ИГІЛІКТЕ ИГІ ІС КӨП
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді дана халқымыз. Расында да кіндік қаның тамған, балғын балалық шағың өткен қастерлі мекеннің қашанда жөні бөлек. Сондықтан да болар, өскен өңір туралы ойланғанда шығармашылық адамдары бей-жай қарамай, шалқар шабытқа ерік береді. Қылқалам шеберлері табиғаттың керемет көріністерін ақ қағазға бейнеледі. Сазгерлер әуезді әнін арнайды. Ақындар жыр нөсерін төгілтеді.
Туған жерге деген перзенттік махаббаттан туған сондай дүниелер шартарапқа тарап, туристердің де қызығушылығын тудырып жатады. Бұл әрине, өнердің құдіреті екендігі сөзсіз. Осы орайда ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлының да «Игілік» атты өлеңі еріксіз ойға оралады. Бүгінде бұл ғазалды білмейтін жан кемде-кем:
Ару сүйдім ерінімді күйдіріп,
Шарап іштім шараяққа құйдырып.
Соның бәрін жүрегіме сыйдырып,
Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік.
Табанымды топырағың күйдіріп,
Алпыс екі тамырымды идіріп.
Сол баяғы алқам-салқам қалпымда,
Мен келдім ғой, айналайын, Игілік.
Анам қайда, ауызында тобасы,
Әкем қайда… (жатыр әне моласы).
Қоңыр мүңға қоңыр қобыз қосқандай,
Жанарымның жаудыраған қарасы.
Ей, жанарымның жаудыраған қарасы,
Әнеу бір жан жылап тұр ма, қарашы.
Жесір жеңгем күліп шықса алдымнан,
Жетім ұлдың жетілген ғой санасы.
Қалды сенде жастық деген жан әнім,
Жан әнімнің неге жырттым парағын?!!
Алатаудай асқақ едім,
Мен бүгін —
Сені көріп аласарып барамын.
Жорытсақ та сонау Күннің түбіне,
Күңірене сұм фәниден түңіле.
Бейбарыстай жусаныңа ынтығып,
Саған жетіп жығылармыз түбінде.
Жығылармыз,
Тағдыр заңы ол-дағы.
Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы.
Пәк қалпында алып кеткен жанымды
Ақ қалпында қайтып берсем болғаны.
Арқалы ақынның жырына арқау болған Игілік ауылдық округі қай жағынан да үлгілі өңір.
Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес былтыр елімізде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 104 бірлік техника тартылды. Байыпты бастаманы кең көлемде насихаттау әрі ауылдардың ажарын арттыру мақсатында Әулиеата өңірінде «Үздік ауыл» байқауы да ұйымдастырылған болатын. Бірнеше елді мекен бақ сынаған байқауда Игілік ауылдық округі үздіктер қатарынан көрінді. Жеңімпаздарды Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев марапаттады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге жамбылдықтар белсенді атсалысып келеді.
Бірақ есеп үшін суретке түсіп, ақпарат беріп отырсақ болды деген ойдан аулақ болуымыз керек. Дегенмен, жауапкершілікпен қарап, үлгілі еңбек еткендер аз емес. Олар басқаларға өнеге болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарына марапаттар табыстады.
Ауылдар арасындағы бәсекенің қортындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын — 50 миллион теңге, II орын — 25 миллион теңге, III орын — 10 миллион теңге) ие болды.
Атап айтқанда, Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродекова (Жамбыл) ауылдары үшінші орынға жайғасты. Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т. Рысқұлов) ауылы екінші орынды еншіледі. Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, «Үлгілі ауыл» атанды. Айта кетейік, берілген қаржыға әлеуметтік нысандардың құрылысы, сондай-ақ ауылдағы ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл — ауыл-аймақтың ажарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге ықпал ететіні анық.
Расында да өткені өнегелі, бүгіні берекелі Игілік ауылдық округінде ауыз толтырып айтарлықтай іс көп. Қазіргі таңда округке Өндіріс, Игілік ауылдары қарайды. Жер көлемі 84 043 гектар аумақты құрайды. Оның ішінде суармалы жер 1 535,12 гектар болса, жайылым – 38 768,16 гектар, шабындық – 2 889,52 гектар. Ауылдық округ бойынша 2 орта мектеп, 1 балалар өнер мектебі, 1 балабақша, 2 шағын орталық, 2 ауылдық клуб үйі, 2 ауылдық кітапхана, 2 пошта бөлімшесі, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.
Игілік, Өндіріс ауылдарында 9 көшенің жолдары толығымен асфальттанған. Көше және жаяу жүргіншілер жолдары заманауи көше жарықтарымен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Ж.Отарбаев атындағы орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ауылдық округтің әкімі Жандос Жанайдаровтың айтуынша, ендігі кезекте Игілік ауылына заман талабына сай 90 орындық клуб салуға жобалық сметалық құжат әзірленіп отыр.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін елді мекендерде 2 спорт зал, 3 саябақ, 2 футбол стадионы, 2 шағын футбол алаңы, 5 балалар ойын алаңы, 2 стрит воркаут алаңшалары қызмет етеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қол жеткізген нәтижелер де жоқ емес. Бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың қатары артты. Одан бөлек жастар да түрлі жарыстарда атой салып, ауыл-аймақтың абыройын асқақтатып келеді. Мысалы, Өндіріс ауылының тұрғыны Зада Ақжан Өзбекстан мемлекетінде каратэ до шотокан WKC-дан балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында бақ сынап, жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтты. Ауылдық округтің негізгі бағыты ауылшаруашылығы саласы. Бүгінде мұнда 132 шаруа қожалығы тіркелген болса, оның 105-і егіс егумен айналысады. Былтыр диқандар 2 000 гектар аумаққа дәнді және майлы дақылдар орналастырды. Оның ішінде, жүгері 310 гектарға, бидай 500 гектарға, арпа 690 гектарға, мақсары 500 гектарға егілді. Егістік жер алқабын тыңайтып, ауыспалы егіс жүйесін пайдаланатын диқандар 1250 гектарға жоңышқа екен. Оның ішінде жаңа жоңышқа 250 гектарды құрап отыр.
Мал шаруашылығы саласында да өсім бар. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 2 098 мүйізді ірі қара, 14989 қой-ешкі, 1 325 жылқы, 229 түйе есепке алынған.
Агросектордағы жұмыстың алға басуына мемлекеттік бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан шарапаты мол. Жыл ішінде шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында лизинг жүйесін тиімді пайдалануда. Мысалы, «Ынтымақ-2001», шаруа қожалығы 1 дана «МТЗ-892» тракторын қосалқы бөлшектерімен 13,8 миллион теңгеге, «Нұрғиса» шаруа қожалығы «Dong Feng» тракторын қосалқы бөлшектерімен 20,0 миллион теңгеге, «Алтай» шаруа қожалығы «МТЗ-82,1» Беларус тракторын қосалқа бөлшектерімен 13,8 миллион теңгеге лизингке алды.
— «Саудакент» несие серіктестігі арқылы «Кең дала-1» бағдарламасымен 2 шаруа қожалық көктемгі егіс-дала жұмыстарына қысқа мерзімге 12,0 миллион теңгеге жанар-жағармай алу үшін несиеге қол жеткізді. Бұл бағдарлама көктемгі егіске де берілді. «Кең дала-2» бағдарламасымен 2 шаруа қожалық көктемгі егіс-дала жұмыстарына қысқа мерзімге 5,5 миллион теңгеге жанар-жағармай қажеттілігі үшін несие алды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасының V-бағыты бойынша 2 жоба ұсынылып, 1 азамат несиесін алды.
«Игілік» өндірістік кооперативі және 13 шаруа қожалық 250 теңгеден арзандатылған 24 тонна дизель отынын алып, жұмыстарын жүргізді.
Ауыл тұрғындарының өтінішіне байланыс-ты Өндіріс және Игілік ауылдарының ауыл шаруашылық жануарларына жайылымды суландыру мақсатында 2 дана құдық қазылды. Сонымен қатар Өндіріс ауылына ветеринариялық профилактикалық орын салынды,-дейді ауыл-дық округ әкімі Жандос Жанайдаров.
«Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, округте түлектер тартуы да игі дәстүрге айналған. Былтыр ауыл жастары мектеп бітіргендеріне 15-20 жыл толуына орай «I Iove ИГІЛІК», «Туған елім-ТІРЕГІМ» стелласын орнатып берді. Ал ақын Маралтай Райымбекұлының демеушілігімен Игілік ауылында саябаққа тал көшеттерін отырғызды.
Игілік ауылына кіре берісінен «Жасыл белдеу» жасыл желектердің қорғаныш аймағы қоршалып, 2000 тал көшеттері егілген. Жыл қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткізілген «Үздік ауыл» конкурсында Игілік ауылының жүлделі орынға ие болуына осындай ілкімді істердің оң септігін тигізгендігі сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретін болады.
«Sarysý-Aqparat»