Табиғат тамыршысы

0

Қазақ ақыл ойының биігі хакім Абайдың басқалардан жұлдызы биік тұратындығы неліктен? Ол ең алдымен Абай шығармашылығы әмбебаптығымен, энциклопедиялық жан-жақтылығымен түсіндірілсе керек. Қызық лирикалық поэзиясының, реалистік сатирасының, көркем классикалық аудармасының негізін қалаған ақынның музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары – ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.

Абай өз шығармаларында рухани жұ­таңдықты, білімсіздікті, көкірек көзі­нің мөрлілігін, надандықты, имансыз­дықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жал­­қаулықты, сөзуарлықты, екіжүзді­лікті, күншілдікті, мақтанқұ­мар­лықты, дү­ние­қоңыздықты, мансапқорлықты, көр­­­сеқызарлықты, менмендікті, әділет­сіз­­дікті, сатқындықты сын садағына алып отырды.
Абай адамгершілік тұжырымдама­сында – «толық адам» ілімін адамзат қо­ғамына мұра етіп қалдырды. Мәсе­лен Абай «Отыз сегізінші сөзінде» — «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәр­се бар. Содан қашпақ керек. Әуелі– надандық, екіншісі – еріншектік, үшін­шісі – залымдық деп білесің» — дей ке­ліп, оларға былайша анықтама бере­ді. «Надандық-білім-ғылымның жоқ­тығы», Білімсіздік-хайуандық болады. Ерін­шектік-күллі дүниедегі өнердің дұш­паны. Залымдық-адам баласының дұшпаны.
Абай-адам адамды сүйе білуі керек деген ұғым- идеяны берік ұстанған. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абайдың көп өлеңдерінде адам баласы бір-бірінен араздық-жау­лық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып тартылып жатады. Абай­дың гуманистік этикасының, мора­лі­нің тағы бір ерекшілігі-тек туған-туыс­қаныңа емес, дос-жараныңа ғана емес, тіпті дұшпаныңа да әділ бол деуінде. «Досыңа достық – қарыз іс». Дұшпаныңа әділ бол. Асығыс түбі өкініш. Ойланып алмақ –сабыр сол. Дұшпанға әділеттік көзбен әділ қарауға, әділеттілік тұр­ғы­дан бағалауға шақыру–әлемдік гума­низмнің тұғыры, төрі, биік шыңы дер едім.
Абай – адам, қоғам, табиғат үшеуін біріктіре білген «ғалым» десек артық айтқандық болмас.
Жаратушы Құдыреттің киелі күші арқылы табиғат шексіз жаратылыс екенін, Алла мен табиғат дүниесінің байланысын, табиғат пен адамзаттың, тән мен жанның байланысын Абай сезе білген. Абай оқығаны, білгені мол, білімі мен біліктілігі терең дана ақын болуымен қоса табиғат құбылыстарының заңдылықтарын, сырын, органикалық дүниенің болмысын, оның болған және бола беретіндігін, табиғаттың өмір сүретінін ерте түсінген.
Табиғаттың эволюциялық даму заң­ды­лықтарын өз шығармаларында өлең және нақыл сөзбен суреттеген, кеңінен толғаған эволюцианист ғалым. Абай 20-шы қара сөзінде «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір­қалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бірқалыпты берген жоқ» — деген.
Тоты құс түсті көбелек,
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ күйремек,
Көбелек өлмек сиремек….
Абай осы өлең жолдары арқылы та­биғаттағы тіршіліктің бір күйден екін­ші күйге ауысып, жер шарындағы ор­га­ни­калық тіршілік иелерінің мәңгілік еместігін суреттеп көрсеткен.
Абайдың көп шығарма – тақырып­тарының бірі – адам мен табиғат бір­лігі. Ұлы классик халқымыздың салт-дәс­түрі мен тұрмысын, төрт түлікті шар­уашылығын, саятшылық, аңшылық өмірін табиғат лирикасымен ұштастыра жырлаған.
Ақынның табиғат лирикасы түр жа­ғынан да, мазмұны жағынанда өзгеше. Өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір-ғұмыр шындығын терең қамтып көрсетеді. Табиғат-күллі тіршілік атаулылының қуатты қоныс мекені, алтын ұя тал бесігі. Ақын – қоршаған табиғаттың осы бір көрініс күйін, жанды бояуын, іңкәр сәтін кінә­ратсыз құрметпен, ақындық шебер­лік­пен көз алдына әкеледі. Абай атамыз­дың табиғат тақырыбында жазған тұңғыш өлеңі «Жаз».
Жаздыгүні шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек.
Ұзарып, өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда…
Жазда жан-жануар масайрап, шар­уа­ның малы көбейіп, береке, мол­шылық, ырыс, қуаныш әкеледі. Ақын осы құбылысты ойшыл-даналық­пен, се­зімталдықпен, шынайы сурет­кер­лік­пен кейінгі ұрпаққа жеткізе қалдырған.
Ал мына өлеңге қараңыз:
Қан соңарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Ақынның табиғат пен адамның өмірін, көңіл-күйін шебер байланыс­тыр­ғанын, аңшылық өмірдің қызықтығын жан бітіре бейнелі түрде суреттегенін көреміз.
Жалпы Абай шығармаларындағы та­­би­­ғат лирикалары жырдың төрт мау­сы­мын­дағы тіршілік сипаттарын бай­қаймыз.
Осы өлеңдерін оқи отырып Абай – оқығаны, ой жүйесінің жоғары, білімі мен біліктілігі, білгені мол, табиғат құбылыстарын ерте түсінген, Ұлы – дала ақын болуымен қатар табиғатты эволюцирнист ғалым екендігін байқаймыз.
Абай ең бірінші – Қазақ халқының жаны, ал оның «қара сөздері» бүкіл әлем мен адамдар мағынасын ұғыну­дың құнды кітабына – рухани азығына айналған. Абай үні екі ғасырға жуық­тасада артық уақыт өтсе де өзінің қуатты күшін жоғалтпай тереңдігімен таңғалдырады.
Сезімімді – сөзімді қорыта келгенде, рухани жаңғырудың алғы бастауында ұлы Абай ақынның шығармаларының негізгі қағидалары мен ұстанымдары тұрғанын білемін.

Жұмашбек Әділбекұлы,
ардагер ұстаз.
Ұ.Сыздықбайұлы ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.