Қазақстан – Түркия: Баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды. Қазақстан Президенті Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.

Мәртебелі мейман ҚасымЖомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі Анкарадағы Президент сарайында өтті. Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвар­дия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мем­лекеттік әнұрандары шырқалып, зең­біректен 21 рет оқ атылды. Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-бірін е ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан соң мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізді.
Келіссөз аясында президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стра­­тегиялық серіктестікті одан әрі да­мыту перспективасын жан-жақты тал­қылады. Сондай-ақ сауда эконо­микалық, инвестициялық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты нығай­туға баса мән беріліп, ел Президенті бірқатар компания басшыларын қабыл­дады.
ҚасымЖомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтты. Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.
«Екінші Отаныңызға қош келдіңіз»
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан -Түркия Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ынты­мақ­тастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді. Жиын барысында Мемлекет бас­шысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стра­те­гиялық серіктестік рухында тұ­рақты дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құр­метті Президент мырза, Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіс­сөз­дерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ние­тіміз бар екенін тағы да бекемдей түс­тік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынтажігеріміз де жеткілікті. Екі елдің ара­сында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен ке­лісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды. Тараптар тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы айрықша екенін атап өтті.
Бұл ретте Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағ­дарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіп­керлерге мол мүмкіндік береді. Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.
Бұдан бөлек Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика са­ла­сындағы ықпалдастық мәселесіне тоқ­талды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәти­желі болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Са­лық кодексінде шикізатты терең өң­деу­ге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарас­тыр­ылғанын жеткізді. Түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылады. Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының бола­шағы зор.
Қазақстанда өндірілетін дәнді-да­қылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвес­тициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері ха­лық­аралық нарыққа шығарылуда. Сонымен қатар тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мә­дениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжейтегжей пікір алмасты. Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр.
Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиан­теп провинциясында былтыр жел­тоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші Отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.
– Біз Қазақстанмен арадағы ынты­мақтастыққа ерекше мән береміз. Бү­гінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне кө­терілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, Жоғары деңгейдегі стра­тегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бой­­ын­ша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бір­лескен декларациясы, сондай-ақ Қазақ­стан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңе­сінің бесінші отырысының шешімі қа­был­данды. Мемлекет басшысының Ан­караға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Инвестициялық байланысты арттыру – басты бағытымыз
Өзара келіссөздер мен Жоғары дең­гейдегі стратегиялық экономикалық кеңес­тің 5-ші отырысынан кейін Қазақ­стан мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайип Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.
Президент қазір екі елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серік­тестікке ұласқанына назар аударып, бүгінгі нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір елі­мізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.
– Біз ашық әрі сенімді серіктес ре­тінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, авто­көлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жан­дандыру үшін инфрақұрылымды жетіл­діру жұмысын қолға алды. Түрік инвес­торларын осы жобаларға белсене қаты­суға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсы­нуға әзір, – деді Президент.
Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.
– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. «Turkiye Petroleum» компаниясының Қазақстан нары­ғында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әр­тараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тә­жірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімділікті арттыру және өңдеу өнеркәсібін өркендету ісінде Түр­кияның жоғары технологиясын пай­далануға қызығушылық танытады. Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көр­ме­сінің сәтті өтуімен құттықтады.
Бұдан бөлек, келіссөздер бары­сында ITтехнологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің атал­ған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласын­дағы стратегиялық серіктестігін ны­ғай­туға зор мүмкіндік бар екенін мә­лім­деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.
– Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан ас­там студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осы­ған қолдау көрсеткені үшін Түр­кия Президенті мен Үкіметіне ризашы­лығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ. Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл– шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар екі ел президенттері әлемдегі өзекті мәселелерге қатысты пі­кір алмасты. Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаң­даушылық білдіретіндерін жеткізді. Қа­зақ­стан мен Түркия Президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипло­матиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.

Ел Президентіне Түркия Республикасының ең жоғары марапаты табысталды
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жо­ғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Рес­пуб­ликасының ең жоғары мемле­кет­тік наг­радасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.
– Мен отандық немесе шетелдік ор­ден және басқа да марапаттарды қа­былдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мәнмаңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы ма­ғы­насы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз ара­сындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ын­тымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарымқатынастарын нығайтуға қос­қан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.
– Бірлескен күш-жігеріміздің арқа­сын­да Қазақстан мен Түркия арасын­дағы ынтымақтастық қарқынды түр­де дамуда. Сауда-экономикалық са­ла­­­дағы жетістіктеріміз мол. Қазір Қа­зақ­станда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мәдени-гуманитарлық байланыстары­мыз жыл­дан-жылға нығая түсуде. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам қазақстандық сту­дент Түркияда білім алуда. Былтыр елі­ңізге 800 мыңға жуық Қазақстан азаматы сапарлап келді, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүм­кін. Халықаралық сахнадағы ықпал­дастығымыз – белсенді. Біздің елдері­міздің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұс­танымдары – ортақ. Әсіресе Түркі мем­лекеттері ұйымы аясындағы тиімді ісқимылдарымызды атап өткім келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақ­тас­тықты еселеп, оны жаңа сапалы дең­гейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – со­ның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Режеп Тайип Ердоған екі ел арасын­дағы сан қырлы ынтымақтас­тықты жаңа деңгейге көтеруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
– Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қа­зақстанның Түркі мемлекеттері ұйы­мын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік ор­дені­мізді елдеріміз арасындағы мыз­ғы­мас достықтың символы ретінде қабыл­дайсыз деп сенемін, – деді Түркия Президенті.
Салтанатты жиынға 80-ге жуық дип­ло­матиялық корпус өкілдері, Түркия­ның қоғам қайраткерлері, танымал тұл­­ғалары мен бизнес қоғамдастық өкіл­дері қатысты.

Akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.