Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың қасиетті Домбыра күні мерекесімен құттықтауы
Қымбатты көпшілік!
Қадірменді ағайын!
2018 жылдан бері ұлан-байтақ қазақ жерінде-шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып атап өту керемет дәстүрге айналды.
Барша халқымыздың жүрегіне жылылық ұялап, жанын жадыратқан бұл мерейлі мереке-ұлттық руханиятымызға жаңадан жол ашқан шалқыма шара болды.
Барша аудан жұртшылығын осы маңызы зор, мәртебесі биік-Ұлттық домбыра күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өйткені, домбыра-қазақтың киесі, таусылмас бай қазынасы және ұлттық болмысымызбен, тарихи тамырымызбен біте қайнасып келе жатқан қастерлі құндылығымыз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол-біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс» деп ұлттық домбырамыздың маңызына терең тоқталған болатын. Сондықтан да, қазақ пен домбыра ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан ажырамас егіз ұғымға айналғаны да дәуірлер шындығы!
Кешегі күй атасы атанған Құрманғазы мен Тәттімбеттен, Дәулеткерей мен Сүгірден, Махамбет пен Динадан мирас болып қалған қазақтың үкілі қара домбырасы-ұлт мақтанышы! Ал, осы Ұлттық домбырамыздың арнайы мереке болып тойлануы да-ұлт Тәуелсіздігінің жеңісі, тыңнан жол ашқан рухани өміріміздің жемісі!
Өйткені, домбыра-қазақтың жүрек дүрсілін, ұлы даласының сазы мен атасының назын, көктемінің күні мен көк бөрісінің үнін жеткізген, талай ұлы тұлғалы азаматтарының өмірлеріне серік болған қасиетті дүние! Әр қазақтың төрінде тұратын домбыра-халқымыздың қуанышы мен қайғысына да, мұңы мен зарына да тірек болған, ғашықтардың махаббатына көрік берген!
Бұл Алтай мен Атырауға, Сарыарқа мен Алатауға, қарт Қаратау мен Жетісуға дейін созылған сайын даланың үнін асқақтатқан қазақтың қара домбырасының қасиетті құдіреті екені даусыз! Өйткені, домбыра-ұлттың жаны, тарихы, тілі, үні! Ал, артында іздейтін ұрпағы бар да ғасырдан-ғасырға бел асып, халқымен мәңгі бірге жасап келе жатқан домбыраның жоғалмасы анық! Өйткені, артында өшпесі іздері қалған ұлы күйші-композиторлардан мұра болған шертпе күйлерде, арыны қатты төкпе күйлерде-біздің дана халқымыздың өр мінезі жатыр!
Домбыраның күмбірлеген үні-жастарымызды ұлтжандылыққа тәрбелейтін нағыз тәрбие құралы екені де даусыз! Кешегі Ұлы Даланы ән мен күйге бөлеген Ақан мен Біржанның, Әміре мен Сараның, Жамбыл мен Кененнің атын шығарып, жалпақ жұртқа танытқан да осы құдіреті күшті қара домбыра болатын!
Ал, жаңа заманда домбыра арқылы қазақ халқын төрткүл дүниеге танытқан домбыра тартудың хас шебері, «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағына ие болған жалғыз күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің есімі мен биік бейнесі ұлттық өнер тарихына Алтын әріппен жазылғаны уақыт ақиқаты!
Бұл қатарда-жоғалмас домбыра дауысын шартарапқа жеткізген Қаршыға Ахмедияров пен Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков пен Айгүл Үлкенбаева сынды аса талантты көптеген дәулескер күйшілердің бар екені көпке аян. Біздің қасиетті Сарысу өңірінің де қара домбырасы ешуақытта иесіз болған емес! Бүгінде Сарысу ауданының қай ауылын алмасаң да-домбыра тартпайтын, домбыра шертпейтін, домбыра ұстамайтын жан жоқ десек те болады!
Күн санап өлкелі өңіріміздегі барлық саз мектептері мен мәдениет үйлерінде құрылған домбыра оркестрлері-ұлттық күй өнерін кеңінен насихаттап жүр. Ал, күй өлкесінде Сарысу өңірінің атын шығарған Нақып Сембин, ағайынды Қабыл және Дабыл Ажақаевтар, Мұрат Әубәкіров, Қозыкен Ерғараев, Төребек Шалабаев, Балтабай Дәуірбеков сынды есімдері елге аян жампоз күйшілеріміз күй өнерін сүйетін көпшілік қауымға етене жақын!
Айтулы жерлес композиторымыз Садыхан Әубәкіровтың атақты «Өрлеу» күйін көптеген халық аспаптар оркестрлерінің нақышына келтіре орындап жүргені де сарысулықтар үшін үлкен мақтаныш екені ақиқат!
Осындай керемет күй орындау дәстүрін-кейінгі сарысулық ұрпақтар табысты жалғастыратынына сенімім мол!
Қадірлі қауым!
Қымбатты көпшілік!
Жыл сайын Ұлттық домбыра күні мерекесі бірлесіп бір мезетте күй орындайтын жүздеген күйшілер-ұлттық өнерімізді қайта жаңғыртып жүргені көңілге үлкен қуаныш сезімін сыйлап жүргені рас. Бұл әр жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде-біздің Сарысу ауданы өңірі аспанына күй қалықтап, әр шаңыраққа күй қонады деген сөз!
Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі екені және осы Ұлттық мереке күнінің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында көтерілген мәні өте жоғары жоба! Ал, қазақ халқының өмірі мен болмысын, тынысы мен тірлігін, өнерге деген ұлы сүйіспеншілігін-домбырасыз көзге елестету мүмкін емес!
Халқымыздың ардақты ақыны Қадыр-Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қа-зақ емес, нағыз қазақ-домбыра!» деген өшпес өлең жолдарының ұрпағымен әлі де мыңдаған жылдар жасары ақиқат! Олай болса, ұлы ұлттың баласы, үкі таққан қара Домбырасын ұлықтай берсін дегім келеді! Өйткені, ата-баба жолын жібек жіптей үзбей жалғайтын бүгінгі жаңа заманның өскелең ұрпағы-сол қасиетті Домбыраның иесі екенін ұмытпасын! Бұл ата-бабаларымыздың асыл аманаты, арман еткен үкілі үміті!
Баршаңызды Домбыра күні мерейлі мерекесімен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Әр шаңырақта күй күмбірлеп, домбыра үні асқақтай берсін!