Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың құрылысшылар күні кәсіби мерекесімен құттықтауы
Құрметті құрылыс саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Құрылысшы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Құрылысшы — қоғам өміріндегі маңызды мамандықтардың бірі, әрі бірегейі. Ауыл мен қаланың көркеюіне тікелей үлес қосатын, халықты әлеуметтік нысандармен қамтып, зәулім ғимараттар салатын-Сіздерсіздер.
Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында ауданымыз көркейіп, түрленуде. Жыл сайын аудан тұрғындарының жаңа үйде қоныс тойын тойлауы – Сіздердің жемісті жұмыстарыңыздың нәтижесі.
Мемлекет құрылыс индустриясын дамытуға және тұрғын үй құрылысын қолдауға аса назар аударады.
Ауданымызда да бірқатар құрылыс нысандары бой көтеріп, өңірдің дамуында айрықша орын алуда. Жыл басынан бері құрылыс саласындағы индикаторлық көрсеткіштер өсу қарқынымен орындалып отыр. Оның ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 101,3 пайызға, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 102,8 пайызға орындалды. Моноқалаларды дамыту жобасы аясында Жаңатас қаласындағы бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша оң істер жасалуда. Ауданды газбен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін табады деген сенім мол.
Құрылыс индустриясын қолдау әрқашан индустриялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болды және болып қала береді. Өйткені оның дамуы мен жетілуі бірқатар басқа салалардың қарқын алуына және көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етеді.
Қадірлі құрылысшылар!
Сіздердің жоғары кәсіби шеберліктеріңіз, адалдық, жанқиярлық және шығармашылық жұмыстарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Сіздерге мықты денсаулық, бақыт және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін!!