ОБЛЫСҚА жолдама алды
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек.
Бұл туралы жыл басында Президентіміз Қасым — Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында ерекше тоқталды: — «Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді» деген болатын.
Ауданымызда Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды шаралар өткізіліп, майдангер аталарымыздың ерлігі ұлықталып, насихатталуда.
Сәрсенбінің сәтті күнінде аудандық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ардагерлер арасында «Жеңіс туы желбіресін» атты облыстық іріктеу байқауы өтті.
Байқауды өткізудегі мақсаты: ардагерлер арасында шығармашылығын жандандыру, асыл қасиеттерін, үлгі-өнегесі мен тәлім-тағылымын жастардың бойына сіңіру, өнерлі ардагерлердің шығармашылығын насихаттау және қолдау көрсету, Ұлы Отан соғысы жылдарында жасалған ерліктерді әскери әндер арқылы насихаттау, егеменді еліміз, жеріміз туралы және ұлттық рухты көтеретін жалынды патриоттық әскери әндерді кеңінен насихаттау.
Сахна төріне шығып, аудан әкімі Сәкен Мамытов байқауды салтанатты түрде ашып берді.
-Жеңіс күні — тарих төрінен орын алған ұлы мереке. Бұл — еңселі елдіктің рухы өрлеген, тарих толқынында ойып тұрып орын алатын қастерлі күн. Ұлы Отан соғысы, талай боздақтардың қаны төгілген зұлмат. Қаншама үйге қаралы хабарды жеткізген аса ауыр соғыс. Майдангерлердің қанымен өтелген Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлеріміз қасиетті қазақ даласына соғыс өрті лапылдамасын деп қасық қаны қалғанша қан майданда отпен арпалысты, ажалмен бетпе — бет келді. Ұлы Отан соғысына қазақ даласынан екі миллионға жуық жауынгерлер қатысты. Бүгін майдангерлеріміздің рухы асқақтайтын, ерліктерін жырлайтын күн.
Елімізде жеңіс туын желбіреткен майдангерлердің қатары сиреп барады. Соғыстың соңғы сарбаздарына құрметіміз жоғалмайды.
Бүгінде ауданымыздағы 38 көше 2 мектеп, 1 саябақ пен 1 стадионға ауданымыздан аттанған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері берілген. Бұл ұрпаққа деген аманат.
Бүгінде ауданымызда Ұлы Отан соғысы жылдары тыл жұмыстарында аянбай тер төккен 50 — ге жуық тыл еңбеккерлері бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Олардың бар арманы елімізде бейбітшілік құсы көкке самғауы, еліміздің амандығы мен жеріміздің тыныштығы.
Ұлтымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген қанатты сөзі қашан да қуатын жоймақ емес. Елім деген ерлеріміздің даңқты жолдары келешек жастарға өнеге. Бүгінгі өтіп жатқан байқау Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арқау болып жатыр. Жауынгерлердің ерліктерін насихаттауға бағытталған шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әрдайым бейбітшілігіміз бен мызғымас елдігіміз жасай берсін. Мереке құтты болсын,-деп қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Пернебек Оспанов, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі және жауапты хатшысы Ильясов Қонысбай құрметті қонағы болды.
Байқауда 17 еңбек ардагерлері вокал, аспапта орындау (ансамбль), хор ұжымы, хореография (жеке немесе топтық) номинация бойынша өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге рухани азық сыйлады. Байқауда құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй шертіліп, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би биленді.
Ардагерлер арасындағы өнер сайысы өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының шешімі шығып, өнерлі ардагерлердің үздігі облысқа жолдама алды.
«Аспапта орындау» номинациясымен Жаңатас қаласынан қатысқан «Ерке сылқым» тобы жеңімпаз деп табылса, «Вокал» номинациясы бойынша Айтақова Рая үздік деп танылды. «Хореография» номинациясы бойынша Талпақова Бейбіт бірінші орынды иеленсе, «Хор ұжымы» номинациясымен Жаңаарық ауылдық округінің өнерпаздары лайықты деп танылып, облыстық сайысқа жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»