Мен — майдангер ұрпағымын

0

Менің әкем Рақым Момынтайұлы кешегі 1418 күн мен түнге созылған қанды шайқастар болған Ұлы Отан соғысында Кеңес еліне басқыншылықпен шабуыл жасаған неміс-фашистерге қарсы майданда жан алып, жан беріскен ұрыстарда ерен ерлік көрсеткен, көретін жарығы бар шығар әрі Алланың бізге сыйлаған нығметі болар, сол қанды қырғыннан елге аман-есен оралған Жеңіс жауынгерлерінің бірі еді. Соғыс басталғанда 40-ты алқымдап қалғанына қарамастан майданға аттанып, 1945 жылы Жеңіспен елге оралған. Одан кейінгі саналы ғұмырында ел экономикасының дамуына бір кісідей үлес қосып, шаруашылықта әртүрлі жұмыстар істеген нағыз майталман еңбек адамы. Менің білетінім, әкем соғыс басталғанға дейін «Бозарық», «Үшарал» колхоздарында әртүрлі жұмыстар істеген екен. Соғыстан кейін 1945 жылы «Таластан» енші алып шыққан «Түгіскен» кеңшарында құрығы құтты жылқышы болыпты. Ендеше, биыл негізі қаланғанына 80 жыл толып отырған осы шаруашылықтың алғаш қазығын қаққандардың бірі екенінде дау жоқ.

Көкем соғыс туралы көп әң­гімелей бермейтін. Біз ержеткеннен кейін «қай жерде со­ғыс­тыңыз, қанша немісті өл­тір­діңіз, көзі тірі немісті көр­діңіз бе» деген сұрақтардың ас­тына алатынбыз әкемді. Бала­лық қызығушылық қой. Сон­да ол кісі бір күрсініп алып: «Ба­ла­ларым, сендер соғысты көр­мең­дер! Соғыстың беті аулақ! Жеңіс қашанда әділдік жағында. Немістер Кеңес еліне опасыздықпен, басып алу мақ­са­тында шабуыл жасаған. Бірақ, масқара болып жеңілді. Жеңіл­генін қайтейін-ай, мил­лион­да­ған адам құрбан болды ғой сол соғыста.

«Пәлен пәшісті өлтірдім» деп өтірік айтарым жоқ. Әйтеуір, кәмәндіріміздің «Алға!» деген бұйрығымен шабуылға шығамыз. Нысанамыз – фашистер. Аямай оқты жаудырамыз. Немістер баудай түсіп қырылып жатыр. Сауап! Өздері ғой өлім іздеп келген. Қасыңдағы қаруласың оққа ұшқанын көргенде қаның қайнап кетеді екен. Ондайда қорқыныш сезімі жоғалып кетеді. Қаскүнем жауды жайрату керек. Сен оны өл­тірмесең, ол сені өлтіреді. Олар айуандар ғой, оларды аямау керек!» – деп екіленіп кететін жарықтық. Әңгімесінің аяғын «Со­ғыс болмасын! Сендер соғысты көрмеңдермен!» түйіндейтін.

Әкемнің әңгіме айтқанда екі­леніп кететіні ол кісі – қазақ­тың хас батыры Саңырық Тоқтыбай­ұлының алтыншы ұрпағы: Саңы­рық – Көшербай – Күнтуған – Тұрсын – Момынтай – Рақым.

Осы жерде қазақ азаматтары­ның, қазақ жастарының мына мә­се­лені жадыларына мықтап ұстауын сұраймын. Біз «Ұлы Отан соғысы» деп жүрген соғыс – Кеңес елін, Кеңес жерін қорғау үшін болған соғыс. Ал, қазақ халқы үшін нағыз Ұлы Отан соғысы – 1723 жылы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы болған соғыс. Олай дейтінім, Қазақ хандығы мемлекет болып құрылғаннан кейінгі бұл соғыстың жөні бөлек. Бұл соғыста біздің батыр бабаларымыз Қазақ елін, Қазақ жерін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап, біз­ге–бүгінгі ұрпақтарына мұра еткен. Ол соғыста қазақтың менің Саңырық бабам сияқты қайсар ба­тырлары аттың жалы, түйенің қомында жүріп шайқасқан жаумен. Міне, нағыз Ұлы Отан соғысы! Осыны қазақ жастары біліп өссе екен. Олардың бойында отаншылдық рух қалыптасып, Қазақстанын сүй­се екен, Тәуелсіздігіне тәу етіп, бейбіт өмірдің бағасын білсе екен! Бұл бүгінде 70-тің ортасына келіп қалған, арғы атасы, әкесі жерімізге көз алартқан атажаумен шайқаста ерлік көрсеткен майдангер ұрпағының тілегі.

Әкем Рақым соғысқа дейін де, соғыстан кейін де еңбегін еліне арнаған жан екенін жоғарыда айт­тым. Ол кісі анамыз Ұмсынай екеуі бізді – 7 ұл-қызды дүниеге әке­ліп, қатарымыздан кем қыл­май өсіріп жетілдірді. Құдайға шү­кір, сол жетеуден екі әкпем– Ұлжан мен Нұрлан, бір іні, бір қар­ындасым – Ерғара мен Гүлжан және мен бармыз. Бәріміз де үйлі-барандымыз. Біздің балаларымыз ата-әжелерінің өмірлерін жал­ғастырып жатыр. Алланың ісі ғой, Күлтән әкпем мен Телғара інім – бақилық! Олардан да ұрпақ бар.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланып жатқан мерекелі жылда «Мен – майдангер ұрпағымын!» деп мақтанышпен айта аламын. Осы Жеңісті алып жеткен мил­лион­даған жауынгерлердің сапын­да Отан қорғаған әкем Рақым Момынтаев бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа медальдармен мара­патталған. Олардың қа­тары­на Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50 жылдықтарына арналған ме­ре­­келік медальдар қосылды кейін­нен.
Әкем біз үшін адамгершіліктің, бауырмалдықтың үлкен этало­ны еді. Ол кісінің тұла бойы мейір­імділіктен жаралғандай. Олай дейтінім, анам әке-шешеден апа­лы-сіңлілі екі қыз екен: Қат­ша апа және біздің шешеміз Ұм­сын­ай. Анамның анасы Зылипа әжем біздің қолымызда болды. Әкем ол кісіге туған анасындай қарап, өз қолымен ақ жуып, ару­лап жөнелтті о дүниеге. Ал, қайын енесі емес, өз туған ата-анасын қараусыз қалдырып жатқандар немесе қарттар үйі­не өткізгендер қаншама! Олар­дың беті аулақ!

Мен бұл мысалды бүгінгідей адамдар мейірімге шөлдеп тұр­ған заманда жастарға үлгі болуы үшін келтіріп отырмын. Әрі әкемнің сондай мейірімді жан бол­ғанын мақтаныш сезіммен еске алып отырмын.

Анам Ұмсынай да абзал жан еді. Әкеміздің өмірдегі әрбір же­тіс­тігінде анамыздың да үлесі бар. Тілекті де, жүректі де бір арнада тоғыстырған сол асыл жандар – әкем Рақым Момынтайұлы мен анам Ұмсынай Қалықұлқызы «бастарың бір жастықта қар­тайсын» деген қасиетті бата дарыған кісілер екен. Әкем 94 жасында төрелеп дүние салған. Араға екі жылдай салып анам да бақилыққа аттанды. Жайлары жәннаттан болып, Алла өзінің рақымына бөлесін оларды!

Міне, менің майдангер, ҰОС қатысушы әкем мен бізге өмір сыйлаған анам туралы айтпағым осы еді.

Мырзаділ (Тұрғара) МОМЫНТАЕВ,
еңбек ардагері.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.