Елін сүйген Гүлдара

0

Гүлдара бала кезден ерекше пысық, өте жігерлі болып өскен. Атасы Арыстанғали қария да, әжесі Ажар да  Алданыш пен Жаңабике шаңырағынан өрбіген үш қыз, бір ұлды алақандарына салып, аялап өсірді. Әкесі мен шешесі де- интеллигентті, зиялы кісілер. Кіндік қандары Қызылорда облысында тамса да, үлкен өмір жолына түскен өлкесі Тараз топырағы болды. Анасы Жаңабике екеуі бір мектепте, бір сыныпта оқып, орта мектепті бірге аяқтаған. Сол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ екеуі бірін-бірі ұнатады. Алауатсыз татулық, достық соңы шын сүйіспеншілікке жалғасып, соңында шаңырақ көтеруге ұласады.

Әкесі Алданыш үйленген соң емтихандарын сәтті тапсырып, сол кездегі еліміздің астанасы Мәскеу теміржол институтына түседі. Ал анасы болса ата-енесімен шаңырақта қалып, олардың қас — қабағына қарап, солардың көңілдерінен шығады. 1965 жылы оқуын аяқтайды. Содан соң институт басшылығы жас маманға оңтүстік өңірдің Жамбыл, Шымкент, Алматы қалаларының қайсысын таңдау еркіндігін береді. Әке көңілі Жамбыл қаласына ауады. Осында көшіп келгенде Гүлдара небәрі бір жарым айлық шақалақ еді.

Маусым айы. Жап-жасыл, у-шуы аз, жеміс-жидегі мол, мәуесі мәуелеп өскен өңірге, жасыл қалаға бар ықыласымен ынта қояды. Сөйтіп, осы қала әкесі мен анасы үшін құтты қоныс болады. Қызмет сатысы жоғарылайды. Ұстаздық қызметін ғылыммен ұштастырады. Алдымен экономика ғылымдарының кандидаттығын, соңынан докторлығын қорғайды: Академик дәрежесіне көтерілді.  Ал анасы жоғары білім алып, экономист қызметін абыройлы атқарады. Гүлдара өз сөзінде былай дейді: «Әрбір тұлғаның артында ақылды әйел тұрады» деген мәтел  бар ғой. Тура сол секілді әкемнің бүгінгі ғылымда да, қоғамда да үлкен жетістіктерге жетуіне бірінші Алла, екінші анам себепкер. Мен анам секілді күйеуін пір тұтып, құрметтейтін әйелді көрген емеспін. Бір жаққа шыға қалған жағдайда: «Әкең үйге келіп қалады»,-деп қайтқанша асығады. Әкемнің сүйікті асын қамдап, киімдерін ерекше ыждаһатпен тазалайтын».

Міне, Гүлдара осындай отбасында тәрбиеленді. Анасы қанша мейрімді болғанмен де, бала тәрбиесіне өте қатал, талапшыл болды. Гүлдара туған әпкесі Гүлайым, сіңілісі Ұлбосын, інісі Қайрат барлығын үй тірлігіне ерте бейімдейді. Тазалыққа, жинақылыққа, киімдерін күтіп ұстауға, үй тазалығына, дастарқан жасауға, кісілерді жылы қабақпен қарсы алып, олармен сәлемдесу секілді ізгі тірліктерге ерте үйретеді. Осы тәрбиенің жемісін оның кемерінен шыққан ұрпақтары әлі көріп келеді.

Гүлдара отбасындағы төрт баланың ішінде сәл өзгешелеу, жігерлі, ширақ болып өсіп келе жатқанын атасы Арыстанғали байқап: «Сенің бойыңда Едіге батырдың қаны бар»,-дейді екен. Дүниеге келгенде есімін қойғанда да өзі гүл болсын, өзі мінезді, дара болсын деп қоюлары да тектен-тек болмаса керек. Өкінішке орай, аяулы, сүйікті әжесі Ажар ертеректеу дүниеден өтсе де, Гүлдара оның аялы алақанының шырайлы шуағын әлі ұмытқан жоқ. Оқыған ата-аналардың қайсысы болса да, өз перзенттерінің жан-жақты болып өскенін қалайтыны ақиқат. Гүлдараны да музыка мектебінің аккордеон класына береді. Бірақ ол оқып жүргенде сольфеджио деген пәнге онша ықыласты болмайды. Содан мектепке жолға деп берген тиын-тебеніне балмұздақ, бәліш жеп, тәтті газды суға қанып ішіп, мектепке бармай жүреді. Ай бойы солай істейді. Ақыры музыка мектебінің директоры ата-анасына арнайы келіп, оның «сабаққа қатысуы»  жөніндегі шындықты айтады. Сөйтіп Гүлдара анасынан тиісті «сыйлығын» алады.

Мектептегі күндері әлі күнге есінде. Өзі орыс мектебінде білім алды. Сол тұста ол өзге өңді сыныптастары тарапынан аз-кем қағажу көргенін де еске алады. Сондықтан да намысқа тыртысып, оқуын өте жақсы оқыды.  Сол Жамбылдағы теміржолшылар клубының, мектептің кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Андерсеннің «Ақшақар», Корней Чуковскийдің «Мойдодыр», Александр Толстойдың «Буратино» секілді  кітаптарын, қазақ ертегілерін сүйсіне оқыды. Бұл ертегілер оның қиялын ұштады, ой-өрісін кеңейтті. Мектептегі орыс әдебиеті пәні бойынша өткен Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың, Шолоховтың, т.б жазушылардың шығармаларын сүйсініп оқуы оның шығармашылық қабілетін ұштап, тілдік байлығын молайтты.

Гүлдара кейініректеу Бердібек Соқпақбаевтың, Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларына ден қойды. Есейген шағында Әзілхан ағамен болған кездесуде оның «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы төңірегінде өрбіген қызу талқылаудың куәсі болады. Жазушыны бетпе-бет көріп, оның сөзін тыңдау оған ерекше әсер етеді. Оның Бауыржан туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» кітабын орыс тілінде бір демде оқып шығып, үлкен әсерге бөленеді.

Гүлдараның отбасы өнерді ерекше қадір тұтады. Ұлтымыздың ұлы перзенті Шәмші Қалдаяқов Арыстанғали аға шаңырағында әлденеше рет қонақта болған. Аса көңілді, еменжарқын отырыстарда Шәмші фортепьяноға қосылып, қоңыр дауысымен ән салса, Арыстанғали аға да домбыраға қосылып халық әндерін, Шәмшінің өз әндерін орындайтын. Бір қызығы, әкесі нота білмесе де, халық әндерін, заманауи жағымды әндерді де мүлтіксіз айтады. Оның музыкалық еске сақтау қабілетінің жоғары екендігіне сүйікті қызы әлі күнге дейін таңғалады. Сондай сәттерде әкесі де, анасы да қыздарының қонақтарға арнап, фортепьянода, аккордеонда ойнаттыратын. Туған әпкесі Гүлайым Мәскеудің ең үздік оқу орындарының бірі финанс институтын жақсы бітіреді. Түрлі мекемелерде салық, банк салаларында абыройлы қызмет етті. Ерекше қарапайым, кішіпейіл, аса мейірбан жан екен.  Өкінішке орай, тосын келген ковидтің құрбаны болып кетті. Бүкіл отбасына, ата-анасына, бауырына төтеннен келген ажал оңай соққан жоқ. Гүлдара да жүреккке түскен ауыр салмақтан әрең дегенде айықты.

Осындай тәрбиелі отбасында өскен Гүлдара 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік мединститутының терапевт дәрігер факультетіне түсті. Сөз арасында Гүлдара былай деді: «Мен Қарағанды қаласындағы медициналық институтты алты жыл оқып, 23 жасымда бітірдім. Құрбыларыма шешелері: «Тұрмысқа шығып ал, әйтпесе жүріп қаласың»,-деп айтады екен. Маған анам ондай талап қойған жоқ. Әлі есімде, ол мені вокзалға шығарып салып тұрып: «Қызым, бірінші курс пен үшінші курста ешқайда бармай, ешкімге алаңдамай сабақ оқисың. Төртінші курстан бастап киноға барсаң болады»,-деп қадап тапсырды. Мен анамның сол айтқан сөздерін тыңдадым.

Анам-жаратылысынан бекзат жан. Ол кісінің бойында қасиет көп. Бекзаттығы сол, дүниеден гөрі адамның ішкі байлығын алға қояды. Адамның ішкі байлығы-иманы, ұяты, мәдениеті мен тәртібі, тәрбиесі секілді рухани нәрселер.

Содан соң анам қыздарына: «Жар таңдауға келгенде сыртқы сұлулық пен дүниесіне құмартпаңдар, олар тез оңады. Тектілігіне, ішкі жан дүниесінің тазалығына қараңдар»,-дегенді айтатын. Мен де анамның сол ұлағатын өміріме бағдар етіп қойдым. Оқу бітіріп келген соң осы елдің азаматымен бас қостым»,-дейді ішкі сырын бүкпей айтқан Гүлдара қарындасымыз. Бекзат болмысты зиялы әкесі мен  ұлтының ұлағатын тал бойына сары алтындай жинаған анасының асыл қасиеттерін бойына сіңірген Гүлдара да өз өмірін осы арнаға бағыттады. Сөйтіп көңіл қосқан азаматына тұрмысқа шыққанда анасының: «Қызым, өзің таңдап қосылдың, бізді жерге қаратпа. Сол үйге тастай батып, судай сің»,-деп ақ батасын берген. Ана ұлағатын ұстын, бағдар тұтқан Гүлдара ата — енесімен бірге тұрып, олардың қас-қабағына қарап, өзінің тәрбиелі келін екенін көрсетеді. Олардың шын ықыласты ризашылығымен, ақ батасымен, қайнысы үйленген соң ғана бөлек отауға шығады. Гүлдара жастайынан-ақ дәрігер болуды мақсат тұтады. Анасы ертеден бронхиалды астмамен ауыратын. Көз алдында жаны қысылған анасы үшін жедел жәрдем шақыратын сәттері осы күнге дейін көз алдында. Сонда арманға толы бала көңілі өскенде міндетті түрде дәрігер боламын. Бірінші кезекте анамды қинайтын кеселді емдеймін дейді екен. Ол сонау бала кезден ойына алған мақсатын орындау үшін медицина институтына оқуға түседі. Барлық пәндерді «беске» тапсырады. Себебі ол мектепте оқып жүргенде-ақ химия, биология пәндерін асқан құштарлықпен оқитын. Сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында өткен республикалық олимпиадада химия пәнінен үшінші орын алып, жеңіс мінберінен көрінеді. Оған сол кездегі С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің басшылығы оның химия факультетіне емтихансыз қабылданғандығы жөніндегі арнайы құжатты тапсырады. Бірақ осындай тартымды ұсыныстан бас тартып, көңілі ұнатқан, жүрек қалауы барынша қалаған медицина институтына түсіп, оны 1988 жылы жақсы аяқтайды.

Студенттік дәуірдің де өз қызық-шыжықтары аз болған жоқ. Ана нұсқауын мүлтіксіз орындаған Гүлдараның сүйікті орны университеттің кітапханасы болды. Барынша тырысып оқыды. Алғашқы курста балаңдықпен кездейсоқ жағдайларға да жолығып жүрді, ақшаларын да жоғалтып алып, біраз абыржыған күндерді бастан өткерген. Үшініші курстан бастап, өзін мықтап қолға алады. Ойын да, бойын да жинақтап, іскерлік бағытта әрекет ете бастайды. Кейіннен де бойға ұялған осы жігермен жанылған  жағымды қасиеттер үлкен өмір жолына бағдаршам болды. Сөйтіп алғашқы дәрігерлік қызметін Жамбыл қалалық ауруханасының инфаркт бөлімінде бастайды.Бес жылдан соң біраз тәжірибе жинап, 1993 жылы қаладағы темір жол ауруханасында дәрігер-терапевт болып ауысады. Талантты, өз ісіне шын берілген жастың елеулі еңбегі ескерусіз қалмайды. Сөйтіп ол бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарды.

Нарық заманының енуі жігерлі жастың жігерін одан әрі қайрайды. 1999 жылы ол «Мейірім» медициналық орталығын құрып, бергі 2020 жылға дейін соның директоры қызметін табаны күректей 21 жыл абыройлы атқарды. Осы жылдары өзінің ұйымдастырушылық қабілетін барынша шыңдады. Ол өз қарамағындағы дәрігерлерден, қызметкерлерден орталыққа емделуге келген азаматтардың жан-жақты емделуіне, дертіне дауа іздеп келген жандардың күй — жайына барынша түсіністікпен қарап, оларды арнайы емімен де, ықылас-пейілімен де, жандарына жылу сыйлап, қолдау көрсетуге баулыды.  Ол басқарған орталықтың атақ-даңқы көпке кеңінен танымал болды. Мемлекеттік денсаулық мекемелеріндей кезек күтіп, екі көзі төрт болып, сарылмай, қалтаға аса салмақ салмайтын қаржымен анализдерін тез өткізіп, ауруханасына жатып,  тиісінше ем-домдарын қабылдап, көңілдегідей ем алып шыққандардың орталық қызметкерлеріне деген алғыстары, ризашылықтары мол болды. Міне, қазақтың ең қасиетті ұғымдарын тал бойына жинаған «мейірім» сөзі сол орталықтың төл паспортына айналуы тектен-тек емес. Ардақты әкесінің жақсы іскерлік қасиеттерін бойына сіңіріп, аяулы анасының ақ сүтінен нәр алған Гүлдараның ізгі жүректі, ақжарма ниетті абзал жан болуы да заңдылық еді. Осы жылдары Гүлдара тікелей қызметінен қол үзбей жүріп, медицина ғылымдарының кандидаттығын сәтті қорғайды. Алған тақырыбы да өзі атқарып отырған жұмысымен, қызметімен тікелей сабақтасып жатқан болатын. Яғни «Созылмалы ауруларды емдеу мен сауықтыру шараларын ұйымдастырудың медициналық-әлеуметтік негіздері» деп аталған.

Гүлдара Алданышқызы қала өмірінің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Ол 2007-2020 жылдары Тараз қалалық, облыстық мәслихаттарының депутаты болып, өзіне сенім білдірген сайлаушылардың үмітін ақтап, үдесінен шыға білді. Сонымен бірге 13 жыл бойы Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығын басқарды. Ол қай жерде жүрмесін, өзінің көпірме қызыл сөздің емес, нағыз істің адамы екенін сан мәрте дәлелдеді. Облыс, қала басшылығының шынайы сеніміне ие болды. Баспасөз беттеріне жиі-жиі сұхбат беріп, теларна арқылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп, облыс жұртшылығына кеңінен танымал тұлғаға айналды. Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды.

Сондықтан да ол 2021 жылы депутаттықа үміткер есебінде дауысқа түсіп, өз әріптестерінен оқ бойы оза шауып, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2023 жылы бір мандатты 16 округ, яғни Шу, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Сарысу аудандары бойынша сайлауға түседі. Бұл жолы да Гүлдара Алданышқызы өзге үміткерлерден озық шығып, VIII сайланған Парламент мәжілісінің депутаты болды. Артынша халық қалаулысы ретінде жауапты жұмысқа белсене кіріседі. Парламент мәжілісі 98 депутаттан тұрады, оның 29-ы бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланған. Мәжілісте 7 комитет бар. Ол алғашқы күннен бастап, аудандарды аралап, халықпен жиі кездеседі. Осының барысында халықтың, елді мекен тұрғындарының инфрақұрылым игіліктерін толық көрмей отырғандығын, медициналық қызметтің сапасы көңіл көншітпейтінін, дәріханалар жұмысының ала-құлалығын, тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамтылмағанын, жайылымдық, егістік жерлерді пайдаланудың көптеген мәселелері шешілмей жатқандығына көзі жетеді.

Мысалы, аймақтық суармалы жерлерін сумен қамту министрлік пен «ҚазСуШар» мекемесінің мойнында. Аталған кәсіпорын кезінде халықаралық қаржы ұйымының несиесімен 40 миллиард теңгенің екі жобасын жүзеге асырып, 114 мың гектар жерді суландыру керек болатын. Бірақ бұл құрылыс нысаны толық аяқталмауы салдарынан шулық шаруалар сусыз қалды. Міне, осы мәселені батылдықпен көтеріп, Гүлдара үкіметке сауал жолдайды. Үлкен қаржыны талапайға салғандар бойынша тексеру жүргізуді қатаң талап етеді. Міне, осының нәтижесінде үкіметтік комиссия құрылып, жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Гүлдара Алданышқызы —  бүкіл депутаттар сапындағы мамандығы дәрігер жалғыз тұлға. Сондықтан да ол денсаулық саласы бойынша мәселелердің барлығына өткір үн қосып отырады. Дәрігер мамандардың тапшылығы елімізде өткір сезіліп келеді. Ол қазіргі таңда медициналық жоғары оқу орындарындағы мамандықтарды дайындау мерзімінің тым ұзарып, 10-12 жылға созылуына бар жан-тәнімен қарсы. Кешегі Кеңес Одағындағы 7 жылдық мерзімде оқып бітірген дәрігерлер білімінің сапалығын, біліктілігін ерекше атайды. Жеке мамандықтар бойынша қайта даярлау мерзімдерінің 4 айдан 2 жылға дейін ұзарып кеткендігін ашына сынады.  Ол соңғы екі жылда жоғарғы билікке, үкіметке қоғам өміріндегі өзекті мәселелер бойынша 25 депутаттық сауал жолдады. Отызға жуық жұмысшы тобына мүше болып қатысты. Денсаулық мәселелері бойынша заң жобасына жетекшілік жасады. Гүлдараның тікелей қатысуымен Шудағы емхана мен аурухананы қосу туралы даулы мәселе оң шешімін тапты. Бұл ретте Гүлдара аз тер төккен жоқ. Жоғары басшылық пен министрлікке шығып, өз позициясын дәлелдеп шықты. Меркідегі үлкен көпірді пайдалануға берілген қаржыны бармақ басты, көз қысты тірлікке ұластырған Қытай компаниясы құрылыс материалдары қымбаттады, ақша құнсызданды деген түрлі сылтауларды алға тартып, жұмысты толық аяқтамайды. Сол көпірден ұшқан шаң Тұрар Рысқұлов ауылын көміп салып, халықты қаншама әбігерге салады. Қою шаңды басу үшін қарапайым су шашуды да іске асырмайды. Тұрғындар митингіге шығады. Міне, осы тұста Гүлдара көзбояушылыққа, алаяқтыққа жол беріп, жергілікті басшылықтың талаптарын мойындамай отырған компания басшыларымен ашық күреске шығады.Егер ол алған міндеттемелерін орындамаса, тек қана республика емес, Қытай мемлекетінің басшыларына дейін шығатынын мәлімдегенде барып, олар тәубасына түсіп, жұмыстарына қайта кіріседі.

Гүлдара халықтың кез келген тобымен бетпе-бет кездесуден ешқашан жалтарған емес. Ел болған соң ара – тұра жолығатын небір мінезді адамдардың кейде қарадай тиісетін оқиғаларына жолығатын. Осындай тосын жағдайларда ол өз – өзін қалыпты шеңберде ұстау дипломатиясын үздік меңгергендігінің пайдасын көп көрді. Кезінде өзімен бірге депутаттыққа үміткер болып, сайлауда жеңіліп қалған әйел кейініректеу халықпен кездесу сәтінде небір жанды жаралайтын ауыр сөздерді қарша боратқанда да, сабыр сақтап, ұсақ пендешілікке салынған жанмен артық-ауыс сөзге бармай-ақ сабырлы қалпын сақтап, дәйекті дәлелдермен ауызына құм құяды.  Ол қай жерде де депутаттың қолында ақша, материалдық ресурстар жоқ екенін, олар айтқан өзекті мәселелерді барынша  жинақтап, пайымдап, сарапқа салып, оның шешу жолдарын жоғары билікке жеткізетін, халық пен үкіметтің арасындағы дәнекер, алтын көпір екендігін айтудан еш жалыққан емес. Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылының ауыз су мәселесін, Сарысу, Мойынқұм аудандарындағы елді мекендерді газдандыру, Меркі ауданының Кеңес ауылының спорт сарайы, Шу ауданындағы кейбір мектептердің акт залы жоқтығы секілді мәселелердің оң шешілуіне көп күш жұмсауда. Өмірден көргені көп, түйгені мол Гүлдара өзі өмір сүрген ортаның жетістігі неде, кемшілігі неде екендігін бес саусақтай біледі. Ол медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдігін күшейтуді, оларға лайықты жеңілдіктерді қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жедел тапшы мамандық бойынша ауылдық жерлерге жіберілетін медицина қызметкерлерін қолдау, ынталандыру тетіктерін жүзеге асыруға атсалысты.  Депутат Гүлдара Нұрымованы қоғамдағы тамыры тереңге кеткен жемқорлық мәселесі қатты толғандырады. Мысалы, Израильде сыбайлас жемқорлыққа барушыларды Отанын сатқан опасыздар санатына жатқызса, Қытай, Сингапур елдеріндегі осы  шетін мәселелерде аса қатал ымырсыз күрестің  оң тәжірибелерін пайдалануды ұсынады. Ол сондай-ақ қазіргі қоғамның ең қатерлі дерті лудоманиямен, сондай-ақ букмекерлік кеңселердегі етек алып жатқан былықтармен күрес жолын күшейту, педофилия, баланы өлтіру секілді ауыр қылмыстардың жазасын заң жүзінде барынша күшейту мәселелерін қызу қолдады.

Ол еліміздің некеге тұрған әрбір үшінші отбасы ажырасып кететіндігін алға тартады. Оның түпкі себебі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыздың ұрпақтар санасында солғын тарта бастағанынан, жас ерлі-зайыптылардың шаңырақтары шайқалуы салдарынан туындайтын қасіретті салдарлар қоғам өміріне салқынын тигізетіндігін алға тартады. Бұл орайда қазір белең алған әлеуметтік желінің салмағы үдеп бара жатқандығына қатты алаңдаушылық білдіреді. Әсіредіншілдік, сықсима көзін ғана қалдырып, қара жамылғандар мен қаба сақалдылар мен шолақ шалбар киіп, қыздарын тумай жатып бет-аузын тұмшалап, балалық аңсар, сәбилігін ұрлаған ата-аналардың ұлтымыздың, аяулы дәстүрлерін тәрік етіп жүргендігі қатты мазалайды. Осы секілді мәселелерді Парламент қабырғасында, комитет отырысында үнемі көтеріп келе жатқандығы оның депутаттық белсенділігін танытады.

Ол ауыл халқына арнайы статус беру бойынша, әйелдерді зейнет жасына ертерек шығаруды, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтарға тосқауыл қою үшін несие пйыздарын азайтуды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін тиімді болатын  «АгроПромБанк» құру арқылы ауылшаруашылығын несиелендірудің тиімді тетіктерін іске қосуды қызу қолдап, әріптестермен бірге жаңа қаржылық институт құрудың идеясын батыл ұсынып жүр. Әрине, бір мақалада депутат қызымыздың белсенді әрекеттерін тізбелеп шығу біраз көлемді алары сөзсіз. Бірақ оның ел-жұртқа деген мейірімді қамқорлығын атап өту парыз. Ол жеке өз қаржысына Жамбыл ауданына қарасты  Пригородное ауылында 2016 жылы 280 орындық балаларды сауықтыру орталығын ашса, 2019 жылы сол ауылдан 400 орындық жаңа мектепті салып берді. Одан соң Сарысу мен Талас аудандарының тұрғындары үшін аса қымбат шетелдік МРТ аппаратын сатып алып, Қаратау қаласына орналастырды. Ол екі ауданның тұрғындарына тиімді қызмет көрсетіп жатыр. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкер Гүлдара Алданышқызына үнемі қолдау көрсетіп, оның оң істерін ерекше бағалап, үлкен қолдау көрсетті. Кейіннен облыстың басқа аудандарының орналасу ыңғайына қарай екеуара осындай аса қымбат медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ел сенген депутат болған ол тек өзі түскен аймаққа ғана емес, республика көлеміндегі түйіткілді мәселелерге де еріксіз араласқаны бар. Алматы қаласының орталық аудандарының бірінде қала басшылығымен жең ұшынан жалғасқан түріктің алпауыт құрылыс компаниясына сатылып кеткен болашақ олимпиада түлектерін дайындайтын мектепті, оның иелігіндегі 4 га жерін қорғап қалу үшін болған айқаста Гүлдара зор қиыншылықтармен жеңіске жетті. Сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловтың Гүлдараны қолдағаны зор абырой болды. Гүлдара қазақ қолөнершілерінің қолдайтын заң жобасы үшін де көп еңбектенді. Ежелгі Тараз қаласының қазақ қолөнерінің бесігі болғандығын дәлелдеу үшін де дәйектер мен деректерді молынан пайдаланып, осы рухани ізгі іске үлкен мұрындық болды. Оның сайлауалды бағдарламасының бірінші бағыты мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру болатын. Онда балабақшалар біртіндеп, тек қазақ тілінде жұмыс істеу керектігіне назар аударған еді. Қазір бұл салада жалпы республикамызда біршама ілгерілеушілік бар екенін айтты. Парламент мәжілісінде қазақ тілі басымдық сипатқа ие болуда. Заңдар екі тілде қатар дайындалып, көбіне қазақ тіліндегі мәтінге үстемдік берілуде. Белсенді тіл жанашырлары Қазбек Иса, Жанарбек Әшімжан,Ермұрат Бапи, Ринат Заитов сынды азаматтардың Парламентте ықпалы зор. Қазір  Парламент мәжілісіне есепке келген министрлер, вице-министрлер ортақ тілде сөйлей бастаса, осы секілді депутаттарымыз тікелей қарсы шығып, мемлекеттік тілде баяндауын қатаң талап етеді. Сонымен бірге Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың өзі де үлгі көрсетіп жүр. Гүлдара  санаға салмақ түсіретін ауыр жұмыстан бір сәт босағанда, Бетховеннің «Айлы сонатасын», Шопеннің жан жүректі әлдилейтін ноктюрндерін тыңдағанды, қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілген қоңыр күйлерді тыңдауды ұнатады.Ол  Шәмшінің әндерін жан-тәнімен сүйеді. Керек десеңіз, Меркі жанында ашылған «Мейірім» емдеу-сауықтыру орталығының кіреберіс  үлкен фойесінде күні бойы Шәмшінің әсем әндеріне арналып түсірілген бейнебаян клиптер жаныңызға  шуақ, өн бойыңызға қуат сыйлап тұрады. Гүлдара жуырда баспадан қайта шығарылған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің төрт томдық «Абай жолы» романын теберік қылып сатып алыпты. Сөйтіп кәусар тіліміздің тұнығына бойласам деп, алдына үлкен мақсат қойып отыр. Қанша дегенмен де, өзге тілде оқығандықтың әсері қай кезде де алдын орай беретіндігін  Гүлдара ашық мойындайды. Оның бұл үдеден шығатынына сеніміміз мол.

Ол өз ісіне үнемі қолдау көрсетіп жүретін азаматы Қайратты, тірліктерін оңынан дөңгелетіп жүрген қос ұлы Олжас пен Әлімнің істерін әрдайым көңілге медет тұтады. Алты асудың жалына қол артқан Гүлдара Алданышқызының алдындағы сындарлы асулардан еркін аса беретіндігіне сеніміміз зор. Себебі ол- таза істің адамы, жаны мен жүрегін үнемі шапағатты ойларымен шырайландырып, ізгі тірліктерімен бедерлеп отыратын асыл азамат, аяулы ана. Ол «Құрмет» орденімен, ҚР Құрмет грамотасымен, отандық бес медальмен, халықаралық «Доброта спасет мир» орденімен, халықаралық «Сала үздігі» сыйлығымен,  «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен,  одан да басқа оннан аса түрлі халықаралық, отандық қоғамдық ұйымдардың дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

 Пернебай Дүйсенбин,

жазушы.                                                              

Leave A Reply

Your email address will not be published.