ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ-МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды еңбекпен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін Үкіметтің есіне салды.

Былтыр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілгені, оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін айтқаны да жадымызда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды — бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам болып  табылатындықтан аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің және Еңбек мобильдігі орталығының ұйымдастыруымен  еңбек нарығындағы  жұмыс берушімен жұмыс күшін ұсынушы тараптардың  сұраныстарымен ұсыныстарын қанағаттандыру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйым-дастырылды.

Жиынға «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС, «Qazaq Soda» ЖШС, аудандық прокуратура, сот, пробация қызметі бөлімінің өкілдері және 700-ге жуық тұрғындар қатысты.

Басқосу барысында аудан әкімі С.Мамытовтың Жаңа химиялық кешеннің құрылысына ашық ваканцияларды жариялауына байланысты сөз сөйледі.

-Еліміздің экономикалық дамуы жұмысшы күшіне тығыз байланысты. Елімізде жұмысшылардың мәртебесін көтеру, оларды ынталандыру басты жолға қойылған. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: — Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, — деді. Демек, инженерлік, жұмысшы кадрлардың маңыздылығын, ал егер кеңірек болса, білімге негізделген кәсіпқойлықтың, өзін — өзі жетілдіруге деген ұмтылыстың және еңбек этикасының маңыздылығын сезіну арқылы жұмысшылардың күшін арттырамыз деген сөз.

«Өндіріс қаласы» атанған кеншілер шаһарында өз ісіне мығым, жұмысына тиянақты жұмысшылар еңбек етуде. Осы орайда, «Қазфосфат», «ЕвроХим» сынды алпауыт кәсіпорындар әлеуеттің әл ауқатын арттыруға қосатын үлесі зор. Бүгінде «ЕвроХим» кәсіпорынында 600-ден астам жұмысшы күші білек сыбана жұмыс жасап жатыр. Кәсіпорындардың тұрақты жұмыс жасауы — жұмысшылардың ерен еңбектерінің арқасы деп білемін.

Бүгінгі жаңа кешеннің ауданымыз үшін рөлі айқын. Сол арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Бұл жұмыссыздықтың деңгейінің азаюына бағытталған басты қадам. Жәрмеңкеге «ЕвроХим» ЖШС- і таранынан 200-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылатын болады,-деді.

Мұнан соң «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің бас директоры Игорь Георгиади, бас директордың бірінші орынбасары-операциялық директор Болат Абдуалиевтер сөз сөйлеп, кешенде атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Сонымен қатар, басқосу барысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильдігі орталығы, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС және Жаңатас көпсалалы колледжі арасында салтанатты түрде үш жақты меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Ұйымдастырылған аудандық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде жоға-рыдағы бос жұмыс орындарына 700-ге жуық азамат жұмыс берушілермен әңгімелесуге жіберілді. Қатысқан барлық жұмыссыз азаматтарға мемлекет бағдарламалар аясында көрсетілетін барлық қолдау шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары QR-код арқылы түйіндемелерін жолдады.

Камели Сүлейменова,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.