Жамбыл деген жәй атым, Халық менің шын атым!
Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей — көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан», — дейді Жамбыл ақын.
«Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді», дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.
Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.
«Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, «атың кім, балам?» депті. «Атым — Жамбыл» деп жауап берген екен. «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің» деген екен», — дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.
Жамбыл «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.
Жамбыл Жабаев шығар-машылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.
«1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді», — дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.
Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Ақынның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы», «Бақ, дәулет, ақыл» деген дастандары бар.
Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» деп баға берген.
Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.
Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, «Ленинградтық өренім», «Москваға», «Майданға хат» сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім арпалысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.
Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін «Жамбылдың Алғадайды жоқтауы» деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.
Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.
Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.
1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.
Білесіз бе?
- Жамбыл 10 жасынан бастап қолына домбыра алып, өлең шығара бастаған.
- Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау такырыбына арнап шығарған-жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады.
- Жамбыл ата хат танымаған-дықтан оның әдеби хатшылары болған. Әбділда Тәжібаев, Қапан Сатыбалдин, Қалмұқан Әбдіқадіров, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар кезекпен келіп бірге жұмыс істеген.
- 1913 жылы Романовтар әулеті 300 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл тойға Жетісу ақын-жыршыларын Жамбыл атамыз бастап барады. Сол кезде Жамбыл атамыз 67 жасында тұңғыш рет фотосуретке түседі.
- Грузияға Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты поэмасының 750 жылдығына барғанда Шота Руставелидің отбасында кішкентай сәби дүниеге келген екен. Соның есімін Жамбыл деп атапты.
- Қызырлы қызыл жолбарыс аңыз емес, шындық. Ақынның айтуы бойынша бұл жолбарыс оның өзіне ғана көрінеді екен. Аттың үстінде кетіп бара жатқанда иттің бейнесінде, көлікте кетіп бара жатқанда аспандағы бұлттар бейнесінде көрінетін болған. Жамбылдың жанына жолбарыс келіп жантайғанда оған шабыт келіп, домбырасын қолына алып, гуілдетіп өлең шығара бастаған және шығарған өлеңдерін ұмытпай, есінде сақтап отырған екен.
- Әлемнің жоғарғы заң шығарушы органдарының депутаттарының арасында жасы ең үлкені болыпты. Мұндай жағдай әлемнің ешбір елінде болмаған. Яғни ол 92 жасында ең жоғарғы заң шығарушы орган – Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болды.
- 1938 жылы депутат болып сайланған кезде депутаттық сессиялық мандатын өлең жолдарымен ашып, тарихта қалған.
- Жамбыл үш рет кезекпен үйленген. Бірінші бәйбішесі Момын апа қайтыс болғаннан кейін, Талқайрат апаға үйленіп, ол дүниеден озғаннан соң Қанымжан апаны алған. Осы үш ападан 10 баласы болған. 2 қыз, 8 ұл. Екі ұлы майданда қаза болған. Қазір осы балаларынан 100-ден астам ұрпағы бар.
- Есте сақтау қабілеті өте тамаша болған. 92 жасына дейін оның бірде-бір өлеңдері қағаз бетінде сақталмаған екен. Тек 92 жасында ғана оған хатшылар тағайындалып, қазіргі уақытта 3000-ға жуық өлеңдері қағаз бетіне түскен. Шығармалары 44 тілге аударылып, дүние жүзіне тараған. 11. Ақын қайтар-қайтқанынша бес уақыт намазын қалт жібермеген.
- Жамбыл Жабайұлы 1945 жылы 22 маусымда сағат 7:55-те қайтыс болды. Өзінің өтініші бойынша үйінің артындағы алма бағында жерленген. Жамбыл атаның дүниеден озған уақытында тоқтап қалған сағаты музейде ілініп тұр.
- Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да –феномен, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған деседі.
- Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді.
- Халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған.
«Sarysý-Aqparat»