АДАЛ АЗАМАТ- Адал еңбек-Адал табыс
Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз бойынша биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, осы салаға жастарды тартуға бағытталған. Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру алға қойылған жоспарлардың бірі.
Иә, құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы – терең. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар.
Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Қоғамда әр саланың өзіндік орны мен мәртебесі бар. Әсіресе, еліміздің экономикасына тікелей серпін беретін – құрылыс саласы. Көкпен таласқан зәулім ғимараттардың әрбірінде құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Сарысу жерінде құрыш қолды құрылысшылар жетерлік. Ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосып, атсалысуда. Бүгінде 55 жылдық тарихы бар Жаңатас қаласы күннен-күнге құлпырып, тоқырау жылдарынан қалған көпқабатты тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Осы игі жұмыстардың басы-қасында тынбай еңбек етіп жүрген құрылысшылардың еңбегі зор.
Жаңатас қаласы осыдан 15-20 жыл бұрын қандай еді? Ал қазіргі көрінісі қандай? Ауданымыздың қайта түлеп, жаңарып сала бергені құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасы. 40 жылдан астам құрылыс саласында табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Жайылма ауылында тұратын Сәрсенғали Бекбауов жайлы қалың оқырманның назарына ұсынғанды жөн көрдік. Сәрсенғали Орманұлы қазіргі Әйтеке би атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, бітіріп шығады. Балаң жас жігіт 1986 жылы Атбасар қаласында әскери борышын өтеп келеді. Құрыш қолды құрылысшы еңбек жолында Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін Жайылма савхозында әртүрлі жұмыс жасайды. Сол жылдары Дариға Базарқызымен отау құрады. Жас отбасы Алматы, Астана, Тараз қалаларында зәулім ғимараттарды салып, қолтаңбасын қалдырады. Өз ісіне тиянақты Сәкең құрылыс алаңында бас-тан ауыр соққы алып, ауруханаға түсіп, ұзақ емделіп шығады. ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі құжатын алады. Денсаулығына байланысты туған жеріне оралып, ауылдың гүлденуіне атсалысады. 2006 жылы Жайылма ауылындағы «Ысқақ Пірадар» мешітінің іргетасын қалап, толықтай бітуіне өзіндік үлесін қосқан. Кейіпкеріміз көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қарайласып, құрылыс жұмыстарына қол ұшын созып, ізгілікті іс жасауды алдына мақсат етіп қойған.
Өз отбасы мен жақындары ғана емес, көпшілікке қолдан келген жақсылығын аямай, көмек қолын созуды, қамқор болуды өзінің парызы деп білетін Сәрсенғали аға отбасында адал жар, қамқор әке, ақылшы ата. Дариға апай екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты отбасының тірегі.
Қазіргі таңда Сәрсенғали Бекбауов үйлердің сыртын безендіру, сырлау, әктеу, қаптау және терезе жиектерін жасау жұмыстарын жүргізеді.
– Құрылысшы болу оңай емес. Біз ауданымызды дамытып, жарқыратып, әрбір нысанға өң беруге тырысамыз. Мұның барлығы ел игілігі үшін жасалуда. Кез келген құрылыста қолтаңбасы бар құрылысшыларымыздың өмірге деген белсенді көзқарасы мен шеберліктерінің шынайылығы жатыр.
Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Әрине бұл өте қуанарлық жайт. Ел дамуына үлестерін қосып жүрген жандарға жұмыстарына сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, негізі мамандық атаулының барлығы да құрметті. Себебі, адам баласы қай салада қызмет етпесін оның абырой беделін сол еткен еңбегі арттырады.
С.рысбекұлы,
«Sarysý»