Сөнбеген сәуле

0

Өмірдің сағынышы да, қуанышы да, өкініші де болады екен. Олай дейтінім ағам Рақышев Қоныстың өмірден өткеніне 30 жыл өтсе де, жарқын бейнесін сағынамын. Ал енді қуаныштысы үстіміздегі жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 80 жылдық үлкен мерекесі.

Бұл мерекені Кеңес Одағы ықпалындағы елдер үлкен шабытпен мерекелейді, өйткені 1941-1945 жылдарында біздің қазақстандықтардың қанша адамдарының қаны төгілді, қаншама азамат құрбан болды, қаншама азамат жаралы болып бейнетке жарамсыз болып жарымжан болып елге оралды. Мыңдаған жауынгер хабар-ошарсыз жат жерде қалып қойды, ең сорақысы, өкініштісі осы болды. Осының бәрін айта отырып, келешек ұрпақ соғыс дегенді естімей, соғыссыз өмір сүрсе дейміз.

Өткен күндер тарих, алдағы күндер арман ғой. Өткенді еске ала отырып, отан үшін от кешкен ағам Рақышев Қоныс туралы тарихи деректі жазып отырмын. Ағам 1924 жылы 5 наурызда өзіміздің облыста, Сарысу ауданы, Сталин сел.советінде Шилі колхозында дүниеге келген. Бұл жер Түркістан аулынан батысқа қарай үшінші сайда орналасқан. 1934-1935 жылдарда осы Шилі жеріне қоныстанған ауылға алғашқыда 4 жылдық мектеп, кейін кеңейтіп 7 жылдық мектеп салынған. Сол салынған мектептің тұңғыш 1-сынып оқушыларының бірі болған. Ағам Қоныс 1-сыныпқа 11 жасында барған, 7-сыныпты 1942 жылы өте жақсы бағалармен аяқтаған. Сол жылдың мамыр айында мектепті бітірген 18 жастағы азаматқа сенім білдіріп, оны бірден сел.советке хатшы етіп бекіткен. Бұл жұмысты қараша айына дейін істеп,1942 жылдың қараша айының басында соғысқа аттанған, 6 қарашада Украина Республикасы, Белгород облысындағы 288 атқыштар полкында атқыш болып шыға келеді. Содан аз күндік соғыс ісі дайындығынан өткен жауынгер қанды соғыс ортасынан табылады. Сондай бір қанды қырғын кезінде оң аяғынан жарақат алса, сарбаз сауыққан соң қайта ұрыс-даласында бас сүйегінен, 3 жерінен ауыр жарақат алып жараланады. Ес-түссіз жатқан жауынгерге дала госпиталінде ми жүйесіне ота жасалады. Сол қиын да ауыр күндерде жанына араша болған дәрігерлер мен мейірбикелер контузия алған жауынгерді жұбатып, «ой, менің жақсы азаматым» әсіресе мейірбикелер «менің сүйіктім»  деген жылы сөздерінен өзіне күш-қуат алып, оларды жанымның арашасы деп, жанынан да артық көріпті. Қанша ауру мазаласа да, жаны қиналса да, соғыс сәттеріндегі рухы күшті, әрі жалынды сөздерді: «Отан үшін алға!» ұранын, бұйрықты «ат-ат» деген сөздерді ұйықтап жатып айқайлап айтып жататын, кейде ауру мазалаған кездерде тістерін түйенің бурасындай сақырлатып қайрайтын. Бұның бәрі соғыстан алған үлкен зардаптың әрекеті шығар. Сұм ажалдан алып қалған, оның жанының арашасы сол полевой госпиталда ота жасаған, сол кездегі медициналық институттың түлегі Н.П. Баженов деген кісі екен. Осы сөзімді анықтайтын.1980 жылы Мәскеу олимпиадасы және Ұлы Отан соғысының 35 жылдық мерекесі қарсаңында Рақышев Қонысты іздеген хат Сарысу аудандық комиссариатына Н.П. Баженов атынан келеді. Бұл хатты аудандық әскери комиссар майор Бексейітов Шарат өзі әкеліп, ауылдық 5-6 ақсақалдарының көзінше оқып таныстырады. Бұл хатты Рақышев Қоныс бұл өмірде бар ма екен, бар болса денсаулығы қалай, операция нәтижесінен кейінгі науқастың хал-жағдайын сұраған, отбасы мен жанұясын білгісі келген. Бұл хатқа мың мәрте алғыс айтылып, жауап жазылды. Бұл хаттан кейін екі рет хат алысты. Ол кісінің екінші хатында өзінің медицина ғылымының кандидаты екенін жазды, әрі Мәскеуге хат сыртындағы мекен жайға шақырды, бірақ жанұялық жағдайға сәйкес бара алмады.

Ағам Қоныс сол ауыр жарақат зардабынан тек 1947 жылы бейбіт еңбекке араласты.1990 жылға дейін еңбек жолын: колхозда есепшісі, кейін фермада есепші, ферманың шаруашылық меңгерушісі тағы басқа жұмыстарды атқарады.

Ағам сұрапыл соғыстан 1944 жылдың 22 маусымында елге аман-есен оралған. Соғыс ардагері бірінші рет 1946 жылы 25 маусым айында СССР-дің фашистік Германияны Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін деген алғашқы медалін алған. Ең ардақтысы 1995 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығына арналған алтын медалі болатын. Барлығы 7 медаль иегері, әр медальдің ерекше орны бар ғой. Соғыстағы майдангер досы, әрі жерлесі түркістандық Сүлетай деген ағай болатын, ол кісімен әр жылда жазғы егін орағы кезінде араласып тұратын. Көзі тірісінде жыл сайын 9 мамыр қарсаңында ауыл азаматтары, қатарлары іні-бауырлары мерекесімен құттықтап, ағамның дастарқанында болатын. Ауылдың игі жақсылары қайын жұрттары еркелетіп, біздің Қоныс-біздің пастелломыз дейтін. Ағам 1995 жылы 30 қазанда қайтыс болды.

Елінің құрметтісі, еңбек және соғыс ардагері ағамның өткен өмірін зерделей отырып, өзі өмірден өтсе де көңілден кетпейтінін ескере отырып, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсанында қолыма қалам алып,  ағам туралы тарихқа тағылым деп өмірінен біраз деректер жазып отырмын. Шежірелі «Сарысу» газетімізден Рақышев Қоныс туралы оқып, ауылдастары, елі ол туралы естіп, ағамды есіне алса деймін.

Төлеген Рақышев,

зейнеткер, Қызылдихан ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.