Отан үшін от кешкен

0

Дүниені дүр сілкіндірген, адамзат баласы тарихындағы ең үлкен зұлматты соғыс, кеңес өкіметінің неміс басқыншыларына қарсы жанқиярлық соғысы болды. 1941 жылдың маусым айының 22 –і күні таңғы тыныштықты бұза басталған соғыс 1418 тәулікке созылды. Миллиондардың жанын қиған бұл соғыс Ұлы отан соғысы деп аталды. Бұлай аталу себебі кеңес әскерлері отан үшін, туған жер үшін, болашық ұрпақ үшін жан алысып, жан берісе соғысты және біздің тарапымыздан әділетті соғыс болды.

Бұл   соғысқа   сол кездегі кеңес одақ-тас республикалардың барлығынан 19 бен 45 жас аралығындағы азаматтар қатыстырылды, түгел бір тудың астына біріктірілді.  Соғысқа жарамды ер азаматтардың барлығы дерлік соғысқа кетіп, ел басына қаратүнек күн туды. Ауылдағы қыз-келіншектер, жас балалар шаруаның барлық жұмысын қолдарына алды.  «Бәрі де отан үшін, Бәрі де майдан үшін!» деген жалғыз ұран болды.  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы Пернебай Дүйсенбиннің «Сарысунама» тарихи-танымдық кітабында келтірген мәлімет бойынша   Ұлы Отан соғысына Сарысу ауданынан 2421 адам аттанған. Мұның жартысына жуығы соғыс даласында опат болған, хабар-ошарсыз кеткен. Соғыстан аман –есен елге оралғандар соғыс кезінде қирап, қиюы қашқан шаруашылықты, өнеркәсіпті қайта қалпына келтіруге жан аямай еңбек етті. Қазіргі таңда осы соғысқа қатысқан майдангер ардагерлерден ауданымызда ешкім қалмады. Бірақ, біздер кейінгі ұрпақтары аталарымыз бен әкелеріміздің  Отан алдындағы борышын өтеу жолындағы бастарын бәйгеге тіге отырып көрсеткен ерліктерін ешуақытта ұмытпаймыз. Олардың есімдері  біздің мәңгі есімізде және мәңгі  ұлықтап өтеміз. Ұлы Отан соғысы кеңес жауынгерлерінің майдан даласындағы ерен ерліктерінің, жанқиярлық ұрыстарының арқасында кеңес одағының жеңісімен аяқталды. Үстіміздегі жылғы мамыр айының 9 –ы күні Ұлы Жеңіске 80 жыл толайын деп отыр. Осы айтулы мерекелі күнді лайықты қарсы алу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ұйғарымымен республика көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып өткізу жоспарланып, басталып та кетті.  Сол іс-шаралардың бірі баспасөз беттерінде, теледидарда, әлеуметтік желілерде соғысқа қатысқан майдангерлер жайында кітаптар, естеліктер, мақалалар жариялау екені белгілі. Мәселен, Жамбыл облысы  бойынша Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған  танымдық кітап шығару қолға алынып жатыр. Ол кітап мереке қарсаңында оқырмандарға жетіп қалуы керек.

Міне,  осындай  мақсатпен менің де қолыма қалам алып сарысулық  майдангерлердің бірі туралы естелік жазуыма  өзімнің замандасым, құрдасым, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» ТКӨК –інде бірге еңбек еткен Көпешов Майлыбайдың аудандық ардагерлер кеңесінің кеңсесінде отырып, әкесі Төлмағанбет туралы айтқан әңгімесі қозғау салды. Майлыбай «Біздің әкей де соғысқа қатысқан еді, соғыстан аман оралып бейбіт өмірде де еңбек етті, ол туралы талай кітаптарға да шықты» деген сөзі ойыма оралып атамыз жайлы естелік жазайын деп шешкен едім.

Майдангер ардагер Көпешов Төлмағанбет 1906 жылы, жылқы жылы қарапайым шаруа Көпеш пен анасы Бибіштің отбасында дүниеге келеді. Әке –шешесі төлдің басы ғой, есімін Төлмағанбет деп қоялық деп азан шақырып есімін қояды. Ол кезең бай мен кедей болып бөлініп, шаруашылық жүргізетін  заман еді. Әкесі кедей шаруа болған соң Төлмағанбет те шаруаға ерте араласады.  7 жасқа толғанда байларға жалданып қозы, лақ жайып 11 жасқа келгенше ойын  баласының алаңсыз шағын тамашалау бұйырмады. Тек, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Төкеңнің өмірінде үлкен өзгерістер болды. Патша үкіметінің орнына келген Кеңес өкіметі ауыл –ауылда сауатсыздықты жою мақсатында мектептер, қызыл отаулар ұйымдастырды. Ауылдардағы жастарды, бозбалаларды оқуға, сауат ашуға тартты. Солардың бірі болып ержетіп қалған шағында көшпелі сауатсыздықты жою мектебінде оқып, бастауыш сатысынан білім алып сауатын ашады, оқып, жазуды үйренеді. Партияның ізбасары саналатын комсомол мүшелігіне өтеді. Жоғарыда алған білімінің арқасында комсомол жетекшісі болып сайланады. Өңірде алғаш  ұйымдастырылған артельге, серіктестікке  мүше болып қабылданады, патшалық заманның келеңсіздіктерімен күресуге қатысады. Ауыл-ауылдарға барып жүргізілген  үгіт-насихат жұмыстарының ішінде болады. Кеңестік өмір салтын,  шаруашылықты жүргізуді қалыптастыруға қатысады.  Кейінірек тұңғыш ұйымдастырылған колхозға алғашқылардың бірі болып мүшелікке қабылданады. Төкең сөйте жүріп өзінің саяси сауатын кеңейтіп, сан-қырлы еңбектерге араласады. Ауыл жастарын білім алуға, тәрбиелі болуға шақырады, олардың комсомол қатарына қабылдануына ықпал етеді. Колхозда ашылған «Қызыл отауға» жетекші болып, жастардың, колхоз мүшелерінің жұмыстан бос уақытын тиімді пайдалануға атсалысады. Газет, журналдар оқуға, патефон (магнитофонның сол кездегі түрі) тыңдатады, дойбы ойнатады, көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, олардың күшімен концерт ұйымдастырады. «Қызыл отау» барлық мәдени-көпшілік шаралардың, үгіт-насихаттың орталығы болған еді.

Колхоз мүшелерін еңбекке ынталандыру, колхоз мүлкін талан-таражға салмай ұқыпты пайдалануға ықпал ететін «Жауынгерлік листоктар (парақшалар)», қабырға және ұшпа газеттер шығарады. Оларда жақсы еңбек еткен адамдарды мадақтап, көтермелеп, жағымсыз әрекеттерді әшкерелеп, сынап отырады екен. Сонымен қатар, өкіметтің  саясатын, большевиктер партиясының ішкі-сыртқы саясатын елге жеткізу мақсатында лекциялар, баяндамалар оқитын болған. Қазақ халқының басындағы ұлы зұлмат, ашаршылық жылдар Төлмағанбеттің  қылшылдаған жастық жалынды шағымен тұспа-тұс келді. Бұл кезде қол қусырып қарап отырмады. Аштыққа ұшыраған елді аман сақтап қалу жолында бар күш-жігерін жұмсады. Сол тұста елді азықтандыру үшін құрылған балық, қоян, құс аулайтын бригаданың бригадирі болды. Аштықтан әбден қалжыраған, шарасыз мөлдір көздерді көріп жаны ашыды, жүрегі ауырды. Талай жанның аман қалуына септігі тиді.  Көзі тірісінде Төлмағанбет атамыз  «Қарақтарым қазіргі заман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғой, оны бағалаңдар, еңбек етіңдер. Кешегі 30-жылдардағы ашаршылық кезінде біз не көрмедік. Сендерге біздің көргенімізді құдай көрсетпесін» деп күрсіне айтатын  сөзін балалары, ағайын-туыстары, өзінен кейінгі інілері талай естіген еді.

Кеңес үкіметінің басшылығы елді жаппай отырықшылыққа жұмылдыру науқанын бастаған кезде марқұм Төкең аудан тұрғындарына тұрғын үй салу жұмысына да белсене араласады. 1935 жылдары ел тұрғындарын отырықшылық шаруа жүйесіне көше бастағанда қазіргі Байқадам ауылдық округі Балықты ауылдық кеңесі болып аталған екен. Кейіннен Байқадам ауылдық кеңесі болып өзгерген.Тұрғын үйлер, клуб үйлерін, кеңсе үйлерін, дәрігерлік пункт үйлерін салуға негізінен жергілікті жердің құрылыс материалдары пайдаланылады. Төлмағанбет атамыз «Бестоғайдан», Қазотыдан» ағаш, қамыс дайындайтын бригадада еңбек етеді. Материалдың тапшылығынан осы жайларды салудың өзі қиынға түседі. Жергілікті ұсталар топса, тұтқаларды өз қолдарымен істейді. Бала кезімізде сондай қолдан жасалған заттарды көрдік қой.

Аудан басшылығы Төкеңнің тындырымды жұмыс істейтінін, ұйымдастырушылық қабілетін және жастығын  ескеріп туған ауылындағы тауарлы-сүт фермасына басшы етіп тағайындайды. Бұл салада да еңбектің жақсы үлгісін көрсетіп, сүт дайындау сапасын арттыруға қол жеткізеді. Соның арқасында сол тұстағы беделді де басшы партия  коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. Партияның айтқаны заң. Төкеңді «Еңбек» содан соң «Жаңа жол» колхоздарының партия ұйымына жетекші етіп жібереді. 1940 жылы қазан айы кезінде партиялық жұмыста белсенділік танытқан, тәжірибесі бар Төлмағанбетті аудандық партия ұйымы Шымкент қаласындағы колхоз қызметкерлерінің білімін жетілдіру мектебіне оқуға жібереді. Оқуды 1941 жылғы мамыр айында абыроймен бітіріп келеді. Келісімен өзінің ауылы «Еңбек» колхозына төраға болып сайланады.  Колхоз шаруашылығын дұрыс ұйымдастырып, барлық салада жетістіктерге  қол жеткізеді. Бұл  шақ еліміздің басына алмағайып күн туып, неміс басқыншылары сол кездегі Отанымыздың жүрегі Мәскеуге таяп қалғанды. Төлмағанбет те 36 жасында 1942 жылғы тамыз айында әскерге шақырылып, майданға аттанады. Жедел әскери дайындықтан соң бірден Мәскеуді қорғау үшін жүріп жатқан ұрысқа кіріседі. Кейін жарықтық Төкең «мен соғысқа аттанғанымда  Қуанышбегім анасының құрсағында қалған еді» деп отыратын.

Мәскеу түбіндегі ұрыста даңқты қолбасшы, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының қол астында соғысады. Бауыржан Момышұлының жаудың қоршауын  3 рет бұзып шығып, әскерін 27 рет шабуылға көтергенін білетін едік. 1942 жылғы желтоқсан айының орта кезінде сондай, қиян-кескі, оқ қарша бораған ұрыстардың бірінде жас жауынгер ауыр жарақат алады. Ауыр жарақаттан есінен айырылған солдат дала госпиталында бірақ есін жияды. Қасындағы ақ халатты дәрігерді көріп, өзінің қайда жатқанын білмей аң-таң күйде дәрігерге қарап, тезірек жазылып, ұрысқа қайта кіре аламын ба  дегендей ишара білдіреді. Дәрігері де жауынгерді түсінгендей «жарақатыңыз ауыр, біраз уақыт емделуді қажет етеді» дегенде көзінен жауға деген ызаның жасы мөлт етеді.  Айтқандай, ауыр жарақат алған қатардағы жауынгер Көпешов Төлмағанбетті Иркутск қаласында орналасқан әскери госпитальға емделуге алып барады. Тап осы госпитальда табаны күректей 6 ай жатып емделіп шығады. Дәрігерлер консилиумының қорытындысы бойынша жауынгер майданға  баруға жарамайды деген дәрігерлік қорытынды шығарады және үшінші топтағы мүгедектік беріледі. Тағдырдың жазуына шарасыз жауынгер 1943 жылы мамыр айында елге оралады.

Елге оралған майдангер мүгедек екенмін деп, басқаға масыл болғысы келмеді. Оның үстіне ауылда ер адамдар тапшы кез. Жұмысқа араласуым қажет деп шешіп, жергілікті  басшылармен ақылдасты. Төкеңді бұрыннан жақсы білетін жерлестері «Еңбек» колхозына бастық етіп жіберді. Денсаулығына байланысты кейін колхоздың қой фермесінің меңгеруші-сі болып жұмыс  атқарды.  1944 жылы «Ынталы» су қоймасының құрылысы басталады. Осы құрылысқа «Еңбек» колхозынан жіберілген оншақты адамды киіз үймен, тамақпен, қажетті құрал-сайманмен қамтамасыз ету Төлмағанбетке жүктеледі. Ол кезде тапшылық дендеп тұрған уақыт. Бірақ, Төкең бардан жоқ жасап, жамап-жасқап құрылысшыларды жатын орынмен, қажетті құрал сайманмен қамтамасыз етеді. Ал, олардың ас-ауқатын колхоз меншігі есебінен ұйымдастырады.

1951 жылы «Еңбек», «Ақтөбе», «Коминтерн», К.Маркс колхоздары ірілендіріліп Карл Маркс атындағы колхоз болып құрылады. Төлмағанбет атамыз өмірлік жолдасы Шәйімен ақылдасып отырып, ендігі еңбек жолын шопанның ақ таяғын ұстап өткізуге келісіп, колхоздың бір отар қойын санап алдына салады. Жұртшылықтың алғашқы кездегі «Төкең неге қойшы болғысы келді», «Бала-шағаны оқытып, тәрбиелеу де оңай емес қой, сол жағын ойлады ма екен» деген  қаңқу сөздері уақыт өте басылды. Қыстың суығында, жаздың ыстығында, қарлы боранда, үскірік аязда иен далада мал бағу да оңай емес. Шопан болу мықты ерік-жігерді, табандылықты, шыдамдылықты қажет етеді ғой. Міне, осы қасиеттер Төкеңнің бойынан табылып, құдай қосқан қосағы Шәйі апамыздың қолдауымен шопанның ақ таяғының міндетін абыроймен орындады. Отардан отар өргізді, колхоздың көрсеткішін алға сүйреді, 100 бас аналықа 125, 165 қозы ергізді. Өзі зейнеткерлік демалысқа шыққан кезде шопанның ақ таяғын жұбайы Шәйі апамызға өткізді. Шәйі апамыз да сеніп тапсырған шопандық міндетті абыроймен атқарып, лайықты марапаттарға ие болады.  Төлмағанбет атамыз  бен Шәйі апамыз отбасында 7 ер бала өмірге әкеліп, тәрбиелеп, жоғары білім алуға, мамандық алуға мүмкіндік жасаған асқар тау әке, ардақты ата-ана болды. Осы ұрпақтарынан  немере, шөбере көрді, қуаныштарына қуанды, келеңсіздік көрсе мұңайды. Кеңесбегі оқу -білім саласын таңдап, ардақты ұстаз болды,әр жылдары  Жайылмада, Маятаста мектеп директоры, Ақтөбе ауылындағы бастауыш мектеп меңгерушісі, аудандық білім бөлімінде маман, Б.Адамбаев мектебінде ұстаздық етті. Қуанышбегі қаржы мамандығын игеріп Талас, Сарысу аудандарында, Шу қаласында қаржы мекемелерінде аға экономист, аға қаржы инспекторы, қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1986-1892 жылдары Талас аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1992-2002 жылдары осы ауданда мемлекеттік   қаржы бақылау комитетінің бөлімше бастығы, 2002-2006 жылдары Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы ретінде абыройлы еңбек етті. Талас ауданының Құрметті азаматы атанды. Аралбайы еңбек жолын шопан болып бастап, токарь, автокөлік жүргізушісі болды. Арқабайы техника саласын таңдап аудандық автокөлік тасымалдау кәсіпорындарында, автокөлік акционерлік қоғамында,  жол құрылысында басшылық, аудандық партия комитетінде нұсқаушылық   қызметтерді атқарды. Бүгінгі таңда Байқадам ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы болып елге қызмет етіп жүр. Қалдыбай мен Майлыбай да автокөлік жүргізушісі болды. Кенже баласы Қырықбай Өскемендегі автомобиль жолдары құрылысы институтын автомобиль жолдары мамандығы бойынша бітіріп, Сарысу аудандық жол бөлімінде жол шебері, Жаңатас қаласындағы Абай орта мектебінде әскери жетекші, әскери пәні мұғалімі болып еңбек етті. Бұл күнде  барлығы да зейнеткерлер, немере, шөберелердің қызығын тамашалап, ағайын-туыстың амандығын тілеп, ақ баталарын арнап жүрген ардақтылар.   Төлмағанбет қария шындық пен әділдіктің жағында жүретін. Қиянат пен өктемшілдікке  төзгісіз болды. Тағдыры  басына қандай сынағын берсе де мойымады, мүжілмеді, қай істе де болсын тәуекелі ауызында болды. Қандай қызмет, жұмыс атқарса да бар ынты-шынтысымен беріліп істеді.  Жасаған еңбектері мемлекет тарапынан атаусыз қалмады. «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығы», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің  40 жылдығы», «КСРО Әскери күштерінің 50, 60, 70 жылдығы» мерекелік медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының, облыстық әскери  комиссариатының Алғыс, Құттықтау хаттарымен марапатталған.

Д.Ақділда, ҚР Журналистер одағының мүшесі          

Leave A Reply

Your email address will not be published.