КӘСІПКЕРЛЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Биылдан бастап 29 қазан ресми түрде — Кәсіпкерлер күні болып аталып өтеді. Кәсіпкерлік ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала. Саланы қолдау — мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
Аудандық мәдениет үйінде Кәсіпкерлер күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекеге кәсіпкерлер, қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Фойеде кәсіпкерлердің өз қолдарымен жасалған дүниелерінен көрме ұйымдастырылды. Шара шымылдығы оркестрдің күйімен ашылды. Аудан кәсіпкерлеріне арналған кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков өз сөзінде кәсіпкерлердің экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті.
-Бүгін біз алғаш рет ресми түрде Кәсіпкерлер күнін атап өтудеміз. Бұл мереке – ел дамуының негізгі қозғаушы күші болып отырған кәсіпкерлерге деген құрметтің белгісі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өңір экономикасы тұрақты өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді. Мемлекет әрқашан кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға дайын.
Кәсіпкерлер– экономиканың өзегі әрі өңір дамуының басты қозғаушы күші. Әрбір бизнес – бұл тұрақтылық пен жаңа жұмыс орындарына, халықтың әл-ауқатына қосылған үлес.
Кәсіпкерлер күні – тек мереке емес, ел экономикасының тірегі саналатын шағын және орта бизнестің еңбегін мойындау күні. Біздің өңірдің бизнес қауымдастығы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, ел игілігі үшін еңбек етіп келеді. Барша кәсіпкерлерге табыс пен өркендеу тілеймін,-деді.
Шара аясында өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Олардың қатарында өңірдің білім беру, өндіріс және қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен белсенділер бар.
Ауданымыздың әлеуметтік — экономикалық дамуына ықпал етіп жүрген бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары тапсырылды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Тоқтасын Біләлиев демеушілігімен эстрада жұлдызы Әділет Жауғашар көпшілікке әуезді әннен шашу шашты. Сондай ақ, аудандық мәдениет үйінің әншілері мен «Менур» бишілер ұжымы өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»