Өмір өткелдері

0

Аудан жұртшылығына танымал тұлғаның бірі Төлмағанбетов Кеңесбек ағамыз десек артық айтпаған болар едік. Саналы ғұмырын, өнегелі өмірін жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнап, ұлағатты ұстаз атанған ағамыз биыл 86 жастың төріне шығып отыр. Бір Алланың берген қуаты шығар. Әдемі қартая білген абыз ата жасындағы Кеңесбек ағамыз құр аттай тың да ширақ. Қарапайымдылық қасиеттің тұғырынан таймаған ағамыз от ауызды, орақ тілді, шешендігімен де қазақтың қара сөзінен қаймақ қалқитынның нақ өзі. Жуырда көптің құрметіне бөленген қазыналы қариямен жүздесіп сұхбаттасудың сабақты инедей сәті түскені бар. Үлкен өмір көшінің өткелдерін кешіп, соқпақты, сүрлеулі жолдарынан сүрінбеген асқар таудай ағамыздың тартқан әңгіме желісі балалық шағынан бастау алды.

-Мен, 1939 жылы 14 тамызда,-деп бастады әңгімесін қазыналы Кеңесбек қария,-Сарысу ау­даны­ның Маятас ауылында Тәкі талы аталған өңірде дүниеге келіппін. 1941-1945 жылдардағы Ұлы отан соғысы зардабынан мен қатарлының бар­лығы бүгіні замандағыдай балалық бал-дәуренді өткізе алмады. 4-5 жасымыздан колхоздың жұмысына жегілдік. Шөмеле салдық, анамызға көмекші болдық, қол орақпен орылған бидайды баулауға, масақ теруге көмектестік. Қыс айларында қой қораларын та­залауға көмектестім, қи ойдым, көктемде қозы бақтым. Жазда шөп шабуға, егін орағына қатыстым, есейе келе арба да айдадым. 7-8 жасымда үйімізге отын да шаптым, тезек тердім, шапқан отын мен терген қиды жаяу арқалап келетінбіз.
Колхоз жаз айларында сауын деп әр үйге 5-10 ешкіден беретін. Біздің отбасымызға да 10 ешкі тиді. Сол ешкілерді өзім сауып бір шелек сүт алатынмын әрі пісіріп қоятынмын. Анам егіс алқабынан түнделетіп келіп, піскен сүтті ұйытатын. Таңата торғай шырылдағанда үлкендердің барлығы жұ­мыс­қа кететін. Сол кездегі жасым 9-10-да еді. Ауылда мен сияқты жас балалар, бірлі-жарым соғыстан қолы немесе аяқтарынан айырылып келген еңбекке жарамайтын мүгедек ағалар қалушы еді. Күн шықпай тұратынбыз. 10-15 үйдің арасында бір күбі болатын. Күбіге кезекке тұрып, бір шелек сүттен бір кесе май алатынбыз. Пісілген айранды қазанға қайнатып, қапқа құйып сүзіп, құрт жасайтынбыз. Күн көзі көтерілген кезде, шамамен сағат 9-10-дар кезінде колхоз бригадирі ауылдағы барлық бала­ны масақ теруге апаратын, кешкісін диірмен тар­та­тынбыз. Күнделікті тірлігіміз осылай өтетін. Есей­ген тепсе темір үзетін жігіттердің барлығы со­ғыста болатын. Техника деген болмайтын, жұмыс күші жетіспейтін. Кей күндері бір үйлерге «қара қағаз» келді деп ол үйдің адамдары жылып-сықтап жатқанын көретінбіз. Кейінірек «қара қағаз» дегені соғыста қайтыс болған азаматтың үйіне хабарлайтын, майдан даласанан келетін суыт хабар екенін білдік.
Сол кезде қарапайым халықтың күнкөрісі тө­мен, өте ауыр жылдар болды. Үлкендер тәулігіне 18-20 сағат жұмыс істейтін. Қарнымыз тойып тамақ іше алмадық. Ашқұрсақ жүрдік. Жегеніміз арпаның, жүгерінің наны болды. Оның өзін тапқандар жейтін. Бұл сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы боямасыз өмірдің шындығы еді.
1947 жылы 8 жасымда қазіргі Маятас ауылындағы Карл Маркс атындағы бастауыш мектептің 1-ші сыныбына бардым. 1951 жылы 4-сыныпты бітіру емтиханын В.И.Ленин атындағы 7 жылдық мектепке барып тапсырып, 5-сыныпқа өттім. К.Маркс мектебіне күздің ақ қырауында жалаңаяқ барушы едік. Аяқ киіміміз жоқ болатын. Мектепте де жазғы каникулда дем алмайтынбыз. Көбелек пен доп қуып, асық атып, асыр салып ойнауға уақытымыз жоқ болатын. Мұғалімдер колхоз жұмысына апаратын. Масақ тергізіп, шалғымен шабылған шөпті үйгізіп, шөмелей салғызатын.
1951 жылы әке-шешем Сарыарқа мал жайылы­мы­на бір отар қой жайып кетті. Жазғы каникулдан Сарыарқадан 5-сыныпқа бір ай кешігіп келдім. Байқадам Қашқынбаев атындағы мектепке оқуға жатып оқитын үйім болмағандықтан, әке-шешем «ин­тернатқа жатып оқы» деп құлаққағыс жасаған. Мек­теп директоры «Интернат әкесі соғыста өлген­дердің баласына арналған, орын жоқ» деп қабыл­дамады. 20 күндей сабаққа бара алмай әркімнің үйіне қонып, көшеде бос жүрдім. Сарысу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Р.Асадуллиннің, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қарсақ­баевтың, аудандық оқу бөлімі басшысының да қа­был­дауларында бірнеше рет болдым. Мені интер­натқа жатқызатын шешім болмай созбалаңға са­лын­ды. Күнде оқу бөлімінің кеңсесінің алдында да­лада отырамын. Маған ешкім қарамады.
Сынаптай сырғып өтіп жатқан көп күндердің бір­інде әдеттегідей оқу бөлімінің кеңсесінің алдында отыр едім оқу бөлімінің бастығы (аты-жөнін ұмыттым) қасыма келіп, кеңсесіне шақырды. Жұмыс бөлмесіне барған соң телефон арқылы бір кісіге хабарласып, «тез кел» деп өзіне шақырды. Сәнді киін­ген аққұба кісі келді. «Мына баланың кірмеген есігі мен тесігі қалмады. Ешқандай сылтаусыз ин­тер­натқа жатқызып, мектепке қабылда» деп, мені жанына қосып берді.
Жол бойында ол кісі «Сабаққа үлгерімің қалай?» деп сұрады. Мен «хорошо» деп жауап бердім. Ол кісі жымиып күлді де «Сен не орысша, не қазақша сөйле» дегенде не айтарымды білмей қалдым. Бұл аға сол кезде Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Жұмаділдаев Жатай ағай екен. Мен есейген кезде ол кісі Жамбыл облыстық оқу бөлімін 20 жылдан аса басқарғанын білемін.
Жатай ағай мені жетектеп интернатқа алып келіп, меңгеруші Домбаев Кертай ағайға және мектепке де апарып 5 «в» сынып жетекшісі Смайлов Ақтай ағайға тапсырды. Интернатта шындығында артық төсектік орын жоқ екен. Нағашым боп келе­тін Момынов Асау есімді бала екеуміз оқу жылында бір кереуетке жатып шықтық. Интернатта жей­тініміз қара нан, сықсаң суы шығатын. 7-ші сы­ныпқа келгенімде «Әке-шешеңнің туыстары бар екен» деп мені интернаттан шығарып жіберді. Тағы қиыншылыққа тап болдым. Шыныбеков Шекер нағашымның үйінде жатып 7-сыныпты бітірдім. 8- сыныпты оқитын кезімде Шекер нағашым «Коммунар» колхозына бастық болып сайланып, сол ауылға көшіп кетті. 8-ші сыныпта жататын үйім болмаған соң мені интернатқа қайта алды. Бас-аяғы интернатта бес жыл өмірім өтіп, 10-шы сыныпты бітірдім.
Қазіргі Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепте оқып жүрген кезімде «Коммунар», «Сталин», «Ұйым», «Өндіріс» колхоздарының еккен мақта­ларын сабақ басталғаннан қаңтар айының ортасына дейін теретінбіз. Бір күн оқысақ, бір апта таңнан кешке дейін мақта тердік. Осындай қиын заманда, таршылықта өмір сүрдік. Жазғы демалыс кезінде Жонда, Қазотыда, Жайылмада, Бүркітті де арба айдап, шөп тасыдық. Әлі есімде, 8-сыныпты бітірген жаз айында Бүркітті өзеніне биіктен төмен түскенде оқыс жағдай болды. Арба ылдиға қарай қатты жүріп кетіп, арқандалмаған шөп сырғып төмен түскенде арбадан дөңгелектің астына көлденең құладым. Арба дөңгелегі беліме тіреліп барып тоқтады. Арба дөңгелегі белімнен асып кеткенде өліп кетуім немесе мүгедек боп қалуым да мүмкін еді. Колхоз арбадағы шөпті тартатын арқан бермеген болатын. Ол кезде техникалық қауіпсіздік дегенді ешкім білмейтін.
Колхоз әке-шешемізге жылына бір-ақ рет еткен еңбектеріне қарай қосымша еңбекақы да беретін. Күн сайын әр колхозшыға орақ орса, кетпен шапса, шалғы тартса норма 25 сотық жер болатын. 25 сотық жер үшін бір еңбек күн жазылатын. Егер кол­хоз табысқа шықса жыл соңында мемлекетке өткізгеннен, келер жылдың тұқымынан қалған ас­тықты колхозшылардың еңбек күніне бөлетін. Сонда бір еңбек күнге қанша арпа, қанша бидай тиетіні белгілі болатын. Бір колхозшы 100 келі астық алса үлкен табыс саналатын. Әр жылда шыққан өнім мем­лекеттік салықтардан келер жылғы тұқымнан артылмаса ешкім ештеңе алмайтын кез еді. 1950 жылы «Қарл Маркс», «Еңбек», «Коминтерн», «Ақ­төбе» колхоздары бірігіп, іріленген Карл Маркс атын­дағы колхоз атанды. Орталығы Карл Маркс атын­дағы колхоз болды.
Елдің әл-ауқаты жақсарып, етек-жеңін жаба бас­таған шақта 1957 жылдың наурыз айында Калинин және Карл Маркс атындағы колхоздар бірігіп, Калинин атындағы кеңшар атанды. 1957 жылы Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепті тәмам­да­дым. Калинин атындағы кеңшарда екі жыл көмек­ші шопан болып еңбек еттім.
1959-1964 жылдары Алматыдағы Абай атын­дағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, физика және жалпы техникалық пәндер ма­ман­дығын алдым. Институтта ауыл шаруашылық жұ­мыстарынан тыс қалмадық. Жазғы демалыс кез­дерінде Түркістан облысында мақта тердік. Қос­танай облысында астық жинауға екі рет бардық.
1964 жылы Шоқай датқа, 1965-1974 жылдарда Б.Қашқынбаев атындағы орта мектептерінде мұғалім, комсомол комитетінің хатшысы, 1974-1987 жылдары В.И.Ленин (қазіргі Әйтеке би) мектебінде директор, 1987-1992 жылдары Карл Маркс (қазіргі Д.Сенбин) мектебінде директор, 1992-1996 жылдары қазіргі уақытта жабылып қалған Ақтөбе бастауыш мектебінде меңгеруші, 1996 жылы аудандық білім басқармасында маман, 1997-2005 жылдарда Б.Адамбаев атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқардым. 2003 жылы тамыз айынан бастап зейнеткерлік демалысқа шықтым.
Бүкіл өмірім ағарту саласында өтті. Мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің басшысынан басқа жұмыстардың барлығын атқар­дым. Қайда жүрсем де қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Аудандық комсомол комитетіне екі мәрте бюро, пленум мүшелігіне сайландым. Б.Қаш­қынбаев орта мектебінде бастауыш партия ұйымының хатшылығына төрт мәрте сайландым. 1970-1987 жылдар аралығында Байқадам Қашқын­баев мектебінде, Калинин атындағы кеңшарда на­си­хатшы болып, жоғарға буындағы партия оқу жүйесінде саяси сабақ жүргіздім. Сарысу аудан­дық партия комитеті жанындағы Ленинизм универ­ситетін де оқып бітірдім. Жоғары білімді, дипломды саясаткер болдым. Насихатшылық қызметімде әр жылда жоғарғы партия ұйымдарынан, мекеме, кеңшардан заттай марапаттарға ие болдым. На­сихатшылық тәжірибем ауданға, облысқа таралды. Есімім облыстық Құрмет кітабына, Құрмет тақ­тасына жазылды. Озат насихатшыларға берілетін КПСС Орталық Комитетінің үстел үстіне қоятын көрнекті медалімен марапатталдым. Аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болған, бүгінгі таңда Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің директор, бас редакторы Жаңабай Миллионов насихатшылық еңбегіме «Сарысу ауданының №1-ші идеологі» деп баға берген еді. Жемісті еңбектерім жоғары тиісті орындардан елеу­сіз қалған жоқ. Алған мадақтама, Құрмет грамоталарым өз алдына бір төбе. Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына 90 және 95 жыл» төсбелгілерімен, «Жам­был облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл», КСРО-ның «Еңбек ардагері», «Сарысу ауданының құрметті ардагері» медальдарымен, Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Байқадам ауылдық кеңесіне бір мәрте, Жайылма ауылдық кеңесіне бірнеше дүркін депутат болып ха­лық аманатын арқаладым. Аудандық атқару коми­теті­нің мүшелігіне сайландым. Кеңес үкіметі ке­зінде Жамбыл облысы зиялы қауымының 1 съезіне, мұға­­лімдердің облыстық 1 съезіне делегат боп қатыстым.
Байқадам ортта мектебінде ұстаздық етіп жүр­ген жылдарда әріптес мұғалім Гүлсім Қаленованың мұрындық болуымен көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылды. Жазушы С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» пьесасын сахнаға шығардық. Пьеса рөлдерінің барлығын мұғалімдер сомдады. Қытай рөлінде мен ойнаған едім. Бұл пьесамен драма саласында облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алдық.
В.И.Ленин атындағы орта мектепке директор боп келгенімде жайлы орындықта шалқайып отыр­мадым. Мектепті көркейту мақсатында басшы­лардың алдын жағаладым. Мектеп үйі ескірген, материалдық-техникалық базасы төмен болатын. Оқушылар отыратын орындықтар мен парталар ерте кездегі ескі дүниелер екен. Оқу кабинеттерінде үстел, орындықтар да жетіспейтін боп шықты. Мен барғанда оқу жылын 914 оқушы аяқтапты.
Шынын айтқанда өскелең өмір талабына сай оқытудың кабинеттік жүйесіне көшуге мектеп бөлмелері дайын болмады. Көрнекі техникалық құралдар, қажетті мебельдер тапшы болды. Об­лыс­тық оқу бөлімінен келген комиссия «Мектеп оқы­тудың кабинеттік жүйесіне көшпеген» деп қоры­тынды шығарып, мені облыстық оқу бөліміне шақырт­ты.
Облыстық оқу бөлімінің басшысы Жұмаділов Жатай ағайдан әр кабинетке қажетті оқушылар отыра­тын үстел, орындықтар, техникалық құрал­дарды, киноаппаратты, эпидиаскопты, фильмас­копты, лингафон аппаратын, магнитафон, плас­тинка ойнатқыштарды тағы басқа құрал­дар­дан көмек беруін сұрандым. Жатай ағай ұсыны­сым­ды қуана құптап қолдады. Облыстық оқу бөлімі қаржысы есебінен көптеген техникалық құрал­дармен қамтамасыз етті. Мектепте екі кеңшар тұр­ғындарының балалары оқиды. Кеңшар басшы­ларынан да көмек сұрадым. «Жайылма» кеңшары­ның директоры Сапар Төлегенов 3000 сомға, Калинин атындағы кеңшардың директоры Сейтбек Бегманов 2000 сомға екі оқу кабинеттерін көр­некі құралдармен жабдықтап берді. Ол тұста бұл қаражаттар құнды болатын. Әр жылдардағы атал­ған екі кеңшардың директорлары болған Ермашев Кеңес, Искаков Оңғарбек, Қожаханов Төлеубектер балалардың келешегі үшін көмектерін аяған емес. Қолыңнан келмейтін кемшіліктерді жою үшін осылайша көмек сұрауға тура келетін.
Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов Алматыға арнайы барып, Қазақ ССР-і Ауылшарушылығы министрі Моториконың қабылдауында болды. В.И.Ленин атындағы орта мектеп үшін 1176 орындық жаңа мектеп үйін ауылшаруашылық есебінен салдыртуға, 1976 жылы мектеп үйін бітіретіні туралы рұқсат қағазға қол қойдырып алып келген екен. Мектеп құрылысын бастауға кеңшар директоры Бегманов Сейтбек, прораб Сыздықов Убайділда көп ізденген. Құрылысқа жауапты облыс басшылары «келер жылы» деп сырғыта берген соң мектеп құрылысы басталмай қойған. Жаңа мектеп салынуын сұрап, Жайылма сайлау округінен сайланған облыстық кеңеске депутат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асан Нұркеновке сайлаушылармен кездесуінде аманат етіп тапсырып қойған болатынмын.
1978 жылы желтоқсан айында аудандық партия конференциясы өтті. Конференцияда сөз сөй­лейтін Калинин атындағы кеңшардан делегат, есімі республикаға мәлім токарь Биболова Жібекке «Орта мектеп ғимараты заман талабына сай емес. Мектеп 19 жерде ыңғайландырылған пәтер үй­лерге орналасқан. Балаларымыз оқуға мүмкін емес» деп жазып бердім. Жарыссөзге шыққан Жібек партия конференциясында осы мәселені күн тәр­тібіне қоюды сұранды. Жиынға қатысып, конференция жұмысын қорытындылаған облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі Түйе­беков мектеп үйінің құрылысын келер жылдың төртінші тоқсанында басталатынына уәде етті. Сонымен 1176 орындық жаңа мектеп үйі екі жарым жылда салынып, пайдалануға берілді. Мектеп ұстаздарының күш-жігерлерімен 38 пән кабинеті жоғарғы деңгейде жабдықталды. Бір мезгілде 300 оқушы тамақтанатын асхана іске қосылды. 1980 жылы мектепте 150 орындық алты жасарлар күн­ұзағына болатын балабақша желісіндегі сыныптар ашылды. 1-8 сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта ұзартылған күн тобында тәрбиеленді. Жақсы жабдықталған спорт кешені, әскери алаң та­лапқа сай болды. Мектеп маңы жасыл желекке айналды. Оқушылар саны 914-тен 1500-ге, мұалімдер саны 103-ге жетті. Мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерді қосқанда 140 адам ай сайын айлық алды.
1983 жылы мектептің базасы ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткізілген облыстық ғылыми-практикалық конференция жоғары дең­гейде өтті. Облыс мектептеріне үлгі етілді. Олыстық, рес­пуб­ликалық телеарналардан арнайы хабарлар берілді. Конференцияға келушілер «Сарысудың құмынан не көреміз?» деп келіп едік деп, таңқа­лыс­тарын да, ризашылықтарын да жасырмады. Мек­теп облыстық білім бөлімінің грамотасымен мара­­пат­­талды. Осы жылдары Б.Зетов, А.Есмаханов, Қ.Ол­­жабаева, Р.Қарсыбаева, С.Ержанов, К.Әбенов Б.Шар­­дарбекова «Оқу ісінің үздігі» атағына ие болса, П.Дүй­сенбин Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанды.
В.И.Ленин атындағы мектепте қызмет етіп жүр­генімде жарықтың жиі өшуі, көмір жетіспеу­ші­лігі, тағы басқа көптеген қиындықтар кездесіп тұрды. Жылу қазандығының колосниктері жанған оттың қызуына шыдамай балқып, сынып қала беретін. Жаңатас қаласының бас энергетигі Мейрам Әбуев­тен арнайы барып көмек сұрадым. Ол Қаратау қаласындағы зауытқа мектеп үшін 30 колесник құюды тапсырды. Жаңатас қалалық «Су-Жылу» КМК әкімшілік директоры Грачпен таныстырды. Грач көп жылдар бойы бұзылған су насостарын тегін жөндетіп, Өскебаев деген инженерін жылу жүйесін жөндеуге жіберіп тұрды. Бір күні аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қ.Пәрімбековке тау-кен комбинатының директоры Недагон телефон арқылы «Сіздердің Ленин атындағы мектебіне қажетті колосниктерін дайындап қойдық. Неге алмай жатырсыздар?»-дейді. Қ.Пәрімбеков аң-таң қалғанын маған телефон желісімен айтқан еді. Ол кезде Жаңатас қаласы облыстық баланста, дербес қала болатын.
Мектепте қызмет жасаған жылдары Жаңатас қаласының отын базасынан көмір жеткізу, Байқадам автотранспорт мекемесінен автомашина алу қиындық тудыратын кез еді. Жайылмадан Байқадам автобазасының басшысы Мәжит Мұстафинге телефон шалып едім, қайта-қайта басқа нөмірге түсе берді. Телефоннан «Не болды, жаның шығып бара ма?» деген сөзді естідім. Сөйлеп тұрған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Шабан Бәзілов екенін даусынан таныдым. «Шәке, мен Кеңесбек Төлмағанбетовпін ғой. Автобазадан мектепке көмір әкелуге машина сұрамақшы едім»-дедім. Ол кісі жаңа ғана айтқан сөзін ұмытып кетті-ау деймін. «Телефон тұтқасын тастамай күте тұр. Қазір қосамын» деп автобаза директорымен сөйлесті. Маған ол кісілердің айтқан сөздері естіліп тұрды. «Ленин мектебіне тездетіп автомашина беріңіз» дегенде, автобаза директоры «Бос тұрған автокөлік жоқ. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мектепке беріп қойдым»-деп жауап берді. Шабан Бәзілов «Ленин мектебі мектептердің шыңы. Басқа айтарым жоқ» дегенде көңілім көтеріліп-ақ қалды. Жарты сағатқа жетер-жетпесте автобазадан екі машина жетіп келді.
Тіл-көзі жоқ ауа райының тосын мінез танытатыны бар. Бірде жаз айларының кешкі мезгілінде екпіні қатты құйын жүріп, жылу қазандығының түтін тартатын трубасын құлатып тастады. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Жаз бойы труба іздеумен болдым. Облыстық «Ақ жол» газе­тіне де труба мәселесі жазылды. Ең соңында кең­шар жұмысшысы Белеев Сманға қолқа салдық. Бұрында жылу қазандығының кем-кетігін үнемі жөндеп беріп жүрген он саусағынан өнер тамған шебер еді. Азамат екен. Жапырылып қалған трубаны бір жетінің ішінде қалпына келтіріп іске қосып берді. Қақаған қыстың қатты аязынан бір күні мектеп үйінің бір блогі қатып, жылу системасы істен шықты. Сабақ тоқтаған жоқ. Басқа блоктарда оқып қыстан шықтық. Наурыз айының басында Тараз қаласында орналасқан «Талас» ПМК-ың басшысы Толстиктен көмек сұрай бардым. Ол алақанын жайып «Биылғы жөндеу жұмыстары жүретін құры­лыс­тардың сметалық жобалау құжаттары өткен жылдың желтоқсан айында бекіп кеткен. Келер жылы болмаса мүмкіндік жоқ»-деді. Облыстық ат­қару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.Ф. Гусаревтың атына арыз жазып, көмек сұр­ап, қабылдауына кірдім. Арызымда бұрын «Талас» ПМК-сы қолданыстағы жылу қазандықтарын ор­нат­қанда, жылу жүйелерін монтаждау кезінде жобалық сметалық құжатта көрсетілгендерден ауыт­қығанын, жобада көрсетілген материалдардың орнына басқа материалдарды салғанын, соның салдарынан мектептің бір блогының жылу жүйесі аяздан қатып, толық істен шыққанын, енді бұл жылу жүйесі мен жылу қазандығын қолдануға болмайтынын нақты дәлелдермен жазған едім. Арызымның соңында жылу қазандығы мен жылу жүйелерін жаңа материалдардан салуды сұранған едім. Ол кісі «Бір жетіден соң хабарлас» деді. Барсам ол кісі үнемі іссапарда жүреді. Көп күндерім Тараз қаласы мен екі ортада өтті. Ерінгенім жоқ. Тағы бір жолы барғанымда А.Ф.Гусаревтың көмекшісі Қуанышбеков «Мәселеңіз шешілетін болды» деген соң ауылға қайттым. Сол күні А.Ф.Гусарев, «Талас» ПМК-ның басшысы Толистиковті, Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қ.Пәрімбековті, Жайылма ауылдық кеңесінің төрағасы Т.Кенешбаевтарды ертіп мектепке келіпті. Мен арызда көрсеткен кемшіліктерді өз көздерімен көріп, менің алдымда ғана қайтып кеткен екен. Т.Кенешбаев маған «Жарайсың, ПМК-ның басшысы Толстиковты жеңдің. Айтқаның, сұрағаның іске асатын болды»-деді көңілденіп.
Сонымен А.Ф.Гусаревтың көмегі әрі ықпалымен жылу қазандығының, жылу жүйесінің жобалау-сметалық құжатын облыстық жобалау институты шұғыл түрде 20 күнде жасап берді. Сол кездері облыстық «Казсельхозтехниканың» басшысы бол­ған жерлес ағамыз Қожаханов Сейфулла Шымкент қаласынан қажетті трубаны, орынбасары, сыныптас досым болған Жақыпов Мелс екі жылу пешінің қазандықтарын алып берді.
1987 жылы қаңтар айының 22-і күні В.И.Ленин атындағы орта мектебіне директорлықты Пернебай Дүйсенбинге өткіздім. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Торғаев «Директорыңа қандай кінә тақтың?» деп сұрағанда, Пернебай «Егер директор кінәлі болса, мен де кінәлімін» деп жауап беріпті. Арада екі күн өткенде мені Торғаевтың қа­был­дауына шақырды. «Сізді партия жұмсайды. Партиялық қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Карл Маркс атындағы сегізжылдық мектепке дирек­тор боласыз»-деді. Аудандық оқу бөлімінің меңгеру­шісі Тұрсынбек Искаков мені ертіп барып мектеп ұжымына таныстырды, директордың орнына отырғызды.
Мектеп үйі ескі, мектепке арналмаған сынып бөлмелері ыңғайластырылған үйде орналасқан пешпен жылытылады екен. Кеңшар директоры Оңғарбек Искаковқа пештердің тозығы жеткендігін, орталық қазандықтан жылытылатын жылу жүйесін жүргізіп беруді сұрандым. Азамат қарсы болған жоқ. Арнайы жылу қазандығы орнатылып, сынып бөлмелеріне жылу жүргізілді. Осы жұмыстарды кеңшардың құрылыс инженерлері, ауыл азаматтары А.Аймақов пен Н.Қойшыбаевтар жүргізді.
Мектептің кіре берісіне декоративтік тал-дарақтар отырғыздық, жаяу жүргіншілер жолын салдық, мектеп маңын гүлзарға айналдырдық, көгеріштендірдік, спорт алаңын қайта жабдықтадық. 1990 жылы балабақша негізінде оқитын алты жасар балаларға кеңшар есебінен арнайы үй соқ­тырдық. Онда ойнайтын, оқитын, тынығатын, 25 балаға арналған ұйықтайтын төсек-орнымен жабдық­тал­ған, асхана, ас ішетін бөлмелер болды. Сыртта алты жасар балалар ойнайтын бөлек ойын алаңы сол заманға сәйкес жабдықталды. Кеңшар дирек­торы О.Искаковпен осы заманғы мектеп үйін салдыруға ата-аналар, мұғалімдер ұжымы келіскен едік. 101 орындық оқушыға арналған мектеп үйінің жаңа орны белгіленіп, іргетасы қаланатын орлар қазылып дайын болған еді. Өкінішке қарай кеңес үкіметі күйреді. Өтпелі кезең келді. Кеңшарлар банкротқа ұшырап, басталған игі істер аяқсыз қалды. Ата-аналар сұрауы бойынша сегізжылдықты орта мектеп жасауға ықпал еттім. Нәтижесінде мектеп орта мектеп болды. Мектепке жаңа есім берілді. Ұлағатты ұстаз, ауданға ғана емес облыс, республика жұршылығына танымал болған тұлға Донда Сенбин есімімен аталды. Арада ұзақ жылдар салып, ең алғаш сауатымды ашқан, директорлық қызмет атқарған жаңа мектеп үйі өткен жылы пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының үлкен қуанышы болды. Ақтөбе бастауыш мектебінде меңгеруші болғанымда «Жайылма» кеңшарының директоры Т.Қожаханов көп көмек көрсетті. Жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын кеңшар есебінен жүргізді. Қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етті.
Енді отбасым, жанұям жайлы да айтқаным жөн болар. Ағайдарқызы Орынбасар қуансам бірге қуанатын, қиналсам бірге қиналатын өмір­лік жолдасым болды. Бес ұл, үш қыздың ата-анасы атандық. Орынбасар да өнегелі өмірін ұстаз­дыққа арнады. Өмірдің жазылмаған заңы қатал. Дү­ниеге келу бар да кет хақ. Амал қанша, өмірдің қуа­нышы мен қиындығын бірге бөліскен аяулы жарым Орынбасардың дүниеден озғанына да біраз жылдардың жүзі болып қалды. Бүгінде ұл-қыз­дарым­нан тараған 14 немере, 9 шөберенің қызығын көріп, елімнің амандығын, жұртымның тыныштығын тілеп отырған жайым бар.
Көпті көріп, көненің көзі болған қария әңгімесін осылай аяқтады.

Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.