Қала тазалығы-басты назарда

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге сарысулықтар белсенді атсалысып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз маңызды.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ардагерлер де атсалысуда. Басты мақсат-қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Осыған орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Жаңатас қаласында жалғасты. Бұл жолы кеншілер қаласының тұрғындары «Ұрпақтар аллеясы» саябағының маңайын тазартуды қолға алған.
Ауданның Құрметті азаматтары, ардагерлер, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, аудандағы этно-мәдени орталығының өкілдері, жастар, ауданымыздағы компаниялардың қызметкерлері, қала тұрғындары және еріктілер қатысты.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Орымбаев сөз сөйледі:
-Міне, бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясы бойынша осы саябақты тазалаймыз деген ниетпен шықтық. Бәрі өте жақсы. Президентіміз айтқандай «Таза Қазақстан» әрбірімізден басталады. Экологиялық шаралар арқылы біз қоршаған ортаға деген мәдениетті қалыптастырамыз. Туған жеріміздің тазалығы әр адамға парыз болса, аталмыш акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналмақ. Осы мақсатта бүгін ауданда тазалық жұмыстары өтуде. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде бастау алған игі шара. Игі шараға атсалысып жатқандарыңызға мың алғыс,-деді.
Қала тазалығы-әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Өкінішке қарай, соңғы уақытта қала көшелерінде және шағын аудандарда бей-берекет тасталған қоқыс, қаланың экологиялық жағдайына немқұрайлы қарау мәселесі жиі кездесуде. Қазіргі таңда қала бойынша қоқыс төгетін жәшіктер қойылған. Бірақ, соған қарамастан, кейбір тұрғындар тұрмыстық және басқа да қалдықтарды арнайы орындарға емес, көшеге, жол жиегіне, саябақтарға немесе аулаларға, су ағатын арықтардың ішіне тастауды әдетке айналдырған.
Қоқыстың ретсіз шашылуы-тек қана эстетикалық жағынан жағымсыз көрініс емес, сонымен қатар қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Желмен ұшқан пластик пакеттер, сынған бөтелкелер мен басқа да тұрмыстық қалдықтар қала келбетін бұзып қана қоймай, экожүйеге кері әсерін тигізеді. Аулада немесе көше бойында шіріп жатқан қалдықтар түрлі аурулардың таралуына себепші болуы мүмкін. Табиғатымыздың тазалығын сақтау- өзімізге жасаған жақсылық.
Қала тазалығы тек әкімдікке немесе коммуналдық қызметтерге ғана байланысты емес. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстаса, қоқысты арнайы жәшіктерге ғана тастаса, біздің ауданымыз әлдеқайда көрікті әрі жайлы болар еді.
Сонымен қатар, жергілікті билік пен еріктілер тобы қаланың тазалығын жақсарту мақсатында түрлі сенбіліктер ұйымдастырып келеді. Дегенмен, ең бастысы-әр адам тазалықты сақтауға өз үлесін қосуы керек. Табиғатымыздың көркін сақтау-болашақ ұрпаққа қалдырар ең асыл мұра.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру-ортақ жауапкершілік. Балаларымызға үлгі болу үшін, өзіміз тазалық сақтай білуіміз керек. Егер сіз көшеде немесе қоғамдық орындарда біреудің қоқыс тастағанын көрсеңіз, оларға сыпайы түрде ескерту жасаңыз.
Баршамыз бірігіп, туған қаламыздың тазалығын сақтауға атсалысайық! Сарысу ауданы-біздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау-әрқайсымыздың міндетіміз.
«Тазалық — денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Сондықтанда өзіміздің тұрып жатқан қаламыздың, ауылымыздың тазалығын сақтап, тазаланған жерлерді ластамауға барынша көңіл бөлейік, ағайын!

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.