Сембин
Ол сахнаға жарқ етіп шыға келгенде, бір шетте жұлдыз жанғандай болатын. Әнді аяқтай бере театр іші айқайға тұнып кетеді. Ол көп күттірмей ырғала басып қайта шығады. Сұңғақ сұлу, сымдай тартылған, тәккапар, паң. Алып- ұшпайды. Осынша қошеметтің бәрін қалай көтеріп жүр? Жер ойылып кететіндей әр жер-әр жерден маңғаз басады.Сәл ғана иіледі. Болмашы ғана езу тартады. Аса бір сүйсінгенде сұлу бетінің екі ұшына қызғылт сәуле ойнап шыға келеді. Ал аса риза кейіпке енгенде екі бетінің алабұртқан ұшы тереңдеп, жүрегіңді жұлқып кетердей әдемі бір иірім, үйлесім пайда болады. Бір мезет осынау қайталанбас сәттің тұтқынына айналған жұртшылық жүрегі тоқтап қалғандай, тілін жұтып қойғандай үнсіздік орнайды. Осынау сұлу сәтті, әркім көңіл түкпіріне қондырып алғысы келгендей іштен тынады, іштей сүйсінеді. Одан әрі әнші өзіне ғана тән, сүйекке сіңген сырбаздықпен, жасампаз жаратылысымен жарқ етіп, екі аяғын екі жаққа сәл алшақ тастап, ұшатын қырандай екі иығын қомдап, кеуде тұсы көріктей көтеріліп, бірде екпіні үй жығардай, енді бірде иығында иінағаш майысып, судан қайтқан келіншектің шолпысындай сылдыр қағып, енді бірде даланың жібек желіндей желпіндіріп,тал бойыңнан кір-қоқысты өзімен бірге әлдебір жаққа қанкөбелек ойнатып, ағызып бара жатқан таудың таза, тентек бұлағының сыңғырындай даусымен ел біткенді тілсіз байлап-матап тастайды. Дүн-дүния нұрланып бара жатады. Әр ән, әр ария, әр партия осылай аяқталады. Тағы да айқай, тағы да тамсану, тағы да таң қалу, мақтау, мадақтау, сахнаға ағылған жұрт, ду қол шапалақ. Гүлге оранған сәт… «Қарғашты» айт…«Ақбақай», «Ақбақайды» аңырат… Үйбай-ау, «Шапибай-ау» ше? «Бурылтай» қалып қойды ғой.
Кешегі патша көңіл көрермен бүгінде қазақ опера өнерінде санаулы жылдар ғұмыр кешіп, рухани жағалаудан жабырқау күйде алыстап, тағдыр соқпағы жарқабаққа келіп тірелген Амангелді Сембиннің әр концертін шамамен осылай елестететін болар.
* * *
«Әу» демейтін қазақ жоқ, бір шумақ өлең жазбайтын қазақ жоқ, біз деген батыржанды, ақынжанды халықпыз ғой…»
Осы іспетті арман-аңсарды,биік көңіл-күйді, тіпті сол халықтың болмысын айқын танытатын асқақ сөздерді біз жиі естиміз. Әрі өзіміз жиі айтамыз. Ал енді сәттік көңіл-күйді бейнелейтін осы сөзді тура, шын мағынасында қолдансақ, талайлардың сабасына түсетінін, таланттың, біртуар дарынның алдына келгенде атынан түсіп жол беріп, бәсеңси қалатынына және куәгерміз. Сөйтіп басыңды көп қатыртпай, халық өзі еңбекқор мен таланттың аражігін айырып бере қояды.
Рас, қазақ талантқа кенде емес. Даласы да, қаласы да талантсыз емес. Десек те, әр талант өмірде әр қалай із қалдырады. Кейбіреулер өзі талантты бола тұра, адам ретінде де талантты. Тәңірі берген таланттың қадірін де сезіне білген. Өкінішке орай, таланттың бәрі де сол адами өмірін аялай білмеген. Өмір деген көк мұхиттың толқынында ескексіз қалған. Талантты адамның маңдайына әу баста тағдыр деген ұғым да қоса жазылады десек, сол тағдырдың бұйрығымен өмірден біреу ерте, біреу кеш жылжиды. Сондай аса тағдырлы, аса сирек кездесетін, аса талантты адамның бірі де бірегейі-әнші Амангелді Сембин еді. Әриине, қазір Сембинді сонша бір сүйіспеншілікпен іздеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: біз бұдан былай Сембинді сағынған сайын шын өнердің, шын таланттың бағасын да терең біле түсетін боламыз.
«Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз».
Қай кезде де, қай мәселеде де ақырып теңдік сұрайтын Шерхан Мұртаза айтқан кезіндегі осы бір ауыз сөз дәл кәзір де сол салмағын түсірмей, былайғы айтар ойымызға бастау болғалы тұр.
«Алматы Ақшамы» әнші дүниеден өткеннен бері едәуір материалдар жариялады. «Сембиннің соңғы сұхбаты» жарияланғанда редакцияға телефон шолушылар, хат жазушылар легі көбейді. Біз сол пікірлердің көбісін жарияладық та. Кезінде Президент Аппараты Басшысының орынбасары- Президенттің баспасөз хатшысы болған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің осы бір жарияланымдарға оқырман ретінде айрықша көзқарас білдіруі, бірнеше ұсыныс айтқанынан да жұртшылық хабардар. Хабардар дейтін себебім, тіпті осы мақаланы жазуға да сол азамат себепкер болып отыр. Осыған дейін Сембин жөнінде жеткілікті айттық қой, енді қалғаны тиісті орындардың міндеті деумен ғана шектелеміз ғой десем, онымыз бекер екен. Әсілі, Сембинді тану, бағалау енді басталатын тәрізді. Сембинді аға ұрпақ өкілі білгенімен, орта буын аздап шырамытқанымен, бүгінгі ұрпақ мүлдем білмейтінге ұқсайды. Бүгінгі ұрпақтың кейбір өкілдері теледидарда, баспасөз бетінде текті өнердің төркінін тереңнен іздеп, парасатты әңгіме айтуға емес, кей жағдайда бірін-бірі дәріптеуге, мадақтауға құмар, мәселенің бетін ғана қалқып айтуға, жеңіл сөйлеуге, жеңіл ойлауға құмар. Ал баспасөздің ең алдымен шын мәнінде қай саладағы болмысын бекзат талантқа қызмет етуі қажеттілігін ойлай бермейтініміз де рас.
Таяуда Алматының шетіндегі бір шағын мейрамханада Амангелді Сембиннің дүниеден өтуіне бір жыл толуына орай ас берілді. Іші-бауырыңды елжіретер бір жылы ағыс, нұрлы дауыс-Сембиннің күміс теноры бәрімізді баурап алды. Асқа жүз қаралы кісі жиналды. Көңіл тағы да қоңылтақсып тұрды. Әрине, кейбірімізге қысқа күннің күйбең тіршілігі мойын бұрғызбаған болар, дер кезінде хабар берілмеген шығар, түрлі сылтау табуға болар. Бірақ … Әншінің кезінде дүниеден өткенінен хабарсыз қалған жұрттың ендігі өтер шараларға да құлағы түрік жүруі керек еді ғой. Осындайда басқа жұрттың белсенділігі есіңе түседі. Мәселен, «Комсомолская правда» газеті бір талантты азаматтың ауруханада жатқанынан бастап күнделік жүргізіп жаза бастайды. Ал басқа өркениетті елдер талантты түшкіре қалса, талып қала жаздап жарияланым береді. Осы біздікі неғылған алаңсыздық, қамсыздық?! Осылай кете берсек, бүгінгі, келер ұрпақ таланттың, талантты адамның қадірін қайдан білсін?!
Сембинді сағынған сайын ол жөніндегі әңгімелер де түрлі жағдайда өріледі. Бір әдемі жылы ағыстар ағыны сізді иіріміне тартып бара жатады.
Әрине, кейбіреулер тарапынан «өз қадірін өзі білмеген адам үшін өзгелерді неге кінәлай береміз?» деген ой айтылуы да заңды. Дұрыс. Пікірді қабылдау керек, пікірді құрметтеу керек. Бірақ таразының екі жағы, себепсіз салдар болмайтыны және бар емес пе? Сондықтан екіұшты айтылған пікірге орай терең, парасатты жауап та қайтарылуы керек. Кісі өз қадірін өзі білмеуші ме еді? Оның үстіне ол жай кісі емес, талантты болса ше? Ал талантты кісіге әрісін айтпағанда, Ақаңдар, Абайлар заманынан бері қарай қай қоғамда да өмір сүру оңай болмаған. АҚШ-та талантқа қысым жасаған мемлекеттік этика жөніндегі бас басқарма бар екен. Сол басқарма аса талантты жаралған адамдардың әдетте мынау қарапайым өмірге бейімсіздігін, тіпті тәкаппарлығын, менмендігін (пенде ғой) ескеріп, сол талантты адамдармен жүйелі түрде жұмыс істейді екен. Бізде біреудің біреуге басы ауырмайтын кезімізде өзге елдердің таланттарын сырт көзден, «ит құстан», жаман пиғылды адамдардан осылай қорғаштаған екен. Біз талантты адам мен қабілетті, іскер адамның аражігін айыра біліп жүрміз бе? Қабілет таланттың бір атрибуты ғана. Демек талантты кім, талантсыз кім? Оны кімдер анықтайды? Демек бізде талантты адамдарды қорғайтын, іріктеп отыратын мемлекеттік қамқорлықтағы бір ізгілік институты, басқармасы керек-ақ. Себебі адам, оның ішінде талантты адам-қоғамның, мемлекеттің ең басты байлығы. Тағы да бір тұстан «мүмкін талантты адамдарды енді бесікке бөлеу қажет шығар» деген бөстекі ой да қылтиюы мүмкін. Бұл сөздің де жаны бар, рас талантты адам бала секілді болады. Балалық пен даналақтың арасы бір-ақ қадам» демеп пе еді бір данышпан.
Италияның Милан қаласындағы атақты Ла Скалада Сембинның тұсында 200-дей кеңес әншісі тәжірибеден өтті. Мәселен М.Магомаев, Т.Синявская (Магомаевтың әйелі), М.Биешу, М.Жылқышиев және басқалар. Мыңғыртып жылқы айдаған, дәулескер күйші болған жылқышы Нақыптың баласы атақты ақын Жақсылық Сәтібековтың жетелеуімен Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне келіп түскеннен бастап ауылдан алыстап, Мәскеу, одан соң ит арқасы қияндағы Италияға кетіп, еуропалық бекзат тәрбиемен буыны қатаяды. Қазақтың «Мәскеу көрген», «Ташкент көрген» деуі тегін дейсіз бе? Өзгелерден бұрын өзгеше білім алды, үлкен астаудан ас ішіп, судың тұнығын, тамақтың тазасын жеді. Италияндықтар өзгелерге банкеттерде ән салддырғанда, бұған ән салдыруға тыйым салады екен. Себебі мұның аса сирек кездесетін талантын бағалағандық еді. «Ах, этот серебрянный тенор!»-деп орыстардың тамсанатыны да осы тұс. Міне, Еуропаның кіндігінде әр күні, әр сағатты осылайша көзден таса болмай, ерекше қамқорлықта жүрген адамның қазақи іші тар бәсекеге өзімсініп қарап, бой үйрете алмай қалуы да заңдылық еді ғой.
Дүниені шарлап, тамсандырып келген Сембин отандық сахнада небәрі сегіз жыл ғана тер төкті. Италяның операларын сағаттап жатқа айтатыны өз алдына, «Қыз Жібектегі» Төлеген, «Біржан-Сарадағы» Біржандар қандай бірегей еді. Осы кез ғой Ғабеңдердің «Бар екен ғой, бар екенбіз ғой» деп нұрланып отыратындары. Өкінішке қарай, осынау тектінің тектіні таныған жылдары келте қайырылып еді.
Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі арнайы стипендиясымен Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясында оқыған Сембинді Димекең, басқалар құрметтеді ғой дейтін биік пікірге сол кезгі қоғамдағы бәсекелестіктің пысқырмағаны да және заңдылық еді. Бұған талантты адамның бақайшағынан басына дейін қаруланған интригамен күресуге қашан да дәрменсіз екенін және қосыңыз. Әрине, оған қамқорлық жасауда сол кездегі азаматтардың аянып қалғаны жоқ. Бірақ соның бәріне қарағанда белгілі бір ортадағы, өнер ұжымындағы бәсекелестік ызғары әлденеше есе «құдіретті» еді. Орташа деңгейдегі шенеулікпен ауыз жаласқан орта дауысы бар, орташа таланттың мұның патша көңілін тұқыртуға келгенде әлдеқайда талантты болғанын жасырып жатудың керегі не? Надандық деген дертті ешқандай тәуіптің емдей алмайтыны тәрізді, қоғамда орташа таланттардың ортаны бұзып жүретінін де әлі ешкім ретке келтірген жоқ.
Орташа деңгейдегі шенеулік. Өкінішке қарай, осындайлардың қолына биліктің майлы басы тиеді де, олар талантты адаммен жұмыс істейді. Ең қауіпті жері осы. Ол кеше де болған, бүгін де бар. Талантын, тағдырын шенеуініктер шешкен. Демек тұлпардың тағдыры мәстектің қолында болған. Бір мысал келтірейік.
Бірде Амангелді Сембин бір ірі лауазымды қызметтегі басшының үйінде қонақта болды. Қызметі ірі болғанымен, деңгейі орташа, парасатты, пайымы, білімі орташа. Бұл әншінің атағы аспандап тұрған шағы. Сәлден соң жұрт желпінеді, қызады. Бір мезетте барып үй иесі: «Мына Амангелдіні мен ән салу үшін шақыртып едім»,-дейді ғой. Міне, әлгі заһар судан татып алмай жүрген талантқа атылған оқпен бірдей еді. Көрдіңіз бе, біздің шенеуініктер талантпен қалай жұмыс істейді? Біз осы сөзбен, осы пиғылымен кәзірдің өзінде талай талантты тойдың әншісіне айналдырып жүрген жоқпыз ба? Әрине, жұрттың бәрі Тасмағанбетов емес, талантын тап басып танып, әкесі жасамаған жақсылықты жасап, аяп жүретін. Бәйге атын цирк атымен шатастыратын әлгі орташа шенеуніктер ғой сорымыз. Бұдан кейін әншінің ғазиз жүрегін жаралаған мұндай сәттер аз болды дей аласыз ба?
Сол орташа деңгейдегі шенеуніктердің кесірінен біз ұзақ жылдар бойы талантты адам мен еңбекқор адамды қасақана шатастырып келдік. Таланттың қор болуы, талқандалуы еңбектің қадіріне жеткізбеуден, еңбектенуіне ерік бермеуден, жағдай жасалмауынан еді. Әр кезеңде дарынды адамдарды қамқорлыққа алудан, бағалаудан, тәрбиелеуден гөрі табалаудың басым боп келгені рас. Көпе-көрнеу қиянатқа, қорлыққа талантты адам ешқашан көнбейді. Оның нәзік жаратылысы қиямет-қайымға толы жолда қауқарсыз қалады. «Талант-әділетсіздікке қарсылық» деген сөзде өмірдің бар пәлсапасы жатыр. М.Монтьеннің айтуынша, адамдардың жарты өмірі құр бос сөзбен өтеді екен. Ал талантты адамдардың жарты өмірі немесе бүкіл өмірі күреспен өтетінін дәлелдеп жатудың қажеті бар ма? Жолда талант жалғыз дәрменсіз, себебі оның пікірі, көзқарасы керенау қоғамнан қолдау таппайды.
Ф. Ницшенің : «Талант үшін даңғыл жол болмайды, оның өмірі кезеңдермен ұдайы күресте, қайшылықта өтеді»,- деген сөзі осы ойдың өрісін кеңейте түседі.
Белгілі ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Ең алғаш өлең жазған күнімді өле-өлгенше жек көремін» деген сипаттағы сөзі бар. Неге жек көреді? Себебі көп болар. Менің ұққаным, ол сол жазудың жемісін дүниеден көшкенше көре алмай кеткен адам. Ол мені марапаттамады, наградтамады демейді. Титтей көңілге зәру еді. «Мен де адаммын ғой, бір нәрсеге қабілетті етіп жаратқан соң соның нәтижесін көруім керек емес пе?»-деп іштей үнсіз өксіп өтті өмірден.
Атақты жазушы Т.Әлімқұловтың, атақты музыкант Ә.Толғанбаевтың, атақты суретшілер С.Айтбаевтың, М.Аманжоловтың, Т.Тоғысбаевтың, режиссер А.Шәжімбайдың және басқалардың тағдыры менің әлі күнге көз алдымда. Тіпті бұл кісілерге өмірі ұқсай бермейтін, дүниенің атағын алған Таңсықбаевтың көзін көрмесек те, тағдырының оңай болмағанын талай мәрте ойша толғауға да талпыныс жасадық. Бірақ осылардың бір басынан асып кеткен соншалықты қиын тағдырына кезінде көз жұма қарамай, қалам қуатын батыл байқатқанымызда, біз көп дерттің алдын алған болар ма едік?
Орал ағаның зайыбы Елизавета апайдың белгілі эстет-жазушы Пернебай Дүйсенбинге жазған хаттары, суретшінің ұлы Мұхтар Әуезовпен, Әбілхан Қастеевпен, Хакімжан Наурызбаевпен сырласқан сәттерінің бәрінен де таланттың жабырқаған көңіл-күйін аңғару қиын емес. Әсіресе, ұлы Мұхтар досын сағынғанда Құрманғазының күйлерін, Огинскийдің «Поленезін» өліп-өшіп тыңдайтыны көп беймәлім сырдан хабар бермей ме? Тіпті суретшінің бір күнделігінде: «Өзіңнің туған өлкеңнен тыс жерде өмір сүріп, суреткерлік болмысыңды таныту мүмкін де емес» деп жазуы бәрін айқайлап айтып тұрған жоқ па?
Біздің бұл таңдап алғанымыз уақыт қиырына бойлайтын тылсым, тың тақырып болса керек. Оқырманға өз ойымызды жеткізе алу жолындамыз ба білмеймін, әйтеуір осы тақырыптың жайына жабысып, бірдеңе дегің-ақ келеді.
Айтпақшы Толғанбаев туралы бір сөз. «Түркістан легионында» тұтқында болған, Мұстафа Шоқайдың көзін көрген, бүкіл Еуропаны аралап концерт берген, Мейерхольдтармен бірге жүрген әйгілі музыкант Әйткеш Толғанбаев та өмір-бақи әлгі бір мекеменің құрығынан қашып құтыла алмай көз жұмды. Сол бір қиын жылдарда консерваторияны басқарған Ғазиза Ахметқызы Жұбанова Әйтекеңнің тағдырына шырылдап араша түсті. Егер Ғазиза болмаса, мен кім едім деген Әйтекеңнің әңгімесі әлі күнге жадымда жаңғырады. Салахетдин (Қалжан) Айтбаевтың картиналарынан ұлтшылдық сарын ізденген Мәскеу «Молодая гвардия» журналында суретшіні сойып салғанда, әріптестерінің үнсіздігі, бейқамдығы оған екі есе соққы болған еді. Кешегі шет жұртта жүріп «Қобызшы қорқытты» жазған Мәжит Айтбаев бауырымыз да өз елінде өстіп өгейдің күйін кешіп жүріп, өмірден өтіп кетті. Кешегі 60-жылдары бейнелеу өнеріндегі Олжасымыз тәрізді ғұмыр кешкен Айтбаевтарды кәзір іздеп жатқан жан бар ма? Мағауия суретші болса, тал түсте ғайып болып кетті.
Бір кездері шамаданын кітапқа толтырып алып, Арқаға жалаңаяқ кеткен Сембиннің тағдыры Айтбаевтардың тағдырына қалай-қалай ұқсайды? Таңсықбаев Ташкентті паналап жүргенде, Сембинді де қолқалап қоймағаны бар. Бір кезде Ахмет Жұбановты да осы Бішкек бауырына басқысы келгені есіңізде болар Сембин Алматыны Арқаға ауыстырды, не болса да ел ішінде көрейін деп тектілікті тұғырынан таймағанын танытты. Несін айтасыз, шын таланттар көбіне жалғыздық терең тұңғиық. Ол қайғы-қасіреттің бір бұтағы. Тәуекелшіл, тәубешіл таланттар сол тұңғиыққа батып кетіп жатты.
Бірде Өзағаң-Өзбекәлі Жәнібековтың де әншінің тағдырынан өте кеш хабардар болғанына өкініп, еске алғаны бар. Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенде бір облыстан алты ансамбль шығарған Өзағаң Амангелдіні сол ортаға қайтып қосуға әрекеттенгені және бар. Бірақ бәрі де кеш еді. Оның өнерпаздық қуаты ол кезде жағалаудан алыстап бара жатған толқындай еді, толқын жағаға лақтырып тастаған дөңбек ағаштай еді. Ол заманда Ілияс Есенберлин де әнші тағдырына араласып, онысынан түк шықпаған соң бір кейіпкердің прототипі етіп алуға ғана шамасы жетті. Сұлу дауыс, сұлу өнер дегені ғой. Белгілі ақын Тынышбай Рахымның әнші жөніндегі очеркінің белгілі басылымда жарияланбай, қорғасынының күресінге лақтырылатыны да осы кез. Естуімше, әншіге жасалған осы сипаттағы сұмдықтар аз болмағанға ұқсайды.
Талантты адамдар әсте бір-бірін тез түсінеді. Көбіне іштей ұғысады, іштей мойындайды, іштей түсінеді. Бізде айқайлап мойындау жоқ. Айқайлап мойындаудың өзі ерлікке бара-бар қасиет пе деймін.
Мәселен, Мағауиннің Кекілбаевты классик дегені тәрізді. Кәзір 70 жылдығын өткізіп жатқан Олжасты үлкен сахнада тұрып М.Әуезовтің «ұлы» дегені тәрізді. Іштей ұғынып, іштей мойындап, сыртқа шығармай кеткен сезімнен басқаны қайдам, ұлттың азап шегетіні ақиқат. Қазақтың кірпияз өнердегі өкілдері бір-бірін батыр деп жатса, Амангелді үлкен сахнада сегіз жыл емес, бірнеше сегіз жыл жүрер ме еді. Сахнаға сыймай кеткен жоқ, сыйыспай кеткен жоқ па? Осының бәрі көбіне айналып келгенде, ортаны бермей жүретін орташа таланттардың ісі.
Сембинді кезінде қатар жүргендердің көбісі де іштей мойындады. Дауыстап айтсам, асырып жіберем ба деді, сыбырлап айтсам, жетер жеріне жел үрлеп жеткізе ма деп те күдіктенеді. Содан да болар, бәлкім, Сембин жөнінде баспасөз бетінде де аз жазылды. Содан да болар, бәлкім, насихаты аз деді ме, ол өзіне тиесілі атақтан да кеш қалды. Бір тойды атқаруға ғана даусы жететіндердің, өмірінде бір кітапты тауысып оқымағандардың, тойдың, салтанаттың әншілерінің салтанаты асып жатты. Осыдан оншақты жыл бұрын «Егемен Қазақстанның» руханият бөлімінде істеп жүргенімде: «Сол жайсаңдар қайда екен?» деген айдар ашып, көрінбей кеткен белгілі адамдар жөнінде мақала бере бастадық. Сол күндері Амангелді Сембинді көп іздеп, Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтынан (кәзіргі өнер академиясы) таптым. Айекең ән кафедрасында екен. Баяғыдай шырқап салар дауыс жоқ. «Сырлы аяқтың сыны кетсе де, сыры кетпес» демекші, есесіне ән әлемі турасында әбден ашылған еді. «Егемен Қазақстанда» «Қарғаш» атты эссе жарияланды. Редакцияға көп оқырман хабарласып, әншінің өмірі туралы мағлұмат алғанына ризашылықтарын білдіріп жатты. Сол жолы ұққанымыз, оны көп жұрт іздейді екен, сағынады екен. Көбісі «даусы бар ма екен әлі» деп сұрайды. Байқадыңыз ба, дауысын сұрайды. Кейіннен әншіге Заманбек Нұрқаділов пен Шерхан Мұртазаның арқасында «Мамыр» ықшам ауданынан 4 бөлмелі пәтер берілді. Шерағаң «Қазақстан» телерадиокорпорациясына барғанда бірді-екілі әндерін таптырып, эфирге шығарды. Өкінішке қарай, әншінің көп репертуары теледидар қорында сақталмаған болып шықты. Бұдан өткен қылмыс болар ма? Дүниедегі ең сорақылық-рухани қылмысқа жол беру болса керек. Әншінің нұрлы даусының не жазығы бар? Бұл әрі-беріден соң ұлттың енді қайта тумас байлығы емес пе?
Талантты талант қана түсінеді, таниды.
Талантты түсіну үшін де талант керек.
Есімнен кетпейтін айрықша бір сәт-«Қарғаш» эссесі жарияланғаннан кейін әншінің өзі редакцияға рахмет айтып келді. Аян Нысаналиннің кабинетінде Айекең Асқар Сүлейменовпен кездесті. Асекеңнің сондағы әншіні көргендегі қалпы, айтқан сөзі, еш жасандылық жоқ диалогтар әлі күнге көңіл түкпірінде сайрап тұр. Ертеректе қағазға түскен сол диалогтар шамамен былай өріліп еді: -Слушай, өткенде сен туралы бір газеттен оқыдым. Тауып жазған екен. Шик…Бірақ сол осыдан кемі он жыл бұрын жазылуы керек еді. Распад личности деген осы. Шәкеңнің арқасы ғой. Ә, мұрт па? Мұрт мәрт қой. Ондай мұрттар мало.
Күздің қара суығында ұшырасқан екеуі қауқылдасып жатты. Баяғы бас жаратын әзілдері жоқ. Сөздерінен тектіліктің тұқылы ғана байқалады. Ауыр тыныстайды, сынық сөйлейді.
Асекеңнің ішетіні қою кофе, темекіні үздіксіз тартады. Әншінің бір түрлі көңілі босады. Ащы суға ұсыныс жасалып еді, Айекең: «Таздан тарақ қалғалы қашан?»- деді. Мұндайда қарап қалатын Асекең бе, үстемелетіп сөйлеп жіберді.
-Осыдан он жыл бұрын молда болу керек еді. Енді кеш, құрметтім, тым кеш. Ендігің дүмшелік. Сен қылмыскерсің халық алдында. Өйткені тәңіріңнің сыйлаған алабөтен дауысын өз қолыңмен тәрк еттің, талантты тұншықтырдың.
-Ағатай-ай, өткенді еске салғалы тұрсыз-ау.
-Еске салып қайтейін, мынадай бір сөз айтқым келеді. Қалай қабылдайсың, өзің білесің, әрине. Бірақ сенің алдыңнан әлі сөзім қайтқан емес. Біздің елде талантты құртудың түрлі тәсілдері болған. Мен соның шет жағасын таяуда бір газетте айттым. Пәтшағарлар үзіп-жұлқып берді. Жарайды, ол жағы не важно. Сонымен қалай десеңші?!
-Айта беріңіз, Асқар аға, менің сізді құлай тыңдайтынымды білесіз ғой. Ағамды көргендей болып тұрмын. Сіз рухани ағамдай болып едіңіз ғой, ұмытқансыз ба?
-Біздің қоғамда талантты тұншықтырудың таптырмас тәсілдері- қызметке өсіру, ертерек арақпен ауыздандыру, болмаса пенсияға шығарып жіберу. Ар жағын өздері біледі. Айтпақшы, сонан соң түбін түсіріп көзіне мақтау, сыртынан даттау, сен-сол мақтаудың құрбанысың. Дұрысы, кезеңнің құрбанысың, сенің түбіңе жеткен-система.
-Осылай қарайып жүргенімізге де шүкір дейміз ғой.
— Талантты тентіретіп жіберудің тағы бір таптырмас тәсілі- әріптестерінің үнсіздігі. Әдейі үнсіздік, қыжыл үнсіздік.
-Әдемі айттыңыз-ау, аға!
— Мен емес айтқан, Шопенгауэр.
— Шопенгауэрдің сізден қай жері артық?
-Сен, итальянец, бұл жолы құтылып кеттің, оңай құтылып кеттің? Мен сені көп іздедім ғой. Ғафу ет, сен сері едің, сүмпиіп қалыпсың.
Әншінің сол сәттегі жүзіне терең үңіліп қараған жан көп шындыққа көз жеткізіп, тұла бойы түршіккен болар еді. Бір қарағанда жай әңгіме көрінетін осы бір сәттің көкіректі удай ашытатын ызғары сұмдық еді.
Не болды? Қалай сөнді отың ішкі?
Қаладың қалай әнсіз отырысты?
Гауһарын табиғаттың жаныңдағы
Теңізге тастағаның өкінішті…
Кезінде Ақандай құса болып Арқаны кезіп кеткен әншіні көрнекті Күләш ақын да осылай іздеп еді.
Сембинді сағынғанда, айтар әңгіме теңіздің қайтуы тәрізді, бір келіп, бір кетіп тұрады. Айтатын нәрсе көп. Соның бәрін жүйелеп айтуға да көкіректі емін-еркін жайлап алып, әр қиялға алып ұшатын сезім де ерік бермейді. Біз Сембинді жылдар бойы жоғалтып алғанбыз. Енді жоғалтпауымыз керек, енді бағасын беруіміз керек, бағалауымыз керек. Мамандар оның әншілік қуатынын сырын, қасиетін саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына айналдыруы керек. Теледидар, радио бұрынғы ән таспаларындағы дауысын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-концерт дайындауы қажет. Оның даусындағы шығармашылық болмысындағы ерекшеліктер керек болса арнайы ғылыми-теориялық конференциялардың арқауына айналуы қажет. Өзі, шығармашылығы жөніндегі жарияланымдардың басын біріктіріп, арнайы кітап шығарған жөн. Міне, сөйтіп Сембиннің жаңа дәуірі басталуы әбден қажет. Сөйтіп рухани дүние бүтінделуі қажет.
Таланттың бір баламасы-тағдыр болса керек. Амангелді Сембин осынау зымыран жылдар ішінде бір кісінің, бәлкім бірнеше кісінің, басынан өтетін тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Ол үшін, әрине, ең алдымен адам өзін кінәласа керек. Төлеген ақын айтқандай, “Ақындық деген бұл өзі аузында болу сыздаған әрбір жараның“ демекші, адамға ғұмыр кешу қай кезде де оңай болмаған. Бәлкім, Сембинге тәңірі осынша өлшеусіз дауыс бере тұра, пендесін сынау үшін, тәубесіне келтіру үшін де сонша соқтықпалы, соқпақты тағдыр да берген шығар. Сол тағдырдың одан сайын күрделі, қылкөпір болуына қызғаныш деген қызыл иттің еткен қызметі де аз емес болар.
Тәңірінің талантқа ғана тән тәкаппар мінез сыйлауы да бар ғой. Әншінің турашылдығы, ешкімнің алдында илікпейтіндігі сол тағдырдың бояуын қалыңдата түскен секілді.
Сембинді сағынған сайын біз таланттың қадірін біле түсетін болармыз. Маңдайына жел тигізбей, алақанға сала білсек, ендігі талай таланттың бағы ашылып, пендешілік қасиеттен ерте арылуына көп көмектескен болармыз. Несін жасырамыз, талантты тануда рухшылдықтың емес, рушылдықтың алға шығып кететіні де бір арылмас сорымыз болып тұр ғой.
Енді біздің қолымыздан келетіні-Сембинді сағыну ғана. Әншіні орнымен мадақтай отырып, өз өмірінен де кемшілік іздей отырып, жалпы таланттар туралы, тағдыр туралы толғадық. Осының бәрінен түйгеніміз…
Қоғамды кемелдендіретін де, мемлекет мәртебесін көтеретін де-дарынды адамдар. Мемлекет сол адамдардың бар ақыл-ойын, қабілетін саналы түрде реттеп отыратын аппарат, мәшине. Мемлекект талантты, оның әлеуетін пайдалануы керек. Асқар Сүлейменовтің бір кейіпкері ’’мен әйелге емес, адамға зәрумін’’дейді. Демек әйелдің таланттысына, адамның дарындысына зәру ғой. Сол сияқты қоғам да, мемлекет те қашанда талантқа тәуелді, зәру. Сондықтан таланттың қадіріне жете білсек, өткеніміз туралы өкініп жазатын әңгіменің өрісі де тарыла бермек. Амангелді Сембиннің алабөтен тағдырының әңгіме өзегіне айналып, өткен кезеңнің бір күрделі сабағы ретінде қарастыруымыз да тектен-тек емес.
Тәңірінің алабөтен сыйынан-таланттан талтүсте айырылғаннан сақтасын.
Сембин туралы аңызға бергісіз әңгіме айтатындардың есте қалар бір есті сөзі мынау: Дүниеге сыймай кеткен талант-ай!
Қали Сәрсенбай,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті,
халықаралық ТүркСОЙ сыйлығының лауреаты
«Егемен Қазақстан»