Игілік аспаны ән мен жырға бөленді
Ұлы Жеңістің 80 жыл толуына орай соғысқа қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін ұмытпай, ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында Игілік ауылдық округі, Өндіріс ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Желбіре, Жеңістің жалауы» атты өнер фестивалі өтті.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов:
-Сарысу-өнер мен мәдениеттің ордасы. Мұнда талай ақын-жазушылар түлеп ұшқан. Игілік жұртшылығы да өз кезегінде ақын-жазушыларымен мақтана алады. Игілік ауылының суырып салма ақыны, дәулескер күйші, жыршысы Мәді Шәутиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы, Асылхан және Асхат Зауал Мақанұлы Абзалбековтер, Жамбыл облыстық «Ғұмыр-дария» ардагерлер газетінің редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналист Амангелді Әбілов, домбырашы Орынбасар Махамбетов ауылдың мақтаныштары.
Қарымды қаламгерлер мен дарынды өнер қайраткерлері туып-өскен өлкенің өнерге кенде емес екеніне күмән жоқ. Құт қонып, береке дарыған киелі Сарысудың өнері мәңгі жасай бермек. Игіліктен шыққан Ұлы Отан соғысының ардагерлері Балтабай Дәуренбеков, Мысалы Махамбетовтың ерліктеріне ел куә. Сондай-ақ, Өндірістің тумасы Сәуленбек Сертекеев, Социалистік Еңбек Ерлері Сәрсенбек Әжіков, Сатай Орманов, Алпамыс Рысбаев, қоғам қайраткері А. Назарбековтің елеулі істері елдің жадынан сөнбейді,-деді.
Өнер фестивалі барысында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін сахналық көріністер қойылды. Ауылдық өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндерден шашу шашса, биші қыздар мың бұрала би биледі.
Оқушылар соғыс жылдарындағы батырлардың ерлігі туралы тың мәліметтермен бөлісіп, өлең шумақтары мен көріністер арқылы Жеңіс күнінің маңызын көрсетті.
Кітапхана қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр тұлғалардың өмірдеректеріне тоқталып, библиографиялық шолу жасады. Сонымен қатар шарада ұлтық спорттық ойындар ойнатылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан медальдармен марапатталды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмелер келушілерді ерекше әсерге бөледі.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»