АУҒАНДАҒЫ ОТТЫ ЖЫЛДАР
Қаншама жас боздақты қыршынынан қиып, қаншама ананы зар жылатқан бұл қырғынның да аяқталғанының 36 жылы қарт тарихтың қатпарлы қойнауына қатталады. Жаңатас қаласының тұрғыны Жайлаубай Қабылұлы Дәулетов те Ауған соғысының ардагері.
Ол 1963 жылы 23 ақпан күні Сарысу ауданы, Қамқалы ауылдық округі, Жайлаукөл ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Шығанақ ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, 1981 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылған кезде патриоттық сезім жетелеген ол аттанып кете барады. Әуелі Түрікменстан Республикасының астанасы Ашхабад қаласының маңындағы Теджен деген жерде бес-алты айдай дайындықта болады. Одан кейін Ауғанстанның Хайратон деген қаласына келеді. Ол жерде Өзбек, Әзербайжан, Тәжік, Түрікмен ұлт өкілдерінің азаматтарымен бір нанды бөлеп жеген бауырлардай борыштарын өтеді. Ауған асуларында қарша бораған оттан аман қалу үшін бір-біріне көмектесіп, жау қолында қалдырмайтын. Оқ пен оттың, қантөгістің ортасында жүріп, қорқыныштың бәрін ысырып тастайтын. Майданда жүргенде де тау-тасты, сай-сала, жыра-жықпыл, асу-бел, тау-шатқалды паналап жүріп те бір-бірін тастамады. Арасында жер сілкінісі болып тұратын. Ондайда әскери көліктер, танкілер доп сияқты секіретін. Жорыққа күндіз шығып, қас қарая жеткен жеріне қонатын. Міне, осындай қорқынышты күндерді олар бастан кешті.
1983 жылы елге аман-есен оралған соң Саудакент ауылындағы автобазда жүргізуші болып еңбек жолын бастап, әлі күнге дейін осы мамандықты игеріп келеді. Жиырма жылдай Саудакент ауруханасының көлігін жүргізіп, денсаулығына байланысты қазіргі таңда жұмысшы болып жүр. Зейнеткерлікке де биыл шығамын деген ниеті бар. Отбасылы, 1986 жылы Клара Иманбековамен отау құрады. Жұбайы Ы.Сүлейменов атындағы орта мектепте оқытушы. Бақытты отбасының куәгеріндей төрт ұл, бір қыздың асқар тау әкесі. Одан бөлек өмірден озған қарындасының қамқоршылықпен екі баласын бауырына басқан. Қазіргі таңда олар да отбасылы, әке, ана атанған.
-36 жыл өтсе де Ауған соғысының жаңғырығы, оның ауыр зардабы әрдайым ел есінде сақталып келеді. Сұм соғыс мыңдаған шаңырақты шайқалтып, талай боздақтың өмірін қиды. Жамбыл облысынан Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға 2236 жерлестеріміз қатысты. Тау мен тасты таса еткен атыс уақытында жерлестеріміз әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты. Біреуі іс-түзсіз хабарсыз кетті. Олар әскери антына өмірінің соңына дейін адалдық танытты. Жалындаған жас шағында бірнеше жерлесіміз мүгедек болып оралып, қабырғаны қайыстырды.
Біз алғаш ауған жеріне аяқ басқанда 1979 жылы барған жерлестеріміз елге қайтып жатқан болатын. Сарысулық жігіттерді көріп, қуанып шығарып салғанбыз. Ал менімен бірге игіліктік Ғабит ол Ауғанстанның астанасы Кабулда әскери қызметте болды. Өзіммен бір мектепте оқыған, балалық шағымыз бірге өткен досым Әшірхан Серікұлы Әбдікәрімовпен бір ауылдан аттанып, бірге болдық. Ол досым Жаңатас қаласында тұрып, еңбек етті. Отбасы жағдайына байланысты Астана қаласына қоныс аударған еді. Қауіпті індет кезінде өмірден озғаны өкінішті болды.
Ауданда өткізілген әр түрлі іс-шаралар, кездесулер, басылым беттерінде жарық көріп жатқан мақалалар Ауған жерінен аман оралған жауынгерлер мен елге жете алмай, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына жасалған тағзым деп есептеймін. Қанды соғыстың ізі қалған Ауған жерінен елге орала алмаған қаруластарымыз мәңгілік жадымызда. Біз бар да, біздің ерлігімізді дәріптейтін ұрпақ бар да бұл соғысқа қатысқан ешбір азамат ұмытылмайды. Мұндай зұлмат елімізде ешқашан болмасын деп тілеймін. Балаларымыз бейбіт күннің бағасын біліп, білімді болуға ұмтылып, тәуелсіздік берген зор мүмкіндіктерді пайдалана білуі тиіс,-деді ардагер Жайлаубай Қабылұлы.
Соғыста батырлық пен батылдық танытып, жауға қарсы шығып, кеудесін оққа төсеп, қан майданнан аман оралған ардагердің баға жетпес ерліктері, еңбектері ескерусіз қалған жоқ.
Кеудесінде «70 лет ВС СССР», «Войну-интернационалисту», «От блогодарного афганского народа», «15 лет вывода СВ из ДРА», «Тәуелсіздікке-10, 20, 30 жыл» медальдары жарқырап тұр.
Міне, жүздеген, мыңдаған жүректерге жара салған Ауған соғысының аяқталғанына да 36 жыл уақыт өтті. Ананы баласынан, аруды сүйген жарынан, сәбиді әкесінен айырған жиырмасыншы ғасырдың қанды қасабы — Ауған жеріндегі соғыс. Талай тағдырларды талапайға салып, тұтас бір әулетті ұрпақсыз қалдырған Ауған соғысы өрімталдардың өмірін өксіткені анық. Арманы асқақ бозбалалар алдарында қандай сынақ күтіп тұрғанын білген де жоқ. Қандыкөйлек жолдастарымен бірге соғыстың тозағын өз көздерімен көріп, ауыртпалығын арқалаған Ауған жерінен қан кешіп оралған ардагерлердің жадында да ол ешқашан өшпейтіні де анық. Сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған сайын батырларымыздың жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»