Тоғызкенттегі дүбірлі той

0

Ауылы-қазағымның көсіліп жатқан кең даласы, таза ауасы, алтын бесігі. Ата-бабаларымыз төрт түлік малын көсілте жайып, берекелі ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп, дүбірлетіп өткен жері. Аналарымыздың бие сауып, құрт, майын қайнатып, отбасы отын маздатып бақытты күнін кешкен жер. Тоғызкент ауылының тұрғындары, жасампаз елімізбен бірге еңселеп, ауыл шаруашылығы кәсібін дамытып, Жер-ананың берген ризығымен, еңбекпен тер төгіп, кәсібін нәсіп етіп келеді.

Өткен аптаның сенбісі күні Тоғызкент ауылының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтары бірлігі жарасқан ауылдық округтің игі істерінің куәсі болып қайтты.
Ең әуелі жиылған көпшілік «Киіз үй» сәулет өнерімен әрленген демалыс орнының ашылуына қатысты.
Жаңа орын Тоғызкент-Тараз бағытында орналасқан. Келушілер мұнда бір сәт дамылдап, жанға сая табады. Түгіскен орта мектебінің 1977 жылғы түлектерінің бұл тартуы өзіндік ерекшелігімен есте қалып отыр.
Жаңа демалыс орнының ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, киіз үйдің қазақ халқы үшін маңыздылығына тоқталып өтті. Мұнан соң Тоғызкент ауылдық округінің ардагері төрағасы Төленді Еркінов пен Тоғызкент ауылдық округінің 1977 жылғы мектебінің түлегі Сейітхан Құдайбергенов сөз сөйлеп, еліміздің амандығын, жұртымыздын тыныштығын тіледі.

«Киіз үй» сәулет өнерінің лентасын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Сахарап Қырғызбаев, ауыл ақсақалы Жансерік Майыров және ауылдың тумасы Есен Қарамолдаев қиды.
Одан кейін жиылған көпшілік Тоғызкент ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке тағзым жасады.
Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарымызды және сұрапыл соғыста Жеңіс туын желбірете отанына оралып, еселі еңбек етіп, ел құрметіне бөленген аталарымызды бір минут үнсіздікпен еске алып, «Ұлы Отан соғысы» ардагерлеріне арналған монументке гүл шоқтарын қойып, арыстарымыздың ерлігіне бас иіп, рухтарына тағзым етті.
80 жылдық мерейтой қарсаңында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» атты тал отырғызу шарасы өтті.
Игі шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов және аудан өмірінің түрлі саласында еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері қатысты.
Ауыл тұрғындары да игі іске атсалысып, жақсылыққа ниет етіп, 80 дана шырша ағаштарын отырғызды.
Иә, «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу-маңызды істердің бірі.
Бұл күні үлкендер тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындырады.
Сонымен қатар келушілер округтің ұйымдастырған ауыл шаруашылық көрмесін тамашалап, Тоғызкент ауылының тарихынан сыр шертетін көрмесін көрді. Онда ауылдың дамуына елеулі үлес қосқан және Ұлы Отан соғысының және Тыл ардагерлерінің суреттері қойылып, жұртшылыққа таныстырылды.
«Ауылым-алтын бесігім»-деп тіршілігін жасап, ұрпақ өсіріп отырған қазыналы қарияларымыздың ақ батасымен өсіп-өркендеп, шаруашылығын дөңгелетіп отырған ауыл дерсің.
Тоғызкент ауылы 80 жылдық тарихы бар киелі де, құтты мекеніміз Сарысу ауданының шежірелі тарихының бір бөлігі. Осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар, даңқты азаматтар қаншама. Өскелең ұрпаққа насихаттап, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді арттыру мақсатында орталықта бой көтерген жазғы сахнаның ашылу салтанаты өтті.
Шарада Жамбыл облыстық ардагерлері кеңесі атынан Жаманбаев Малтабар Қаратайұлы, еңбек ардагері Майтон Өзекбаев, «Мержан» шаруақожалығының төрағасы Майыров Жансерік құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ жазғы сахнаның ашылу лентасын аудан әкімі С. Мамытов, ауданның Құрметті азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері, 1994-1999 жылы ХІІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты- Әбдіманап Көпберген, Қазақстан Республикасының құрметті депутаты Сағынбек Бегеев, ауданның Құрметті азаматы Пернебек Алтынбеков қиды.
Сонымен қатар жаңа жазғы сахна төрінде «Тоғызкент ауылына – 80 жыл!» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі:
-Құрметті ауыл тұрғындары!
Сіздерді толғауы терең, тарихы тағылымды Тоғызкент ауылдық округінің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ауыл — ел бесігі. Тіршіліктің тірегі, бірліктің ұйытқысы мен салт — дәстүр сабақтастығының айқын көрініс табатын қастерлі орны. Ауыл – сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Сондықтан, ауыл дегенде елең етпейтін қазақ баласы жоқ шығар, сірә!
Ұланына қайтпас қанат, талмас талап берген Тоғызкенттің болашағы әркез жарқын болғай! Мерейлі мереке құтты болсын! Қаймағы бұзылмаған ауыл көркейе берсін, -деп Тоғызкенттің тағылымды тарихына тоқталды. Ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» және «Тоғызкент ауылына-80 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып, аудан әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хаттарын тапсырды.
Мерекелік шарада облысымызға танымал өнерпаздар әннен шашу шашып, кештің көркін кіргізді.
Сонымен қатар, шара конференция­мен жалғасты. Конференцияны Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов ашып берді. Мұнан соң жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Казфосфат ЖШС кеңесшісі Батырбек Кулекеев те сөз сөйлеп, ауылдың тарихы туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Иә, аудан орталығынан 80 шақырым жерде, Талас өзенінің тармағында орналасқан Тоғызкент ауылдық округінің іргесі 1950 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін «Түгіскен» кеңшарының орталығы ретінде қаланды. Оның негізінде 1997 жылдан Тоғызкентте «Тоғызкент» АҚ және 20-дан астам шаруа қожалықтары құрылды. Құрамына Майлыкөл, Әбілда ауылдары кіретін округтің ауданымыз үшін маңызы зор.
Сонау қиын — қыстау кезеңдерді артқа қалдырып, тоқыраудан өтіп, бүгінде жаңарудың жаңа қадамына аяқ басқан елдімекен еңсесін түзеген аймаққа айналуда. Бүгінде үкімет тарапынан ауылдарды қолдауға түрлі бағдарламалар мен жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Президент Қасым — Жомарт Тоқаев: — Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек, — деген болатын.
Биылғы жылы ауылдық округте атқарылған тындырымды істер көп.Тоғызкент ауылдық округі бойынша бүгінгі таңда 2159 адам тұрады, барлық аула саны- 312 үй, оның ішінде Тоғызкент ауылында — 1795 адам, Әбілда ауылында 187 адам және Майлыкөл ауылында 177 адам бар. Бүгінде 1 орта, 1 негізгі және 1 бала бақша, 1 спорт мектебі және саз мектебінің филиалы, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 2 кітапхана, 2 клуб, 1 пошта торабы, 1 ветеринарлық пункт, 1 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді.
Аймақта дамудың оң динамикасы қалыптасқан. Атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсақ: Ауылдық округте 47 шаруа қожалық тіркелген, оның жұмыс істеп тұрғаны 45 шаруа қожалық, оның 50 пайызы яғни 23 — і мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. МІҚ малын асылдандыруды 11 шаруашылық, қой малын асылдандыруды 13 шаруашылық жүргізуде.
Ауылдық округте 19 көшеге түнгі жарық шамдары, ал өткен жылы, Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне күн көзімен қуатталатын көше жарығы орнатылды.
Ауылдық округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальтталған. Тоғызкент ауылының Есмырза көшесімен Т.Әубәкіров көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, жөнделді.
Саудакент-Тоғызкент бағытындағы кіреберіс автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тоғызкент ауылының Т.Әубәкіров және Есмырза көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жасалды. Тоғызкент Үшарал көшесіне күн көзінен қуатталатын жарық шамдары орнатылды. Тоғызкент ауылының шығыс жағынан көлемі 1 га «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, 500 түп қара тал көшеттері егілді. Биылғы жылы Тоғызкентте жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, ел қуанышқа бөленді. Табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс беру басты міндет екені анық. Сондай — ақ, Тоғызкенттен жаңа ветеринарлық пункті ашылып, пайдаланылуға берілді. Бұның бәрі ел игілігі үшін жасалып жатқан іс деп есептеймін.
Ауылдан шыққан атпалдай азаматтар аз емес. Сонау атақты би, датқа, батыр болған Сапақ Байшуақұлы, әскери қолбасшы Саңырық Тоқтыбайұлы, айтыс өнерінің дүлдүлі Ұлбике Жанкелдіқызы, ақын Төреқожа Ханқожаұлы, Сарысу ауданының тұңғыш әкімі Әбдіманап Көпбергенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның Құрметті Журналисі Болат Мәуленов, жазушы, аудармашы Әбді Шынбатыров, ҚР Журналистер одағының мүшесі Болат Жаппаров, көрнекті педагог Әбдіғазит Жылқыайдаров, ұлағатты ұстаз болған Мәдіғұл Қошмағамбетов, мәдениет қайраткері Мыңжасар Өткелбаев, академик Сейсенбек Тайменов, химия ғылымының докторы Құралбек Құлажанов, техника ғылымдарының докторы Сағатбек Мырзашев, Түгіскен совхозының директоры болған Сейітжан Тасыбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерген Қалдыбеков, сазгер Чкал Елеусінов, музыкант Қаппар Сауранов және театр және кино актрисасы Бақыт Әліпбаева сынды танымал қайраткерлері осы Тоғызкенттен түлеп ұшқан.
Мерейтой аясында футбол, волейбол ойындарынан облыстық ашық біріншілік ұйымдастырылып, жеңімпаз командалар ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттармен марапатталды.
Ауылдың мәдениет үйінің алдында боз кілемде төл спортымыз қазақ күресінен түйе балуан атағы сарапқа салынды. Күрес түрлерінен Әлем, Азия чемпионаттарынан еліміздің намысын қорғап, көк туымызды әлем ареналарында жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген 18 балуан белдесіп, кім мықтыны анықтады. Жүлдегер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жаңадан ашылған аспан астындағы сахна төрінде қазақтың ұлттық домбырасын жанына серік еткен ақындар айтысы өтті.
Жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген, аузымен құс тістеген Түркістан облысынан келген Бекарыс Шойбеков, Алматы облысынан келген Рүстем Қайыртай, тараздық Дидар Аппазов, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманап, сарысулық Алик Бекмұсаевтар өз өнерлерін көрсетті.
Сөз барымтасында ұлттық құндылықтар ұлықталып, қоғамдағы өзекті мәселелер, Тоғызкент тарихы кеңінен жыр арқауына өзек болды. Айтыс десе арқасы қозатын көптің көңілін, шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырша жадыратқан жыр додасында ақындарымыз бір-бірлерінен асып түспесе кем түспеді.
Сонымен қатар түсте орталық алаңда ас беріліп, аруақтар рухына құран бағышталды.
Түстен кейін ауылдың батыс жақ бетіндегі атшабарда құйма тұяқ сәйгүлік­тердің топ және аламан бәйгесі өтті.
Дүбірлі бәйгеге 100-ден астам сәйгүлік қатысты. 25 шақырымды артқа тастап, мәреден бірінші өткен тұлпармен үстіндегі шабандозға темір тұлпардың кілтін ұйымдастырушылар тарапынан сыйға тартты. Ал бәйгенің екінші, үшінші, төртінші, бесінші орындарын иеленген шабандоздар да жүлдесіз қалмады.
Тоғызкент ауылының мерейтойына арналған «Ауыл кеші көңілді» атты Қазақстан эстрада жұлдыздары және аудан өнерпаздарының Гала концерті өтті.
Жұбаныш Жексен бастаған эстрада жұлдыздары мен аудан өнерпаздары әсем әуен мен тәтті күйден шашу шашып, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Осылайша торқалы Тоғызкент ауылының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

 

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.