ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ МЕН ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ TURKISTAН ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

0

Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған.

Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы таныстырылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, «Шығыс базары» және шағын қонақ үйлер орналаспақ.

Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе берілгенін атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Президенті мен Түрікменстанның Ұлт көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Этноауыл» кешеніне барды

Мемлекет басшысы мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағында орналасқан ұлттық-мәдени кешенді аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Шығыс базарын» аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты.

Мәртебелі меймандарға ұлттық тағам түрлері, ағаштан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зергерлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері шеберлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәстүрімізді паш ететін театрландырылған қойылым ұсынылды.

Сонымен қатар олар тазы ит пен қыран құстарды тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов түркі тілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.

Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

2025 жылғы 21 сәуір

Түркістан қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.