Еңбегімен өрлеген ел азаматы

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атап, еңбектің қоғам өміріндегі алатын орнына ерекше мән беріп, бұрын еңбек еткен, қазір еңбек етіп жүрген адамдардың елеусіз қалмауын, оларға құрмет көрсетілуі қажеттігін еске салған еді. Ондағы мақсат қарапайым жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, еңбек адамдарын қоғамда үлгі ету, кәсіптік-техникалық білім мен жұмысшы кадрға қолдау көрсету, «адал еңбек-жарқын болашақ» қағидасын дәріптеу, еңбек адамының абыройын арттырып, жастарды нақты кәсіпке бейімдеу еді.

«Еңбек-бәрін де жеңбек» деп бекер айтылмаса керек. Еңбек қоғамды алға жылжытушы, дамытушы, қорғаушы, әртараптандырушы, бір сөзбен айтқанда қоғамның қозғаушы күші. Еңбек-адамдардың өндіріс құрал жабдықтарына қатынасынан пайда болатын күрделі процесс. Оның түрлері де әралуан болып келеді. Кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін еңбектің түрлері бұрынғыдан да көбейе түсті. Бұрынғы жоспарлы экономикалық жүйенің орнына экономикалық дамудың нарықтық жүйесі енген соң — кәсіпкерлік қызмет түрі пайда болды да, онымен айналысатын адамды кәсіпкер деп атады. Кәсіпкер болу да оңай шаруа емес екенін байқап жүрміз. Қандай кәсіппен айналысса да барлығы басынан, нөлден басталады екен. Істің орайын тауып, кездескен қиындықтарды жеңіп кәсібін әрі қарай дамытып, дөңгелетіп кететіндер де, керісінше уақытша қиындықтарға төзбей, кәсібін жүргізе алмай тоқтап, экономикалық терминмен айтқанда банкротқа ұшырап жататындар да кездеседі екен. Барлық құндылықтарды сұраныс пен ұсыныс реттеп отыратын нарықтық жүйенің тәртібі қатал. Сол қатал тәртіпке бағынған кәсіпкер ғана өрістеп дамып, өркендейді екен.
Нарықтық қатынас экономикаға енгізіле бастаған, көптеген кәсіпорындар мен совхоз, колхоздар жұмысын тоқтатқан алғашқы жылдары жұмыссыз қалған талай адамдар не істерін білмей дағдарып қалғаны рас. Біздің кейіпкер сол дағдарыстан шығу жолының орайын келтірген, бастаған кәсібін өркендетіп, аймағымыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген — Қуандықов Жарылқасын Сейданұлы.
«Әке көрген -оқ жонар, шеше көрген -тон пішер» демекші алдымен Жарылқасынның ата-анасы туралы мәлімет бере кеткенді жөн көрдім. Әкесі Ұлы отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз болған Қуандықов Сейдан 1922 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында, бұрынғы Ақмола уезінің Көктас болысында дүниеге келген. 1932-1933 жылдары елімізді жайлаған ашаршылық жылдары ол кісі отбасымен және өзге туыстарымен бірге үдере көшіп қазіргі Шабақты өзенінің бойына келіп тұрақтайды. Кейін кеңестік қайта құрулар нәтижесінде жаңадан құрылған Калинин атындағы совхозға қайта қоныстанады. Осындағы мектепте білім алады, балалық шағы өтеді. 1941 жылы желтоқсан айында әскерге алынып, 105 атты әскер дивизиясында әскери қызмет етеді. Ұлы Отан соғысында қарапайым қатардағы солдаттан бастап, курсант, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары ретінде талай қанды қырғын шайқастарға қатысады.1944 жылы күзде ауыр жарақат алып әскери госпитальда он ай көлемінде емделіп 1945 жылы шілдеде ауылға оралады. 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа түсіп, оны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан бастап ауылдағы қазіргі Әйтеке би бұрынғы Ленин атындағы орта мектепте зейнеткерлікке шыққанша абыройлы еңбек етті. 2022 жылы Жақан бастаған ұрпақтары Сейдан ағайдың 100 жылдығына арнап үлкен ас берді. Ат шаптырылды, салым салынды, түйе балуан күресі, жаяу жарыс, қошқар көтеру сияқты шаралар өткізіп, өзінің мейрамханасында құдайы асы таратылғанына куә болған едім.
Сейдан ағай Арзымхан апамен бірге 3 ұл, 2 қыз дүниеге әкеліп тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі әңгіме арқауы болып отырған- Қуандықов Жарылқасын Сейданұлы сол бес перзенттің төртіншісі еді. Жайылмалықтар Жарылқасынды кішкентай бала кезінен Жақан деп атап кетті. Сырттан сұрағанға кейбір жерлестері Жарылқасын десе ажырата алмай қалуы да мүмкін. Жақан да өзге балалар сияқты ауыл мектебіне барып оқып, білім алды. Ауыл болған соң әрбір аулада бірді-екілі майда мал, бір-екі сиыр, жылқы малы болады. Жарылқасын да жастайынан үй шаруасындағы саналуан тірліктермен айналысып, еңбекке машықтанып өсті. Есейген шақта ата-анасына қолғабыс тигізді. Жақанның бойына туа біткен ақкөңілділік, елгезектік, тілалғыштық қасиеттері еңбектің қыр-сырларын үйренуіне көп септігін тигізді. Себебі, ауылдағы шөп шабу, жоңышқа ору, кірпіш құю, қалау, сылау, малдың қиын ою сияқты сантүрлі жұмыстардан тартынбады. Баланың жұмыс істегені білінбейді демекші, көршіге, ағайынға көмек беруге де дайын тұратын. Жақан өзінің жасаған еңбегінің арқасында көпшіліктің алғысына бөленіп өсті, бой түзеп ержетті. Кеңес әскері қатарында отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келді. Әскерден келген соң Жақан бір сәт те қарап отырмады, совхоздың қым-қуыт тіршілігіне араласып кетті. Ол жерде де жұмыс таңдамады, өзіне қандай жұмыс тапсырылса да тиянақты орындап, абыройға бөлене берді. Мәңгілік серігі Айжанмен бас қосып, өз алдына отау тікті. Үйлі-баранды болды.
Заман өзгерді. Кешегі өтпелі кезеңде, экономикалық байланыстар үзіліп, шаруашылықтар тарап жекешеленіп, нарықтық саясат басталған кезде Жақанның еңбекқорлық қасиеті оны бірден жеке кәсіппен айналысуға жетеледі. Қабырғасымен кеңесіп, көп ойланып жеке кәсіпті мал шаруашылығымен айналысу мақсатында 1998 жылы шаруа қожалығын ұйымдастырып төрт түлік мал өсіруді бастайды. Төрт-бес жылда мал басы өсіп, оның өнімдерін сыртқа сатуға жарап қалады. Мал өнімдері-ет, сүт, шұбатты Жаңатас қаласындағы базарға шығара бастады. Отбасылық бюджетке қосымша табыс түсе бастады. Кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, кеңейте түсуді мақсат еткен Жақан бір-екі жылда саудадан түскен пайдаға жеке меншігіне «МТЗ-80» тракторын тіркемесімен қоса сатып алды. Трактормен ауылдастарына ақылы қызмет көрсетті. Совхоз тараған, бұрынғы жүк көліктері жекешеге өтіп кеткен шақта елге, ауыл тұрғындарына Жақанның тракторының пайдасы көп тиді. Кәсіпкерліктің ауқымын кеңейткен Жақан енді Тараз қаласына ет өткеретін мүмкіндікке жетті. Тек ет сатып қоймай, ауылға қажетті азық-түлік, өнеркәсіп тауарларын алып келіп, өз үйінде ашқан шағын дүкенде тұрғындарға өткерді. Алыстағы Тараз қаласына барып- келуі мұң болған ауылдастары бұл тірлігіне риза болысты, кәсіпкер Жақан атанды. Жансерігі Айжан да кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп алды. Ол отбасылық бизнестің өткерушілік саласын жүргізеді. Төрт түлік мал түрлерін асырауға, жем-шөп дайындауға бет бұрды. Жерлестеріне шөп орып, түсіріп берумен айналысты. Жақанның осы тірлігі жайлы облыстық жастар басылымы «Арай» газетінде журналист А.Теңізбаев «Жақанның жүйелі жұмысы» деген мақаласында: «Бүгінде елімізде бизнеске бет бұрып, өз ісін ашқысы келетін жандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде табысты кәсіпкелердің қатары көбеюде. Міне, сондай іскер азаматтың бірі-Жайылма ауылының тұрғыны Жақан Қуандықов.
Ж.Қуандықов нарық талабын тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен-ақ жете түсініп,1993 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 1998 жылы шаруа қожалығын ашып, жұмысын жүйелі жалғастыра білді. Ол бір бағытпен шектелмей, халық сұранысын ескеріп отыруға ден қойды. Осы мақсатта Тараз қаласы мен Қызылдихан ауылы аралығында жолаушылар таситын қоғамдық көлікті жолға шығарды» деп жазды. Айтса айтқандай, кешегі күні Қызылдихан-Жайылма-Байқадам, Тараз-Байқадам, Байқадам-Жаңатас-Тараз бағыттарында күнделікті жүріп тұратын автобус маршруттары болатын. Оның барлығы тоқтады. Елдің бір-бірімен қарым-қатынасы, барып-келуі қиындады. Осы жай ойында жүрген Жақан ауылшаруашылығы техникаларымен бірге қосымша 2 «Газель» автокөлігін сатып алады. «Газель» автокөліктерінің біреуін Қызылдихан-Саудакент-Тараз, екіншісін Саудакент-Тараз бағытында жолаушыларға қызмет көрсетуге қойды. Мұның өзі ол кезде үлкен жаңалық болды. Тұрғындар ризалығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Ауылдағы тағы бір түйткілді мәселе, ел болған соң қызықшылық, той-думан, өлім-жітім болмай тұрмайды. Бұрынғы кезде ауылда тойхана болмайтын, әркім өз ауласында жиын-тойын өткізетін, оған совхоз көмек беретін еді ғой. Ол жағдайдың бәрі өткен шақтың еншісінде қалды. Осыны ойлаған Жақан ауылда бір тойхана салуды алдына мақсат етіп қойды. Ол мақсатына да жетті. Жайылма ауылының орталығынан «Нұрасыл» тойханасын салып, ел игілігіне ұсынды. Тойхананың жанында күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түлік сататын дүкен ашылды. Жеке кәсіптің көзін тапқан Жақанның төрт түлік малы Шешенбай, Омар, Бәймеш, Құмбел қыстауларында бағылып, өсіп жатыр. Кәсіпкердің соңғы жетістіктері жайлы айтсақ, ол Тараз қаласында әмбебап дүкен салып, облыс орталығының тұрғындарына және қонақтарына қызмет көрсетуде. Қазіргі кезде шаруа қожалығының жұмысын Жақанның үлкен ұлы Саят жүргізіп келеді. Жақан ұйымдыстырушы мененджер қызметінде. Саят жоғары білімді қаржы-экономика саласының маманы. Мамандығы бойынша аудандық салық комитетінде бес жыл еңбек етті. Әкенің жолын қуған Саят та отбасы бизнесіне қызмет етуді дұрыс деп тауып, қолына шаруа қожалығының тізгінін алды. Ол ішкі шаруашылық жұмыстарды тындырып отырса, Жақан сыртқы байланыстарды реттеу жұмысымен айналысатын болды. Жақанмен болған әңгімеде «Саятым өзімнің жолымды жалғастыратын сенімді серігіме айналды. Шаруаны тап-тұйнақтай етіп жүргізіп келеді. Менің де қолым босап, сыртқы жұмыстармен айналысуыма мүмкіндік туды» деп разылық сезіммен айтқаны бар.
Жақанмен бір жолыққанымда «табылған адам» жайлы сұрап едім. Жақан ол былай болды деп әңгімесін бастады: «1995 жылы қарашаның орта тұсында Жаңатастан серігім Жұмабаев Өміржан екеуміз трактормен ауылға қайтып келе жатқанбыз. Жол бойынан 2-3 шақырымдай жерде бір төмпешіктің төбесі қозғалғандай болды. Абайлап қарап едік, кішкентай баланың сұлбасы көрінді, трактордың дауысынан оянып басын көтерген баланы байқап қалдық. Өміржан екеуміз әбжіл қимылдап, әбден тоңып қалған баланы тракторымызға мінгізіп алып, үйге әкеліп жуындырып, киімдерін ауыстырдық. Кейін білгеніміздей өгей әкесі баланы туған шешесіне жеткізіп беруді мойнына алып, бірақ мәнәйі себептермен жолда қалдырып кеткен көрінеді. Ертесіне баланы өзінің туған шешесі келіп, аман-есен алып кетті. Рахметін айтты, алғысын жаудырды» деді. Егер Жақан мен Өміржан кездеспесе баланың тағдыры не болар еді!?
Кәсіпкер Жақанның еңбегі де еленбей қалған жоқ. Жоғары атқарушы органдар тарапынан, қоғамдық ұйымдардан бірнеше Алғыс хатпен, Құрмет грамотасымен аталып өтті. Өткен желтоқсан айында өңіріне «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалін тақты. Кәсіпкердің ең жоғарғы марапаты ол- ауылдастарынан, ағайын -туыстардан алған алғысы деп білемін. Мұны Жақанның өзі де айтып жүреді. 2020 жылы ҚР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбиннің Жақанның әкесі туралы «Сейдан аға» деген атпен кітабы жарық көрген еді. Кітапта Сейдан ағайдың ұрпақтары жайлы айтылғанда, осы Жақанның кәсіпкерлігі жайында жақсы мәліметтер келтіреді. Ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесін айта келе Жақанды ауданның Құрметті азаматы атануға лайықты деп еске салады.
2020 жылы Тараз шаhарының 2000 жылдық тарихы, қаланың Ұлы Жібек жолы бойындағы өркендеп өсуі, оның Шыңғыс хан, Темірланның жаулап алуы кезіндегі күйреуі, қайта жандануы, Тараздың орта ғасыр және 19-20 ғасырдағы өркендеуі қамтылған және облыстың, қаланың өркендеуіне үлкен ықпал еткен азаматтардың өмірбаяндары жарияланған «Тараз. Жамбыл облысы» деген атпен М.Орынбаевтың авторлығымен танымдық кітап жарық көрген болатын. Міне, осы салмақты кітапқа біздің кейііпкеріміз Жарылқасын Сейданұлы да енгізілген болатын. Мұны да еңбек адамына деген үлкен құрмет деп білеміз.
Жарылқасын мен Айжан отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген берекелі отбасы. Балаларының барлығы жоғары оқу орындарында оқыған, арнайы мамандық иелері. Бұл күнде әрқайсысы өз мамандықтарымен және кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Кәсіпкер Жарылқасын Сейданұлы үстіміздегі жылғы бірінші тамызда пайғамбар жасына толады. Өмірлік жолдасы Айжанмен бірге зейнеткерлік демалысқа шығатын жасқа келіп қалыпты.
Жақанға еңбегіңнің зейнетін көріп, Айжанмен бірге ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді нәсіп етсін деген тілегімізді де айта кеткенім жөн шығар.

Д.Ақділда,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.