Егіздер шаттығы – отбасы бақыты
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ол – сүйіспеншіліктің, сыйластықтың, қамқорлық пен мейірімнің алтын бесігі. Отбасында бала тәлім алып, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан да отбасы – қоғамның негізгі тірегі, мемлекет дамуының берік іргетасы. Елімізде Отбасы күні қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілуде. Осыған орай «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Егіздерім – мақтанышым» тақырыбында онлайн фото байқау өткізілді. Егіз балалар екі есе қуаныш, екі есе бақыт екені аян. Ерекше байқауға ауданымыздан 15 жас отбасы қатысып, егіз балалардың суреттерін әлеуметтік желі арқылы ұсынды. Әрбір сурет ата-ананың қуанышын, балалардың шаттығын және отбасы берекесін айқын көрсетті. Байқаудың басты мақсаты – қоғамда отбасы құндылықтарының мәртебесін арттыру, егіз балаларды ерекше сый ретінде бағалау және олардың бір-біріне деген бауырмалдығын көпшілікке үлгі ету.
Байқауға қатысушылардың жіберген суреттері «Жастар ресурстық орталығының» ресми парақшасына салынып, көпшілік дауысы арқылы бағаланды. Бұл байқау аудан жастары мен ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырып, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Көпшілік егіздердің ұқсастығына, олардың ерекшелігіне, сондай-ақ ата-ананың махаббатына тәнті болды. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым көпшілігінің дауысымен І-орынды Еркежан мен Аяжан, ІІ-орынды Дара мен Сара, ІІІ-орынды Ерасыл мен Нұрасыл егіз балдырғандар жеңіп алды. Көрермендер көзайымы болып Әбдіманап отбасындағы екі егіздер Азиз және Азим, Асылым мен Айым марапатталды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Егіздерім – мақтанышым» тақырыбындағы онлайн фото байқауы бізге тек әдемі суреттер мен қызықты сәттер сыйлап қана қойған жоқ, сонымен бірге үлкен тәрбие мен құндылықтар әкелді. Әрбір ата-ана өз баласын ғана емес, отбасындағы бірлікті, бауырмалдықты, сүйіспеншілікті көрсетті. Егіздердің арасындағы ерекше байланыс – бір-біріне деген қамқорлық пен жақындық– көпшілікке үлгі болды.
Ж. Қыстаубаева,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының
орынбасары