ӘКЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

0

Үстіміздегі жылғы мамыр айының 9-ы күні Ұлы жеңіске 80 жыл толайын деп отыр. Осы айтулы мерекені лайықты қарсы алу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ұйғарымымен Республика көлемінде іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізу жоспарланып, басталып та кетті.

Сол іс-шаралардың бірі баспасөз беттерінде, теледидарда, әлеуметтік желілерде соғысқа қатысқан майдангерлер жайында естеліктер, мақалалар жариялау екені белгілі. Міне, осындай мақсатта мен әкемді еске алып жазуыма тура келді.

Менің әкем Қожаназаров Ерғали 1915 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкем Ерғали 5 жасында жетім қалып, ағасы Нұрғали мен жеңгесінің тәрбиесінде болады. Бірақ, Кеңес үкіметін орнату кезіндегі қақтығыстар кезінде ағасы қаза тауып, жеңгесі әкемді балалар үйіне тапсырып, балалық шағын балалар үйінде өткізеді. Әкем еңбектегі өмір жолын 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйінің тәрбиешісі болудан бас-тайды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазалы ауданындағы Көларық жеті жылдық мектебінің оқу меңгерушісі, Ғ. Мұратбаев атындағы колхоздың Калинин атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып ұстаздық кәсібін жалғастырады. 1940 жылдың ақпан айында қызыл әскер қатарына шақырылып, Белорус КСР-дағы 298-ші арнайы Зенит артдивизионындағы әскери борышын өтеуден бастайды. Соғыс әкемді 1941 жылы 22 маусымда Брест қаласында әскери борышын өтеу кезінде қарсы алды. Гвардия ефрейторы Қожаназаров Ерғали соғыс жылдарында Батыс, Брянск, Орталық және 1-ші Белорусс майдандары құрамында Орел, Сталинград, Курск, Брянск, Сумск, Речица, Брест, Познань, Варшава, Берлин және т.б. қалаларды азат ету үшін болған ұрыстарға қатысқан. Зенитті-Артиллериялы Гвардиялы полкында батарея командирінің орынбасары-наводчик ретінде жаудың 13 ұшағын, 5 жауынгері мен офицерін жойған. Майданда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинград қаласын азат еткені үшін», «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін» медальдарымен және одан басқа Бас қолбасшылықтан 8 рет Алғыс хатпен марапатталған. Майдан шебінде көрсеткен ерліктері үшін және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде Коммунистік Партия қатарына қабылданды. 1945 жылдың қараша айында аман-есен елге оралған.

Соғыстан кейін әкем Қожаназаров Ерғали бейбіт өмірге араласты. 1946-1948 жылдар аралығында Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1948-1956 жылдар аралығында Қазалы аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімінің бастығы болды. 1956 жылы КОКП ОК мен Министрлер Кеңесінің 25.03.1955 жылғы №577 қаулысына сәйкес Энгельс атындағы колхозға 30 мыңдықтар құрамында төраға болып жіберілді. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға инспектор болып қызмет атқарды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, әкем дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.

Әкемнің бейбіт өмірде де ұрпақ тәрбиесіне атсалысуын үзген жоқ. Мектептердегі, комсомол ұйымдарындағы кештерде соғыс даласында көрген қиындықтарын, жолдастарының көрсеткен ерлігін, бейбіт өмірдің құндылығын  айтып, ұрпақ тәрбиесін салауатты қалыптастыру жайында көп еңбек сіңірді. Ал неміс басқыншыларының көрсеткен азабын ешқашанда айтқан емес. Ол кісінің соғыс жайлы естеліктерінде де соғыс кезіндегі бейбіт өмір, тыныштық кезеңі айтылатын. Сондай бір әңгімесі былай суреттелетін: Белоруссия жері қара топырақты болып келеді, сәл жаңбыр жауса жер лайсаң, батпаққа айналады. Ауыр техника түгілі адамдардың өзінің жүріп-тұруы, қозғалуы өте қиын болады. Солдаттардың шинелін су басып, қажыр-қайрат азайғанда тамақ ішіп әлденбесе тіпті жүре алмай қалады. Сондай бір кезде Белоруссия жерінде бір үзім нан таба алмай қиналады. Жергілікті тұрғындар нан орнына картоп жеп дағдыланған екен. Картоп өте көп. Оны жегенмен адамға күш бермейді екен. Сол кезде бір үйдің ұрасынан көп бидай табылып, солдаттар қатты қуанады. Бірақ оны диірменге тартып, ұнын илеп, пісіріп отыратын уақыт қайда. «Қап» деп командирі қиналып отырғанда әкем Ерғали дереу бір қазан тауып, бидайды тұз қосып қуырып береді. Соны жеп әлденген солдаттар қуанса, командирі алғыс айтып, мұндайды қайдан білуші едің,-деп сұрайды. Бұл біздің ұлттық тағам ғой деп жауап бергенмін дейтін. Соғыстағы майдандас достарымен де араласып тұруды ұмытқан жоқ. Олар Меңеев Төлепбай, Әуесбаев Ахмет, Қабақбаев Раманқұл  және т.б.

Әкем Ерғалимен бірге қазақтың бірнеше зиялы қауымы әскер қатарында болды. Олардың ішінде соғыстан кейін ҚазақССР Білім министрі болған Кенжалы Айманов, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы Бақи Бакиров, аудандық партия комитетінің хатшысы болған Әнапия Ұзақбаев, қазақтың сауатты жігіттерінің қатарында ағарту саласының маманы Төлепбай Меңеев болған еді. «Толассыз тағдырлар жайында естелік» деген кітабында Төлепбай Меңеев ағамыз әкемді былайша еске алады «Ерғали-бір сөзді, адамға қамқор, қайырымды адам болатын. Мен соғыстан кейін тағдыр тәлкегіне ұшырап, қалжырап жүргенімде көмек қолын созған адамдардың бірі еді. Ол жеке үй салуыма, ауырған кезімде дәрігерге қаралып, демалыс орнына баруыма көмектесті».

Анамыз Ідірісова Мұңсыз өмір бойы Мемлекеттік Банкте аға кассир болып қызмет атқарды. Тек 1974 жылдан зейнетке шыққан 1978 жылдар аралығында ғана Қазалы қаласындағы автобазада кассир болып жұмыс істеді. Жұмысына адалдығы және соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Анамыз Мұңсыз бен әкеміз Ерғали екеуі баласы Нұрлан мен маған тәлімді тәрбие берді. Балалары мен немерелерінің ортасында әкеміз Ерғали 1990 жылы тамыз айында, анамыз Мұңсыз 1993 жылы маусым айында дүниеден өтті. Бұл күнде баласы Қожаназаров Нұрлан  Ерғалиұлы әке шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Мен өзім отбасыммен Жаңатас қаласында тұрамын.

Қазіргі уақытта Қазалы ауданының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, дербес зейнеткер Қожаназаров Ерғали әкемізге Қазалы қаласының орталығынан көше берілді.

Бұл күндері немерелері мен шөберелері ата ерлігін ардагерлерден естіп, кинодан көріп, ертегідегі батырдай болып көрінеді. Мақала соңында өнегелі ісімен артында өшпес із қалдырған әкем Қожаназаров Ерғалиды мен үлгі тұтамын.

Светлана Қожаназарова,

аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшісі, аудандық аналар алқасының төрайымы, кітапхана

ісінің ардагері

Ерлік пен ќўрбандыќтыѕ їлгісі

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Бұл – тарихтың ұмытылмас парағы ғана емес, әрбір қазақ азаматының жүрегіндегі терең тағзым мен естеліктің белгісі. Бірақ біз Жеңіс күнін тек парадтармен немесе танымал батырларды еске алумен шектемеуіміз керек.

Осыдан 80 жыл бұрынғы үнсіз ерлікті, есімі аталмай кеткен, бірақ жеңісті жақындатқан мыңдаған жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерін танып-білу – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Майдан шебіндегі үнсіз батырлар

Қазақ сарбаздары майдан даласында әртүрлі қызметтер атқарды. Ерекше көзге түскен бағыттардың бірі – барлау. Қазақ жауынгерлері табиғатпен етене жақын, төзімді әрі қырағы болғандықтан, жау шебіне жасырын кіріп, маңызды ақпараттар жеткізген. Бұл туралы ресми құжаттарда сирек жазылады, бірақ архивтік материалдарда кейбір деректер сақталған.

Қасым Қайсенов – барлаушы әрі партизан қозғалысының даңқты өкілі. Оның аты-жөні соғыс жылдары құпия сақталды. Украина мен Молдавия ормандарында жау шебіне соққы берген қазақ партизаны кейін «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Ол тек соғысушы емес, соғыс тәсілін меңгерген шебер ұйымдастырушы болды. Бұл оның әскери ерліктерін және соғыс тәсілдерін меңгергенін көрсетеді. Қасым Қайсеновтің ерлігі мен оның партизандық күреске қосқан үлесі туралы көптеген зерттеулер мен кітаптар жазылған.

Тағы бір беймәлім дерек – Сталинград шайқасында ерлік көрсеткен қазақ бөлімшелері. Бұл бөлімдердің көпшілігі ресми құжаттарда «Орталық Азиядан келгендер» деп көрсетілген. Олардың нақты тізімін анықтау қиын, бірақ мұрағаттан табылған кейбір құжаттарда “қазақ жауынгерлері неміс танкілерінің алдын бөгеп, тірі қалқандар болған” деп жазылған.

Сол сияқты қызыл әскердің сапында соғысқан қазақ әйелдері жайлы да мәліметтер аз. Мәншүк пен Әлиядан бөлек, аты аталмаған ондаған қазақ қызы санитар, байланысшы, мерген, тіпті автоматшы болып шайқасқан. Олар туралы мәліметтер енді-енді зерттеліп жатыр.

 Тылдағы тылсым еңбек

Соғыстың алдыңғы шебін қамтамасыз етіп тұрған тыл майданының маңызы зор. Қазақстан сол жылдары нағыз өндіріс ошағына айналды. Ресейдің батыс өңірінен көшірілген жүздеген зауыттар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей қалаларына орналастырылды. Бұл зауыттарда негізінен әйелдер мен жасөспірімдер жұмыс істеді.

Қарағанды шахтерлері майдан үшін көмір өндірісін бірнеше есеге арттырды. Семейдегі оқ-дәрі зауыты күніне жүздеген снаряд шығарып отырды. Балалар сабақ орнына станок басына отырды. Олар үшін соғыс — балалықтың соңы болды. Мұндай беймәлім еңбектің көпшілігі ешбір марапатсыз, үнсіз өтті.

Қызылорда облысындағы “Қызыл коммуна” колхозының әйелдері соғыс жылдары барлық ер азамат майданға кеткен соң, барлық ауыл шаруашылығын өздері жүргізген. Олар егін егіп, өнімді өз қолдарымен вагондарға тиеп, майданға жөнелтіп отырған. Архивтерде олардың “Жоғары еңбек көрсеткіші үшін” Сталиннің тікелей бұйрығымен марапатталғаны туралы дерек бар.

Ұмытылған тағдырлар және бүгінгі парыз

 Ұлы Жеңіске жету жолында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Бірақ олардың біршамасы “із-түссіз жоғалғандар” санатында қалды. Соғыс аяқталған соң, көп отбасы өз жақындарының тағдыры жайлы еш ақпарат ала алмады. Тек кейінгі жылдары “Іздеу” қозғалыстары мен ерікті зерттеушілердің арқасында кейбір жауынгерлердің сүйегі табылып, туған топырағына жеткізілді.

Бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол ерлікті тек еске алу ғана емес, оны насихаттау, зерттеу, тың деректерді жарыққа шығару. Қазақ тарихында аттары аталмай кеткен мыңдаған батыр бар. Жер-жердегі мектептер, көшелер, ескерткіштер солардың атымен аталуға лайық.

Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде көптеген қазақстандық жауынгерлердің сүйектері Ресейдің әртүрлі облыстарынан табылып, туған жерлеріне жеткізілгені туралы нақты деректер бар. Абдулқасым Жаманбаев: 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Көкшетау облысының тумасы. Оның сүйегі 2018 жылы Ленинград облысында табылып, туған жеріне жеткізілді. Пірәлі Ахмамбеков: Сайрам ауданының тумасы. Оның сүйегі 2017 жылы Курск облысында табылып, туған жеріне жеткізілді.

Ұлы Отан соғысының батырларының ерліктерін ұлықтау мақсатында ескерткіштер орнату, мемориалдық тақталар қою бүгінгі күнде де жалғасын тауып жатыр. Қазақстанның көптеген қалаларында қазақ жауынгерлеріне арналған ескерткіштер орнатылған. Мысалы, Алматыдағы «Мәңгілік алау» ескерткіш кешені, Жеңіс саябағы, сондай-ақ Астана қаласындағы «Ерлік» мемориалы — бұл ұрпақтардың ерлікті бағалауға деген ұмтылысының көрінісі.

Ал ауылдар мен аудан орталықтарында да Жеңіс күнін еске алуға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, қазақ жауынгерлерінің есімдері атап өтіледі. Мұндай ескерткіштер тек жергілікті тұрғындардың тарихи санасын жаңғыртып қоймай, олардың ел алдындағы батырлықты қадірлеуге деген көзқарастарын өзгертуге ықпал етеді.

Бүгінгі цифрландыру дәуірінде Ұлы Отан соғысының ерлерін ұлықтаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Ғылыми жұмыстар мен деректерді цифрлық форматта сақтау, ескерткіштер мен тарихи орындардың виртуалды карталарын жасау – бұл тарихи деректерге оңай қол жеткізудің бір жолы. Сонымен қатар, түрлі веб-сайттар мен онлайн платформалар арқылы соғысқа қатысқан жауынгерлердің деректерін жинақтау, олардың жеке өмірі мен ерліктерін жариялау мүмкіндіктері артуда.

Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы – бұл тек тарихи кезеңді еске алу ғана емес, өткенімізге құрмет көрсету, соғыстың үнсіз батырларының есімдерін жаңғырту мен олардың ерлігін болашақ ұрпаққа жеткізу.

Қазақ жауынгерлері майданда да, тылда да өздерінің асқан ерлігімен, батылдығымен және қажыр-қайратымен тарихта өшпес із қалдырды. Қасым Қайсенов секілді партизандардың ерлігі, Сталинград шайқасында көрсетілген қазақ жауынгерлерінің ерлігі, тылда жұмыс істеген әйелдер мен балалардың ерен еңбегі, барлығы да біздің ұрпағымызға аманат болып қала береді. Алайда, олар туралы мәліметтердің көп бөлігі әлі күнге дейін терең зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – тарихи жадымызды сақтап, өткенді ұлықтап, сол ерліктерді болашаққа жеткізу жолында атқарылатын маңызды міндет. Біз Жеңіс күнін тек бір күн ғана емес, жыл бойы, күн сайын еске алып, ұмытылмас ерліктер мен ата-бабаларымыздың асқан батырлығын мақтан етуіміз керек. Сондықтан, әрбір қазақ баласы, әрбір азамат осы ерліктерге құрмет көрсетіп, солардың есімдерін ұлықтап, олардың рухын мәңгілікке жаңғыртуға атсалысуы тиіс. Сол арқылы біз осы жердің әрбір кірпіші үшін күрескен, батырлықтың үлгісін көрсеткен жандардың есімін мәңгілікке қалдыра аламыз.

К.Алиқұлова,

Жамбыл нотариаттық

округінің нотариусы

Ерліктіѕ ерен їлгісін кґрсетті

Жеңіс күні-батылдық пен қаһармандықтың, халқымыздың бірлігінің беріктігі мен қайсар рухының мерекесі.

«Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр майдангерлеріміздің өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды.

Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн сыйлаған майдангерлерімізді әрдайым ардақтап, болашақ ұрпақ алдында мәңгі мақтан етеміз.Біз ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі етеміз. Бұл жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Ауданымызда да Ұлы Отан соғысының ардагерлері туып-өскен жерін көркейтуге атсалысып, өзінен кейінгі ұрпақтарға өшпес із қалдырып кетті. Қаһарлы, қатал қаншама айлар бойы қаһармандықпен соғысқан миллиондаған адамдардың қатарында қазақ жерінің түлектері де ерлікпен шайқасты. Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақтар және барлық қазақстандықтар фашизмге қарсы соғыста нағыз батырлықтың үлгісін көрсете білді. Солардың бірі Смайыл Исабаев жайлы газетімізге шығарғанды жөн санадық.

Исабаев Смайыл 1906 жылы Ақмола уезі, Көктас бойында шаруа отбасында дүниеге келген. 1943-1946 жылдары Ұлы Отан соғысында Калинин майданы 134 – ші атқыштар дивизиясы, 629 – шы атқыштар полкінің аға атқышы болып қанды шайқастың бел ортасында соғысқан.1943 жылы алғаш рет ұрысқа кірісті. Әскери бұйрықты орындауда үлгі көрсетті. 1944 жылы Бобруйск қаласы түбінде (Беларусь жері) болған ұрыста қаладағы жау шебіне бірінші болып кіріп, шабуыл кезінде топ бастаушы болды.

Смайыл ата майдан даласында 7 рет ауыр, 4 рет жеңіл жарақат алады.

Смайыл Исабаев соғыс даласында ерлік көрсеткені үшін медальдармен марапатталады. 1943 жылы 26 маусым күні Смоленск қаласы, Перечистенский ауданында түбіндегі ауыр шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалі, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Қызыл Жұлдыз», «Жеңіс» ордені, Ұлы Отан соғысына 40 жыл, 45 жыл, 50 жыл медальдарымен марапатталған. Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы мемориалдағы тасқа есімі жазылған. Фашистік басқыншыларды жеңгеннен кейін туған өлкесіне бейбіт өмірге және отбасы мен Отан игілігі үшін еңбек етуге оралды. Калинин, Жайылма совхоздарында абыройлы қызмет етті.

Соғыстан кейінгі ел экономикасын, барлық саланы  қалпына  келтіру жауапты жұмыстар күн тәртібінде болған колхоз, совхоздың бригадирі, сонымен қатар Бетбақдаланы меңгеріп, мал шаруашылығын  өркендету істеріне белсене араласады.

1969 жыл  қатты  қыс, жұт жылы болды. Жал құм ішінде  қыстауда мал қыстатып, мал басын аман алып  шығып,  шопанның ерлігін көрсетті.  Зейнет  жасына шығып ұлдарына шаруашылықтың қыр-сырын үйретіп отырды.

Маржанкү Төребекқызымен шаңырақ құрып, 7 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.

Маржанкүл апа жайлы да жаза кеткенді жөн санадық. Маржанкүл апа 1928 жылы Қарақоғада қазіргі Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Совхозда аға шопаншы болып еңбек еткен. Москва қаласында өткен мал шаруашылығы ВДНХ көрмесінің қола медалі, сонымен қатар «Москвич» автокөлігі тапсырылады.

Маржанкүл апа СССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қаулысымен 1974 жылы Одақтың ең жоғарғы атағы «Батыр ана», «Материнская слава» қола, «Материнская слава» күміс медальдармен, Қаз ССр Орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік жоғарғы атақ «Алтын Алқа» медалін иеленген. Облыстық, аудандық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ұлы Отан соғысының ардагері С.Исабаевпен Маржанкүл апа екеуі 11 баланы дүниеге әкеліп, оларды  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Қанша қиын-қыстау күндерді бастарынан өткерсе де, оған мойымай төтеп берді. Қазір ұл-қыздары қосақтарымен әулеттің дәулетін асырып, батыр әке мен алтын құрсақты ананың ақ батасымен ұрпақ өрбітуде.

Смайыл ата 1986 жылы 80 жасында келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға атанды.  Маржанкүл апа 2013 жылы  өмірден озды.

Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған Смайыл атаның ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Уақыт сынаптай сырғып, жылдар өтсе де, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын етігімен су кешкен ерлердің қадірін ұғына түсетіндейміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да күрескен жанның барлығы айрықша құрметке ие.

Сәулет Есқараев,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.