Әншілер аспан әлемін әнге бөледі
Ауданда үш күн бойы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дүниежүзілік даңқы бар Италияның Милан қаласындағы Ла Скала театрында тұңғыш ән салған қазақ, қазақтың ән өнеріне тың жаңалық болып келген жерлесіміз, әйгілі әнші Амангелді Нақыпұлы Сембиннің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Өткен аптада іс-шаралар легі Талас, Созақ, Сарысу аудандары өнерпаздары арасында Амангелді Сембиннің репертуарынан ән орындау бойынша «Ақбақай» атты аймақтық ән байқауымен басталды.
Өнер иесінің репертуарындағы әндерін насихаттау, қазақ мәдениеті мен әдебиетін, тілінің мәртебесін арттыру, Жаңа әлемдегі-Жаңа Қазақстан бағытында мәдениеттің, өнердің дамуына үлес қосу. Дарынды таланттарды анықтау, әншінің репертуарындағы әндеріне заманауи қарқын беру мақсатында өткен байқау екі номинация бойынша ұйымдастырылды.
Сайыстың салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова құттықтау сөз сөйлеп, Амангелді Сембиннің өмірі мен шығармашылығы туралы тілге тиек етті.
Өнер додасында әншілер 1-кезең бойынша барлығы «Ақбақай» әнін тамылжыта шырқады. Ал, екінші кезеңде Тазабек Гүлсезім «Саясында алманың», Омаров Мейіржан «Синяя вечность», Әбухас Ернұр халық әні «Бұлбұлым», Жайылхан Талғат Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», Шарафов Мухриддин «Тыңда», Бақытов Әмірғали «Желдірме», Әбдірахманов Жанарбек «Бұлбұлым», Сарман Болат «Ауылға сағыныш» әндерін әуелете шырқап, көрермендеріне ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шын таланттар сыналған сайыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар тапсырылды. Жеңімпаздарды 13 маусым күні өткен салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов марапаттады. Сайыс нәтижесінде ауданымыздың аспанын әсем әнге бөлеген әншілер-таластық Гүлсезім Тазабек және созақтық Талғат Жайылхан үшінші, аудандық Ернұр Абухас екінші орын биігінен көрінсе, ал үшінші орын аудандық Мейіржан Омаровқа бұйырды. Жезтаңдай әншілер көрерменнің ыстық ықыласы мен ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Балуандар бозкілемде белдесті
Іс-шараның екінші күні Жайылма ауылында қазақ күресінен ересектер арасында ашық турнир өтті. Турнирге көршілес Мойынқұм, Талас және ауданымыздан 16 балуан бозкілемде бақ сынасты.
Жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жазушы, ауданның Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин және ауыл әкімі Жандарбек Смағұлов та жылы лебіздерін арнап, іс-шараның маңыздылығына, әншінің өмір жолына тоқталып өтті.
Жауырындары жерге тимеген балуандар бозкілемде белдесіп, өздерінің мықтылықтарын, қара күш иесі екендіктерін көрсете білді. Жарыс нәтижесінде ауданымыздан қатысқан Шерхан Бисенбай үшінші, таластық Ернұр Сүлеймен екінші, мойынқұмдық Сағаділда Әбілов бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Іс-шара аудандық мәдениет үйінде әнші, даңқты тенор, Қазақ ұлттық өнер академиясының педагогі, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің 80 жылдығына арналған «Ла Скалада ән салған тұңғыш қазақ» атты кешпен жалғасын тапты. Мәдениет үйінің кіре-берісіне әншінің суреттерінен «Дара дауыс иесі» тақырыпта көрме қойылған.
Сахна шымылдығы «Сарысу» халық театрының орындауындағы «Мен әлі ораламын әніммен…» атты көрінісімен ашылды.
Салтанатты шараға Кеңестік және қазақстандық кино және театр актеры және режиссері, театр педагогі, профессор, КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімұлы, Сарысудан түлеп ұшқан, қазақтың ән өнері көгінде жарқырап туған жұлдыз, қайталанбас талант-Амангелді Сембиннің отбасы, туған-туыстары, өнердегі замандастары және шәкірттері кештің құрметті қонағы болды.
Алғаш болып аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйледі.
— Жайылмалық жампоз әнші, ұлағатты ұстаз әрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің 80 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Сайын дала Сарысудың төсінде туылып, Италиядағы дүниежүзіне белгілі «Ла Скала» театры арқылы қазақ үнін жаһанға танытқан күміс көмей әнші талантымен талайды тәнті етті.
Ауылдың шаңын жұтып, самала желден шабыт алған өнер қайраткерін «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жақсылық Сәтібеков жылқышылар жайлауында болып, сонда әнші Амангелдінің дауысын тыңдап, Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіреді. Міне, сар дала Сарысуда туған дарын иесінің өнердегі ақ айдын жолы ашылады. 1970 жылы атақты Мәскеуде консерваторияның вокалдық бөлімін тәмамдап, 1973-1975 жылдары Италиядағы «Ла Скала» театрында тәжірибеден өтеді. Бүгінде ел аталмыш театрда ән шырқаған тұңғыш қазақ деп таниды. 1975-1980 жылдары Қазақ академиясының опера және балет театрының соло-әншісі болып шыңдалды.
Амангелді ағамыз біраз шет елдерде ән шырқаған. Атап айтсақ, Чехословакия, Франция және Германия елдерінде өнер көрсетіп, ғаламат дауысымен ғаламды дүр сілкіндірген. IV Қазақстан және Орта Азия аймақтық орындаушы музыканттар байқауының лауреаты атанды.
Амангелді аға ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің шырағын жақты. Ол-тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпаққа ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, рухани байлықты дарыта білген шын мәніндегі парасат иесі.
Осындай өнегелі өмір иесінің 80 жылдық мерейтойын атап өту-біздің азаматтық парызымыз. Амангелді ағамыздың өмір жолы-қазіргі және келер ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі деп білемін. Қазақта «Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар. Сарысу жұрты қашан да марғасқа ақын- жазушыларын ардақтайды. Амангелді ағамыздың өнегелі өмір жолы сөнбейді. Мерейтой құтты болсын!-деп жылы лебізін арнады.
Шара барысында қазақстандық кино және театр актеры Асанәлі Әшімұлы, Амангелді Сембиннің жұбайы Сембина Сайраш Жалелқызы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, ақын Маралтай Райымбекұлы сахна төріне шығып, әнші туралы естеліктерімен бөлісті. Аудан әкімі қонақтарға сый-сияпаттар тарту етті.
Кешке қатысқан көрермендер күміс көмей әншінің мұрағатта сақталған, бейнежазбадағы әнін тыңдап болған соң, ауданымыздың өркендеуіне түрлі салалар мен аудан әкімі қызметіне дейін атқарған жерлесіміз, қазіргі таңда еңбек ардагері, облыстық архитектуралық бюроның сарапшысы, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Мәдікенов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Болатбек Дондаұлы және композитор, ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісовтер сөз сөйлеп, А.Сембиннің қазақтың дәстүрлі ән өнерімен қатар, операда да жарқын із қалдырғанын, халық әндері оның орындауында көрерменнің айрықша ықыласын тудырғанын және әнші өмірінің соңғы жылдарында өнер академиясында ұстаздық етіп, елге аты танымал шәкірттер тәрбиелеп, құнды оқулықтар жазып қалдырғанын тілге тиек етті.
Көрермендер ерекше қошеметпен Қайрат Жүнісовтің орындауындағы «Ата ғасыр», Жайылмадан шыққан, ән өнерінің биік тұлғасының ізбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Үкілі қыз атанған Сәуле Жанпейісованың орындауындағы «Ортаңа келді өз балаң» әндерін тыңдап, бір серпіліп қалды. Сонымен қатар Мамасерікова Шырынның Амангелді Сембинге арнаған «Ән жұлдызы» өлеңін кітапхана оқырманы, 10-шы сынып оқушысы Мәжит Медина мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, оқу-ағарту ісінің ардагері Дина Нақыпованың әншінің өмірі мен өнеріне арналған «Үнің кетпес құлақтан», жазушы, журналист Қали Сәрсенбайдың «Қарғаш» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Дина Жамбылқызының «Үнің кетпес құлақтан» атты кітабы «Жарқырап туған жұлдыз», «Әнші туралы естеліктер, деректі материалдар, пікірлер» және «Ата-тектен бірер дерек» деген үш бөлімнен тұрады.
Бұл танымдық жинаққа Амангелді Нақыпұлы Сембин туралы алуан сипатты мақалалар, деректер, естеліктер, сонымен бірге қайталанбас дауыс иесінің әр кезеңде түскен деректі фотосуреттері енгізілген.
Кітаптың лентасын аудан әкімі Сәкен Мамытов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин және кітап авторы Нақыпова Дина, Амангелді Сембиннің жұбайы Сайраш Сембина қиды.
Кеш Амангелді Сембиннің репертуарындағы әндер қамтылған, концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермен көзайымына айналған әншілер А.Сембиннен кейінгі Жайылмадан шыққан опера әншісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші Торғын Смайлова, М.Дулати университетінің доценті, дәстүрлі әнші, педагог Айгүл Мақашова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері Ырза Есенгелді, Бекзат Абитов, Нұрғалым Аманбай және А.Сембиннің туысы, әнші, актёр Мұқағали Мырзамбековтер көрермендерге әсем әндерінен шашу шашты. Кешке келген қонақтар және көрермендер жоғары көңіл-күймен, ерекше бір әсермен тарасты.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»