Ғажап дауыс иесі

0

Әлі есімде. 1968 жылдың жазында Сарысу ауданының орталығы Байқадамда (қа­зіргі Саудакент) комсомолдардың аудандық конференциясына Түркістан аулындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінің 9-шы класынан 10-шы класқа ауысқан кезімде, мектептің комсомол комитетінің секретары ретінде делегат болып қатыстым. Конференцияның соңында үлкен концерт болды. Концерт ортасында жүргізуші қыз: «Енді тыңдайтындарыңыз Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясының студенті, талантты әнші жерлесіміз Амангелді Сембиннің орындауында халық әні «Ақбақай»,-деп хабарлады. Жас әншінің жанға жағымды қоңыр дауысы көпшілікті тәнті етті. Қарапайым алақандай ауылда өсіп-жетіліп, сол кездегі КСРО астанасы Мәскеуде білім алып жүрген Амангелдінің өнеріне дән риза болып, қол соғып, тағы бір ән айтуды өтініп, бүкіл зал шулап кетті. Тамағын бір кернеп алып әнші «Қарғаш» әнін бастап кетті. Өмірімізде мұндай аса шебер ән орындаушысын көрмеген біз өз таңғалысымызды білдірген болатынбыз. Содан кейін-ақ болашақ талантты әнші­нің өнері көкейімде сақталып қалды.

Таяуда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде (17 қаңтар, 2025) журналист Қазбек Құттымұратұлының «Классикалық өнер: Амангелді Сембиннің рухына арналады» деген мақаласы шықты. Онда «Биыл наурыз айында Орал қаласында әйгілі опера әншісі Амангелді Сембинді еске алуға арналған «Опералия» атты ерекше концерт өтеді» делінеді. Өте орынды жоспарланған, қолға алынып отырған іс-шара деп ойлаймын және қолдаймын. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның адамдары ерекше таланттың өнер иесі Амангелді Сембиннің есімін, оның өмірі мен өнер жолын көпшілік біле бермейді. Өйткені басылымдарда ол туралы мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан оның биыл дүниеге кел­геніне 80 жыл толатыны қарсаңында есі­мін халық жадында жаңғырту жөнінде мәселені көтеріп отырған Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының басшысы Бауыржан Халиоллаға шексіз ризашылығымды білдіремін. Ол газетке берген сөзінде «Клас­сикалық жанрда, опера саласында ән айтатын әншілер біздің Батыс Қазақ­стан облысында аз емес. Осы көштің ба­сында Қанатқали Қожақов, Мұрат Әмірханов, Жұмағаным Рахимова сынды танымал өнерпаздарымыз тұр. Биылғы 29 наурызда Ғарифолла Құрманғалиев ат­ын­дағы облыстық филармонияның ұйым­дас­тыруымен, Шамғон Қажығалиев атын­дағы эстрадалық-симфониялық ор­кестр­дің сүйемелдеуімен «Атамекен» өнер ордасында «Опералия» атты концерт ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл іс-шара Ла-Скалада ән салған тұңғыш қазақ, әйгілі әнші Амангелді Сембинді еске алуға ар­налады. Біз бұл концертте Амангелді Сембиннің репертуарындағы кейбір шы­ғар­маларды халыққа қайта ұсынамыз. Сонымен бірге классикалық туындыларды сүйетін көрерменнің талғамына татитын мағыналы кеш болады деген ойдамыз. Осы арқылы тірі кезінде күншілдік пен қызғаныштың, бақастық пен көре­алмаушылықтың құрбанына айналған, отбасында да бақыт құшағына ене алмаған Амангелді ағаның мерейлі датасын, арнаулы жасын күтпей-ақ дәріптеуді жөн санадық!»-дейді Бауыржан Ергенұлы Халиолла.

Ал оның кіндік қаны тамған жері-жам­былдықтар өнерпаздың аңыз бен ақи­қат аралас өмірі туралы не біледі екен және оның 80 жасқа толуына облыстың мәдениет басқармасы, әкімшілік не жоспарлап отыр екен?-деген сұрақ еріксіз ойға келді.

Амангелді Нақыпұлы Сембин 1945 жыл­дың 9-шы мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма кеңшарының құра­мындағы К.Маркс (қазіргі Маятас) аулында қарапайым малшы отбасында дү­ние­ге келген. Жасынан әншілік өнерімен әуестеніп, келе-келе өзі өскен ортасында әншілігімен таныла бастады. Бірде республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақтан») газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков Сарысу ауданының шаруашылықтарын аралап жүріп жайыл­малық жылқышы Нақып Сембиннің үйіне ат байлап, түстенеді. Оны үй иесі қуана қарсы алып, әңгіме-дүкен құрады. Реті кел­генінде ұлы Амангелдіні шақырып, бір­неше ән айтқызады. Кең тынысты Аман­гелдінің әнін тыңдаған Жақсылық аға: «Нақау, мына Сіздің балаңыздың сал­ған әніне, ерекше әдемі даусына тәнті болып отырмын. Бұл баланың жолын ашайық. Маған беріңіз мұны, Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне апарып, өзім түсірейін, оқысын»,-деп қолқа салады. Әрине, алғашқыда әкесі: «Ойланайық, ше­шесі не дер екен бұл ұсыныңызға»,-деп әйеліне қарайды. Ана жүрегі ұлының бола­шағын, өскенін қалап, көп ойланбай келісімін береді. Сөйтіп облыстың ту сонау бір түкпіріндегі ауылда булығып өсіп келе жатқан өнерлі жасөспірімді облыс орталығы Жамбылға ертіп келіп, мәдени-ағарту училищесінің директорына кіріп, Амангелдіні оқуға түсіреді. Сөйтіп, өнер мен әнге әрдайым жақын жүретін сері азамат Жақсылық ағаның қолдауымен талантты жасқа өнер саласының есігі ашылып, үлкен өнердің алғашқы баспалдағы басталады.

Кішігірім, ат төбеліндей ауылдан қа­нат­танып, арман қуып, жолы болып, Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен кейін конкурсқа қатысып, байқауда 800 талап­кердің ішінен тек 25 ғана «електен» өтіп, Мәскеу консерваториясының вокалдық факультетіне түседі. Бұл оқу орнында Амангелді Сембин қазақтың асыл перзенті Дінмұхамед Қонаевтың арнайы (айына 100 сом) стипендиясымен білім алған екен. 1970 жылы оны тәмамдап Алматыдағы Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрына соло-әншісі болып қызметке орналасты. Ерекше дауысты, талантты әнші келген бетте сахнаға Евгений Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» опер­а­сындағы Төлеген партиясын алып шыққан. Ал Қыз Жiбек партиясын әйгілі әнші Бибiгүл Төлегенова орындаған екен. Жас әншінің ария орындауына риза болған опера авторының бірі, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов: «Төлегеннің партиясын орындаған қанша әншіні көріп, тыңдап жүрмін. Бірақ Сембин Амангелдідей тамаша, нақышына келтіре орындағанын кездестірмеппін. Талант деп осыны айт!»,-деген екен өнер иесіне тамсанып. Шынында да әлем мойындаған даңқты үш те­нор-Лучано Паваротти, Хосе Каррерас және Пласидо Доминголар болса, қазақтың өнерлі қара баласы солардың қатарына енді. Бұл-құбылыс еді.

А.Сембин 1972 жылы Мәскеуде арнайы қатал комиссияның байқауынан өтіп, 1973–1975 жылдары Италияның Милан қаласындағы әйгілі «Ла Скала» опера театрында тәжірибе жинақтады. Италияның «Ла Скала» театры әлемдік мәдениеттегі орны айрықша ғимарат. «Ла Скала» сахнасында әлемге танымал өнер майталмандары ғана өнер көрсетеді. Ал өткен ғасырдың 70-жылдары бұл театр сахнасында тұңғыш қазақ баласына ән шырқау бақыты бұйырды және сол өнер ордасында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта есімі қалды. Әлемдік мәдениеттің ең озық ордасы саналатын сахнада екі жыл ән шырқаған ол елге оралғаннан кейін көптеген айтулы опералардың бас кейіп­керлерін сомдады-Айдар (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Біржан (М.Тө­ле­баевтың «Біржан-Сарасында»), Адақ (С.Мұ­ха­меджановтың «Жұмбақ қызында»), Ленский (П.И. Чайковскийдің «Евгений Оне­гинінде»), Пинкертон (Дж.Пуччинидің «ЧиоЧио-Санында»). Фауст (Ш.Гуноның осы аттас операсында), Адьфред, Герцог (Дж.Вердидің «Травиатасы» мен «Риголеттосында»), Дон Оттавио (Моцарттың «Дон Жуанында»), т.б. партияларды орындады. Оның концерттік репертуарында халық әндері де («Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Қарғаш», «Шәпибай-ау», т.б.) мол орын алды. Гастрольдік сапармен шет елдерде (Германия, 1969; Чехославакия, 1972; Франция, 1975) болып өнер көр­сетті. Сөйтіп, қазақ өнерін күллі Еуропа жұртшылығына танымал еткен аса дарын­ды талант иесі, өнерлі тұлға.

1980 жылдан Алматы театр-көркем­сурет институтында (қазіргі Қа­зақ ұлт­тық өнер академиясында) ұстаз­дық қызметпен (1991 жылдан доцент) шұ­ғылданады. Сембин-«Саз сөз­дігі» (италь­янша-қазақша музы­­­ка­­лық тер­мин­дердің сөздігі, 1994), «Ән бағдар­ламасы» (1994) және «Ән әліппесі» (2001) атты әдістемелік оқу құрал­дарының авторы. 1972 ж. Бішкек қала­сында өткен 4-Қазақ­стан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанды. 1976 жылы 31 жастағы әнші-педагогқа «Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы берілді.

Оның тамаша өнерін Димаш Қонаев, Байкен Әшімов, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұрат Әуезов сияқты зиялы қауым жоғары ба­ғалады. Дінмұхамед Ахметұлы 1986 жылы зейнетке шыққаннан кейін, үйіне сәлем бере келген Бибігүл Төлегеновадан және де басқа өнер иелерінен «Әлгі әнші Амангелді Сембин қайда жүр?»-деп жиі сұрайды екен. Соны естіген әнші Димаш ағасына сәлем бере келіп, оның өтініші бойынша бірнеше халық әндерін орындайды. Ән орындауына риза болған Д.Қонаев «Айналайын, өнерің өрге жүзсін! Анда-санда болса да, ша­қыруды күтпей-ақ келіп тұрсаңшы…»,-деп өтініш білдіріпті.

Бірде бүкіл әлемді әнімен бағын­дыр­ған лирикалық тенор Л.Повороти қазақ­стандық делегациядан: «Қазақстандық жас әнші Амангелді Сембинге «Ла Скалада» ке­­зінде сабақ беріп едім. Ол қазір қайда?» деп сұрапты.

Осынау ғаламат әнші аяулы Амангелді Сембин туралы кезінде Шерхан Мұртаза, Ильяс Есенберлин, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімбек сынды қаламгерлер жүрек тебірентер мақалалар, эсселер жазды. Бірнеше деректі фильмдер шықты.

Алайда ұлтымыздың классикалық ән өнерін әлемдік деңгейде танытқан тағ­дырлы тұлғаның өмірі күнгей мен көлең­кеге толы болғанын көпшілік біле бермейді. Опера әлеміндегі сирек кездесетін қоңыр дауысты әнші Амангелді Нақыпұлы өмірін тақтайдай теп-тегіс, айдай анық, сүттей ақ болды деуге болмайды. Талантымен көп­шілікті өзіне тәнті еткен әншінің ая­ғынан шалып, оны сахнадан ертерек ке­тіруге әрекет еткен өнер саласында қатар жүрген жандар табылды. Оларға қо­сыла оның талантының уақтысыз өшуіне отбасындағы берекесіздік те елеу­лі әсер етті. Телевидениеге берген бір сұх­батында әнші: «Жастайымнан арман­даған биіктерге жете алмай келемін. Оған себеп аз емес. «Қазақстанның еңбек сіңір­ген артисі» атағымен шектеліп қал­дым. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп қазақ орынды айтады екен. Ме­нің мүмкіншіліктерім жоғары еді. Жалпы, менің биіктен құлауыма мақтау, қол­паштау және көре алмаушылық себеп болды. Жүрегімде «Неге еліміздің халық әртісі, тіпті КСРО халық артисі атағы маған бұйырмады? Оған не себеп?» деген сұрақ мазалайды да тұрады»,-депті мұңайып.

«Қазақта Амангелдіден асқан армансыз әнші өтпегендей көрінеді ондайда. Бірақ бұл сырт көзге ғана солай. Шын мә­нінде әншінің ішкі мұңы, орындалмаған ой­лары, аяқасты болған арманы-бәрі-бәрі күрсінтеді. Иә, Амангелді әншіні ойға ал­ғанда, арманда кеткен өмір-ай дегің келеді еріксіз…», деп жазады журналист Назерке Жұмабай («ЕҚ» газеті, 25.01.2024).

Театрда көп уақыт рөл берілмей, жолы болмай, терең депрессияға түсіп Алматы көшелерін кезіп жүрген Амангелдіге жазушы Қалтай Мұхамеджанов кезігіп қалады. Оны байқамағандай болып, теріс қарап өтпек болған інісіне жазушы ағасы: «Әй, Амангелді, бері кел!» деп қасына шақырып алып, «Саған қанша адамның қиянат қылғанын, қанша адамның шарап бергенін түр-түсіне дейін айтып бере аламын. Бірақ оларды ату қолдан келмейді. Менің бір ғана өкінішім-сендей асыл азаматты бүкіл ел жоғалтып-алды. Осыны ойлаған сайын жүрегім жылап қоя береді»,-деп көңіл-басу айтыпты.

Өмірінің біраз жылдарын консерва­торияда доцент қызметінде болып, жас­тарға сабақ берумен айналысты, бірнеше оқу құралдарын жазды. Оның «Бұйыртса 60 жасымда денсаулығымды жөндеп, тая­ғымды тастап Сарысуға, Жайылмаға шә­кірттерімді ертіп барып үлкен концерт беремін»,-деген арманының орындалмауына қажыған денсаулығы әсер етті. 2005 жылдың 14 сәуірінде Паркинсон дертінің асқынуынан өмірден өтті. Уақыт келе көп­шілік оны тез-ақ ұмыта бастады. Өйткені, артында іздеушісі, сенімді тіреу­шісі жоқ еді.

«Жуырда ғана қорапта жатқан қа­ғаз­дарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақ­стан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті. Тақырыбы-«Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт-сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет. Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті. Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз»,-деп жазыппын. Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін. Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас. Сол спектакльде Сембин Тө­леген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебір­енген емеспін. Төлеген болып ойна­ған басқа мықтыларды мансұқтағым кел­мейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді. Ал мына Төлеген ғасырлардың тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қан­жары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Тө­легеннің дәл өзі сияқты еді-ақ. Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.

Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та та­лантты қорғайтын этикалық бас бас­қарма бар екен»,-деп. Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көз­ден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.

Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным»,-депті анасы. Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды. Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға ты­рысқан. Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін сирек қазына. Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті, депті «Бір кем дүние» деген кітабында алаштың айбында азаматына айналған аяулы Шерхан Мұртаза ағамыз.

Режиссер Зауре Наби 2023 жылы «Керуен сазы» деген бағдарламада «Сломанная судьба артиста» деген сұхбат-хабар түсірді. Телекөрермендер оны өте жылы қабылдап, жүрекжарды пікірлерін білдіріп жатты. Солардың бірнешеуін келтіре кеткенді жөн көрдік:

«Ең алдымен Зауре ханымға алғысымды білдіремін! Осындай дарынды тұлғаны-Амангелді Сембин ағамызды бірі білсе, бірі біле бермейді сол ғажап адамды елімізге дәл қазіргі уақытта рухани байлық жұ­қарған сәтте келешек ұрпағымызға таныстырып өтудің өзі даналық деп білемін! Қандай ғажап үн, тенор! Нағыз қазақи қоңыр мықты дауыс! Қайталанбас жарық жұлдыз! Ағамыздың жатқан жері жарық, жаны жәннәттің төрінде болсын»-дейді Шолпан Орманова атты көрермен.

«Теңдессіз керемет дауыс! Бұл кісі туралы филм түсіру керек! Анна Германның фильмі сияқты! Аннаның фильмінде де санаулы әндер ғана бар ғой! Бірнеше рет өте жақсы орнымен пайдаланған, сценариде. Дәл сол құсатып мәнді-мағыналы етіп, Тараздағы училищеде оқып жүргенінен бастап, Алматыда, Мәскеуде оқыған кез­дерін, Ла-Скалада болған кездерімен жалғастырса керемет болар еді! Абай атындағы опера балет театрында қыз­мет етіп одан ұстаздықпен жалғасқан өмір жолымен аяқталса қандай!» -деген ұсыныс айтады Ұлдана Молдабаева.

Ал Гульнар Хауадамова: «Зауре ханым! Спасибо вам за великолепный материал. Как жаль, что великий талант Амангельды ага не раскрылся на его Родине — Казахстане!!! Он достоин был стать не только народным артистом Казахстана, но и СССР!!! Посему в других республиках есть народные оперные артисты Зкраб Соткилава — грузин, Мария Биешу — молдованка, Георгий Отс и др».
«Жас болғанда қызу мінезді болған екен, тіке тура сөйлеп, кейбіреулерге жақпаған, қулық болмапты, әншілердің, әртістердің арасында конкуренция, қызғаныш болған, кеткеніне қуанған сияқты кейбіреулер, даусы ашық, сөздері анық, нағыз Халық әр­тісіне лайықты екеніне сөз жоқ»,-деп күрсінеді тағы бір көрермен.

«Менің бірінші ұстазым, ол кісінің театр институтына ұстаз болып кірген кезінде бірінші шәкірті болғанымды мақ­та­нышпен айтамын. Әншілігі көпшілікке белгілі ғой, ал ұстаздығы тіпті керемет еді. Е, ол кісі туралы бірталай нәрсе айтуға болады, бір сәті келіп жатса…» — дейді Қалқаман Қабышев.
«Какая мощь и сила голоса! Какая красота и глубина ! Это океан ! И это небеса ! Великолепный, ну просто шикарный голос!!! Им ведь гордиться надо было ! А его взяли и затоптали !»-дейді тағы бір көрермен.
«Сол кезде өнер адамдарының арасында күншілдік, көреалмаушылық болғанын айтып отыр Амангелді аға. Театрдан кеткен соң қиындықтар болып депрессияға түскен. Сондай мықты Ресейдің опера әншілерімен бірге сахнада өнер көрсетіп атақты Лемешевтен сабақ алған. Әттең-ай өз туған елінде жұлдызы жанбай кет­кені-ай».

«Қандай өкінішті, осындай ерекше талантты адамды қолдаудың орнына соншама қорлап, бағаламағандарымыз, үлкен сын. Әсіресе, атақты опера әншілеріне, әріптестеріне. Иә, бізді құртатын көре­алмаушылық пен қызғаныш. Өте өкі­нішті…»

«Большое спасибо за такое тёплое интервью. Мне даже стыдно что я его даже не знала хотя выросли в одном Ауле. Помню была такая семья Сембины, но про такого талантливого артиста ничего не слышала. Как жаль, но надеюсь его голос будут ещё поколения слушать. Очень мощный и красивый голос»,-деп жазады көп көрермендердің бірі.

Өкінішке орай, кезінде Амангелді Сембинге алғашқы өнер мектебі болған Жамбыл мәдени-ағарту училищесі бүгіндері жоқ. Ол жаңа талаптар мен оңтайлау реформасына сәйкес қазіргі педагогикалық колледжінің құрамына еніп кетті де мә­дени-ағарту училищесін бітірген өнер­дегі дарынды түлектерінің тарихы, өнердегі жетістіктері мүлдем ұмыт қалды. Реті келіп жатса біз жоғарыда әңгіме еткен қазақ операсының жарық жұлдызы Амангелді Сембин және басқа да тұлғалар жайлы мәліметтер мен естеліктер, суреттер мен құжаттар жинап музей-кабинет ашылып жатса несі артық?

Ерекше талантты өнер иесі, атақты опера әншісі А.Сембиннің 80 жылдық мерейжасы бүгіндері туған топырағында-Сарысу өңірінде тойланып жатыр. Құптар­лық іс-шара. Жақсының аты өшпесін!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.