Балалардың қуанышы- ел қуанышы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек»,-деген болатын.
Ауданымызда балаларға көңіл бөлініп, ерекше қамқорлық танытылуда. Ауданымыздағы қала, ауылдық округтерде футбол, балалар ойын алаңшалары ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Қолы ашық жомарт азаматтар қайырымдылық жасап, игі істердің қасында жүріп, балалардың қуанышына бөленуде.
Осыған орай Жайылма ауылдық округіне қарасты Қызылдихан елді мекенінде жаңа балалар ойын алаңшасы пайдаланылуға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарай Қырғызбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов:
-Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Кішкентай да болса, үлкеннің назарын өзіне аударған балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік. Болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық, елімізді өркендетер, келешектің кезеңдері болыңыздар,-деп ауылдың ажарын кіргізетін осындай алаңшалар көп болсын деген тілегін жеткізді.
Одан кейін аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарай Қырғызбаев та құттықтау лебізін айтып, еліміздің тыныштығын және балалардың Отанын, елін қорғайтын азамат болуларына тілектес екенін жеткізді.
Айта кетейік жеке кәсіпкер, «Абзал» ЖК-нің директоры Абзал Ахметов құны 11 миллион 44 мың теңге болатын жобаны жүзеге асырды. Алаңша комплекстер, резеңке жабынды, ойыншықтармен қамтамасыз етіліп, жан-жағы қоршалған. Балалардың қауіпсіздігі техникаларына сай келеді.
Жаңа ойын алаңшасының лентасын аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қ. Жандарбек салтанатты жағдайда қиды.
Ел игілігіне қолданысқа берілген ойын алаңшасы ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізері сөзсіз.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»