АУЫЛ АЖАРЫ- ЕЛІМІЗДІҢ АЖАРЫ

0

Бейсенбі күні аудан әкімі С.Мамытов Жайылма және тоғызкент ауылдық округтерінде  2023 жылдық есеп беру бойынша халықпен кездесу жиынын өткізді.

Ең әуелі жайылмалық тұрғындармен кездесті. Басқосуға  аудандық мәслихатының төрағасы Ш.Мұсабеков, аудандық прокуратура,  аудандық ҰҚК, ішкі істер бөлімі, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңесі, алқа би кеңесінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және Жайылма ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлері, округ ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округке қарасты мекеме басшылары мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды ауылдық округ   әкімі Жандарбек Смағұлов ашып, жүргізіп отырды.

Аудан әкімі  С.Мамытов  сөз алып, аудан көлемінде  2023 жылы  атқарылған жұмыстарды, барлық көрсеткіштерді, оның ішінде Жайылма ауылдық округіндегі  атқарылған жұмыстарды қоса отырып,  арнайы   экранда    аудандағы өндіріс саласы,  ауылшаруашылығы, ауыз су, елді мекендерді газдандыру, автомобиль жолдары, жарықтандыру, ауданға тартылатын инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салалары   туралы  кең көлемде   баяндап  берді.

Ауылдық округ тұрғындары жарыссөзге шығып,  ұсыныстарын жеткізді. Маятас ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Н.Қойшыбаев   өз сөзінде аудандағы атқарылған жұмыстар туралы кең мағлұмат алғанын, аудандық көрсеткіштерге көңілі толғанын және аудан әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» бағасын беріп, өзінің және ауыл тұрғындарының атынан Донда Сенбин атындағы орта мектебінің жаңа құрылысының басталғанына аудан басшылығына рахметін айтты.  Сонымен қатар Жайылма  және  Маятас ауылдарына  ауыз  су  мәселесі, Бүркітті  су  қоймасының     дамбысын көтеру жұмысы шешіледі ме деген сұрағын ортаға салды.

Бұл сұраққа аудан әкімі С.Мамытов  жауап беріп, көтерілген мәселе өзінің бақылауында екендігін және баяндамада аталып өткендей, 2022 жылы жобалық смета құжаттары жасалғанын, тиісті басқармалардан осы жұмыстар үшін 390,0 млн. теңге қаражат сұралып отырғанын және өзінің бақылауға алатынын жеткізді. Сондай-ақ  аудан әкімі Бүркітті су қоймасының бірінші кезекте ауылдық округтің  теңгеріміне беріліп, содан кейін құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігін және   71 млн. 691 мың теңгеге смета жасалынғанын айтты. Сонымен қатар Маятас ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Қойшыбаев «Маятас ауылындағы екі шаруа қожалығы жерлеріне ұңғыма құдықтарын қазу жұмыстары тоқтап қалды, жалғасын табады ма?»  деген мәселесін жеткізді.

Бұл сұрақ бойынша аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Молдабеков  жауап беріп, айтылып отырған мәселе бақылауда екендігін, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы биылғы жылдың жос-парына енгендігі туралы жауабын берді.

Одан кейін   Жайылма ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Құрманбеков аудандағы атқарылған жұмыстар туралы есепке «қанағаттанарлық» бағасын беріп     аудан әкімінің есебінде  айтылып өткен екі мәселе туралы сұранысын жеткізді.

— Талас өзені    арқылы  келетін  судың   Жайылма ауылдық округіне қарасты жайылымдық пен шабындық жерлеріне  жетеді ме және Ақтам  ауылы  үшін  12  шақырым  тас  жол  және  көпір  салу  жұмыстары жоспарда бар ма,  -деген сұрағын айтты.

Аудан әкімі сұрақ бойынша облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібектің тікелей  бақылауында екендігін және баяндамада аталып өткендей, қазіргі уақытта судың Талас ауданына қарасты екі шлюздың біреуінің жабылғанын,  қазір су деңгейі көтеріліп беріліп жатқанын және алдағы уақытта тиісті сала басшылары тарапынан  бақылауға алынатынын және назарда болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Ақтам  ауылы  үшін  12  шақырым  тас  жол  және  көпір  салу  жұмыстары бойынша   тұрғын  үй  мекемесі  тарапынан  329 млн. теңгеге бюджеттік  өтінім  берілгенін және елді  мекен  тұрғындарына  қажеттілігі, көктем  және күз мезгілдерінде қатынастың қиындығы туралы  айта келіп, осы жолға шағал тас төсету жұмыстарын алдағы уақытта бақылауға алатынын айтты. Қызылдихан ауылының тұрғыны Жанкелді Смағұлов, аудан әкімінің атқарылған жұмыстар туралы есебіне «қанағаттанарлық» бағасын беріп, «Қазфосфат» жшс-нің басшылары жергілікті жастарды жұмысқа алса деген ұсынысын жолдады.

Аудан әкімі: -Қазіргі уақытта бұл кәсіпорында қысқарту жұмыстары жүріп жатыр және алдағы уақытта назарда ұстаймыз ,-деді.

«NUR-TLEU» АШК-нің төрағасы Н.Оспанов: — Ауыл шаруашылығы кооперативінің «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылғанын, жергілікті несие алған тұрғындардың сұранысына байланысты мал азығын дайындау үшін арпа, бидай егуді жоспарлап отырмыз.Егістік жерлерге су алуда кедергілер болып тұр. Осыған байланысты  «Бүркітті» су қоймасынан және Шабақты өзенінен (Балатоған арқылы) су алуға көмектесуді және 2 құдық қазып берсеңіздер,-деді.

Бұл сұраққа аудан әкімі айтылған мәселе бойынша ауыл әкіміне және «Қазсушар» РМК –нің аудандық филиалының басшысына тиісті тапсырмалар беріп, «NUR-TLEU» АШК-нің егістік жерлеріне су жеткізу мақсатында екі ұңғыма құдық қазу бойынша «Қазфосфат» АҚ-ның басшылары   арқылы сұраныс жасайтыны туралы айтты.

Жиын соңында аудан әкімі  ауыл тұрғындарына жеке мәселелері бойынша   қабылдау өткізді.

Түстен кейін  аудан әкімі Сәкен Мамытов  Тоғызкент ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу жиынында аудан басшысы  сөз алып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Сондай-ақ алдағы жылдар ішінде атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Тоғызкент ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.

-Ауылдық округте  19 көшенің 18-і жарықтандырылған. Өткен жылы, Тоғызкент ауылындағы Бекпенбет көшесіне күн көзімен қуатталатын көше жарығы орнатылды. Ауылдық округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальттанған. Үшарал-Тоғызкент бағытындағы 10,5 шақырым облыстық мәндегі автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тоғызкент ауылының Сапақ датқа, Төреқожа, Бекпенбет, А.Ахметұлы және Ұлбике көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесін қайта жүргізу жұмыстары басталып, толық аяқталды. Елді мекенде балалар ойын алаңшалары орнатылды.  Әбілда ауылының шағын футбол алаңшасы жөнделіп, Майлыкөл ауылына  су тұшытатын кешенді модульді контейнер орнатылған. Тоғызкент ауылында «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, тал көшеттері отырғызылуда.

Биылғы Тоғызкент ауылындағы Түгіскен орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынылған. Қазіргі таңда нақтылану үстінде.

Тоғызкент ауылындағы Т.Аубакиров  және Есмырза  көшелерінің жол жабынын орташа жөндеу, Тоғызкент ауылына кіре-беріс жолын орта жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Үшарал көшесіне,  Майлыкөл ауылына кіре-беріс жолға түнгі көше жарықтарын орнату, балалар ойын алаңшаларын, стритворкаут салу жұмыстары бар.

Тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы биыл Тоғызкент ауылдық округінде жүзеге аспақшы,-деді.

Кездесуде ауыл тұрғындары  Талас өзенінің суы,  Майлыкөл ауылына кіре- беріс жолды жарықтандыру,  ауыз су, жыртқыш шибөрілерді аулау туралы  сұраныстарын жеткізді.  Бұл сұраққа аудан басшысы  көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізіп,  бақылауға алып, жұмыс жасау үшін жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Биылғы жылы да аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесе атқару керектігін айтты.

Ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға  оң бағасын берді.

Жиыннан соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.