Балалық шақтың балғын дәмі
«Нан бар жерде – ән де бар, нанда береке бар» дейді дана халқымыз. Шынында да, дастарханымыздың сәні, берекенің бастауы болған ыстық нанның иісінен асқан жұпар бар ма? Міне, Жаңатас қаласының аспанында бүгінде тағы бір кәсіптің шырағы жағылып, тұрғындарды балалық шақтың тәтті естеліктерімен қауыштырған ерекше нысан есігін айқара ашты.
Биылғы жаздың алғашқы таңы жаңатастықтар үшін ерекше басталды. 1 маусым күні қала орталығынан бой көтерген «Таба нан» нысаны ресми түрде ашылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл – туған өлкесінің көркеюіне таза жүрекпен, адал еңбекпен үлес қосуды мақсат еткен ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Азамат Айтбаев пен Алтынай Бөгенбаеваның кезекті жарқын жобасы.
Бұл отбасы үшін бизнес әлемі таңсық емес. Осыған дейін Жаңатасқа алғашқылардың бірі болып «Ice Nice» балмұздақ нүктесін әкеліп, жұртшылықтың ықыласына бөленген серпінді жұп бұл жолы ауқымдырақ тәуекелге бел буды. Ең бастысы – бұл жоба ешқандай мемлекеттік грантсыз немесе сыртқы көмексіз, тек кәсіпкерлердің өз күші мен нық сенімінің арқасында бой көтерген.
Кәсіп иелерінің ақжарма сыры: «Біз Тараз қаласына барған сайын осы арнайы дайындалатын нан өнімдерін сатып алып, оның ерекше дәмі мен сапасына тәнті болғанбыз. Сол сәтте көкейде: “Ұзақ уақыт бойы балғындығын жоғалтпайтын, ауылдың иісін аңқытатын осындай керемет өнімді неге өз Жаңатасымыздың тұрғындарына ұсынбасқа?” деген тамаша ой туды. Сөйтіп, франшиза сатып алып, іске кірістік. Біз үлкен қалалардағы мүмкіндіктер мен қолайлылықтың Жаңатаста да болғанын қалаймыз, оған қоса бұл балалықтың дәмі, біз оны ұмыттырғымыз келмейді.»
Жаңадан ашылған орталықтың жұмыс қарқыны жоғары. Күн сайын Шымкент қаласынан тұрақты түрде жеткізілетін шикізат пен дайын өнімдер келушілердің талғамынан шығуда. Мұнда күн сайын пештен жаңа шыққан буы бұрқыраған ыстық таба нандар, қытырлақ әрі дәмді самсалар, түрлі тоқаштар мен бәліштер үзілмейді. Ең басты ерекшелігі дүкен сөрелерінен тек қамыр өнімдерін ғана емес, денсаулыққа шипалы, табиғи ұлттық сусындар мен тағамдарды да табуға болады. Мәселен, айран, ірімшік, сүт, сондай-ақ қазақтың төл сусыны қымыз бен шұбат мұндағы сауданың көрігін қыздырып тұр.
«Таба нан» тек сауда нүктесі ғана емес, қала тұрғындарының бас қосатын шағын мәдени ортасына айналуды көздейді. Орталықтың іші заманауи үлгіде, талғаммен безендірілген. Көздің жауын алатын жылы сары түсті интерьер мен жаңа піскен нанның аңқыған иісі табалдырықтан аттаған әрбір жанға ерекше жылылық пен жайлылық сыйлайды. Кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта ассортиментті одан әрі кеңейтіп, шарикті балмұздақтар, салқын лимонадтар мен коктейльдер, хош иісті шайдың бірнеше түрін және сүт өнімдерінің жаңа түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
Өз ісін дөңгелетіп, табысқа жеткен ерлі-зайыптылар бүгінгі күннің жастарына да жігер берерлік лебіздерін білдірді: «Қазіргі заманда мүмкіндік өте көп. Ең бастысы қорқынышты жеңіп, тәуекел ете білу керек. Адалдық пен еңбек бар жерде, кәсіптің берекесі де болады. Жастар бір орнында тоқтап қалмай, үнемі ізденіп, дамуға ұмтылғаны жөн.»
Алғашқы күннен-ақ қала халқының жоғарғы ықыласына бөленіп үлгерген бұл орталық қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие. Күн сайын таңғы 09:00 – ден кешкі 22:00 – ге дейін тұрғындар мен қала қонақтарына үздіксіз әрі жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. «Таба нан» орталығы – Жаңатас кәсіпкерлігінің жаңа бір белесі, туған жерге деген шынайы жанашырлықтың айқын дәлелі. Ыстық нанның иісімен бірге қаламызға береке сыйлаған жаңа орталықтың қадамдары құтты болсын дейміз!
Аруна СҰЛТАНБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті