Абырой адал еңбекпен келеді
Бірде жолым түсіп Сарысу ауданындағы Саудакент ауылына ат басын тіредім. Сондағы ойым Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай осы ауылдың тұрғыны, денсаулық сақтау саласының ардагері Бауыржан Сембиновамен танысып, сұхбаттасу еді. Мені қызықтырғаны аты аңызға айналған қолбасшы, еліміздің біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы есімінің қыз баласына қойылғандығы. Сұрастыра келе көрсетілген мекенжайға жетіп, есіктен ішке ендік. Алдымыздан бидай өңді, жылы шырайлы ауыл апасы құшағын жая қарсы алды. Бүгінде 75 жасқа қадам басқан жанның ілтипаты да ерекше. Қазақы дастархан қонақжайлылықты аңғартты. Мен әңгімені бірден «Осы есіміңіздің тарихын айтыңызшы, даңқты тұлғаның есімін кімнің батылы жетіп, сіздей азаматшаға қойған?» дедім.
Апай да күлімдеп, атының қойылу сырын арыдан бастады.
— Негізі мен Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылының тумасымын. Есімімді өзімнің әжем қойған екен. Ол кісі ер азаматтай батыр болатын. Ауылда ер азаматтармен күресіп, жүлде алып жүретін. Етікші жоқ заманда елге етік тігіп, нәпақа тапқан адам. Өмірінде көп қиындық көрген. Сол әжем менің есімімді қойып, 6 айымнан өзі өсірді. Тіпті, туған әке-шешемнен қызғанатын.
Әрине, бұл есімді алып жүру оңай емес. «Атыңа затың сай болсын» дегендей, балалық шақ та өте шықты. Шашты өріп, көйлек киіп, қыз болып, мектеп табалдырығын аттадық. Ол кезде есіміме онша мән берген жоқпын. Әжем Баукең деп еркелеткен соң бәрі солай атайтын. Бірақ бойжеткен тұста өзім ұяла бастадым. Есімім Бауыржан десем, сенбестік пайда болады. Содан төлқұжат алатын кезде есімімді ауыстырамын деп шықпаймын ба? Сонда әжем қарсылық танытып, ауыстыртпады. Негізі осы батыр атамызды сыйлағаны ма екен, әлде өзі бауырына басқаннан кейін бауырмашыл болсын деді ме, білмедім, әйтеуір атымды өзгерткенімді қаламады. Озат оқып, алда жүру менің де қағидам болды. Тоқетері, атыма кір келтірмедім-ау деймін.
Осылайша кейіпкеріміз есіміне қатысты қызықты деректермен бөлісіп, өткен шаққа саяхат жасады. Әңгіме барысында осы ауылға сонау шығыс өңірінен қалай келгенін сұрадық.
— Жолдасым Жақсылық Баймашев — осы ауылдың тумасы. Өскеменде әскери борышын атқарып, кері қайтуына 3 ай қалған шағында таныстық. Ауылынан қайтып келіп, мен оқуымды бітіргенше Өскеменде жұмыс істеді. Ауылыма барып өзі рұқсат сұрап, оқу аяқталысымен тойымызды өткіздік. Бірақ екі жақтан да үлкендеріміз келмеді. Себебін кейін білдік. Қыс қатты болған екен. Ал біздің онымен шаруамыз жоқ. Ағам жауапты қызметте, мал-жанның қамы деп шыға алмаған. Бұл жақта да мал қырылып, адамдар үсіп қалған. Бір сөзбен айтқанда жұт жылы үйленіппіз. Есесіне біздің ауылда ұзату тойын жасады. Осында келіп атамның ағасының үйінде 3 күн думандаттық. 2-3 аптадан кейін Шешенбай жақтағы өз атамыздың қонысына жол тарттық. Айнала, сай-сала телегей теңіз болып жатыр. Көлік өте алмай, атпен амалдадық. Сондай көп мөлшердегі суды көрдім десем кейінгі жастар сенбейді-ау.
Сол жылы жұттың иісі деген тіркесті бір кітаптан оқыған едім. Соны өз көзімізбен көріп, өлексенің иісіне шыдамай, аузы-мұрнымызды жауып өттік. Қыраттар қырылып қалған малдарға толы. Міне, осы 1969 жылғы жұтта келген едік. Той бітті, танысу аяқталды. Мен болсам «Өскеменге енді қашан кетеміз?» деген сұрақ қоюды бастадым. Өйткені бастапқыдағы уәде сондай еді. Ауылынан келген атам: «Жалғыз жібермейміз, үлкендермен бірге барасыңдар» деді. Оған да көндік. Мамыр айында мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. «Махаббат қызық мол жылдар» басталды да кетті. Бір-екі айдан кейін атам: «Ауылыңа барамыз» деп жақсы жаңалық айтты. Сөйтіп артынып-тартынып жолға шықтық-ау әйтеуір. Ондай сапар шегіп көрмеген атама, апаға қиындау болды. Тура пароммен Бұқтырмадан өткенде «Әй, осы жолда өлмесек, өмірі өлмеспіз» деді. Ауылда 2 аптадай болып, кері қайттық. Елі де, жері де жақсы екен деп риза болып Жамбылға жеттік. Сөйтіп атамның көңілі орнына түсті. Артынша жолдасым «Біздің Өскеменге кетуімізге рұқсат беріңіз. Басында келісіміміз солай еді» дейді. Ал «соғыс» басталды. «Өскеменге итім лағып па еді, сендер үшін жүрмін ғой, кет! Өлігіме келме!» деді дауысын көтере сөйлеп. Мен басқа бөлмедемін. Жолдасым «Қайтеміз енді» деп жәутеңдей келді. «Қала берейік» деппін. Міне, Саудакенттегі өмір жолым осылай өрбіді. Ағайынды 4 атам болды. Өте жақсы әулетке келін болдым. Жолдасым да адал, аңқылдаған азамат еді. Екі жыл дос болдық, елу жыл отастық. Бірге оқыған 4 қыз жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Қасымызда бесінші болып, киномызға апарып жүрді. Биыл ол кісінің өмірден озғанына 6 жыл болыпты. Ең бақытты кез ерің болсын, әйелің болсын, бірге жүрген шақтарың екен. «Бала-шаға аман болсын, елімізде тек тыныштық орнасын деп тілейміз Алладан» деп Бауыржан апа жылы жымиды.
Енді әңгіменің ауанын медицина саласына бұрдық. «Осы мамандығыңыз туралы айтып өтсеңіз» дедім.
-Жоғарыда айтқанымдай еңбек жолым 1969 жылдың мамыр айынан басталды. Ал 2008 жылы жұмысты аяқтап, зейнетке шықтым. Негізі осы мамандықты таңдаған емеспін. Мамандық мені таңдады. Үйде газеттен акушерлік оқуға қабылдау туралы хабарлама оқып қалдым. 8-сыныпты енді тәмамдаған кезім. Содан үлкендермен ақылдаспастан өтініш жазсам, жауап келіп тұр. Содан емтихан тапсырып, оқуға түсіп кеттім.
Ағам демалуға кеткен болатын. Келгеннен кейін «Неге онжылдықты аяқтамадың, мен оқытпағандай болдым ғой» деп ренжіді. Бірақ кейіннен «Қарындасым өзі талпынып, оқуға өзі түсті» деп мақтайтынды шығарды. Анам өмірден 29 жасында қайтқан еді. Қасында акушерка отырып, «Қазір дәрігер келеді» деп дұрыс жәрдем көрсетуге жарамаған. Ол келгенше анам бұл фәнимен қош айтысып кетіпті.
Міне, сол анамның қазасы менің Гиппократ антыммен пара-пар болды. Ана болу- Алла Тағаланың үлкен сыйы. Әйел үйде де, көшіп бара жатып та босана салуы бек мүмкін. Рас, арасында жүктіліктің, босанудың асқынулары болады. Дер кезінде көмек көрсетілмесе анаға да, балаға да қауіп бар. Сол себепті ерте есепке алынып, туар-туғанша, туғаннан кейін де қадағаланады.
Мемлекеттің ең басты байлығы-адам. Адамның өмірі, денсаулығы біріншіден сол адамның өзіне байланысты, одан кейін дәрігерлердің біліктілігіне байланысты. Өзіне дейтінім, ертерек есепке тіркелу, дәрігерге уақтылы көрініп тұру өте маңызды. Ол жағынан отбасы да көптеп-көмектеп дегендей қолдау көрсетіп отырғаны жөн. Лайым, тағдыр ананы баламен, баланы анамен сынамаса екен. Дені сау ана-дені сау бала әкелсін. Өсейік, өркендейік.
Өзіміздің төрт баламыз бар, үшеуі қыз, біреуі ұл. 2 қызым жоғары білімді мұғалім. Үлкенім Тараз қаласындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясында, екіншім Алматы жақтағы Іргелі ауылында ұстаз. Үшінші перзентіміз Қаскелең қаласында акушер-гинеколог. 2024 жылы «Үздік дәрігер» атанды. Ұлым ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Мен, міне, барлығына тілеуқор болып жүрмін.
Бұрын кіндік шеше болу бақыты кім көрінгенге бұйыра бермеген. Болашақ аналар «Перзентім сол кісідей болсын» деп өздері қалап таңдаған. Сол әйелмен жаныңды шүберекке түйіп, аман-есен босанғанынша күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырыласың. Шар етіп шарана дүние есігін ашқандағы сезім ол бр сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәт қой.
Өзімнің қанша кіндік балам бар екенінде есеп жоқ. Әйтеуір бәрі аман-есен болсын! Биіктерден көрінсе қуанамыз. «Өтті өмір осылай» деп Д.Қонаев атамыз айтқандай, бүгінде Саудакент ауылында ғұмыр кешіп отырмыз. Бір кездері лек-легімен ел-жұрт сыртқа қарай көшті. Қайта құрылу дәуірі келді. Жұмыс жоқ, балалар оқуға түскен. Үлкеніміз ұзатылған. Бірінен кейін бірі аталарымыз, енелеріміз қайтыс болды. Мен ауыра бастадым. Жолдасым жұмыссыз. Жарық, жылу жоқ. Әйелдерді босандыра салып, үйге қайтара бастадық. Ел де, дала да құлазып, бір мылтықсыз майданды өткіздік-ау. Сол кезде әйел кісілер ала дорба арқалап, сауда жасап, отбасыларын сүйреді.
Ал қазіргі жағдай басқаша. Ауылға жол салынып, көшелеріміз жарықтанып, жобаға келіп қалды. Енді газ келіп бір қуантса дейміз. Тоқетері ауылдың тілеуін тілеп, мұқтаж жандардың талап-тілегін тыңдап, аз-маз болса да көмек қолын созсақ деймін. Дегенмен өз ауылымды да естен шығарған емеспін. Жылда баруға тырысамын. Суын ішіп, туған-туысты түгендеп қайтамын. Сол маған күш-қуат бергендей болады.
Бауыржан апа осылайша емен-жарқын отырып сыр шертті. Қарап тұрсақ, ғұмыр жолы ғибратқа толы. Қиындықтардың бәрін еңсеріп, адал еңбекпен абырой биігіне көтерілген жанның өмірі кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге. Жолға шығар кезімізде ақ батасын беріп, жігерлендіріп жіберді. Жаратқан тек жақсылықта жүздесуді жазсын!
«Sarysý» ақпарат