Суретті сөйлеткен Ай-Қанат
Жуырда үстіміздегі жылдың 30, 31 қазан күндері қосымша білім беру педагогтарына, ондағы көркемөнер бағытында сабақ беретін мұғалімдерге арналған “Таулы шыңдардың сыры. Ақыртас” атты облыстық пленэр-байқауы өткізілді.
Бұл байқауды Тараз қаласындағы мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығы ұйымдастырып, Сарысу ауданынан Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің “Бейнелеу өнері және сәндік қолданбалы өнер” бөлімінің мұғалімі Ай-Қанат Жұмабайқызы Хусайнова қатысты. Іс-шараның бірінші күні орталықта ермексазбен түстік колоритті сақтап, тау барысын жазықтықта сомдау тапсырмасы берілді. Осы “Пластинография” номинациясынан Гран-Приге ие болып, осы күні Тараздың тарихи жерлерін, атап айтқанда Қарахан кесенесі, ежелгі монша, Тектұрмас киелі орындарын аралатып, сол тарихи жәдігерлерді жинақтай отырып, “Ежелгі Тараз” композициясын қара қаламмен суреттеу тапсырмасы берілді, нәтижесінде уақыт аздығы болар, дегенмен бұл номинациядан 3-ші орынға ие болып, келесі күні Тылсым жұмбаққа толы Тараз қаласының шығысында 40 шақырым жердегі Ақшолақ теміржол стансасынан 6 шақырым Оңтүстікте, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Ақыртас тарихи, сырлы сарай кешеніне барып, тарихымен танысып, сол жерде аңыз бойынша берілген тапсырмаға сай қара қаламмен композиция құрастырып, нәтижесінде “Көне Ақыртас” номинациясынан Гран-При жүлдесіне ие болып, дипломдармен марапатталды.
Аңызға үңілетін болсақ, болған оқиға деседі. Осы Ақыртас тау беткейінде бір елді мекенде өмір сүреді. Сонда бір әулеттің келіні нан көміп, пісіру үшін тау бөктеріне келіп, қи жинап жүреді екен. Күндердің бір күні тауға кезекті қи жинауға келсе, ғажап дүниені көреді, алдына қараса, тау екіге бөлініп, нұр шашып тұр екен. Еріксіз ішіне кіреді, кірсе іші толған кітап, яғни көз алдында үлкен кітапхана, аң-таң болған келіншек, сөреден бір кітап алып, жүгіріп үйіне барады да, атасына ұсынады, Атасы үреймен келініне дереу қайта апарып, орнына қоюды тапсырады, өйткені тағдырды бұзады,-деді. Келіні тез арада қайта тауға барып, кітапты орнына қояды. Сол ақ екен, таудан шыққан бетте, екіге бөлініп, ашылып тұрған тау бүтінделіп, жабылып қалады. Сонда келіні түсі ме, әлде өңі ме екенін түсінбей, аң-таң қалады…
Осы аңызды суреттеп, жан-жақтағы ауданнан келген мұғалімдер шығармашылықпен айналысып, бір марқайып қалды. Ерекше сезіммен қайтқан педагогтар келесі пленэрді асыға күтуде.
Жетістік құтты болсын, Ай-Қанат, жеңісің жалғаса берсін!
Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Бейнелеу өнері және сәндік қолданбалы өнері» бөлімінің меңгерушісі