ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ- құрмет
Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін,
Жоқшылық деген жебірді жермен-жексен ететін.
(Халық даналығы).
Жанұзақов Жұмаділда 1948 жылдың 11 нау-рызында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, қазіргі Түркістан ауылдық округіне қарасты Үшбас колхозында өмірге келді. Өмірге келген кезі Ұлы Отан соғысы жаңадан аяқталған халықтың қарны әлі толық тойынбаған, бірде аш, бірде тоқ қиын-қыстау кезең еді. Осындай уақытта ер-азаматтар майданға кетіп оралмаған, жұмысшы күші жетіспейтін колхоздың тынымсыз тірлігінен таң атқаннан, күн батқанша еңбектенетін апаларымыздың қасында қабырғасы қатпаған бала Ділда өгіз айдап, қозы бағып, колхоздың сауын сиырының бұзауын бағып 5 – 6 жасынан еңбектің ащы терін татты.
1955 жылы 7 жасында Үшбас ауылындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, қолдың қысқалығынан 4 – сыныптық бастауыш білім алып шығады.
Жұмаділда көкеміз мектепке барған 1955 жылы КСРО-ның бірінші хатшысы Никита Хрущевтың «Тың игеру» деген бас-тамасы жаппай ұранға айналып, Үшбас ауылынан 6- шақырым жердегі Әндрей (Андреевка) колхозының орнынан «Түркістан» кеңшары құрылып, сайын даланың төсі дүбірге толып жатқан кез еді. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші?! Тың көтеру бастамасымен құрылған «Түркістан» кеңшарына да биылғы жылы бір адамның ғұмырындай 70 жыл толыпты. Өткен тарихтан оңтүстік өңірден құрылған «Түркістан астық совхозына» халқымыздың Ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов арнайы келіп, «Түркістан солай туған» атты очерк жазып, заңғар жазушының көп томдығына ауылымыздың құрылу тарихы туралы жазылып, кейінгі ұрпақтарға сақталып жететіндігін ойлап, кеудемізді қуаныш кернейді.
Түркістан астық совхозы құрылғаннан кейін маңайдағы Үшбас, Буденный, Қаратас колхоздары кеңшардың бөлімшелері болып қайта құрылады. Осы кезден бастап бозбала Жұмаділда жаңадан құрылған кеңшардың тракторшының көмекші-слесары болып жұмысқа қабылданды.
1966 жылдан бастап Түркістан кеңшарының тракторының рөліне отырып, Кеңес Одағы тарап кеткенше тракторшы-механизатор болып тынбастан еңбек етті. Жұмаділда қария кеңшарда түрлі ХТЗ, ДТ-74, ДТ-75, Т-16, Т-28, Т-40, МТЗ-80, МТЗ-80, МТЗ-82, Т-150, К-700А, К-701 тракторларын, Нива СК-4, Нива СК-5, Енисей астық комбайндарын жүргізіп, абыроймен тынбай еңбек етті.
1988 жылдан бастап, кеңшардың ЗИЛ автокранына крановщик болып отырып, 1996 жылы кеңшар тарағанша еңбек етті. Кеңестік жүйе тарап, еліміз егемендігін алғаннан кейін ұлдарымен ақылдасып, «Шынарбек» шаруа қожалығын құрып, 70 жастың желкесіне шықса да, ауыл шаруашылығы техникалары саласынан білгенін ұлдары Шынарбек пен Саматқа үйретуде. Әке тәрбиесін алған ұлдары да егіншілікпен айналысып, ауылдық округтің әлеуметтік – экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Жұмаділда көкеміз бұл күндері зейнеткерлікке шықса да, техника саласынан өзінің біліп, көріп, түйгенін жас ұрпаққа жалықпастан үйретіп келеді..
Өмірлік серігі Жанат апамыз екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немерелердің ортасында отырған бақытты ата – әже. Жұмаділда көкеміз өмірден көріп — түйгенін кейінгі жастарға ақыл-кеңес қылып айтып отырған абыройлы ақсақал.
Ж.Арыстанбеков,
Ә.Бүркітбаев ауылы