Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған Ес аға
Өмір үшін тамақ қандай қажет болса, денсаулық үшін еңбек те соншалық
керек, ал дырдумен күн кешіру түбінде адамға ауру болып жабысады…
Еңбек өмірдің шырағына май құяды, ал қиял оны тұтандырады.
ДЖОН БЕЛЛЕРС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екендігін айтып, өзінің жыл басындағы Жолдауында үстіміздегі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» жариялағаны баршамызға белгілі.
Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Есенқұл Дүтбаев 1964 жылдың 12 қазанында Сарысу ауданы, Түркістан кеңшарында төрт түлік мал баққан Аманбай Дүтбаев пен Ұлбосын Маңлайшашованың тұңғыш ұлы болып өмірге келген.
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, малшы отбасында өскен Есенқұл ағамыз Түркістан ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, кеңшарда көлік жүргізуші, тракторшы, малшы-бақташы болып еңбекпен біте қайнасты.
1998 жылы Түркістан кеңшары тарап, тұрғындар кеңшардан өздерінің жер, мүлік үлестерін алып, талапай болып жатқан уақытта алғашқылардың бірі болып, інілері Айтбек пен Мейрамхан үшеуі бірлесіп әкелері Аманбай қарияның кеңесімен «Мұрат» шаруа қожалығын ашты. Ағайынды Дүтбаевтар кеңшардан өз үлестеріне алған техникаларды тынымсыз жөндеп, тірнектеп еңбектеніп, өз алдарына алғаш рет егін егіп, шөп шабуға шығады.
Жыл бойы дaлa төciнде егін шаруашылығымен айналыса жүріп, қосымша мал шаруашылығын да дөңгелетті. «Ата көрген оқ жонар» демекші әкелерінің айтуымен Қаратас ауылындағы «Мешіт» деген жерден малға қыстау салып, төрт түлік мал өсірумен де айналысты.
Шаруашылық үлесіне «Батпақсу», «Қожашаян» жайлауынан жайылымдық жер алып, төрт түлік малды жаз жайлау сол өңірге апарып жайлатып, қыста Қаратас бойындағы қыстауға әкеліп бақты.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші ағайынды Дүтбаевтардың күні-түні, қысы-жазы еңбектенулерінің арқасында шаруашылық алға қарай қарыштап дами бастады. Қаратас ауылынан 3 шақырымдай жерден тағы бір қыстау салып, еңбектің көрігін қыздырды.
Мемлекетіміз тарапынан мал шаруашылығын асылдандырып, дамыту үшін беріліп жатқан «Алтын Асық», «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына да қатысып, несие қаражатын алып төрт түлік мал басын да көбейтіп, асылдандырып өсіре бастады. Сиыр тұқымын асылдандыру үшін, «Қазақтың ақбас тұқымы», «Алатау», «Әулиекөл» тұқымды бұқалар мен құнажындар сатып әкеліп, қой малына «Гисар», «Арашан» тұқымды қошқарлар алып келіп, саннан-сапаға көп көңіл бөлді.
Егін шаруашылығын дамыту үшін «Саудакент НС» несие беру ұйымынан үлкен мөлшерде несие қаражатын алып, астық сапасын арттыру үшін Мерке, Қордай, Жуалы, Бесағаштан тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардан жаңа сортты астық тұқымдарын сатып әкеліп, ауылдық округ бойынша тұқым жаңартумен де үзбей айналысуда.
Еңбек өнімділігін арттыру үшін, Кеңестің кезінен қалып жүруінен тұруы көп ілдабаймен жүріп, науқан кезінде бұзылып уақыт алып, шаруаның жүйкесін жүн ететін ескі техникалардан да құтылып, лизинг арқылы жаңалауды да алғашқылардың бірі болып бастады.
Техника жаңалап «ҚазАгроҚаржы», «КомТрансЛизинг» және т.б. ұйымдар мен жеке қаражатына «МТЗ» тракторларынан 8 дана, «LOVOL», «YTO» тракторларынан бір данадан, «Есіл» астық оратын комбайнын, «КамАЗ» ауыл шаруашылығы жүк көлігін тағы басқа да көптеген ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Астық сақтайтын 2 қойманың құрылысын салып, пайдаланып отыр.
Көптеген азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Кезінде қаншама азамат Есағаңның шаруашылығында жұмыс істеп, бұл күндері өз алдарына шаруа қожалықтарын ашып, жеке өз жұмыстарын атқаруда. Шаруашылықтың жұмысы өркендеп, қанаты кеңейгеннен кейін бауырларына өз жер, мал үлестерін енші есебінде бөліп беріп, дербес шаруа қожалықтарын аштырып берді. Інісі Айтбек «Саят» шаруа қожалығын қолға алып, жүздеп жылқы өсірсе, кенже інісі Мейрамхан «Мейірлан» шаруа қожалығының жұмыстарын ұршықша иіріп, егін егіп, қой малын өсіруде. Қос қанаты болған балалары Сәулет «Сарысу» шаруа қожалығын, Дінмұхаммед «Алдияр» шаруа қожалықтарын ашып, егін шаруашылығымен айналысуда.
Ата-аналары келместің кемесіне мініп кеткеннен кейін әулеттің тізгінін өз қолына алған Ес-ағаң, інілері мен қарындас-күйеубалаларына ақылшы аға, сүйенетін сүйеніш болып отырғандығын баршамыз көріп отырмыз.
Ауылдық округ бойынша атқарылып жатқан қайырымдылық шараларына да алғашқылардың бірі болып көмек қолын созатындығын айта кеткеніміз жөн. Тұрмысы төмен отбасыларға жыл сайын, астықтан ұшыр, малдан зекет беруді жолға қойып, үлестіріп отыр.
Өмірлік жолдасы Рита Советқызымен жанұя құрып, 2 ұл мен 1 қызды мәпелеп өсірген. Балаларының үшеуі де жоғары білімді мамандар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші Ес-ағаңның ата болуына да, Алла бұйыртса аз ғана уақыт қалды. Алла Тағала сол қуанышты күнге аман жеткізіп, еңбегіңіздің зейнетін көріңіз дегіміз келеді.
Ж.Байысбекұлы,
Түркістан ауылдық округі