«Әдебиетте-көзбен елестетіп, жүрекпен жазу керек»

0

Әдебиет-адамның жанын айнадай көрсететін терең әлем. Ал сол әлемнің ішкі қыртысын шынайы әрі шебер жеткізе алатын қаламгерлер некен-саяқ. Сондай санаулы шын суреткердің бірі-жазушы, журналист, ұстаз, психолог Пернебай Дүйсенбин.
Қаламгер 1943 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық, облыстық басылымдарда жарық көрген.
Пернебай Дүйсенбин-кең тынысты автор. Оның қаламынан тек қиял-ғажайып емес, шынайы өмірдегі сезімге толы сәттер де туған. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Арайлы таң алауы», «Шуақты белес» сияқты көркем әдеби туындылары жеткілікті.
Сан қырлы талант жайлы көп айтылады, жазылады. Бірақ мен оның жан сырын, сөз астарын терең білгім келді. Сондықтан да жазушымен сұхбаттасып, жеке тұлғалық қасиеттеріне ерекше назар аудардым.

-Сәлеметсіз бе, Пернебай ата! Ең алдымен сұхбаттасуға келіскеніңізге үлкен рахмет. Сіз жайлы деректер өте көп. Бірақ бүгінгі сұхбатта сіздің жеке тұлғалық болмысыңыз, балаға деген іңкәр көңіліңіз, шығармашылығыңыздың астары жайлы білгім келеді. Сіздің шығармашылығыңыз негізінен балаларға арналған. Осы балалар әдебиетіне бет бұруыңыздың себебі неде?

-Мектепте оқып жүрген кезімізден бастап балалық шақтың барлық қызықты сәттерін бастан өткердік. Балық ауладық, саяхатқа шықтық, тыным таппай тау-тасты араладық. Қазіргі Түркістанда ата-анам мал бақты. Кешке қарай ақсүйек ойнайтынбыз, алтыбақан, айтақақ ойындарына белсене қатыстық. Өміріміз үнемі қозғалыста өтетін. Балалар әдебиетіне келуімнің бір себебі-мектепте балалармен көп жұмыс істеуім. Оқушыларды үш-төрт күндік саяхатқа апаратынмын. Туризм саласын жақсы көрдім. Облыстық туристік жарыстарға балаларды ертіп апардым. Ол жарыстар Қырғызстандағы Манас тауының етегінде өтетін. Сол балалардың сөзі, қылығы, өзара қарым-қатынасы есімде жатталып қалды.

1970 жылдардан бастап жазуға ден қойдым. Сол кезеңде Қазақстан үкіметі балалар прозасына үлкен мән беретін. «Жастар», «Жазушылар одағы», «Қазақстан Лениншіл жастары» сынды басылымдар бірлесіп, балалар шығармаларына арналған конкурстар өткізетін. Мен бұл байқауларда 1979, 1980, 1981 жылдары қатарынан лауреат болдым. Себебі менің шығармаларым балалар өміріне өте жақын әрі жеңіл оқылатын. Кейіннен ересектер прозасына да қалам тербедім. 1986 жылы «Жалын» бәйгесінің, 1996 жылы «Балауса» байқауының лауреаты атандым. Жалпы әдебиет саласы бойынша он рет лауреат атандым. «Дарабоз» байқауында 553 жазушының ішінен Гран-приді жеңіп алдым.

-Қалам мен қылқалам екеуінің қайсысы сізге жақын?

-Сурет салуға деген әуестік-табиғаттан бастау алды. Малшы баласы болғандықтан ел аралаймыз, әр сайдан бұлақ ағады, өзенге шомыламыз. Табиғаттың сұлулығы бала кезімнен суретке ынтық етті. Бояу, қалам, қағаз оңайлықпен табыла бермейтін. Торкөз дәптерге сала беретінбіз. Суреттерімді «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетіне жібердім. Олар баспады, бірақ үнемі «Талпынысыңыз жақсы» деп хат жолдайтын. Ал «Дружные ребята» бірден басып шығарды.

Мәскеуде 5 миллион таралыммен шығатын газетке «Қойшының отарында» атты суретімді жіберіп едім, жарыққа шықты. Чехословакия, Польша, Германиядан хаттар келді. Орыс тілінен сабақ беретін мұғалімім аудармасына көмектесті. Облыстан өкілдер келіп, суреттер мен хаттарды алып кететін. Чехословакиядан арнайы майлы бояу жібергендері бар. Сол бояумен салған «Ауылдың кешкі көрінісі» атты картина-ерекше еңбек.

-Бөлме толы құнды қағаздарыңыздың арасынан «Кішкентай генералдар», «Жұмбақ жұлдыз» атты кітаптарыңыз бірден көзге оттай басылды. Бұл шығармалар қалай жазылды?

-«Кішкентай генералдарда» біздің ауылдағы Әлкен деген соғыс ардагері мен Кенжеғара дейтін ақсақалдың балалармен байланысы көркем бейнеленген. Ал «Жұмбақ жұлдыз»-тағдыры ауыр, жеті-сегіз жасқа дейін ойнақтаған баланың тілден айырылуы жайлы кітап. Ол барлығын көзімен көріп, жүрегімен сезінетін. Еңбекке ерте араласады. Сол шығарманың ерекшелігі-ішінде бірде-бір диалог жоқ. Бәрі де ішкі түйсік, жүрекпен беріледі. Аққан жұлдызға қарап жататын бала ағасының өліміне, махаббатқа, өмірдің әділетсіздігіне іштен үн қатқан. Барлық оқиға бала арқылы беріледі.

-Кейіпкерлеріңіз ойдан шыға ма, әлде өмірден көрген көріністер әсер ете ме?

-Әдебиетте жанр көп: балаларға арналған әңгімелер, ертегілер, қиял-ғажайып шығармалар. Мен екеуін тең ұстауға тырысамын. Мысалы: «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма» деген шығармамда соғыс ардагері Төлепбек пен балалардың арақатынасы суреттеледі. Балалар арасында да түрлі мінезділер болады. Солардың бірі «Три года ждёт» деген мақала оқып, оқиға өрби жөнеледі. Ит туралы эпизод шынайы оқиғаға сүйеніп жазылды. Самолетке кіргізілмей, өз иесін Е-18 бортынан күткен неміс овчаркасының тағдыры-керемет драма. Миллиондаған адамдардың хаты, итке әкеліп беретін тамақ-бәрі өмірден алынған.

-Сіз үшін үнсіздік нені білдіреді? Шабыт үнсіздіктен келе ме, әлде у-шудан ба?

-Оқиғаның келуі-әртүрлі. Биылғы «Құлагер» халықаралық конкурсында милфо-фантастика тақырыбына жаздым. «Ақбоз, көкжал, Жансая апа және төрт ноян» деген шығармам-сол бәйгеден бас жүлде әкелді. Жетім бала, аштық, әділетсіздік, қайта көтерілуі-гипербола мен литота арқылы берілді. Шығарма соңында баланың бәйгелерге қатысып, ақбоз ат пен көкжал арқасында жеңіске жетуі суреттеледі.

-Кейде жазып отырып, жылап жіберетін кезіңіз бола ма?

— «Аяқталмаған аңыз» немесе «Алдар көсе туралы хикаяның жалғасы» повесін күліп отырып жаздым. Бірақ «Жұмбақ бала» мен «Ән салыңызшы, Әке» шығармаларында баланың тағдырына қатты жаным ауырды. Әсіресе, соғыстағы әкесін аңсаған баланың образы көзіме елестеп кетті. Қаратасқа астық алып бара жатқанда ұрылар шабуыл жасап, Жарылқасын деген баланы өлтіреді. Бұл шығармада ерекше тебірендім. Әдебиетте- көзбен елестетіп, жүрекпен жазу керек.

Қаламгердің түйіні айқын: адам баласы бала күнінде қиындықты, жетімдікті сезінуі керек. Сол кезде жүрекке ой түседі. Жан-дүнием елжіреп, өзім де көз жасымды тыя алмадым. Пернебай Дүйсенбин-тек жазушы емес, бала жанын түсінетін тәлімгер. Оның шығармалары-жай ғана ойдан құралған хикая емес, шынайы өмірдің кестесі, көз жаспен суарылған сөз маржаны. Әңгіме барысында шымшық атқанына өкінетінін де, құлынның құйрығын тартып Алпамыс батырға ұқсағысы келгенін де жасырмады.

Сұхбаттасқан:
Шынаш АСЫЛ,
11-сынып оқушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.