ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр тоқсан сайын «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы естеріңізде болар. Яғни, халық үнін еститін Үкімет тұжырымдамасының бір парасы десек те болады.  Сол Жарлыққа сәйкес Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылында аудан әкімі С.Мамытов есептік жиынын өткізді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы,  ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсаттарға да тоқталып өтті.

-Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 88,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі — 100,3% құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 18,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі — 121,9% құрады.  Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 41,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 53,2%-да төмен қалыптасты. 2024 жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі        27,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3%-ды құрады.   Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі жыл қорытындысымен 20 734 шаршы метрді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 104,5%-ға орындалды. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы  4,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады (2023 жылы — 4,1 млрд. теңге).   Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданымызда 1 647 шаруа қожалық тіркеліп, оның 1 528 белсенді жұмыс атқаруда. Оларға тиесілі егістік алқабының көлемі — 24 914 гектар.    2024 жылы 24 235,6 гектар егін алқабы егілді. Егістік жердің 97,2 % игерілді. Аталған егістік алқаптарына 2330 тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы егілді. Минералды тыңайтқыш алу жоспары 102,7%-ға орындалды.  Мал қыстату науқанына 240 000 тонна мал азығы қоры жиналды. Қазіргі таңда, мал қыстату науқаны қалыпты өтуде. Ауданда барлығы 672 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. 2024 жылы 852,9 млн. теңгеге 67 дана ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынды. Жаңарту көрсеткіші 10%-ды құрайды.  Былтыр егін егу және ору жұмыстарына 669,3 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 250 теңгеден сатылды (нарықтағы бағасы 295 теңге). 2025 жылға 1012 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс жолданды. Бағасы нарық бағасынан 18-20% төмен болады. 2025 жылдың 1 қаңтарына  аудан бойынша МІҚ  23 245 бас, уақ мал 182 737 бас, жылқы 9 805 бас, түйе 2 928 басты құрап отыр. Нәтижесінде, МІҚ  саны 537 басқа, уақ мал 11 063 басқа, жылқы малы 745 басқа және түйе саны 156 басқа артты.  Ауданның жалпы жер көлемі 3 136 094 гектар. Егістік жер көлемі  25 031 гектар, оның ішінде суармалы жер көлемі 4 078 гектар. Қазіргі таңда елді мекен жерлері 182 470 гектарды құрайды. Оның ішінде, 174 534 гектар жайылым жерлері. 2021-2024 жылдар аралығында елді мекен жайылымына 110 000 гектар жер бекітіліп берілді. Игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 14,3 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылып, жоспар 101,8%-ға орындалды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары алда да жалғасатын болады,-деді. Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңінен айтып өтті. Өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.

Есептік жиында ауыл тұрғындары жарыссөзге шығып, Бүркітті су қоймасын аудандық коммуналдық меншікке алып, жобалық сметалық құжаттама жасап, дамбасын нығайту және құрылыс жүргізу үшін бюджеттік өтінім беру, Талас өзені суының Жайылма ауылдық округінің шабындық жеріне дейін жеткізу бойынша шара қабылдау, Жайылма мен Маятас ауылдарына орталықтандырылған ауыз суды тұрақты түрде тәуліктеп беруді қамтамасыз ету, Ақтам мен Жайылма ауылдарының екі ортасына жол салу сынды мәселелерді көтерді.

Аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңдері жайында айтып өтті. Сондай-ақ ауылдық округ әкіміне жиында айтылған пікірлерге іс-шара жоспарын жасап, жұмыстар атқаруды жүзеге асыруды тапсырды.

Жиын барысында Маятас ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы  Н.Қойшыбаев сөз сөйледі.

— Соңғы жылдары әкім есебінің бітімі бұрынғыдан өзгерек. Халыққа жаңа талапқа сай, слайд арқылы атқарылған жұмыстың нақты дерегін көрсетіп, халықпен етене жақын жұмыстар атқарып жүр. Нәтижесінде халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, тұрғындардың сұранысы ескеріліп, көтерілген мәселелер көп ұзамай өз шешімін табуда. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды естіп, көріп отырық. Ауданымыз гүлденіп дамуда. Өте қуанышты жайт. Жайылма ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Маятас ауылына көптен күткен заманауи үлгіде мектеп  салынып, пайдалануға берілді.Оданда бөлек ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылға қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан, ауыл әкімдеріне алғысымды білдіремін,-деді.

Сонымен қатар, жеке  қабылдауға жазылған  тұрғындарды да қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Бұдан кейін тұрғындармен кездесу жиыны Игілік ауылдық округіне қарасты Өндіріс ауылындағы клуб үйінде жалғасын тапты.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы,  ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құзырлы орган қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу жиынында аудан басшысы  сөз алып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ алдағы жылдар  ішінде атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар, Игілік ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған  жұмыстарға да тоқталды.

— Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 535,47 шақырымды құрайды. Оның ішінде: облыстық маңызы бар жолдар 281,8 шқ, аудандық маңызы бар жолдар — 64,87 шқ, елді мекендер көшелері — 188,8 шқ. Мемлекеттік бағдарламалар кесіндісінде 50/50 паритетімен 136,4 млн. теңгеге елді мекендерге кіре беріс 2 жол жөндеуден өткізілді. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен Тоғыз-кент ауылында  55,9 млн. теңгеге Т.Әубәкіров және Есмырза көшелері орта жөндеуден өтті. Шығанақ ауылында 73,2 млн. теңгеге Т.Серікбаев көшесіне  асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аудандық бюджеттен 20,0 млн. теңгеге аудандық жолдарды ағымдағы жөндеу және жол белгілерін орнату жұмыстары толығымен жүргізілді.

Жаңатас қаласы 4 және 5 шағынаудандар мен Шанхай массивіне қиыршық тас төсеуге ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы жасалды. Жалпы құны 293,7 млн. теңгені құрайтын 2 жоба облыстың тиісті басқармасына ұсынылды.

Ауданда жалпы 25 елді мекен бар. Оның ішінде бүгінгі күнге 24 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қамтамасыз етілмеген Кіші Көкдала ауылына 30 млн. теңгеге кешенді модульдік блок орнатылды. Саудакент және Тоғызкент ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілді.

Жаңатас қаласындағы «Строитель», «Горняк», «Фосфорит» алқаптарын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы аяқталып, 2024 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді (2023 ж. — осы мақсатта 445,7 млн. теңге бөлініп (РБ — 402,6 млн.тг., ЖБ — 43,1 млн.тг.), толық игерілген).   Саудакент ауылы су жүйесінің 2-ші кезеңіне Жайылма және Маятас ауылдарында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп,  бюджеттік өтінімдер берілді.

Бұл жобалар іске асқан жағдайда, аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамту үлесі 100%-ға жететін болады. Бүгінгі күні 14 елді мекендегі 39 582 адамды табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба бойынша 13 елді мекенге  сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді.  Үкімет тарапынан қосымша 5,3 млрд. теңге бөлінсе, алдағы жылдары аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 76%-ға, ал халық санымен 94%-ға жететін болады.  Аудандық бюджет есебінен биыл 35,9 млн. теңгеге Түркістан ауылдық округіндегі Қаратас ауылына газ құбырын тарту көзделуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында «KMF» микро қаржы ұйымынан  3 638 азаматқа 2 млрд. 494,3 млн. теңге несие берілген.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында 44 жоба 1 млрд. 105,5 млн.теңгеге қол жеткізді.Ауданда білім бөліміне қарасты 48 мекеме жұмыс жасауда.  Атап айтқанда 27 мектеп (22 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш, 2 мектеп гимназия, 1 мектеп лицей), 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және    1 психологиялық педагогикалық түзету кабинеті. 27 мектептің 17-і типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш аусымды мектептер жоқ. Жалпы 27 мектептегі жобалық қуаттылығына сәйкес орын саны 13 753. Мектепке орын тапшылығы жоқ. Өткен жылы 50 орындық жаңа мектеп құрылысы (Маятас — 380,5 млн. теңгеге) және 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары (Абай және Ж.Отарбаев —  374,2 млн. теңгеге) жүргізілді.

2025 жылға 617,0 млн. теңгеге — 5 жобаны іске асыру көзделуде. Олар: — «Жанна» балабақшасымен (16,4 млн.тг) Шағалалы орта мектебіне (12,5 млн.тг) блок-модульді газ жүйесін салу. Қала тұрғындары тарапынан жиі көтерілген «Болашақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратын орналасуын нығайту мен күрделі жөндеу. «Ауыл Ел бесігі» жобасы бойынша 2 мектепті күрделі жөндеу —     233,0 млн. теңге (Саудакент а. Б.Қашқынбаев о/м 113,7 млн тг, Игілік а. Ш.Датка о/м 119,3 млн.тг).

Ауданда 5 спорт мектебі бар, онда спорттың 19 түрінен 2 627 спортшы тұрақты түрде секцияларға қатысуда және олармен 83 жаттықтырушы жұмыс жасауда.

Ауданда жалпы 257 спорт нысаны бар. Оның ішінде, 1 стадион, 2 спорт кешені, 179 спорт алаңшасы, 28 футбол алаңы, 33 спорт зал және  14 оңтайластырылған спорт зал.

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауданда 217 спорттық іс-шаралар өткізілді. Аудан спортшылары республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда барлығы 773 медальға ие болды (234- алтын, 219- күміс, 320- қола).

Аудан тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушыларының саны — 18 297 адам немесе аудан халқының 41,0% құрайды. Жаңатас қаласы Дегерес елді мекенінде спорт кешенінің құрылысын салуға 250,0 млн. теңге қаралып отыр,-деп өткен жылы есептік жиында көтерілген сұрақтың орындалу барысына тоқталды.

Сондай-ақ  «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы, кәсіпкерлік саласы, ірі компаниялар мен инвестициялық жобалар, тұрғын үй бойынша, құрылыс жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, елді мекендерді ауыз сумен қамту, автокөлік жолдары, елді мекендерді газдандыру, аудандағы әлеуметтік сала, бюджеттік-инвестициялық жобалар, мобильді байланыс және интернет туралы, жолаушылар тасымалы және жарықтандыру бойынша тоқталып өтті.  Ауылдың тыныс-тіршілігін толықтай қамтыған жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында қолға алынған жұмыстар да қамтылды.

Ауыл тұрғындары аудан әкімінің есептік кезеңде атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы ел игілігіне арналған жоспарларына сәттілік тіледі. Жиын соңында тұрғандарды жеке қабылдады.

Аудан әкімі әр елді мекендегі күрмеулі мәселелерді саралап, шешу жолдары мен мерзімдері бойынша қосымша түсіндірді.

Сәулет есқараев, 

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.