Ла Скалада жайылған жалғыз арша
Операның Меккесі-Миланда екі жыл ән салған Амангелді Сембин қазір қайда? «…Одан кейін менің өмірімде қас дұшпаныма да тілемейтін қаралы күндер басталды. Жанымдағы жарым жарқабақтан итерді. Маңымдағы «майдандастардың» қойыны толы тас болып шықты. «Өлсек, қабіріміз бірге» деп жүргендердің жүрегі бір-ақ сәтте мұзға айналды. М.Мақатаевтың «Қарғыс » атты өлеңі көз алдымда бейнелі түрде дөңгелеп бара жатты…»
Жайлауда
Ерте көктемде, жер тебіндей бастағанда жылқышы ауылы жайлауға қарай қопарыла көшеді. Көнерген шешен домбырасын көш бастаушыға қиыла табыстаған Нақып та жылқылардың бас-аяғын түгендеп, Арқаға ауған көшке ілеседі. Санасына күй сарыны құйылуда. Дәулескер күйші бабасы Сүгірдің шалқымалары жүрегінде күмбірлеп тұр. Домбырасыз күні қараң. Содан да болу керек, балаларының ешбіреуі де өнерден кенде емес.
… Нақыптың жайлаудағы қонысы-кішігірім өнер ошағы. Ары өткен, бері өткеннің бірде біреуі бас сұқпай кетпейді, асығып бара жатқаннан ат үстінен бір саптыаяқ қымыз сіміре кетеді. Осындай қызығы бөлек көп күндердің жазға ілінер тұсында 8-класта оқитын ұлы Амангелді жайлауға келді. Әкесі ұлының келгеніне балаша қуанды. Арқасы кеңіп, қолы ұзарды, алайда қабағы түсіңкі Амангелдінің жүзінен әкесі де бір нәрсені сезді. Сұрады. Ұлы да ашып салды: -Оқымаймын. Мұғалім Көкен кешке дейін қағажу көрсетеді. Соғады…Сізбен бірге болам… –Құп, құлыным! Қасымда бол.Екеуміз жылқы бағамыз,- деді әкесі. Сөйтіп қас пен көздің арасында мәселе шешілді де кетті. Амангелді таң бозынан тұрып жылқыларды түгендеп, суатқа құлатып келеді. Арқаның жайлауында желіп жүріп айтқан әніңді жел ала қашады. Сағым дала. Амангелді «Айнамкөз», «Алқоңыр», «Ақбақайларды» сызылтқанда дала да тына қалады. Алайда, әнші баланың көкірегіндегі бір ғана арманы-Асанәлідей актер болу. Асанәлінің экрандағы сомдаған бейнелері ойнаған ойынан бір сәт кетпей қойды. Амангелді ат үстінде жүріп, жазды жарымдап қалды. Жайлауға бірі келіп, бірі кетеді. Сөйтіп жүргенде жанында бір топ адамы бар ақын Жақсылық Сәттібеков келе қалсын. Демде қазан асылып, мәзір дайындалды… Гу-гу әңгіме..өлең-жыр…ән-күй…Қонақтар болған екі күннің ішінде Амангелді де өз өнерін көрсетіп үлгерді. Өзгеше құйылған дауысқа бәрі таңдай қағысты. Көптің ішінен ақын Жақсылық Сәтібеков Нақып ағаға ұсыныс айтты:
— Ұлыңыздың өнері тұнып тұр екен. Баланың бағын байламаңыз. Мен өзіммен бірге алып кетейін. Оқысын. Жамбылдағы «Культпро… -Ол қандай оқу?-деді әкесі.
– Өнер әлеміне қанат қаққандарды дайындайтын ұстахана,-деді ақын.-Ол жерден актер болып шыға алам ба?-деп сөзге Амангелдінің өзі араласты.- Сөз жоқ,-деді Жақсылық. Әке де мақұл болды. Осы күннен бастап Амангелдінің аяғындағы керзі етік мәңгіге шешілді.
Ұшақпен қарсы алынған студент
Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесін тегіс беспен аяқтаған Амангелді тіке Алматыға тартты. Санада баяғы арман-Асанәлідей актер болу. Шәкен Аймановтың алдына барып, «айтқанынан қайтпан» деп отырып алыпты. Осы уақыт Мәскеудегі Бүкілодақтық Мемлекеттік Киноматография институтына (ВГИК) талапкерлер тізімі дайындалып жатқан кез екен. Амангелдінің өнеріне, бір жағы қайсарлығына тәнті болған Шәкен Айманов ұзын сонар тізімнің соңына Сембинді тіркеп, құжаттарды, талапкерлерді Мәскеуге бастап баратын «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық бөлімінің бастығы Мереке Майлинге (Бейімбет Майлиннің баласы) табыс еткен. Ол Мәскеудегі өкілдігі арқылы Амангелдіні ВГИК-тің ректорымен жолықтыруды көздеді. Ойға алған мақсат та жүзеге асты. Бір түйір орысша білмейтін дала баласы ректордың алдында тұр. Ректордың айтқан сөзін түсінбеген Сембин қатты қысылса керек. Қазақстан өкілі ректорға «Бұл баланы тек тыңдау керек» деп қолқа салыпты. «Олай болса, тыңдайық» деген ыңғай танытты ректор. Ән салу керектігін түсінген Амангелді «әңгімені» «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да»,-деп бастайды. Одан әрі «Ақбақайға» ауысады. Кең диапазонды тенор дауыс «Қарғашқа» келіп тірелген екен. Екі көзі бал-бұл жанған ректор дән риза: — ВГИК мұндай таланттың адымын тарылтады. Бұл азаматтың орны-екі Ленин орденін иемденген, бүкіл әлем мойындайтын Чайковский атындағы консерватория. Егер ол жерге қабылданбай қалса, ВГИК-ке конкурссыз түсетін болады,-деп сөзін беріпті. Тіпті консерватория басшысына ректор өзі ертіп барды. Сонда Чайковский атындағы оқу ордасына құжаттарын тапсырған 800 баланың ішінен өнері озған 25-ақ бала қабылданды.Біреуі қазақ баласы-19 жастағы Амангелді Сембин еді. Іле-шала екі күннен кейін «Орыс әдебиеті мен өнерінің Алматыдағы 10 күндігі» басталды. Он күндіктің ашылу салтанатында сөйлеген КСРО Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Г Владикин өз сөзін : «800 баладан суырылып шыққан 25 талапкерлердің бірі-шопанның баласы Амангелді Сембин қазақ өнерінің мақтанышы» деп түйіндепті.
Жаңалықшыл «Қазақ әдебиеті» газеті Жамбылдағы оқу орнына арнайы суретін алдырып, театр сыншысы Қажығұмар Қуандықовтың А. Сембин туралы мақаласын бірінші болып жариялап жіберді. Орталық Комитеттен Шәріпов бастап, Қарағанды облыстық атқару комитеттің төрағасы Байкен Әшімов қоштап, студентті ұшақпен қарсы алу қамына кірісіп те кеткен. …Бұл 1964 жылдың жазы болатын.
Қонаев тағайындаған стипендия
Амангелді он бес күн жайлауда болып, Мәскеуге оқуына келген. Ақпарат құралдарынан құлағдар болған Қонаев дереу Мәскеудегі жұмыс орнында Амангелдіні қабылдайтын болып шешіпті. Жатақханасында жатқан Амангелді Сембин Дінмұхаммед Қонаев қабылдайтынын естіп, қатты қобалжыды. Қазақ ұлтының асып туған қайраткерінің алдын көру-екінің бірінің маңдайына жазылған бақ емес. Қабылдауында болды. Біраз әңгімелесті. Жеке өмірімен танысып, одан арғы әңгіме өнер жайына ойысса керек. Өнерді құрметтейтін екі басшы болса, соның бірі-Қонаев. Көптеген ақыл-кеңесін айта келе, қабылдауының соңында жас дарын Амангелді Сембинге өз атынан 100 сом стипендия тағайындап, келешегіне табыс тілеп, батасын беріпті. Қамқорлық осындай-ақ болар!
* * *
1970 жылы Қазақстанның 30 жылдығына арналған салтанатты мәжілістен кейін 4-курс студенті Амангелді Сембинді ән салдырту үшін Л.И.Брежнев Мәскеуден арнайы шақыртқан. Сахнаға көтеріліп, қолын алды. Талант жас талғамайды. Сәтімен құлға да бас июге болады.
Амангелді Сембин жеті жыл Мәскеуде білім алды. 19971 жылы оқуын абыроймен аяқтап, елге оралды. Кәсіби музыканың «отымен кіріп, күлімен шыққан» Сембин Қазақстанға үлкен біліммен келді. Келген бетте Абай атындағы опера және балет театрына орналасты. Алғашында Амангелді Сембин сахнаға Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген партиясын алып шыққан. Қыз Жібек партиясын Бибігүл Төлегенова орындады. Халық Сембинге тік тұрып қол соқты. Әр қойылым сайын аншлаг! Көрермен Сембинді іздеп жүріп көретінді шығарды. Қолпаш басталды да кетті…Үкіметтік концерттер мен гастрольдік сапарлардың афишасы Сембинсіз ілінбейді. Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Р.Жамановалармен қатар қанат қаққан жас талантқа көпшіліктің аңсары айрықша ауа бастаған кезі еді бұл …
Ла Скалада ән салған жалғыз қазақ
Операның жалғыз отаны-Италия, Меккесі-Ла Скала. Миландағы Ла Скала опера театрының сахнасына шығып, ән салған өнер иесіне дүниенің төрт қақпасы түгел ашық деген сөз. Мәскеуден шығып, Францияны тамсандыра алмайсыз. Ла Скала сахнасы бүтін әдемге жолдама береді. Мойындаттырады. Ермек, Бибігүлдердің табаны тимеген Ла Скалада Амангелді Сембин екі жыл ән салды. Мұндай дәрежеге сол жылы бүкіл одақтан үш-ақ адам қол жеткізген-эстониялық Мати Пальм, ресейлік Юрий Статник және қазақстандық Амангелді Сембин. Бұл 1973 жыл болатын.
Кейіпкер монологі
Ла Скалаға Одақтың атынан барған соң мені бәрі орыс деп қабылдады. Қазақ деген ұлтты өңі түгіл түсінде де көрмеген. Мен бұл театрға М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын алып бардым. Бір қызығы, итальяндықтар бұл туындыны өз шығармаларына қатты ұқсатты. Әрине, оның себебі-қайталанбас тұлға Мұқан Төлебаевтың ұлылығында.
Одақтан барған операшылардың дауыстарын Ла Скала жоғары бағалайды, бірақ бізде ән айту мәдениеті жетіспейді. Аты аңызға айналған театр біздің осы кемшіліктерімізді түгендеп берді. Ән айту мәдениеті жетіспеген жерде сахнаға шығып, арамтер болудың қажеті шамалы.
Жалпы Ла Скала театрының сахнасында өнер көрсету-жанның рақаты. Көрермендердің операны қабылдауы, тыңдауы жан сүйсінтеді. Мәселен, кез келген аула сыпырушы, көлік жүргізуші, аспазшы, етікші, басқа да маман иелері күндізгі қаурыт тіршіліктерінен қол үзіп, кешкісін опера тыңдауға келгенде, мүлде өзгеріп кетеді. Бір жерде қателестің бе, тап басып таниды, одан соң бар беделден айырыласың. Ал одан кейінгі жауапкершілікті сезіне беріңіз. Менің Ла Скалада болған екі жылым-ең жұлдызды сәттерім. Бүтін жұмыр жерге аты жайылған тенор Лучано Павороттиді екі жыл тыңдау-қазақ баласына Жаратқанның жасаған жалғыз сыйы. Сол жылдарды бүгіндері аса зор сағынышпен еске аламын. 1975 жылы Миланнан келген соң опера театрындағы жұмысымды одан әрі жалғастыра бердім. Сол жылы Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова мен Францияда бір жарым ай гастрольде болып келдік. Бұл да тәлімі мол сапар еді… Бір жылдан кейін, 30-дан асқан шағымда «Қазақстанға еңбек сіңірген әртісі» атағын алдым. Одан кейін менің өмірімде қас дұшпаныма да тілемейтін қаралы күндер басталды. М.Мақатаевтың «Қарғыс» атты өлеңі көз алдымда бейнелі түрде дөңгелеп бара жатты.
Тағдыр
Аса мәртебелі талант көше кезіп бара жатыр. Бір күн әнсіз өмір сүре алмайтын өнер иесінің сахна көрмегеніне екі жыл. Таң қыла бере өз өмірінен бір сәт бөлектете алмайтын Абай атындағы опера және балет театры ғимаратының тұсынан таланттың тағы бір таңы басталады. Күн ұзаққа осы маңда жүретін Амангелдіні олар күн сайын көреді. Осы жүрісі оларға ләззат сыйлайды.
Жолдың қарсы бетіндегі еңселі ғимараттың алтыншы қабатындағы дәмханаға күн сайын бас сұғатын ақындар ғана Сембинді жүректерінен жоғалтқан жоқ. Ал өзгелер оны мүсіркейді, бәзбіреулер табалайды. Енді біреулер «жерінің» кеңейгеніне масайрап жүр. Ал Амангелдінің санасында сол бір төрт жол өлең күн сайын жаңғыра береді:
«Сен бастығыңды айттың,
Жалынып жалпаңдайтұғын.
Мен жастығымды айттым,
Тауларды талқандайтұғын…»
Түс ауа «Тереңқұрға» тартады. Оңаша жерге барып Пучинидің «Богема» операсындағы Рудольф ариясын армансыз ағытады. Одан әрі Вердидің «Риголеттасындағы» Герцог партиясы аңғар ішін жаңғырықтырады. Бұл кезде театр сахнасында да ән шырқалып жатады. Бірақ табиғаттағы дауыс әлдеқайда әсерлілеу. Құлаған теректің үстіне отырып алып, ұзақ ойланады. Есіне Мәскеудің Үлкен театрындағы сахнаға сүрініп-қабынып жүгіре шыққан орыс кемпірі түсті. Кезекті гастрольдік сапар болатын. Сахнаға көтерілген тенор Амангелді Сембин рояльдің сүйемелдеуімен «Мама», «Ғашық солдат» әндерін шабыттана шырқаған. Ән біте сала сілтідей тынған халық жапырылып қалды. Қолында бір шоқ гүлі бар әлгі орыс кемпір қалтаңдап келіп Амангелдіні «Я еще хочу жить» деп қапсыра құшақтаған. Осы сөз көз алдында сурет болып қалыпты.
«Мен әлі өмір сүргім келеді». Қас қарая тағдырға бай талант қалаға қарай жүріп кетті.
«Бір сипауым кем болды-ау!…»
-Аға, ашып айтыңызшы, сахнадан қол үзіп, сырт кетуге не себеп болды?
— Себебі көп қой. Ең біріншісі, үйдегі «мусор» далаға шықты. Ал менің жеке басымның шаруасында елдің шатағы қанша? Одан кейін рольден қақты, Ең алған Төлеген партиясын қалай орындағанымды халық біледі Мұны КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Байғали Досымжанов ағамыз түсінбей-ақ қойды. Екінші орынға сырғыта берді. Сонда Байғали ағама бір үйде қатар өскен екі бала туралы әңгіме айтып бергем. Оның біреуі, әрине, бір сипауы кем тұл жетім болатын. Мен сол күйді кешіп қалдым десем болады. Бұдан өзге де кедергілер белшеден келді. Қысқасы, тобықтан қағуға келгенде шебер-ақ халық екенбіз. Соны білдім.
— Екі жылдан аса жұмыссыз жүрдіңіз. Екі жыл емес, екі ай сахна көрмесе операшы бар байлығынан айырылады, ал мынау нағыз…Сізді іздегендер болды ма? Көше кезген күндерден қалған елестер бар ма? Ол да бір өмір ғой…
— Аласұрып Алматы көшелеріне сыймай жүрген күндердің бірі болатын. Бір күні көшеден Қалтай Мұхамеджанов ағамызбен кездесіп қалдым «Әй, Амангелді, бері кел!»-деп шақырды. Жағдайдың бәрін түсініп тұр «Саған қанша адамның қиянат қылғанын, қанша адамның шарап бергенін түр-түсіне дейін айтып бере алам. Бірақ оларды ату қолдан келмейді. Менің бір ғана өкінішім сендей асыл азаматты бүкіл ел жоғалтып алды. Осыны ойлаған сайын жүрегім жылап қоя береді»,-деп үлкен жүректігін көрсетті. Аңырып тұрып қалдым. Енді не істеймін?
Жалпы менің биіктен құлауыма мақтау, қолпаштау және көреалмаушылық себеп болды. Көмектескендер де жоқ емес. Басы біртуар қайраткер Д. Қонаевтан бастап, М.Есеналиев, Ө. Жәнібеков, К. Шалабаев, басқа да азаматтарға екі дүниеде де басымды иемін.
-Сіз Дінмұхаммед Ахметұлын кейін іздеп барған жоқсыз ба? Амандасу үшін?
-Бұл кісі уақыттың құрығынан дараланған тұлға ғой. Қонаев: «Әлгі бала қайда?»-деп жиі сұрайды екен. Осының өзі менің әріптестерімнің қызғанышын туғызған көрінеді…Тағы сол көшеде.. бір күні жолай Бибігүл Төлегеновамен ұшырасып қалдым «Сені Дінмұхаммед Ахметұлы сұрап еді…Сол кісіге кіріп шықсаңшы,»-деді. Мен ол кісімен әйтуір бір жолығатынымды білетінмін. Сәті түсті. Димаш ағаның құрметті демалысқа кеткеніне екінші жыл болатын. Үйіне бардым. Мені көріп, төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалды-ау…Ұзақ әңгімелестік. Көп сырластық. Бар жағдайды түгел айтуға тура келді.
Ол кісінің де дәурені өткен кез еді…
«Арнайы шақыртпай-ақ өзің келіп, ән салып беріп тұрсаңшы»,-деді кетерімде, жанарыма ұзақ қарап тұрып күрсінгені бүгінгідей есімде қалып қойды. Жалпы, менің тағдырым бір басыма жетеді. Бірақ мұны бұрмаламау керек. І. Есенберлин мені кейіпкер етіп алды. Геройы ішкіш. Бір пьеса қойылды-аузыма арақ құйып жатады. Мен М.Мақатаев, Ш.Қалдаяқов секілді биікке көтерілген болсам, онда арман жоқ. Амангелді Сембинді шет ел жақсы біледі, ал бұл есімді мұнда тұншықтырған. Сондықтан артық әңгіме санаға ауырлау.
Орны толмас өкініш
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының жеке ән салу кафедрасының доценті, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Амангелді Сембин «Өмірге қайта келу мүмкін болса, өмірімді тағы осы салаға арнар едім, бірақ қалай аяқталатынын білмеймін»,-дейді. «Тек жар таңдаудан қателеспеу керек»,- деп сабақтайды ойын.
Ашығын айту керек, Амангелді Сембиннің алған атағы мен шыққан биігінің ара салмағы жер мен көктей. Сембин өткен опера мектебінен Қазақстандағы бір де бір өнер иесі өткен жоқ десек, бәзбіреулер шамданар, алайда, ақиқаты осы. Амангелдінің бір ғана орны толмас өкініші бар. Әйгілі үш тенор Лучано Паваротти, Хосе Каррерас және Пласидо Доминго есіңізде болар Неаполитандық әндерді орындау қабілеті солардан бір де бір кем емес еді. Арияларды солармен тең дәрежеде қабылдаттыра алған ол сол қатардан орын ала алмай кеткеніне жүрегі жылайды. Теледидарды сөндіріп бәрін ұмытқысы келеді.
Бірақ…
1970 жылы Германияның Дрезден қаласындағы сапарда түркімен өнерінің жұлдызы, КСРО Халық әртісі Мая Шахбердиеваның жас әншіге берген сарғайған қолтаңбасы үстел үстінде жатыр: «Амангелді! Сенің ешкімде кездеспейтін барқыт дауысың Орта Азияны бүкіл әлемге таныта алады. Мен сол үшін қуанам. Ізгі тілекпен М.Шахбердиева».
…Шашы қырауланып кеткен орта жастағы ер адам күрсініп қойып, өзі дәріс беретін оқу орнына асыға басып келеді. Көз алдында әлем білетін үш тенор. Санада бір ғана арман-жұмыр жерді мойындатар шәкірт дайындау ғана қалған шығар…
Жанарбек ӘШІМЖАН,
жазушы-журналист,
«Жас Алаш»