Артында өшпес із қалдырған дара тұлға

0

Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, ауданымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ұзақбай Сыздықбаевтың туғанына 100 толып отыр. Көзі тірісінде Республика дәрежесіндегі қызметкер әрі зейнеткер болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, еліне еселі еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып әрі басшылық қызмет атқарды. Қазақта «Ер есімі — ел есінде» деген даналық сөз бар. Үлкен абырой мен құрметтің биігінен көрінген Ұзақбай Сыздықбаевтың есімі мәңгі жасай бермек.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ұ. Сыздықбаев ауылында қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Ең әуелі ауылдың кіре берісіне салынған жаңа арканың ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов, ау­дандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, Байзақ ауданының әкімі бастаған делегация, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедқали Шә­кенов, Ұ.Сыздықбайұлымен бірге иық тіресе қызмет жасаған замандастары, ұрпақтары және туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Өмір­ға­лиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ұзақбай Сыздық­баевтың өнегелі өмір жолы мен ерлік істеріне тоқталды. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедқали Шәкенов те ізгі тілектерін жолдады. Жаңа арканың лентасын Мұхамедқали Шәкенов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ермекбай ақсақал салтанатты жағдайда қиды.
Иә, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Сыздықбаев бірінші хатшы болған жылдары ауданда көп тірлік істелді. Аудан келбеті бар болғаны 2-3 жылда-ақ адам танымастай өзгерді. Атап айтсақ, аудандық партия комитеті ғимаратына қосымша корпустардың қосылуы, аудан орталығындағы алаңның, 600 орындық бүгінгі әл-Фараби атын­дағы мәдениет үйі, типтік негізде мектептер, ба­лабақшалардың, орталық стадион, «Қарлығаш» пионер лагері, Саз мектебі, Пионерлер үйі, Политотдел құс фабрикасы, Мырзатай түйетауық фабрикасы республикада алғашқылардын бірі болып ашылды. Бұлардан басқа да үлкен-үлкен ғимараттар соғылып, маңайына тал-дарақтардың егілгенін сол кездегі көзі көргендер мақтанышпен айтады.
Мәдениет үйі демекші оған атты да өзі таң­дап, алдына қойылатын ұлы даладан шыққан әлем­дік ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің мүсінін Ленинградтық мүсіншілерге жасатқан екен. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында аудан орта­лығынан соғылған «Қаралы ана» ескерт­кішінде де Ұ. Сыздықбаевтың қолтаңбасы қалған. 1977 жылы соғылған үш қабатты аудандық орталық аурухана мен емхана күні бүгінге дейін аудан халқына қызмет етіп келеді.

Салтанатты мерейтойға жиыл­ған көпшілік жаңадан «Ұзақ­бай Сыздықбаев атындағы саябақтың» ашылуының куәсі бол­ды. Жаңа саябақ жанға сая, кеш­­кі серуенге таптырмас орын­ға айналары сөзсіз.
Саябақтың ашылуында ау­дандық мәслихат төрағасы Шат­тық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, кеңес мүшесі Бәсие Абдрахманов және Ұзақбай Сыз­­дықбаевтың қызы Шолпан Ұзақбайқызы сөз сөйлеп, жаңа саябақтың ауылдың көркін аша­тындығын айтты.
Саябақтың лентасын арда­герлер кеңесінің мүшелері Қал­мырза Сейдіғаппарұлы, Шолпан Ұзақбайқызы және Жұмашбек қария салтанатты жағдайда қиды.
Айта кетейік Ұ.Сыздықбаев шар­уашылықтармен бірге мәде­ни-ағарту саласына да басым­дық беріп отырды. Ұжым­шар­ларда екі-үш қабатты мектеп, балабақша, клубтар салынды. Аудан орталығындағы мәде­ниет үй жанынан аға бас­та­­ма­сымен «Шолпан» ән-би ан­самблі құрылып, оның атағы алыс­қа кетті. Осы өнер ұжы­мы­ның атын да өзі таңдап, олар­дың әрбір дайындықтарын қада­ғалап отыратын. Бойындағы ұйымдас­тыру­шылық қабілетін, өнерін кәсіп деп емес, қасиет деп қарай­тын азамат. Ағамыздың өзі де өнер­ден құралақан емес еді. Пиа­нинода ойнап, домбыра да тартатын. Осылайша өресі биік тұлға екенін өмірдің өзі көрсетті. Қарапайым еңбек адамдарымен өзін тең дәрежеде ұстайтын адами қасиеті ерекшеленіп тұратын. Оның адал еңбегі ешқашанда ескерусіз қалмады. Сарысу ау­дан­ындағы бұрынғы Жаңаарық ауылы мен Саудакент, Сарыкемер ауылдарындағы көшелердің Ұзақбай Сыздықбаевтың есі­мімен аталуы оған халықтың жа­саған құрметі, берген бағасы. Ұзақбай ауылындағы орта мектепте арнайы мұражай ашылып, бір сынып Ұ.Сыздықбаев есімімен ата­лады. Аталған мектептің оқу­шы­ларына арнайы шәкіртақы та­­ғайындалып, саябаққа есімі берілді.
Мерейтой аясында өткізіліп жатқан іс-шара одан әрмен жалғасын тауып, аудандық мә­дениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, бишілер мың бұрала биледі. Сонымен қа­тар, Ұзақбай Сыздықбаевтың ұрпақтары құран бағыштап, жиылған көпшілікке ас берілді.
Сондай-ақ аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Ұзақ­бай Сыздықбаевтың 100 жыл­дығына арналған ересектер арасында футболдан дәс­түрлі аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылуына қа­тыс­қан аудан әкімінің орын­басары Е.Ермағанбетов құттық­тау сөз сөйлеп, жас спортшы­ларға сәт­тілік тіледі.
Сайысқа қала мен ауылдық округтерден құралған командалар қатысып, бақтарын сынады. Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңім­паздар мен жүлдегерлер ұйым­дастырушылар тарапынан дип­лом, кубок және ме­даль­дармен және қаржылай сый­лық­тармен марапатталды.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.