ДОСБОЛ ДАМУ ЖОЛЫНДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»
атты Жолдауында: «Елімізде ауқымды
реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.
Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз» деп атап көрсеткен болатын. Расында да, өткен күндерге көз жүгіртсек, еліміз тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудың қиындықтарын кезең-кезеңімен еңсере білді. Бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндірістің тұралағанын, жұмыс орындарының қысқарып, көптеген мекемелердің есігіне қара құлып салынғанын, электр энергиясының уақытпен берілгенін ұмытқан жоқ. Өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары ауыл тұрғындарына да оңай соққан жоқ. Жергілікті жұртшылық екі қолға бір күрек табылар деген ниетпен қалаға қарай ағылды. Қаншама адам ала дорба арқалап, сауда-саттықпен айналысты. Тіпті, қасиетті қарашаңырағын қаңыратып, жалғыз баспанасын бұзғандар да табылды. Ескі үйдің құрылыс материалдары қымбат бағаға өтпесе де күнкөріс үшін осындай қадамға баруға тура келді. Сол жылдары аудандық «Сарысу» газетінің бетінде аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар «Құс та ұясын бұзбайды» деп мазмұнды мақала жариялап, жаппай жөңкілген көштің алдын тоқтатуға тырысты. Аталы сөзге тоқтаған азаматтар райынан қайтып, жақсы күндердің келетініне, жарқын бастамалардың қолға алынатынына сенді. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылған ұзақ мерзімді даму стратегиясының нәтижесінде ел еңсесін тіктеді. Қалалардың тамырына қайта қан жүгіріп, ауылдардың ажары ашыла бастады. Тұрғындарды тұрақтандыру, әкімшілік аумақтарды тиімді басқару мақсатында жаңа ауылдық округтер пайда болды. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде 2005 жылы Досбол ауылдық округінің құрылғаны атап өтілген. Талас өзенінің сағасында орналасқан бұл аймақтың ертеден қалыптасқан тарихи негізі бар. Дейтұрғанмен құрылымдық өзгерістерге сәйкес Дос-бол ауылдық округі жаңа мәртебеге ие болып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Досбол ауылдық округінде жұрт игілігіне бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда округ бойынша 643 адам есепте тұрады. Көкдала ауылдары маңында орналасқан шаруа қожалықтарын қосқанда барлығы 111 аула тіркелген. Атап айтқанда Досбол ауылында 55 үйде 319 адам, Шағалалы ауылында 34 үйде 204 адам, Кіші Көкдала ауылында 10 үйде 58 адам, Үлкен Көкдала ауылында 12 үйде 65 адам ғұмыр кешуде. Досбол ауылдық округінің әкімі Абылай Сапарбектің айтуынша, округте жалпы халықтың 59 пайызы экономикалық белсенді. Оның ішінде білім бағытында 78, денсаулық сақтау жүйесінде 7, мәдениет саласында 7, кәсіпкерлік құрылымдарында 62 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
2024 жылы 11 адам қоғамдық жұмысқа қабылданып, 1 адам жастар практикасынан өтіп, 6 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. 19 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
-Аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Төскейге төрт түлік өргізген шаруалар тынымсыз еңбектің арқасында табысын еселеп, тірлігін тіктеп отыр. Дейтұрғанмен тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты мал басының санында өзгерістер орын алуы заңдылық. Мысалы, 2023 жылы мүйізді ірі қара 1854 бас болса, былтыр оның саны 295 басқа азайған. Сол сияқты 2023 жылы қой-ешкі 21929 бас болса, 2024 жылы оның саны 427 басқа кеміген. Ал жылқы бұрнағы жылмен салыстырғанда былтыр 767 басты құрап, 154 басқа өсті. Түйе саны да 479 басты құрап, 82 басқа көбейді. Ауылдық округте 8930,0 тонна мал азығы жиналды. Қазір шаруалар қысқы маусымды ойдағыдай еңсеруде.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қай кезде де басты назарымызда. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынған байыпты бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан көмегі көп. Жалпы, ауылдық округте 26 шаруа қожалық тіркелсе, оның ішінде 23-і нақты жұмыс істеп тұр. Бүгінде 12 агроқұрылым мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Оның бесеуі мүйізді ірі қараны асылдандыруды қолға алса, жетеуі қой малын асылдандыруға бет бұрған. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде «Қанат-2014» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 15.0 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Лизинг жүйесі бойынша «Әділет-Б» және «Жұмыскер» шаруа қожалықтары 24.0 миллион теңгеге «МТЗ-89,2» тракторын сатып алды.
Ветеринария саласына тоқталсам, шаруа қожалықтары мен жеке қожалықтағы малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша эпизоотияға қарсы емделіп отыр. Ауылдық округ бойынша аулалар мен қораларға кенеге қарсы дәрі шашу, малдарды шомылдыру жұмыстарының 3 кезеңі толығымен жүргізілді,-дейді округ әкімі Абылай Сапарбек.
Шаруашылықты дамытуда жер қатынастарының маңызды рөл атқаратыны белгілі. Қазіргі таңда ауылдық округтің аумағы 64516,35 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 53362,98 гектар болса, елді мекендер жері – 7622,19 гектар. Сонымен қатар өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері 59,8 гектар шамасында. Ал орман қорының жері 723,5 гектар болып қалыптасқан. Бұдан бөлек 3471,36 гектар босалқы жер бар. Дейтұрғанмен бүгінде Досбол ауылдық округінің тұрғындарына жайылым жерлердің жетіспейтіндігі өзекті мәселеге айналып отыр. Жайылымдар шаруа қожалықтарға өтіп кеткен. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық округтің жайылымдық жоспары жасалынып, мәслихатқа бекітуге жолданыпты. Зерделеу барысында ауылдық округке 0,3 мың гектар жердің жетіспеушілігі анықталды. Жайылым жоспарына сәйкес алдағы бес жылда ауылдық округтегі жерлерін тиімді игермей отырған және ауыл іргесіне 5-7 шақырым еніп кеткен шаруа қожалықтарының жерлері мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын болады. Өткен жылдың қорытындысымен 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
Өңірлерді дамытуға бағытталған бастамалардың нәтижесін Досбол ауылдық округінің халқы да жан-жақты сезініп келеді. Ауылдық округте 8 көше бар болса, соның жетеуі түнгі жарықтандырумен қамтылған. Досбол, Шағалалы, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарындағы түнгі көше жарықтары толық LED-шамдарға ауыстырылған. Ағымдағы жылы Шағалалы ауылындағы К.Мұсабайұлы көшесіне қосымша LED-шамдар орнатылды. Аймақтағы елді мекендерде 6 көше асфальттанған. Ал Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарының ішкі көше жолдары асфальттауды қажет етеді. Бұл мәселенің таяу жылдарда оң шешім табатынына сенім мол. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шығады?» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, округте өскелең ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлінуде. Осы орайда аймақтағы тұрғындарға 1 орта, 1 негізгі және 1 бастауыш мектеп қызмет көрсетуде. Мысалы, Досбол орта мектебінде бүгінгі таңда 104 оқушы бар болса, шәкірттерге 28 мұғалім дәріс беруде. Оның ішінде, 21 ұстаз жоғары білімді, 7 педагог арнаулы орта білімді маман. Техникалық қызметкерлер саны 22 адамды құрайды. Шағалалы негізгі мектебінде 46 оқушы оқиды. Мұнда 19 мұғалім еңбек етіп жүр. Оның ішінде 17 жоғары білімді, 2 арнаулы орта білімді ұстаз қызмет атқарады. Білім ошағында 15 техникалық қызметкер жұмыспен қамтылған. Ал Көкдала бастауыш мектебінде 14 оқушы білім алады. Жеткіншектерге 2 мұғалім сабақ өтуде. Сонымен қатар 2 техникалық қызметкер мектеп жұмысының жандануына үлес қосуда. Ауыл мектептерінде білім нәрімен сусындаған түлектер туған өңірдің өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысып келеді. Мысалы, былтыр «Жомарт түлек» жобасы бойынша 2 жоба іске асырылған. Нақты айтқанда ауыл түлектері тарапынан 500 мың теңге қаржы жиналып, «Ақмешіт» намазханасының бөлмелеріне еден құйылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Н. Жұмаділов мешітке азан шақыратын музыкалық құрылғы сатып алып берді.
Бұдан бөлек «Мейірім» жобасы бойынша ауылдық округке бекітілген жетім баланың атынан «Отбасы» банкінен жеке есепшоты ашылып, қаржы құю жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі де жанашырлық пен қамқорлықтан туған ізгі амалдар екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» деп тегін айтпаса керек.
Елді мекендердің тұрақты дамуы үшін қазына қоржынының толығуы маңызды. «Теңге тиыннан құралады» демекші, салық түсімдері уақтылы аударылса, бюджеттің де мүмкіндігі арта түсетіндігі ақиқат. Сондықтан да мүлік, жер және көлік салықтары мен басқа да салықтық төлемдер бойынша ауыл тұрғындарына толық көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 100 пайызға орындалған.
-Былтыр мемлекеттің қолдауымен ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсам, Шағалалы ауылына «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы соғылды. Осы ауылдағы кіші футбол алаңшасы орта жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ К.Мұсабайұлы көшесіне қосымша түнгі жарықшамдар орнатылды.
Ал Досбол ауылына ірі қара малдарын емдейтін қора (раскол) мен мал өлекселерін тастайтын орын (биотермиялық шұңқыр) салынды. Жаңадан ветеринариялық пункт бой көтерді. Ауылдық округте мектептерден бөлек 3 фельдшерлік пункт, 3 кітапхана, 1 клуб, 1 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Әлеуметтік нысандар толық жаңартылған. Үлкен Көкдала ауылындағы мектеп, медициналық пункт, кітапхана күрделі жөндеуден өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы жаңадан 1 тұрғын үй салынды. Жоба құны – 15 миллион теңгені, аумағы 110 шаршы метрді құрады. Мұның өзі ел-жұрттың орнықты дамуға бет бұрғанын көрсетеді. 3 ауылдағы медпункттерде 3 медбике жұмыс істейді. Ауылдық округте 2023 жылы 11 бала өмірге келсе, 2024 жылы 10 бала дүние есігін ашты. Демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды,-дейді ауылдық округтің әкімі Абылай Сапарбек.
Атқарылған істің ауқымды екенін естідік. Дегенмен, түйіні тарқамаған түйткілдер де баршылық. Маңызды мәселелердің бірқатары ауылдық округ әкімінің тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде де айтылды. Енді көтерілген ұсыныс-пікірлерге тоқталсақ. Былтыр өткен кездесуде Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарына ұялы байланыс пен интернет желісін орнату туралы айтылған болатын. Жауапты тұлғалардың айтуынша, Жамбыл облысы елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жол картасы аясында Досбол ауылдық округіне қарасты Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала ауылдарына антенна мұнарасы салынатын болып бекітіліпті. Қазіргі таңда операторлармен келісім жасау және жер учаскесін белгілеу жұмыстары атқарылуда екен. Жалпы, ауылдық округ бойынша мекемелерге «Транстелеком» интернет желісі қызмет көрсетеді. Бірақ сапасы сын көтермейді. Жылдамдығы 2-4 мбит/с. Яғни, өте төмен. Аталған мәселе бойынша құзырлы органдарға тиісті хат жолданған.
Сондай-ақ тұрғындар Талас өзені суының аз мөлшерде келуіне алаңдаулы. Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ә.Тамабектің бастамасымен «Ойық-Досбол» каналы салынатын болып келісілді. Сондай-ақ ауылдық округте 2025 жылы Талас өзенінің арнасына су өлшегіш құрылғы орнатып, қажетті су мөлшерін арнайы бекітіп, сол арқылы су жіберу көлемін бақылауда ұстау жоспарланған.
Шағалалы ауылына жаңа көше салу да көпшілік көтерген мәселе болатын. Бұл бойынша жобалық сметалық құжаттары әзірленген. Жаңа көшеге асфальт төсеу 2025 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланып отыр.
-Ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында алдағы уақытқа нақты жоспар құрып отырмыз. Соған сәйкес Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала ауылдарының кіре беріс жолдарына асфальт төсеу, осы ауылдарға «Актив» ұялы байланыс желісін орнату көзделуде. Үлкен Көкдала ауылына «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын салу ойда бар. Досбол ауылының кіре беріс жолына түнгі көше жарығын қойып, Талас өзенінің бойына су өлшегіш құрылғы орнатуды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ Досбол ауылындағы «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын саябаққа айналдырмақпыз. Жоба құны 12 миллион теңгені құрайды. Досбол ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізу де күн тәртібінде тұр. Бұл тұрғыда Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы жобалық сметалық құжаттары әзірленген,-деді округ әкімі.
Міне, Досбол ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Ең бастысы еңбекке деген құлшыныс, ертеңге деген ұмтылыс бар. Талпыныс болған жерде табыстың да еселене түсетіндігі ақиқат. Біз жүйелі жұмыстардың жемісті жалғаса беретіндігіне сенеміз.
«Sarysý-Aqparat»