Үздік учаскелік полиция инспекторы
Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі, амандығы-бәрінен қымбат. Әрдайым аудан халқының тыныштығын қырағы күзетіп, оны қорғауға және қылмыстардың белең алуына тойтарыс берудегі кәсібиліктері, қызмет барысындағы жоғары іскерліктері, халық арасында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқиярлық еңбектері-ел амандығының бір көрінісі.
2025 жылдың 23 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде учаскелік инспекторлардың имиджін көтеру және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту, әлеуетін көтеру, тұрғындармен кері байланыс орнату, отбасы жанжалдарын шешу, тұрғындарға заң мен тәртіп қағидасын ұстануды насихаттау, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау тағы басқа өзекті мәселелерді атап өткен болатын.
Апта ішінде аудандық мәдениет үйінде аудан аумағында өтіп жатқан «Үздік учаскелік полиция инспекторы» конкурсының ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш конкурстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту мақсатында өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды.
Атап айтар болсақ, конкурстың басты мақсаты учаскелік полиция инспекторларының кәсіби шеберлігін, қызметтік тәртіпті сақтауын және халықпен өзара әрекет деңгейін арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында тиімді жұмыс жүргізіп жүрген үздік қызметкерді анықтау және марапаттау, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту және үздік тәжірибелілерді айқындап, оларды облыс деңгейінде тарату.
Осыған дейін «дене шынықтыру, атыс даярлығы, тест» кезеңдерінен өтіп, бүгінгі құжаттамалық «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауына жолдама алған аудандық учаскелік полиция инспекторлары сахна төрінде көрініп, өз біліктіліктері мен шеберліктерін көрсетті. Атқарылған жұмыстарына баяндама жасап, бейнероликтерін халық назарына ұсынды.
Әділ қазылар алқасының шешімімен «Үздік учаскелік полиция инспекторы» конкурсының қорытындысы бойынша 1-орынды Арқабаев Талғат қанжығасына байлап, облысқа жолдама алды. 2-орынды Байқадам ауылдық округіне қарасты учаскелік полиция инспекторы Мұсаев Руслан иеленді. 3-орынды Жаңатас қаласындағы № 1 және 4 шағынаудандарының учаскелік полиция инспекторы Амангелдиев Жандос қанағат тұтты. Сонымен қатар «Өз кәсібінің шебері», «Жаңашыл инспектор», «Тәжірибелі тәлімгер», «Тәулік бойы қызметте» номинациялар бойынша бірқатар учаскелік полиция инспекторларына дипломдар тапсырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің диплом және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»