БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ЖАН ЕДІ
Уақыт шіркін, уыста тұрмайды. Сынаптай сырғиды. Желмен жарысқан жүйріктей жүйткиді. Жалына жармасып үлгермейсің. Қауырт жұмыс, қарбалас тіршілік деп жүріп, кей-кейде сәулелі сәттердің қалай ғана сағымдай бұлдырап, сағынышқа айналып үлгергенін аңғармай қаламыз. Бұл тұрғыда «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген сөз де тектен тек айтылмаған.
Сондықтан да барымызды дер кезінде бағалап, құндылықтар-ымыздың қадірін арттырмасақ, өткен күннен із қалмайтыны ақиқат. Осы орайда көптен бері әпкем Багира туралы жазбаққа бекініп, қолыма қалам алған жайым бар.
Дейтұрғанмен осы естелікті жазуға кіріскенімде қатты қобалжыдым. Ол «Тәтем туралы не жазамын?» деген ойдан емес, «Ол кісінің шексіз махаббатын, телегей теңіз жақсылығын, өлшеусіз өнегесін қарапайым тілмен қалай жеткізсем екен?» деген сұрақтың салмағына байланысты еді. Мүмкін, ақын болсам, өміршең өрнектерді өлең жолдарымен өріп, тағылымға толы тіркестерді түйдек-түйдегімен төгіп тастар ма едім? Жазушы болсам, сөздің майын тамызып, бауыр туралы ең ғажайып романның авторы атанар ма едім? Бәлкім, суретші болғанымда ардақты да аяулы жанның ай дидарлы ажарын қылқаламмен кестелеп, керемет туынды шығарар едім. Әйткенмен, өнер адамы болмасақ та бауырымның бағыт-бағдарымен өмірден өз жолымды тапқаныма сансыз шүкіршілік айтамын. Орыс халқының атақты ақыны Некрасовтың «Ақын болу өз еркің, Азамат болу міндетің» деген өлең жолдары бар еді ғой. Сол айтқандай, елге пайдамыз тисін деп өскен жанның біріміз.
Тарихқа көз жүгіртсек, біздің ата-бабаларымыз талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Кеңес империясының солақай саясатының салдарынан ұлт зия-лылары қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың салдарынан халық қынадай қырылды. Ел-жұрт енді ес жиып келе жатқанда батыстан соғыс оты бұрқ етіп тұтанып, дүние астан-кес-тен болып кетті. Міне, біз осындай аласапыран уақытта өмірге келген буынның өкіліміз.
Әкем Бегмат Бектөреев-Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің, арың үшін алыссаң өлмейсің» деген сөзінің астарында терең мағына жатыр. Отан- қасиетті қарашаңырағымыз. Отан-біздің үйіміз. Отан-біздің анамыз. Дана халқымыз «Отан-отбасынан басталады» деп тура айтқан. Кешегі жаугершілік замандарда ата-бабаларымыз кіндік қаны тамған қастерлі мекенін қасық қаны қалғанша қорғап, нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті. Батылдық, батырлық, ерлік, өжеттік деген қасиеттер біздің қанымызда бар. Мұның бәрі де намыспен ұштасып жатқан ұлы ұғымдар. Әйгілі Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз» деп толғанғаны бекер емес. Арғы-бергі тарихымызда жерімізге көз алартқан дұшпандар аз болмаған. Міне, сондай сәттерде апайтөс азаматтар атқа қонған. Халқымыздың сонау бағзы дәуірлерден бастау алатын қаһармандығы мен күрескерлік рухының біздің әкелеріміздің де бойынан табылуы заңды құбылыс. Сол уақытта Кеңес одағы деп аталған ортақ Отанымызды қорғау үшін біздің әкеміз Бегмат Бектөреев те аянып қалған жоқ. Отты жылдарда көрсеткен ерлігі үшін бірнеше орден-медальмен марапатталды.
Бейбіт өмірде қарапайым көлік жүргізушісі болса да қалың жұрт «Қойшеке» деп сыйлап, құрмет көрсетті. Қойшеке деуі жеңгелерінің бала күнінде Қойшығара деп ат қоюына байланысты еді. Әкеміз солай адал еңбегімен абырой биігінен көрінді. Өзі болыстың ұрпағы. Жантөре Иманов есімді атамыз ерте жасынан ел басқару ісіне араласып, Санкт-Петербургте өткен алқалы жиынға қазақтардың арасынан алғашқы делегаттардың бірі болып қатысқан. Сол тұстағы куәлігі отбасылық мұрағатымызда әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Ол кісі туралы Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабының бастапқы нұсқасында жазылған. Атамыз Сәкен Сейфуллиннің басына іс түскенде қорған болып, аман алып қалған. Кейін біздің атамызға жала жабылғанда Сәкен Сейфуллин алдын ала ескерткен екен. Сонда Жантөре Иманов «Мен өкіметке салықты бірнеше есе артығымен төледім. Сондықтан маған тиіспейді» деп нық сеніммен айтыпты. Бірақ бәрібір билік дегеніне жетіп, ақыры атып тынды.
Дейтұрғанмен атамыз басқа байлар сияқты болмаған. Өкіметке салықты еселеп төлеумен шектелмей, халқына жанашырлық танытқан. Қаншама адамды жұмыспен қамтып, тұтас ауылға қамқор болған. Солақай саясат байларды жеккөрінішті етіп көрсетіп, дүние-мүлкін тәркілеген ғой. Ал шын мәнінде бақуатты кісілер елдің қамын ойлаған. Біздің атамыз да сондай кісілердің қатарынан еді. Ол туралы кейін Сердалы атаның өз аузынан естігенім бар. Мен кейін Атқару комитетіне қызметке барғанымда әкем «Қызым, ештеңе тектен-тек келмейді. Бабамыз болыс болған. Сен де бабаңның орнын бастың. Әлі талай биік белестен көрінесің» деп батасын берген болатын. Ол уақытта жас болғандықтан бұл сөзге онша мән бермедім. Кейін ойлап қарап отырсам, әкемнің сөзінде терең тағылым жатыр екен. Бағымызға орай біраз қызметтерді атқарсақ, бұл да атадан балаға жалғасқан сабақтастық екен ғой.
Анамыз Дәмеш те өсіп-өнген әулеттен шыққан. Әкесі Алтынбек дәулетті бай болған. Атам Жантөре Имановпен жақсы араласқан соң балаларын атастырып, екеуі құда атаныпты. Бірақ анам 1953 жылы небәрі 40 жасында өмірден озды. Сонда әкемнің егіліп жылағаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Тіпті, ел-жұрт «Еркек адамның әйелі қайтыс болғанда былай жылағанын көрген емеспіз» деп әңгіме де қылды. Бәлкім, адал жарына деген қимастықтан көңілі босап, көз жасына ерік берген шығар. Құдай қосқан қосағынан айырылу кім-кімге де оңай соқпайтыны анық қой. Анамыз өте тәрбиелі, мейірімді, парасатты жан болған. Бұл қаза жалғыз әкемізге ғана емес, балалары бізге де ауыр тиді.
Өмірдегі ең шынайы естеліктер ата-анаң, бауырларың, ет жақын туыстарың, отбасың туралы жазбалар ма деп ойлаймын кейде. Себебі, мұндай дүниелердің бәрі де боямасыз баяндалады. Көңілдің түкпіріндегі кіршіксіз таза сезімдер қағаз бетіне түсіріліп, қаз-қалпында өріледі. Менің бұл мақалам да сонысымен құнды деп пайымдаймын.
Біз отбасында анадан 4 бала қалдық. Тәтем Бакира екеуміздің арамыз 4 жас. Сондай-ақ менен бес жас кіші Дәмежан есімді сіңлім бар. Үйдің кенжесі-Әлихан. Анамыз қайтыс болғанда Әлихан үш жасқа да толмаған еді. Тағдырдың сынағы бізді ерте есейтті. Әсіресе, тәтемізге артылған жауапкершілік жүгі жеңіл болмады. Бізге ана орнына ана болып, бар мейірімін төкті. Інімізді күнде аяғына тербетіп ұйықтатқанда жылап отырып, әндететін, әлдилейтін. Бір күні тәтесі шаршады ма әлде мына өмір қажытты ма жыламай да, әндетпей де қояды. Сонда інісі осыны аңғарып, «Бәбатай, жылашы» дегені бар. Інісі жылағанға етжүрегі елжіреп, жұбатамын деп өзі де шаршап ұйқыға кететін. Әрқайсымызға солай қамқорлық жасады. Болашақ жездем мектепте сабақ беріп жүрген кезде шашы беліне түскен, көзі мөлдіреген сұлу тәтемді көріп, ғашық болып екеуі үйленген. Бізді аяғымыздан тұрғызып, жеткізейін деді ме екен, 18 жасқа толмай өзінің мұғалімі Тұрсынбек Искаковқа тұрмысқа шықты.
Жездеміз де өсіп-өнген әулеттің өкілі. Әлі есімді ағасы артельдің бастығы болды. Жары Мөржан апа екеуі әпкемді келін етіп түсіріп, бір жылдай қолдарында тәрбиеледі. Сол кісілерге деген құрметі болса керек, 1957 жылы өмірге келген Тиышкүл есімді тұңғыштарына қайнағасының атын беріп, тегі Әлиева деп жазылды. Тағы бір перзентін енесінің туған сіңлісі, Талас ауданының Көктал ауылында тұратын Рәзия апаға берді. Ол кісі бала көтермеген екен. Бұл да тәтемнің көрегенділігінің бір белгісі ғой деп ойлаймын. Әйтпесе адам өз баласын біреуге бере ме? Жағдайларын түсініп, осындай қадамға барған. Кейіннен тәтем қайтыс болғанда Рәзия апамыз «Тас емшегімді жібіткен, жарығым-ау» деп жылағанда күллі ел күңіреніп кетті. Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізді көрсе «Бакираның көзісіңдер ғой» деп құшағына қысып, еріксіз егілетін.
1975 жылдың 2 мамырында тәтемнің қайнағасы Әлі келіп «Тыныштық, тұр, бізге енді Бакира жоқ» деп қаралы хабарды естіртті. Мен сыртқа жылап шықтым. Қайнағасы Бәкетай деп қатты сыйлаушы еді. Содан бір жылдан кейін атқару комитетінде отырсам маған келіп тұр. «Тоня, Бакира түсіме жиі кіріп жүр. Сол үшін саған келдім. Екеуміз Құран оқиықшы» деді. Мен дастархан жайып, екеуміз біраз әңгімелестік. Өткен шақтарды еске алып, жылап та алдық. Әлекең Құранды мақамымен керемет оқыды. Сөйтіп мен жақсы сый-құрметпен шығарып салдым. Кетіп бара жатқанда: «Рақмет, айналайын!» деді. Одан кейін мен ол кісіні көрген жоқпын. Сонда менің тәтеме деген мейірімі толқытып жіберді. Ол кісінің тәтемнің аруағын сыйлап, тағзым еткеніне, арнайы келіп Құран бағыштағанына риза болдым.
Тәтем жастайынан өмірдің ауыртпашылығын көрді. Бірақ мойыған жоқ. Өзі әдемі, көзі мойылдай қара болатын. Шашы тобығына дейін жететін. Ерте тұрмысқа шығып, бізге анамыздай қамқор болды. Мен 10-сыныпты бітіргенімде Тұрсынбек жездем Шымкенттегі педагогикалық институтқа, «Орыс тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға апарып, маған жол көрсетті. Өмірден көрген-түйгендерін айтып, ақыл-кеңесін беріп отыратын.
Жездем мен тәтем екеуі 10 перзент сүйді, Мақсат ұлы кішкентай кезінде өмірден озды. Бакира дүкенде еңбек етті. Декреттік демалыс-та көп отырмай, жұмысқа шығып кететін. Жайлы мінезімен жұртқа жақты. Еңбегімен елге танымал болды. Искаковтар әулетінің үлгілі келіні атанды. Өкініштісі, небәрі 37 жасында дүние салды. Балаларының қызығын да көре алмай кетті. Ол өмірден озғанда халықтың қабырғасы қайысып, қайғыдан қан жұтқандай болды. Бейітке жерлеуге барғанда 52 жеңіл машина тізбектеліп жүріпті. Оны да таныс кісілер кейін айтты. Бұл да болса тәтемнің еліне елеулі болғанының айғағы шығар.
Тәтем балаларының қызығын көре алмаса да қайындары мен қайынсіңлілеріне бар жылуын, аналық махаббатын беріп кетті. Оларды балаларынан бетер жақсы көрді. Бейне бір жеңге емес апаларындай қамқорлық танытты. Жездем екеуі бірге балаларды оқытып, еңбек дүбіріне қосты. Осындай текті әулетте тәрбиеленген қайынсіңлісі Ақбай Искакова ұзақ жылдар бойы аудандық электр жүйелері мекемесін басқарып, құрметті зейнетке шықты. Қайнылары да үлкен қызметтер атқарып, абырой биігінен көрінді. Оңғарбек кеңшар директоры болды. Сәуірбек Жамбыл ауданында бас зоотехник болып жұмыс істеді. Дәуренбек Жаңатас қаласында газ тарату мекемесіне жетекшілік етті. Тәтем қайынсіңлісі мен қайындарының біреуінің атын атамайтын. Үлкен қайнысын «Тетелес» деп еркелететін. Одан кейінгілерін Дәукебас, Көкебас, Сәукебас деп атайтын.
Халық даналығында «Жақсы әйел еркектің басын төрге сүйрейді» деген сөз бар ғой. Тәтем де жездемнің барлық жағдайын жасап, қызметте сатылап өсуіне сеп болды. Текті әулеттің алтын діңгегі болған Тұрсынбек Искаков өз уақытында жауапты жұмыстарды атқарды. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, директордың орынбасарлығына дейін көтерілді. Кейін партия мектебінде білімін шыңдап, біліктілігін арттырды. Сөйтіп аудандық атқару комитетінде еңбек етті. Аудандық білім бөлімін басқарды. Байқадам ауылдық кеңесінің төрағасы болды. Білім саласын басқарғанда мықты кадрларды тәрбиелеп, мектептерді жақсы деңгейге көтерді. Сол шәкірттерінің бірі Бөлтірік Ильясов жездеміз 2017 жылы қайтыс болғанда қайғыны бөлісіп, бір жылқысын сойды. Мұның өзі оның елге сыйлы болғанының бір дәлелі екендігі сөзсіз.
Тәтем жан жарымен жарасымды ғұмыр кешті. Жездем тәтемді Бакетай деп еркелетіп отыратын. Алақанына салып аялайтын. Тәтем де Құдай қосқан қосағына адалдық танытып, жақсылығын асырды. Ерінің бауырларына бар мейірімін төгіп, қамқорлық жасады. Отбасылық достары да керемет жандар. Асқаралы-Рая, Бердібек-Ботагөз, Смағұл-Сара, Сейділда-Абай, Шамшырақ сынды ағайлар мен апайлардың сыйластықтары ерекше еді. Тәтем дүкенде жұмыс істеп жүргенде өз тәжірибелерімен бөлісіп, білгенін үйреткен Мәуекүл, Ажай, Саха есімді апайлары сауда саласының қыр-сырына баулыды. Өзге де көптеген жолдастарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова екеуі бір партада отырған. Сонымен қатар Мамық Байшораева есімді құрбысы болды. Үшеуі мықты дос болып, жақсы араласты.
Қазақ «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Тәтемнің қазасы біздің бәрімізді есеңгіретіп кетті. Әкемізге де, бауырларыма да қиын болды. Кеудем өксікке толып, тоқтамай жыладым. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Сонда жолдасым Қырғызбай «Былай жылай берсең, сен мына екі баланы жұтасың, сосын мені жұтасың. Сосын барып көз жасыңды тоқтатасың» деп ескертті. Мен бұл сөзге селк ете қалдым. Сөйтіп барып өз-өзімді сабырға шақырып, кішкене жылағанымды қойдым. Менің жолдасым қайғы-қасіреттің қиындығын жақсы біледі. Оның туған екі ағасы араға алты ай салып, 1 жылда қайтыс болыпты. Сол жағдайды айтып, мені жұбатты. Маған жаны ашып, көп қолдау көрсетті. Бастығым Перенков та: «Антонина, она хорошая, я знаю. Я уважаю ее. Мы живые все, Хватить плакать» деп мені демеді. Жыламайын десем, бұл қаза жаныма қатты батты. Туған бауырдан айырылу оңай емес. Оның үстіне мен анам қайтқанда кішкентай болып, балалықпен сезінбедім. Ал анамыздың орнын жоқтатпаған тәтем мәңгілік мекеніне аттанғанда қабырғам қайысып кетті. Сондай қиын күндерде туған-туыстарым, жақындарым, отбасым, достарым, әріптестерім жанымнан табылды.
Бұл қаза әкемізге де ауыр тиді. Тұла бойы тұңғышын қатты жақсы көретін. Анадан айырылған 9 баланың болашағына алаңдап, ауырып қалатын. Көп уайымға салынатын. Арада бір жарым жыл өткенде ол кісі де жарық дүниемен қош айтысып кете барды. Әкем екінші рет Кенжекүл деген анамызбен бас қосып, біз төртеумізден бөлек сегіз перзент сүйді. Сегіз перзенттің ішінде Гүлзада, Ғалия есімді қыздарын қара жер қойнына тапсырған еді. «Орнында бар оңалар» дегендей, балалардың барлығы жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты.
Менің ең жақсы қасиеттерім бауырым арқылы дарыды деп ойлаймын. Мен анамның мейіріміне қанып өспесем де әпкемнің тәрбиесін алдым. Оның бізге көрсеткен бағыт-бағдары бөлек болды. Бізге көп нәрсені үйретті. Сол үшін де алғысым шексіз.
Уақыт көші бір орында тұрмайды. Тәтемнің дүниеден озғанына да 50 жыл болыпты. Осыған орай балалары еске алып, ас бергелі жатыр. Бұл әрине, жақсы тәрбиенің жемісі, көрегенділіктің көрінісі. Ата-аналарын ұмытпай, тағзым етіп отырған ұл-қыздарына үлкен ризашылығымды жеткізгім келеді. Әрі осы мақала арқылы тәтеме деген сағынышымды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, жан апатайым!
Тыныштық Бектөреева,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы