«Дәрігер болу бала күнгі арманым еді»

0

Денсаулық сақтау-жалпыұлттық міндет. Бұл тұрғыда медицина мамандарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Өз кезегінде ақ желеңді абзал жандар артылған сенімді абыроймен ақтап, жұрт саулығы жолында жұмыла жұмыс атқаруда. Антына адалдық танытып, аянбай еңбек ете білетін сала қызметкерлері жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде өздерінің кәсіптік мерекелері-Медицина қызметкерлірінің күнін атап өтеді. Біз айтулы мереке қарсаңында Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айнұр Каликовамен сұхбаттасқан едік.

-Құрметті Айнұр Тұяқбайқызы, сізді және сіз басқарып отырған Сарысу аудан­дық орталық аурухана ұжымын алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жү­ректен құттықтаймыз! Әңгімеміздің әл­қиссасын өзіңізбен жақынырақ танысудан бастасақ. Дәрігер болу бала күнгі ар­маныңыз ба еді? Жалпы, медицина са­ла­сына қалай келдіңіз? Осы уақытқа дей­ін қандай қызметтер атқардыңыз?

-Қайырлы күн! Құттықтауыңыз үшін үлкен рақмет.

Қандай да бір мамандық иесі өзінің бала күнгі арманының арқасында өз са­ласының үздігі болады деп ойлаймын. Менің де дәрігер болуым бала күнгі арманым еді.

Мектеп қабырғасын тәмамдап арман қуып үлкен қалаға жол тартып, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік ме­дицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітірдім.
Еңбек жолымды 2006 жылдың 1-жел­тоқсанынан Қ.А.Ясауи атындағы Ха­лықаралық қазақ-түрік университе­тінің клиникасында перзентхана бөлімше­сін­де мейіргер қызметінен бастадым.

2009 жылдың 18-қыркүйегінен Сарысу орталық аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің дәрігер неонатологы ретінде жұмысқа қабылдандым.

2011 жылы Сарысу аудандық орталық ауруханасына қарасты Түркістан дәрі­герлік амбулаториясында жалпы тәжіри­белік дәрігер ретінде ауыстырылдым.

2015 жылы емхана бөлімінің аудан балалар дәрігері ретінде жұмыс атқарып, 2016 жылы перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері ретінде ауыстырылдым. 2019 жылы емхана бөлімінің меңгерушісі болдым.

2022-2023 жылдар аралығында Сарысу аудандық орталық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.

Ал 2023 жылдың 30-маусымынан бас­тап бүгінгі күнге дейін бас дәрігер қызметін атқарудамын.

-Енді Сарысу аудандық орталық ауру­ханасының бүгінгі тыныс-тіршілігіне қа­рай ойыссақ. Қазіргі таңда қанша адам ең­бек етеді? Жыл басынан бері атқары­лып жатқан жұмыстардың ауқымы қан­дай?

-Қазіргі таңда аудандық орталық ау­ру­­ханасына қарасты 634 қызметкер бар. Оның 77-сі дәрігерлер, 343-і орта буын қызметкерлері, 120-сы кіші буын қыз­меткерлері, тағы басқа мамандық иелері 110.

Жетістіктерге жеке тоқтала кетсек, 2 дана жедел саты (лифт), 4 «Lada Niva» маркалы автокөлік алынып, Саудакент ауылдық емханасына, Жайылма, Тоғызкент және Жайлаукөл дәрігерлік амбулаториясында қызмет жасайтын дәрі­герге берілді. Сонымен қатар 50 дана моноблок алынды.

Германияның «Siemens» компаниясында өндірілген компьютерлік томография орнатылды.

Аурухананың Г корпусындағы сома­тика бөлімінің бір бөлігінде оңалту орта­лығы ашылып, қажетті құрал-жабдық­тар­мен жабдықталды.

Атап айтсақ, ересектерге және бала­ларға арналған тренажерлар, Оттегі кок­тейль жасайтын аппарат, парафин дайындайтын аппарат, дарсонваль аппараты, арнайы тұз шахтасы бөлмесі орнатылды.

Сонымен қатар аккредитациядан өтіп, бірінші дәрежелі сертификатқа ие болдық.

-Қай салада болсын іс тетігі маман­дардың біліктілігіне байланысты екендігі белгілі. Ауданда дәрігер тапшылығы бар ма? Жас мамандарды жұмысқа ша­қыру бағытында қандай шаруалар қол­ға алы­нуда? Сонымен қатар медицина қыз­меткерлерінің кәсіби біліктілігін арт­­тыру­ға қаншалықты көңіл бөлінуде?

-Аудандық аурухана болған соң маман тапшылығы болып тұрады. Қазіргі таңда жалпы тәжірибелі дәрігерге 3, аку­шер гинекологқа 1, окулист, травматолог, радиолог мамандары бойынша 1 жұмыс орындары бос тұр.

Бос жұмыс орындарына жас мамандарды шақыру бойынша Алматы, Шымкент қалаларында өткен жәрмеңкеге қа­тысып келдім.

Түркістан қаласындағы медицина университетінде окулист, травматолог мамандығы бойынша 2 студентті оқытып жатырмыз. Олар дипломдарын алған соң бізге келіп жұмыс істейтін болады. КТ аппаратының ашылуына байланысты радиолог резидентурасын бітірген маманды жұмысқа шақырдым. Жақын арада жұмысқа орналасады.

Дәрігерлер Ресей Федерациясына, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларға барып, біліктіліктерін арттырып жатыр.

Жақында өзім де Корея еліне барып біліктілігімді арттырдым. Алдағы уа­қытта хирургтарды Корея еліне жіберуді жоспарлап отырмын.

-Бүгінде цифрландыру процесі барлық салаға енгізілуде. Бұл үдерістен Сарысу аудандық орталық ауруханасы да тыс қалмаған болар. Осы бағыттағы жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

-2024 жылдың 17-қазанынан бастап диспансерлік есепте тұратын пациент­терге тегін медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету «Әлеу­­­меттік әмиян» арқылы дәрі-дәр­мек­терді электрондық түрде беру жөнін­дегі пилоттық жобасы іске асырылып, орындалуда.

Егде жастағы тұрғындар немесе «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік серви­сінің қызметтерін пайдалана алмайтын басқа адамдар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жет­кілікті, содан кейін пациенттің қолына тиісті дәрілік заттар беріледі.

Жамбыл облысы әкімдігінің денсау­лық сақтау басқармасы 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап «Цифрлық құжат» «электрондық үкіметтің» сервисінен ұсынылатын пациентті 6-сандық код бойынша сәйкестендіру және FaceID тех­нологиясын пайдалана отырып, пациент­терді сәйкестендіру жұмыстары бас­талғанына байланысты 105 веб-камера алынды. Веб-камералардың барлығы тиіс­ті мамандарға берілді. Мұндағы бас­ты мақсат-жалған жазбаларға жол бермеу.

-«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Расында да ден­саулықты сақтау әр адамның өзіне де тікелей байланысты. Осы орайда тұр­ғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?

-Денсаулық-Алладан берілген аманат деп санаймын, сол үшін әрбір адам денсаулықтарын күтсе деймін. Зиянды әдеттерден аулақ болып, ішімдік ішпесе, темекі шекпесе, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануды қолға алса деген өтінішім бар.

-Қарбалас жұмыстан уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сөз соңында әріптестеріңізге деген ақ тілегіңізді арнасаңыз болады.

-Құрметті әріптестер, сіздерді төл ме­рекелеріңізбен шын жүректен құттық­таймын. Отбасыларыңызға амандық, ден­деріңізге саулық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбатты жүргізген:
Бақыт Жалғас

Leave A Reply

Your email address will not be published.