Адам баласы бірден кәсіби маман болып қалыптаспайды. Оқиды, тәжірибе жинақтайды. Шыңдалады, ширығады. Осы орайда халқымызда «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» деген сөз тектен тек айтылмаған. Бұл тәмсіл еңбек адамдарына да қатысты. Яғни, қайнаған қызу жұмыстың ортасына түсіп, сол саланың ыстығына күйіп, суығына тоңбай майталман маман атану мүмкін емес.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әскербек Жөнербаев та табандылығымен, тиянақтылығымен, тектілігімен талай белесті бағындырып, көптің алғысына кенеліп жүрген азамат. Ол 1977 жылы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. Сол жердегі Қ.Байменов атындағы орта мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы «Салық ісі» колледжін тәмамдайды.
Бірақ өмір арнасы Әскербек Тілеуханұлын салықтың емес нағыз халықтың адамы болуға бағыттады. Кейіпкеріміз 2000 жылы еңбек жолын бастап, Шымкент қаласында әртүрлі жұмыстар атқарды. Ал 2004 жылы Жаңатас қаласына қоныс аударды. Осы жылдан бастап «Жаңатас-Су-Жылу» ЖШС-де телім бастығы болып, 10 жыл бойы тер төкті. Кейіннен жылу инженерлік цехының бастығы қызметіне көтеріліп, сенімнің үдесінен көрініп келеді.
-Әрине, әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі болады. Коммуналдық шаруашылық саласында да шаруа шаш етектен. Бір жерде құбыр жарылып, су атқылайды. Дереу сол орынға жетіп, ақауды қалпына келтіруге тырысамыз. Күндіз жарылса мейлі. Кейде түнгі уақыттарда осындай жағдайлар орын алады. Ондайда уақытпен санаспай іске кірісеміз. Олқылықтың түзетілгенін қадағалап, нысанның басында жүреміз. Көбіне тұрғындардан түскен өтінімдер бойынша қызмет атқарамыз. Кейбір тұрғындар ашуға булығып, айғайға басып жатады. Ал кейбірі болған жәйтқа түсіністікпен қарап, сабыр сақтайды. Тіпті, алғысын арнайтын адамдар да бар. Халықпен жұмыс істеген соң барлығына дайын болуымыз керек.
Жаңатасқа қоныс аударғанымызға да 20 жылдан асыпты. Бастапқыда үйренісе алмағанымыз жасырын емес. Ол уақытта қалада қаңырап бос тұрған үйлер көп еді. Жұртшылықтың көбі сыртқа көшіп жатқанда, біздің осы жаққа келгенімізге күле қарағандар да болды. Ештеңеге мән бермей, табылған жұмысқа жан-тәніммен кірісіп кеттім. Уақыттан асқан төреші жоқ қой. Мен де осы жылдарда мол тәжірибе жинадым, Жаңатас та жайнап шыға келді. Бәрі де мемлекеттің қолдауы мен аудан басшыларының жүйелі жұмысының арқасы. Қазір ешқайда кеткіміз келмейді. Көптеген достар таптық. Жақсы адамдармен қызметтес болдық. Балаларымыз да осында өсіп-өнуде. Қала әлі де көркейе түседі. Ал біздің мақсатымыз осы шаһардың дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімізді қосу. Осы тұрғыда аянбай еңбек ете беретін боламын, -дейді Ә. Жөнербаев.
Расында да коммуналдық сала мамандарының жұмысы оңай емес. Жаңатас қаласының жүрегі саналатын «Жаңатас-Су-Жылу» ЖШС-нің ұжымы бұл іске барлық ресурстарды пайдалана отырып, асқан жауапкершілікпен кіріседі. Әсіресе, қысқы жылыту маусымы кезеңінде әрбір аумаққа баса назар аудармаса болмайды. Сол үшін де жаз бойы дайындық жұмыстары жүргізіледі. Күнделікті кезекшілік ұйымдастырылып, ақау орын алған жағдайда арнайы бригада жұмылдырылады. Қалада қаншама әлеуметтік-кәсіпкерлік нысандар, көпқабатты тұрғынүйлер мен жекелеген баспаналар бар. Солардың барлығын сумен және жылумен қамтамасыз ету мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда Әскербек Жөнербаев секілді азаматтар қандай құрметке де лайық.
Құрмет демекші, кейіпкеріміз ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті жұмысы үшін бірнеше марапатқа да ие болған жан. Атап айтқанда аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын алды. Мұның бәрі де адал еңбегінің арқасы.
Әскербек Тілеуханұлы білікті маман, білгір ұйымдастырушы ғана емес, үлгілі отбасының да алтын діңгегі. Жан жары Жансая Жұмабекова екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүрсе, екінші ұлдары колледжде студент.
«Sarysý»-АҚПАРАТ