ЕҢБЕК АДАМЫ ӨМІРДІ АЖАРЛАЙДЫ

0

Амангелді Иманбекұлын көрген сайын ол кісіден үлкен ізгіліктің нышанын байқап, бойындағы қажыр-қайратына қарап, өзіңнің өмірге деген қызығушылығыңды оятатындығын сезінесің.

Өйткені, ол кісіні қашан көрсең де өте тап-тұйнақтай, таза да жарасымды киімдерімен жүргенін байқаймын. Өзі сондай әңгімешіл, айтқан әңгімелерінің бәрі де үлгі-өнеге боларлықтай. Осы орайда өзінің сара жолымен, сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білген ағамыз саналы ғұмырының 40 жылын білім беру, ағарту саласына арнаған бірегей тұлғалардың қатарында болды.

Амангелді Иманбеков 1945 жылы 1 наурызда Сарысу ауданы Талас бойындағы Көкдала елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан соңғы ауыр жылдарға тұспа-тұс келді. Өмір мәнін, еңбек дәмін ерте ұғынуына әкесі Иманбек қарияның да әсері аз болған жоқ. Имекең елге атағы танымал етікші, өңірге таныс өрімші болған еді. Әке өнеріне, оның қыр-сырына ұлы Амангелді жастай қаныға берді. Оңаша сәттерде өзі де илеуі жеткен қайыстардан өрім өріп, ежелгі өнеріміздің оң-солын ойға тоқи берді. Болашақта әке кәсібін әрі жалғастыруға ой түйді.

Әбекең 1964 жылы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебін бітірді. Сыныптастары арман қуып, республикамыздың түкпір-түкпіріне аттанып жат-қанда, ол ауылда қалып еңбекке араласты. Алғашқыда «Жайылма» совхозындағы клуб көркемөнерпаздары мүшесі болды. Кейіннен осы клубтың меңгерушісі қызметін атқарды. 1970 жылы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Күләш Әбдікешованың ұсынысымен совхоз комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, жалындаған жастардың бел ортасында белсенді ұйымдастырушы болып жүрді. Осы кезеңдерде Жайылма селолық Советке екі рет депутат болып сайланды. 1973 жылы өмірінің ең қуанышты сәті – «Қызылдихан» ауылындағы «Қызылдихан» мектебіне ұстаздық жұмысқа ауысты. Алғашқыда Жамбыл педагогикалық училищесін үздік дипломмен қорғап, содан кейін 1989 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркем сурет-графика факультетін сырттай бітіріп шықты. Мемлекеттік емтихан сарапшылары тынымсыз жігіттің «Ағаштан жасалған қазақтың ұлттық бұйымдары және оны оқушыларға үйрету тәсілдері» атты дипломдық жұмысын өте жоғары бағалады. Астаналық ұстаздардың осындай әділ баға, аялы алақаны Әбекеңнің өз ісіне ынта-ықыласын онан әрі арттыра түсті.

Амангелді Иманбекұлы жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде бірқатар табыстарға қол жеткізді. Ол баулыған жас шәкірттер мектепте жоғары сабақ үлгеріміне жетсе, аудандық жас техниктер станциясында авиа, судо модельдер жасауда да ерекше танылып, олардың жаса-ған бұйымдары облыстық көрмеден алдыңғы жүлделерге ие болды.

Әбекең Ю.Гагарин атындағы орталау мектебінде ұстаз болған кезінде жоғары сынып оқушыларына еңбек сабағынан, ал төртінші сынып оқушыларына бейнелеу өнерінен дәріс берді. Сонымен қатар мектептегі барлық кабинеттерді жабдықтау, даталы күндерге арналған безендіру жұмыстары Әбекеңнің қолынан өтті.

Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінде 16 жыл ұстаздық етті. Бұл оқу орнында да шәкірттерін қол өнерін игеруге баулыды. Мектепте Әбекең иелік ететін оқу шеберханасы, ағаш өңдеу және металл өңдеу шеберханасы жұмыс істеді. «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысқан оқушылар түрлі бұйымдарды: бесік, ағаш ожау, әрқилы ойыншықтарды жасап, қолөнер кәсібіне деген оң көзқарасын арттырды. Осындай игілікті істердің бәрінде білгір ұстаз қолының табы, ұлағатты сөзінің нәрі болғандығы сөзсіз.

Қайда қызмет  атқарса да алғыс аясында болған, ел-жұртқа сүйкімді жан он саусағынан өнер тамған шеберлік иесі болды. Ол жасаған ұлы қобызшы Ы.Дүкенұлының қобызы Түркияда бір оқу орнына тарту етілген. Ықылас баба тойына дайындық кезінде көркем жабдықтау жұмыстары үшін 100 мың теңге көлемінде жүлделі сыйлықпен марапатталды.

Осындай қолөнерлігімен қатар, оның ашық сабағына қатысқан аудан мұғалімдері де дән ризашылығын білдіріп отырды. Іс-тәжірибесі плакат болып шықты. Іскер ұстаздың мектепке қалдырған қолтаңбалары: көрсеткіш тақталар, стенділер көріністері, әрбір мұғалім мен оқушының, ата-аналардың, келімді-кетімді кісілердің жүрегіне жол тауып жатты. 2008 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейінде үш жыл еңбек етіп, мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Амангелді ағамыз әлі тың. Бүгінде Тараз қаласындағы 11 шағын ауданында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде тың да игі бастамаларымен айшықты іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Өмірлік жары Ұлтусын екеуі 7 немере, 4 шөберенің сүйікті ата-әжесі болып, қызықшылықтарын көруде.

Бір салада табан аудармастан аянбай қызмет атқарған еңбек адамы Амангелді Иманбекұлына мағыналы да мәнді өмірі салтанатты да сәнді жалғасын тауып, денінің саулығын, жанының байлығымен жарасып, ғұмырының ұзақ болуына шынайы тілектестігімізді білдіреміз.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Сарысу ауданы және Тараз

қаласының Құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.