Арман қала! Асыл дала! Астана!
Астана ел бірлігінің және жаңғыруға ұмтылған кемел болашақтың нышанына айналды. Астана халықаралық форумдар мен саммиттердің алаңына айналып, әлемдік деңгейдегі саяси оқиғалардың ордасы болды. Елорданың қоғамдық-саяси өмірі демократиялық қағидаларды орнықтыру мен экономикалық өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларға бай. Бұл үдерістер Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, аймақтық және жаһандық маңызын бекіте түсуде. Стратегиялық жағынан аса маңызды өңірде орналасқан Астана жаһандық саясат сахнасында салмақты рөл атқарып, қарқынды дамуын жалғастырып келеді.
Астана елорда ғана емес, ол Қазақстанның жаңа тарихының жарқын символы. Мұнда өткен мен болашақ, дәстүр мен заманауи мәдениет үндесе дамуда. Қазіргі таңда қалада 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Жыл сайын жүздеген қазақстандықтар мұнда оқуға, жұмыс істеуге немесе тұрақты өмір сүруге келіп, тағдырын осы жас әрі көрікті шаһармен байланыстырады.
Тарихы мен табиғаты, сәулеті мен бүкіл тіршілігі дара, ғажап үлгілі, күйіміздің күмбірі, тарихымыздың түндігі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала Астананың күн сайын еңсесі биіктеген калаға айналуы өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандыруда.
Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде «ұлттық домбыра» күні аталып өтіледі. Бұл күні домбыра мен қазақтың халық музыкасының мәдениетіне арналған түрлі іс-шаралар, концерттер, байқаулар мен көрмелер ұйымдастырылады. Аталмыш мереке Қазақстанның дәстүрлі музыкасымен танысу ғана емес, сонымен қатар еліміздің мәдениеті мен ұлттық болмысындағы домбыраның маңыздылығын атап өтуге мүмкіндік береді.
Өткен аптада орталық алаңда қазақ елінің Астанасының туған күніне және «Ұлттық домбыра» күніне арналған «Домбыра ұлттың үні, Астана қазақтың Ақордасы» атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Сән берген Сарыарқадай гүл өңipгe,
Жайнаған Отанымның жүрегінде.
Астанам – бақ ошағым, түп қазығым,
Айналған бар қазақтың тірегіне.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім,-деп ақындар жырлағандай қазақ халқының бас қаласы Астана мен ата-бабамыздан қалған мұра асыл домбырамыздың мерекесін тойлауға аудан жұртшылығы орталық алаңға көптеп жиналды.
Ерекше мерекелік көңіл күймен келген қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Домбырашылар ансамблі Құрманғазының күйі «Балбырауын» және «Шалқыма» күйлерін тарту етті.
Сахна төріне шыққан аудан әкімі Сәкен Мамытов 6-шілде «Астана күні» және шілде айының алғашқы жексенбісінде тойланатын «Ұлттық домбыра күні» мерекелерімен жиналған көпшілікті құттықтады. Ыстық лебізі мен мерекелік құттықтауын жеткізген аудан басшысы мен Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы бірнеше азаматтарды, мекеме қызметкерлерін, жастарды марапаттады.
Ең әуелі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен жемісті еңбегі үшін және Астана күні мерекесіне орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасовтың кеудесіне тақты. Содан соң Халықаралық және Республикалық жарыстарда ауданымыздың абыройын асқақтатып, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен ұлтымыздың символы болған домбыраны дәріптеу жолындағы еңбегі үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен Жаңатас қалалық балалар-өнер мектебінің директоры Нұрлан Байділдаев марапатталды. Сонымен қатар бірнеше азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен, М.Райымбекұлының кітабымен және ағымдағы жылдың маусым айының 12-сі мен 13-інші жұлдызы күндері Жамбыл облысы, Талас ауданының, Майтөбе ауылында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мәдениет үйі мен клуб меңгерушілері арасында өткен «Ауыл-Клуб» АРТ-тимбилдингіне қатысқан ауданымыздың мәдениет үйі директоры мен клуб меңгерушілері, екі күнге созылған тартысты да, таласты өткен бәсекеде тоғыз ауданның ішінде жүлделі үшінші орынды иеленгені үшін облыс әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хатымен аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клуб меңгерушілері, отбасылық құндылықтарды және қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында, «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздары Ержановтар, Маженовтер отбасы, бірнеше азаматтарды ағымдағы жылдың 30 маусымы мен 4 шілдесі аралығында «Руханият» волонтерлық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Жайнай бер — Жаңатасым» тазалық акциясына белсенді қатысқандары үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Мерекелік шара жез таңдай әншілер Мейіржан Омаров пен Қолқанат Темірбекқызының орындауындағы «Астана вальсі» әнімен жалғасты. Мұнан соң
«Ауыл-Клуб» АРТ-тимбилдингі атты облыстық байқауға қатысып, жүлдемен оралған «Чемпиондар» командасы-өнерпаз қыздар мен жігіттер өнерлерін ортаға салып, кеш қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада «Этно топ»-тың орындауында «Домбыра», «Сәйгүлік», «Бекнұр мен Қолқанат» дуэті «Жұлдызым», «Сырласу», Мақсат Ынтықбаев «Гүлім», «Жүрегім», Әмірғали Бақытов пен Мейіржан Омаров «Сен 18-де едің», Диана Сейдіш «Көктемге хат», Ахат Кенжабаев «Арман-ай», Ақерке Ұзақбекова «Ұмытпадым», Жанарбек Әбдірахманов, Айдана және Ақерке Ұзақбековалар «Астана» әндерін тамылжыта шырқаса, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы мың бұрала билеп, мерекенің көркін қыздыра түсті.
Отбасын қолдау орталығының директоры, халық қалаулысы Бауыржан Балғабай, қазақ халқының мақал-мәтелдерін айтудан жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.
Жиналған көпшілік мәдени демалып қайтты.
«Жан жүрегім — Астана» атты мерекелік концерт
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен арқа төсіндегі сәулетті, келбеті көз сүйсіндірген Астанамыздың туған күніне ««Жан жүрегім — Астана» атты мерекелік концерт өтті.
Салтанатты шарада Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Жамбыл Құлыбеков ерен еңбек пен ынтымақ-бірліктің нәтижесінде әлем елдерінің астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының бас қаласының тарихы мен бүгінгі жетістігіне тоқтала келе, жиналғандарға мерекелік лебізін арнады. Шара барысында қазіргі таңда жемісті жұмыс жасап жүргендерге ауыл әкімінің «Алғыс хаты» тапсырылып, сый-сияпат жасалды.
Әсем ән, әуезді жырмен өрімделген мерекелік кеште Тұрысбек Мерейім «Астана», Хасанова Ұлжан «Қазақстаным», Досболова Зарина «Астана», Қыздар үштігі «Шіркін-ай», «Айым-ай» әндерін шырқаса, «Айтұмар» би тобы «Қазақ биі», «Уч патир» билерін мың бұрала билеп, домбырашылар үштігі күмбірлете күй төгіп, көптің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар спорттық ойындар ұйымдастырылып, көрме қойылды.
* * *
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ұлттық мұраны ұлықтап, дәстүрлі музыкаға деген қызығушылықты арттыру мақсатында Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты әдеби-сазды шығармашылық кеш өтті.
Осы орайда іс-шараға жиналғандар ұлттық өнерді ұлықтауға арналған мұндай шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Кеш барысында дәстүрлі музыкаға сүбелі үлес қосып жүрген өнер иелері күй шертіп, шығармалардың шығу тарихы мен мән-маңызы жайында мағлұматтармен бөлісті. Шара әсерлі күймен, әсем әнмен жалғасты.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»