Ресейден жеңіспен оралды

0

Жуырда жаңатастық жас азамат Ескендір Қадырұлы Сапар Ресейдің Тверь қаласында өткен 2025 Хитачи констракшн Машинери Евразия механиктерінің үлкен конкурсына қатысып, бас жүлдемен оралды.

Ең алдымен бұл жарыс бұрыңғы кеңестік республикалардың аймағында өтті. Мысалы, біздің Астана қаласында өткен сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам механиктер қатысты. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші теориялық сұрақ, екінші практикалық жұмыс, үшінші тосын ситуациялық жағдайлар туындағанда одан шығу жолдары. Ескендір Астанада өткен тартысты бәсекеде үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар қомақты қаржылай марапатқа ие болды. Конкурс шарты бойынша Ресейде өткен бәсекелі жарысқа үш орынды иеленген жеңімпаздардың барлығы жіберілді. Ескендір Сапардың толыққанды жауабы, қиын, күрделі жағдайларды тапқырлықпен жасаған әрекеттері қазылар алқасын тәнті етті. Осы додалы жарыста Ескендірдің бағы жанып, ең жоғары балл жинап, бас бәйгені олжалады.
Төрешілердің бірауызды шешімі бойынша ол 2026 жылы Жапонияда өтетін халықаралық жарыста бұрынғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының намысын қорғайтын болады. Өзінің пайымды іс-әрекетінің, білгірлігінің, өз мамандығына деген үлкен сүйіспеншілігінің арқасында ол жеңістің үлкен мінберінен көріне білгендігіне шын қуаныштымыз. Оның кішіпейілділігі, қарапайымдылығы, кімге де болса үлгі болғандай. Біз де оның жоғары деңгейде өтетін осынау бәсекелі сайыста жеңіске жетуіне шын тілектеспіз. Қазір ол сол бәсекелі жарысқа бар күшін салып дайындалуда.

Айдын Аманжол,
Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.