Көктемгі дала жұмыстары қарқынды
Көктем шуағы төгіліп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталады. Бұл — күзде жиғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, құнарлы еңбектің қызатын шағы. Техникаларды дайындау, шаруашылық жұмыстарын қамдау-ауыл шаруашылығы саласы мамандарының құзырында. Осы орайда көктемгі дала жұмыстары жайы бүгіннен бастап өзекті саналады.
2026 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 24 695 гектар алаңға егу жоспарланды, бұл 2025 жылғы деңгейден 1 546 гектарға жоғары. Ағымдағы жылы майлы дақылдардың алаңы 6000 гектарға, көкөніс дақылдары142 гектарға, бақша дақылдары 132 гектарға, картоп 16 гектарға, мал азықтық дақылдар 8 035 гектарға және 10 370 гектарға дәнді дақылдар орналастыру көзделген.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 552,4 тонна тұқым қажет. Бүгінгі күнде шаруашылықтарда 1 458 тонна (94%) тұқым қоры бар. 1 345 тонна жаздық арпа тұқымы (96%), 86 тонна мақсары тұқымы (72%), 7,0 тонна дәндік жүгері тұқымы (83%), 20 тонна жоңышқа тұқымы (100%) дайындалды. Шаруаларды тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде және көршілес Алматы облысындағы тұқым сататын шаруашылықтар байланыс номерлері мен тұқым бағасы туралы ақпарат алынып, шаруашылықтарға таратылды.
Жаздық арпа және мақсары тұқымдары Меркі, Жуалы аудандарынан және Алматы, Түркістан облыстарынан сатып алынған. Дәндік жүгері мен жоңышқа гибрид тұқымдары облыс көлемінде бар, жеткілікті. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техника саны-410. Оның ішінде 242 трактор, 87 соқа, 28 қопсытқыш, 85 дән сепкіш. Техникалар көктемгі дала жұмыстарына толық дайындықпен қатысуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шаруалар тарапынан «Gosagro» ақпараттық жүйесі арқылы 901,4 тоннаға өтінім беріліп, энергетика министрлігі тарапынан 780 тонна дизель отыны бөлінді. Тарату бағасы 281 теңге.
Дизель отыны наурыз айындағы лимиті 260 тоннаға келісім-шарт жасалып, қаржысы аударылды. Қазіргі уақытта операторға 260 тоннасы жеткізіліп, шаруаларға таратылуда.
Шаруашылықтарға айналым қаражаттарын толықтыруға «Кең дала 2» бағдарламасымен 120 млн. теңге несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге шаруаларға 113,3 млн. теңге несие берілді.
Суармалы егістікті сумен қамтамасыз ететін ауданда 2 су қоймасы мен 18 канал бар. «Ынталы» және «Бүркітті» су қоймаларына қарасты 18 каналдың жалпы ұзындығы 113,4 шақырымды құрайды. Осы каналдардың бойында 200-ден астам шаруақожалықтың егістік жерлері бар. Жалпы каналдар ішінде 36,8 шақырымы бетонды лотоктар, қалған 76,6 шақырымы жер арық.
Осы жылдан бастап шаруақожалықтар мен «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалы өндірістік бөлімшелері арасында жер үстімен су жеткізу жұмыстарының келісім-шарттары электронды платформа арқылы (Суғару.гов.кз) жүргізілді.
Қазіргі таңда 126 шаруа қожалығының өтінімдері қабылданып, келісім-шарт жасалды. Республикалық қаржы есебінен 33,8 млн. теңгеге «Шабақты» өзеніндегі «Ынталы» су қоймасының бас құрылымына ағымдағы жөндеу және жоғарғы және төменгі жағалауы тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 12 200 текше метр шөгінділер мен тал-дарақтар шығарылды. Бас құрылымдағы 2 жақ беттегі жағалауы 250 метр ұзындықта нығайтылды. Алдағы уақытта қосымша қойтастар тасталады. Бас құрылымның 398 метр аумағына қоршау орнатылды. «Подводящий» каналындағы 3 қақпаның ашып-жабу құрылғылары толығымен жаңадан жаңартылды. Қазіргі таңда «Ынталы» су қоймасының бас тоғаны толық жұмыс жағдайында, проблемалық мәселе жоқ.
«ҚазСуШар» РМК ЖФ Сарысу өндірістік бөлімшесі тарапынан (8,5 шақырым Жаңа Кәрітоған, 5 шақырым Ескі Кәрітоған, 1,3 шақырым Р-1 каналы) 14,8 шақырым магистральді каналдар тазаланды. Аудандағы 10 ішкі каналды қайта жаңғыртудан өткізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалына өткізілген. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталған. «Ынталы» су жүйесі бойынша «Интегра констракшн Кз» ЖШС, «Бүркітті» су жүйесі бойынша «Баймен» ЖШС. Мердігер, техникалық қадағалаушы, облыстық филиал өкілдерімен әр жоба жеке-жеке қаралып, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс жұмыстарының мерзімдерін ескере отырып, каналдар құрылысы кезең-кезеңге бөлінді.
«Ынталы» су жүйесі бойынша-1 кезекте Тасарық пен Сарыөзек каналы, 2 кезекте Байшахан, Өтес, Кедей каналдары, 3 кезекте Жаңа және Ескі Кәрітоған каналдары.
«Бүркітті» су жүйесі бойынша-1 кезекте Қызыл-Ту және Төменгі Бүркітті каналдары, 2 кезекте Киров каналы. Бүгінгі күнге мердігерлер тарапынан ауданға орналасу жұмыстары жүргізілді. Каналдар құрылысы, әр әкімшілік аумақ бойынша шаруашылықтармен кездесулер өткізіліп, ауыл тұрғындарымен келісімделіп құрылыс жұмыстары атқарылатын болады.
Сонымен қатар, Игілік пен Жаңаталап ауылдық округтеріндегі «Өтес» және «Кедей» каналдарына тиесілі 30 шақырым шаруашылық ішкі каналдарға құжат жасатуға жұмыстар жүруде, аталған канал құжаттары әзірленген соң, құрылыс жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттама жасалып, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалына өткізу жоспарланған.
А.Қоянтай, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы