ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЕҢБЕК
Жуырда Алматы қаласында өткен VII Республикалық «Абай оқулары» байқауында Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебінің оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жүлдемен оралды. Байқауда өнер көрсеткен әрбір жас талант – өз еңбегінің ғана емес, жетекшілерінің тынбай төккен маңдай тері мен ұлағатты еңбегінің көрінісі.
Жүлдегерлерді атап айтар болсақ Домбыра класының оқушысы Орынтай Мансүр I-орынды жеңіп алды. Өнерге баулыған жетекшісі Келбет Мусабаева шәкіртін әуеннің сырына бойлатқан, өнерге сүйіспеншілікті жүрегінен көшіре білген ұстаз. Ал, баян класының оқушысы Орынтай Мендерес I-орынды иеленді. Жетекшісі Аяна Қабылова музыкадағы нәзік сезім мен шеберлікті үйлестіре білетін, талапшыл әрі жанашыр педагог.
Прима-домбыра класының оқушысы Алтай Заңғар бас жүлдені қанжығасына байлады. Жетекшісі Жеңіскүл Өмірбаева өнерпазды өрге сүйреген, ұлттық мұрамызды дәріптеуде еңбегі зор ұстаз.
Осы жарыста «Көркем сөз» номинациясы бойынша Мейрамбек Мерей I-орыннан көрінді. Жетекшісі Эсениязова Роза сөз өнерінің құдіретін жүрекке жеткізе білетін тәрбие мен талғам ұстазы.
Бұл жеңістер – мұғалім беделінің биік екенін, ұлағатты ұстаз еңбегі ешқашан зая кетпейтінін дәлелдейді. Ұстаз – баланың жүрегіне жол салатын, өнердің шамын жағып, оны өшірмей алып жүретін тұлға.
Сондықтан бұл марапат – тек оқушылардың жеңісі емес, ұстаз еңбегінің салтанаты.
Барша жеңімпаздарды және олардың жаны мен жүрегін өнерге арнаған қадірлі ұстаздарын шын жүректен құттықтаймыз.
Шығармашылық табыс, өрлеу, биіктен көріну жолы сөнбесін.
А.Қабылова,
Ы.Дүкенұлы атындағы балалар саз мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары