Жаны жайсаң жақсы аға еді…

0

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ!
Абай.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны баршамызға белгілі. Бұлай деп жариялағаны еңбек өкілдерінің мәртебесі мен беделін көтеру.
Осы мақалаға арқау еткелі отырған Мұхтар Медетұлы Ибатов ағамыз туралы бір үзік әңгімені мен енді жазамын деп, тіршіліктің күйбеңімен мойын бұруға уақыт таппай жүргенімде, беймезгіл келген сұм ажал арыстай ағамызды арамыздан алып кетті.
Мұхтар Медетұлы 1966 жылдың 3 наурызында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Түркістан кеңшарында қарапайым еңбек адамдары Медет ата мен «Батыр Ана» Гүлбала апаның көпбалалы отбасында өмірге келген. 4 қыз, 6 ұлдың ортасында өмірге ортаншы ұл болып келген Мұхтар ағамыз туғаннан кішіпейіл, мейірімді, еңбекқор болып тәй-тәй басқаннан малдың іші, қозы-лақ пен құлын-тайдың арасында ата-анасына қаршадайынан қолқанат болып өседі. «Балалы үй-базар» демекші ағайындылар арасында майда дау-жанжалдар туындай қалса да, өзінен үлкен аға-әпкелеріне көнбіс іні, өзінен кіші іні-қарындастарына мейірбан-қамқор аға бола білді.
Ол кездің балалары қазіргідей ұялы телефонға телмірмей, таң бозынан ерте оянып, өздерінің шама-шарқылары келетін (қозы-лақ бағу, өрістен қайтқан сиырды қайтару, қой кезек бағу т.с.с.) еңбекке араласып, қаршадайларынан әке-шешелеріне көмекші болатын. Мінезі ашық, елгезек бала Мұхтар да отбасының, ата-анасының қолқанаты болды.
Ауылдағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп табал­дыры­ғын 1972 жылы аттап, 1982 жылы Созақ ауданы Құмкент ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептен орта білім алып шығады. Мектеп қабырғасында жүріп те, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі спорттық жарыстардан аудандық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүреді.
Мектеп бітіргеннен кейін 1983 жылы Түркістан кеңшар­ында тракторшы, комбайншы болып әскер қатарына кеткенше түрлі жұмыстар істеді.
1984 жылы сол кездегі КСРО-ның құрамындағы Новосибирск қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Әскер қатарында ракета-зенитші әскери ротасының құпия тобында әскери борышын өтеп жүргенде әскери бөлімнің ко­мандирлерінен де ата-анасына түрлі Алғыс, Мақтау қағаз­дары келіп тұрады.
Отан алдындағы борышын 1984 жылы бітіріп, елге оралған жігіт Мұхтар арман қуып сол кездегі Кеңес Одағының бас қаласы Мәскеу қаласына аттанып, сол қалада құрылысшы болып еңбек ете жүріп, №124-ші Киров атындағы Москва ар­найы кәсіптік-техникалық училищесінен ІІІ-разрядтағы сылақшы-әрлеуші, плиткашы мамандығы бойынша кәсіптік білім алып шығады. Әлемге танымал Лихачев зауытында еңбек еткен. Сол кездегі бас қала Мәскеудің де талай үй­лерінің құрылысында да Мұқаңның жұмысшы қолдарының ізі қалған.
Сыртта еңбек етіп жүрген Мұхтар ағамызды қарт ата-анасы елден алыстап, жатбауыр болып кетесің деп, қолқалап елге шақырып алады. Елге оралғаннан кейін де, Түркістан кеңшарының құрылыс бөлімінде және шаруашылықтың ферма бөлімшелерінде де тракторшы-механизатор, жүргізуші-комбайншы болып та сан түрлі жұмыстар атқарды.
1991 жылы Құлан кентіндегі (сол кездегі Луговой) зоовет техникумына оқуға түсіп, 1994 жылы веттехник маман деген мәртебемен оқуын бітіріп шығады.
Кеңес Одағы тарап, кешегі кеңшарлар банкроттық жариялап жатқан 1998 жылы тараған кеңшардан өздерінің пай үлес, жер үлестерін алған ағайындылар араларынан басшылыққа Мұхаңды сайлап, «Медет» шаруа қожалығын құрады. Осы шаруашылықтың алға қарай жүріп, жұмыс жүргізіп кетуі үшін де Мұхтар ағамыз қысы-жазы, күні-түні тынбастан бірде тракторшы, бірде комбайншы, бірде көлік жүргізуші, бірде тұқым тазалушы, бірде малшы болып еңбектенді. Кейіннен егіс даласында техникамен жүріп, басшылық жұмыстармен айналысуға қолайсыз екендігін айтып шаруа қожалығының басшылығын Зерегүл әпкемізге өткізеді. Шаруашылық қандай жетістікке жетсе де соның басы-қасында Мұхтар аға жүрді.
Еңбек етіп тер төккен егістік жұмыстарының сырына қанығу және мол өнім алу үшін, Мұхтар аға 2010 жылы Құлан кентіндегі ауыл шаруашылық колледжіне оқуға түсіп, 2013 жылы агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осы оқудан үйренген тәлімін шаруашылықтың жұмысын алға жылжыту үшін жұмсады.
Зоотехникалық білімінің арқасында сүті аз тұқымы төмен сиыр малының тұқымын асылдандырып, сүтті сауын сиырдың аналық басын 30-ға жеткізді. Еліміздегі асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі бар шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр, бұқа малдарын сатып алып келіп, ауылдық округ бойынша МІҚ малдарының тұқымын жақсартты.
Күні кеше өзі өмірден өткенінше құдай қосқан Ирина жеңгеміз екеуі сол сиырлардың сүтін сауып, тасымалдап, ауданымыздың орталығы Жаңатас қаласының тұрғындарының арнайы тапсырыстарымен асыл тұқымды сиырларының маңызды, майлы сүтімен қамтамасыз етіп тұрды.
Шаруашылықтың егіс көлемін арттыру үшін өткен 2024 жылы «Техника жаңарту» бағдарламасына қатысып, астық жинайтын «ЕСІЛ-740» комбайнын, «Беларусь -82,1» техникаларын лизинг арқылы алдырды. Ауылдастары осы жоғарыда айтылған қыруар жұмыстың барлығына үлгеріп, атқаратын бұл кісіні неткен шаршамайтын адам еді деп… әңгімелеуші едік.
Қысы қаhарлы да қатал Түркістан ауылдық аймағының ауылішілік көшелерінің қарын тазалау үшін, тракторымен жұмыс жасаған кезінде де бұл кісі үлкен-кіші деп бөлмей кім айтса да балаша аңқылдап қалың қардан қора-жайларын тазалап беретін.
Мінезі ашық та жайдары, аңқылдаған ақпейіл, көпшіл де бауырмал Мұхтар ағамыздың бізбен амандасуы да ерекше еді. Көлігімен келе жатса да, тоқтай қалып, айқайлай-аңқылдай әке-шешеміздің аман-саулығын сұрап, күле сөйлеп өтуші еді. Өз басым Мұхтар ағаның қабағының қатулы, жүзінің ашулы кейпін еш уақытта көрмеппін.
Өмірлік жары Ирина жеңгеміз екеуі Алланың берген 4 перзентін тәрбиелеп өсірді. Үлкен үшеуі де сабақты өте жақсы оқып, мемлекеттік оқу гранттары арқылы Астана қаласында университет қабырғасында оқып, оқу бітіріп, қызметке орналасып жатса, кішкентай қыздары Диляра мектепте оқу озаты. Осының барлығы Мұхтар ағамыз бен Ирина жеңгей екеуінің бала тәрбиелеудегі отбасылық үлкен жетістіктері деп айтуға толық негіз бар.
Күні кеше ғана арамызда жадырап жүрген ағамыздың да өмірден өткеніне 40 күн де болып қалыпты.
Сөз соңында Мұхтар ағамыздың рухына:
Шаңырағыңды жел шайқалтты, құлатты,
Бұл өмірді сүрген кім бар тұрақты.
Қош бол, Аға, қолдан келер шара жоқ,
Аллам саған нәсіп етсін жұмақты…. дегіміз келеді.

Жанысбек Арыстанбеков,
Әшір Бүркітбаев ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.