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді.
ҚазҰУ студенті болу – тек диплом алу емес, үлкен өмір мектебінен өту. Мұнда әр жас өз мүмкіндігін ашып, болашағына сенімді қадам жасайды. Сондықтан студенттік өмірдің шынайы қызығы мен мәні ҚазҰУ-да айқын сезіледі.

Салихат Ғали, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Экономика» мамандығының 4-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.